Әдiл ТОЙҒАНБАЕВ: БIЗ ИМПЕРИЯЛЫҚ ҰЛТ БОЛУҒА ЖАРАЛҒАН ХАЛЫҚПЫЗ
Әдiл ТОЙҒАНБАЕВ: БIЗ ИМПЕРИЯЛЫҚ ҰЛТ БОЛУҒА ЖАРАЛҒАН ХАЛЫҚПЫЗ
Жусан иiсi бұрқыраған қазақтың шексiз даласын, қасиеттi туған жерден жырақта жүрсе де кiндiк кескен Атамекенiн бiр сәт жадынан шығармайтын тұлғалар болады. Солардың бiрегейi — даңқты Бейбарыс сұлтан десек, адами құндылықтардың бағасы төмендеген қазiргi уақытта да арамыздан осындай арманшыл жандар табылады. Қазақстандағы Ұлттық стратегия сараптама орталығының жетекшiсi Әдiл Тойғанбаев та — көп жылдар бойы сырт елдерде жүргенмен, өзiнiң қарапайым қазақ азаматы екенiн бiр сәт естен шығармаған жан. Оның ұлт мүддесi мен құндылықтарын басты орынға қоятын ұстанымдары мен ой-пiкiрлерi қазақ қоғамында үнемi үлкен серпiлiс туғызып келедi. 2008 жылы жарық көрген «Арман технологиясы» кiтабы да қоғамда түрлi көзқарастар туындатты.
Биылғы жылдың тамыз айында газетiмiзде Әдiл Тойғанбаевтың «Ұлттың қалыптасу қырлары» («Түркiстан» газетi, №30, 30 шiлде, 2009 ж.) атты ешкiмге ұқсамайтын ой-пiкiрлерi жарық көрiп, оқырмандарымыздың айтарлықтай қызығушылығын туғызған. Назарларыңызға ұсынылып отырған сұхбат та ешкiмдi бей-жай қалдырмасына сенiмдiмiз.
— Әдiл, сiз ұзақ уақыт сырт елде жүрдiңiз, қазақ қоғамынан тысқары болдыңыз. Тұлға ретiнде де сырт елде қалыптастыңыз. Елге келiп, қазақ қоғамының қоғамдық өмiрiне араласа бастағаныңызға көп бола қойған жоқ. Келе сала Ұлттық стратегиялық сараптама орталығын құрып, қоғамдық-саяси өмiрге белсендi араласа бастадыңыз. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жүрген материалдарыңызға қарап отырсақ, жырақта жүрсеңiз де қазақ қоғамынан алыстамағаныңызды аңғарамыз. Ұлтыңыздың iшкi менталитетiнен ажырап қалмағаныңыз байқалады. Әлде, мен қателесiп тұрмын ба?
— Мен тұлға ретiнде Қазақстанда қалыптастым. Осы жерде менiң балалығым, жастық шағым өттi. Мен ешқашан қазақ менталитетiнен ажыраған емеспiн, қазақтың менталитетiне бей-жай қарауға хақым да жоқ. Өйткенi, өзiм де соның бiр бөлшегiмiн. Қанша жерден жырақта жүрсем де, өзiмнiң қазақ елiнiң азаматы екенiмдi есiмнен шығарған емеспiн. Саналы өмiрiмде менiң бiр ғана төлқұжатым болды, ол — Қазақ елiнiң азаматы екенiмдi растайтын төлқұжат.
Жалпы, «сыртта жүрдiңiз, елден тысқары болдыңыз» дегеннiң өзi кеңестiк заманнан қалған сарқыншақ дер едiм. Тағдырдың жазуымен адам әр елде тұруы мүмкiн. Мәселе онда емес, мәселе — қазақ болып қалуда. Қоғамдық өмiрге белсене араласып жүрген азамат ретiнде мен де талай-талай алыс-жақын шетелдерде болдым. Жұмыстың барысы соны талап еттi. Бiрақ, дүниенiң қай бұрышында жүрсем де, қазақ екенiмдi, атамекенiмнiң Қазақстан екенiн ұмытқан емеспiн. Дүниенiң төрт бұрышын аралап жүрсем де, табан тiрер тұрағым — туған жерiм болып қалмақ. Оған дау жоқ.
— Сiз «Арман технологиясы» атты туындыңызда ұлтшылдарды екi топқа бөлесiз. Сiздiң ойыңызша, резервация ұлтшылдығы және империялық ұлтшылдық болады екен. Ал елдегi шынайы өмiрге қарап отырсақ, ұлттың қамын күйттегенсiп, әсiреұлтшыл болып жүргендер бар да, ғаламдануға бет алып, желкенсiз қайықта бара жатқан қазақтың болашағына шын алаңдайтын нағыз ұлтшылдар бар. Бiздiң ұлтшылдар сiздiң анықтамаңыздың қайсысына жатады? Әлде екеуiн де жалпы ұлтшылдыққа жатқызасыз ба?
— «Жалпы ұлтшылдық» деген тiркес көңiлiме жағып тұр. Мәселенiң мәнiсiн ашатын анықтама осы деп ойлаймын. Ұлтшылдық деген ұлттың жалпыға ортақ, бiрегей стилi болумен де шектелмеуi тиiс. Қазақстанды мекен етiп отырған барша ұлт пен ұлыс — орысы да, кәрiсi де, немiсi де, ортақ келiсiмге келiп, түсiнiстiк пен үйлесiмдiлiкте өмiр сүрген уақытта ғана қазақтың ұлттық мемлекетiнiң негiзiнде дамыған, өркениеттi мемлекет құруға болатынын есте ұстау керек. Қазақ елi қазақтың отаны болумен қатар, шетелдiктердi тартатын күш те болуы тиiс. Дүниенiң төрт бұрышындағы көзi қарақты азаматтар қазақ елiнде жұмыс iстеуге ұмтылатын болса, жиһанкез саяхатшылардың сапарына Қазақстан да кiретiн болса, онда бiздiң жаман болмағанымыз. Өзгелердiң қызығушылығын тудыра алмаған мемлекет денi дұрыс мемлекет бола алмайды. Салауатты мемлекеттiң ең маңызды шарттарының бiрi де осы. Бiз осындай деңгейге жеткен уақытта ғана жекелеген азаматтарды ғана емес, тұтас бiр елдердi қатарымызға тартуға тарихи тұрғыда хақылы боламыз.
— Жаһандануға бет алған ХХI ғасырда ұлтшылдық деген түсiнiк қалай қабылданады?
— Ұлтшылдық — ұлтты ұлт ретiнде сақтап қалудың жалғыз ғана мүмкiндiгi және ұлттың әлеуетiн нығайтудың бiрден-бiр жолы. Ұлтшылдық әлемдiк «үлкен ойынға» араласуға мүмкiндiк берiп қана қоймай, дүрмектiң iшiнде жойылып кетуден де сақтайды. Ол сондай әмбебап күш.
Ұлтшылдықтың бұдан бөлек екi түрлi нұсқасы бар. Бiрi — сыртқы әлемнен оқшауланып, тоқырауға ұрыну да, екiншiсi — бiрыңғай ұлттық бағытты ұстанған қоғам құрып, өз сорпамызда қайнау. Ұлтшылдықтың болашағы жоқ, ұлтшылдықты жақтау тиiмсiз деген пiкiрдi ұстанатындар қазақ осы екi керi жолдың бiрiн таңдауына ғана мүдделi. Екеуiнде де әлгi күштер елдi керiтартпалыққа тартып, ұлт ретiнде жойып жiберудi мақсат етедi.
— Жуырда Мәскеуде жүрген Ғалым Әбiлсейiтовпен сұхбаттасудың сәтi түскен едi. Мәскеуден пана тапқан қазақ ғалымының пiкiрiнше, «жерасты байлықтарын игеруге бағытталған, соны шетелдiк инвесторлардың көмегiмен жүзеге асырып жатқан экономика емес, қазақтың еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейiн жұмысқа тартылған iшкi ұлттық экономика керек» екен. «Ата-бабамыз ұстанып өткен дәстүр, иен даланы сақтап қалған күштiң белгiлерi бiздiң қанымызда қалмауы мүмкiн емес. Бiз КСРО-дан, содан соң Ресейдiң ықпалынан бөлiнiп шыққан соң өткенiмiздi еске алуымыз қажет. Егер қажет болса, тегiмiз бен қанымыздың тобына дейiн ұмытпауымыз керек», — дейдi Ғалым Әбiлсейiтов мырза. Сiз қалай ойлайсыз?
— Менiңше, сiз мәселенi дұрыс қойып отырған жоқсыз. Қазақ ұлты үшiн империя деген — жазмыш. Ал маңдайға жазылған тағдырдан қашып құтылу мүмкiн емес. Бiз өзiмен-өзi, бұйығы жатқан шағын ғана мемлекет болуға лайық емеспiз. Егер қалауымыз осы болса, мұның түбi жақсы емес. Iргелi ел боламыз десек, алдымызға кемел мақсат пен келелi мiндет қоюға тиiстiмiз. Ұсақ-түйек, көр-жер мәселелерге бас қатырудың қажетi жоқ. Қазақ — декорациялық ұлт емес. Бiз каллиграфия да емеспiз. Бiзге жыртқыштық тән. Iрiлiк — қазақтың қанына тән қасиет. Бiзге аса ауқымды мiндеттер қажет. Олай болмағанда ұлт ретiнде құрып кетемiз. Аса ауқымды мiндеттер мен ұсақ-түйектiң ортасындағы шаруалар да бiздi қанағаттандыра алмайды. Бiзге жалындап тұрған от керек, бықсып жанған шаланың түкке керегi жоқ. Не жалындаған от керек, не ештеңенiң керегi жоқ. Екiнiң бiрi. Бiз империялық ұлт болуға жаралған халықпыз. Ал мұндай халық үшiн шала бықсып отыру жат қылық.
Орталық Азия аймағында өзiмiздiң тарихи мiндетiмiз бар. Бiз жаңа кеңiстiктегi ұлттар мен ұлыстарды бiрiктiрушi рөлге иемiз. Ал бұл мiндеттi орындау кезек күттiрмейтiн мәселелердiң бiрi.
— Қазақ ұлтын бiртұтас ұлт һәм бiрегей күшке айналдыру жалпы халық үшiн де, қазақ мемлекетi үшiн де тиiмдi. Және бұл ең алдымен қазақ ұлтына қажет. Алайда, қайсыбiреулер әлi күнге дейiн жершiлдiкке, жүзшiлдiкке басымдық берудi доғармай келедi. Жалпы, сiздiңше, бұл құбылыстың белең алуының себебi неде?
— Осының барлығы өзiмiздi кембағал сезiнуiмiздiң кесiрi. Немесе өзiмшiлдiгiмiздiң «жемiсi». Бiз ешқашан өзiмiздi толыққанды ұлт ретiнде танып, мойындаған емеспiз. Ұдайы ұсақ-түйек, майда-шүйденiң айналасында қалып қоя беремiз. Ұсақ-ұсақ топтарға бөлiнiп, лайықты өмiр сүруге емес, күнкөрiске бейiмделген халықтың тағдыры осылай болады. Ащы да болса, шындық осы. Олай дейтiнiм, ұсақ-ұсақ топтарға бөлiнiп, ағайынды жағалап, туысқанды паналап өмiр сүру әлдеқайда жеңiл. Әңгiме лайықты өмiр сүру туралы емес, әйтеуiр өлместiң күнiн көру жөнiнде болып отыр. Үлкен тарихи мiндеттердiң жанында күнкөрiс деген түкке тұрмайтын нәрсе.
Күйбең тiрлiктiң ыңғайына жығылудың түкке де қажетi жоқ. Жеңiске ұмтылу керек. Жеңiске деген ұмтылыс пен жеңiмпаз ұлт болу жолындағы ерiк-жiгер ғана жеке-дара ұлтты қалыптастыра алады. Олай болмағанда отбасылық топтар мен туыстық кландардың бiрлестiгi ғана болып қала беремiз. Егер күнкөрiстi күйттесек, өз қотырымызды өзiмiз қасып, бұйығы күйде қала беремiз. Ал мәңгiлiк құндылықтардың арқасында бiз ортақ мақсат жолында бiрiге аламыз. Кешегi күнi түсiмiзге де кiрмеген мүмкiндiк тудырып отырған құндылықтар үшiн күреспеудiң өзi күнә. Ұлттық мүдде төңiрегiнде топтасатын болсақ, түптiң түбiнде жеңiске жетемiз. Бұл — кезек күттiрмейтiн мәселе.
— Өкiнiшке қарай, ғаламдану ғасыры «империялық ұлт» деген терминдi ой түкпiрiне жерсiндiрдi. Қалай ойлайсыз, қазақ пенен қырғыздың империялық ұлт атануына алғышарттар бар ма? Ал егер ондай бақыт бұйырмаған ел болсақ, жер бетiнен өз орнымызды тауып, құрдымға кетпей, жоғалмай, дербес әрi азат ұлт болып өмiр сүрудiң жолдары бар ма?
— Орталық Азия жобасы — аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етiп, болашақтағы бағдарын айқындайтын өте үлкен жоба. Осы жобаның iшiндегi ең үлкен басымдық қазақ пен қырғыздың бiрлiгiне келiп тiреледi. Ең негiзгi мiндет те осы. Аймақта ауылы аралас, қойы қоралас екi халық болса, ол — қазақ пенен қырғыз. Бiр-бiрiне жақыны да осылар. Мұны күлбiлтесiз мойындауға тиiспiз.
— ХХI ғасырдағы қазақ идеясы неден қуат алуы керек? Қазақ идеясына қуат берушi күш қоғамның санасында әлдеқашан ұя салғаны белгiлi. Сол идея темiрқазық болуға жарап қалды ма?
— Мен бұл мәселеге өзiмнiң «Арман технологиясы» атты еңбегiмде кеңiрек тоқталдым. «Арман технологиясы» — ең табиғи әрi ең қажеттi идеология. Дәл осы идеология қазақты ұлттық шығармашылық энергиямен қанаттандыратын күш-қуатқа ие.
Ең алдымен, әлемдi анық-қанық тануымыз керек. Яғни, сырт келбетiмiздi көрiп қана қоймай, iшкi дүниемiзге де зер салуымыз қажет деген сөз. Сыртқы дүниенi танып-бiлiп, өзiмiздiң мiндеттерiмiз бен мүмкiндiктерiмiздi де сол үлкен дүниемен үйлестiре бiлген жөн. Және сол үлкен әлемнен өзiмiздiң орнымызды табуымыз керек. «Анық-қанық» деп отырғаным да тегiннен-тегiн емес. Бiз осы жолдағы қалыптасқан кедергiлер мен қатып қалған сарқыншақтарды елемеуiмiз керек.
Нық қадам жасау. Адымымызды тұсап, алдымызды кес-кестейтiн нәрсенi бiр-бiрлеп анықтап алып, онымен аяусыз күресу керек. Қажет болып жатса, өткеннен ащы сабақ алуымыз керек.
Бейберекеттiктi жою. Бейберекеттiкке қауiптi жау ретiнде ғана қарау дұрыс емес. Бейберекеттiктен сабақ ала бiлсең, оны өзiңнiң жеке мүддеңе қызмет еткiзу де оңай. Ол үшiн сол қалаймақанды түсiнiп, оның iшiне кiру керек. Өзiңдi сол бейберекеттiктiң iшiнде жүргендей сезiну керек. Бұл өзi бүгiнгi дағдарыс секiлдi нәрсе. Дағдарыс бiреулердi құрдымға кетiрсе, екiншi бiреу осы дағдарыстың арқасында өзiнiң әлеуетiн арттырып, күш-қуатын кемелiне келтiрiп алды. Олай болса, бейберекеттiктi де өз мүддемiзге пайдаланудан қашудың қажетi жоқ.
Кемел келешектiң iргетасын қалау. Бiз келешек қалыптастыруға және жаңа дүние жасауға қабiлеттi болуымыз керек. Белсендiлiк дегенге тағдырдың айдауымен келетiн, өзiнен-өзi туа беретiн нәрсе деп қарамау керек. Iргетас — сәулетшiнiң қолындағы ең үлкен мүмкiндiк.
Келешектiң iргетасын берiк қалап, керегесiн кең, терезесiн тең ететiн мүмкiндiк бiзде бар. Көп мәселеге бей-жай қарамауымыздың өзi дамудың кепiлi. Ең бастысы — өмiрге деген құштарлық, лайықты өмiр сүру жолындағы ұмтылыс. Оған ешбiр саяси партияның да, олардың бағдарламаларының да қатысы жоқ.
— Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың Орталық Азия елдерiнiң одағы жөнiндегi идеясының тиiсiнше қолдау таппауы, бұл одаққа қырғыздардан басқалардың күдiкпен қарауы ненi бiлдiредi? Бұл бiр-бiрiмiздi жете танымайтынымыздың көрiнiсi емес пе? Жалпы, бiз Ресейдi, Қытайды немесе iргемiзде жатқан өзбектi танып үлгердiк пе? Олардың жаңа ғасырдағы бет-бейнесiнiң қалай боларын болжай аламыз ба? Бәлкiм, көршi елдердiң позициясын терең зерттеумен айналысатын саяси-сараптамалық институттар қажет шығар?
— Бiр-бiрiмiздi жете танымайтынымыз рас. Мұныңызбен келiсемiн. Әрине, зерттеумен айналысатын құрылымдар керек. Олардың өзара ынтымақтаса отырып жұмыс iстеуi де маңызды. Алайда, бұл бәрiбiр барлық мәселенi шешiп бере алмайды. Негiзгi күрес саяси элита үшiн емес, қарапайым халық үшiн жүруi тиiс. Элитаның мүддесi бәрiбiр шектеулi болады. Басқалар Қазақстанға қарап бой түзеуге ұмтылса, оның үлкен жеңiс екенiн қарапайым халықтың санасына жеткiзу керек. Ол үшiн қазақ өндiрiсiн елден тысқары жерлерге апару керек. Орталық Азия аймағындағы халықтарды ортақ iске — Қазақ iсiне жұмылдыра бiлуiмiз керек. Бiр қарағанда қарабайырлау болып көрiнетiн осындай шаралар қолға алынып, жүзеге асатын болса, ол саналуан симпозиумдарыңыздан да, толып жатқан дипломатиялық келiсiмдерден де маңызды. Әлдеқайда құнды да.
Қазақстанда қазiрдiң өзiнде орталықазиялық диаспора қалыптасып үлгердi. Ендi тiкелей солармен жұмыс жасау керек. Басына түскен қиындықтары болса, тығырықтан шығар жол сiлтеп, шынайы достық ниетпен көмектесу керек. Арнайы топтар оларды «мәдени-ағарту» шарасымен айналысуы керек. «Қаңғып келгендер» деген көзқарастан арылу керек. Ресей Орталық Азия елдерiнiң гастарбайтерлерiне қаншалықты қысым жасап отырса, бiз оларға соншалықты көмек көрсетуiмiз керек. Жағдай жасау арқылы оларды өзiмiзге тартуымыз керек. Ал саясат уақыттың ыңғайымен жүре бередi.
— VII-ХVIII ғасырларда ойрат, ұйғыр және басқа да көршiлес халықтардың жекелеген көшбасшылары өз халықтарын аспанасты елiндегiдей өркениетке қол жеткiзуге үндедi. Ақырында сол халықтардың бiрi түп-тамырымен жойылып, екiншi бiрi мемлекеттiгiнен айырылды. Үшiншiлерi – ұлт болудан қалды. Әр нәрсенiң шегi болады ғой. Сол сияқты бiз де басқалармен терезесi тең ел боламыз десек, ананың сүтiмен, атаның қанымен келген қасиеттерiмiзге арқа сүйегенiмiз жөн сияқты. Сiз қалай ойлайсыз?
— Егер қайсыбiр халық өз күшiне сенбейтiн болса, өз алдына ұлт болып қалыптасуға өзi ұмтылыс жасамаса, оған ешкiм де келiп көмек қолын созбайды. Тарихтың табиғи сұрыптауының нәтижесiнде әлсiздiк танытқандар жоғалады да, кiл мықтылар ғана қалады. Қулық-сұмдық көбейдi демесеңiз, әлем еш өзгерген жоқ. Бiзде соған сай қадам жасаудан басқа амал жоқ.
Әрине, өзiмiз жөн деп тапқан iшкi ережелерге бағынған дұрыс. Бiрақ, ойланбай жатып тереңiне бойлап кетсек, қапаста қамалғанымыз қамалған. Жеке индивидуализм басқа да, сыртқы дүниедегi бiздiң рөлiмiз мүлдем басқа. Осы екеуiнiң арасындағы тепе-теңдiктi сақтамаса болмайды. Олай болмағанда, бiз кембағал ұлт болып қаламыз.
Жеке тұлғалық қасиеттер шығармашылықпен үндесуi шарт. Әйтпесе, синтетикалық, қосынды ұлтқа айналып кеткенiмiздi сезбей де қаламыз. Ұлт өзiн-өзi қалыптастырып, жетiлдiру жолымен ғана кемелдiкке қол жеткiзе алады. Ал тарихта өткен бабалардың ерлiгi туралы аңыз-әпсаналарға ауыз ашып отырған ұлт өздiгiнен қалыптаса алмайды.
Өткенге байланып қалмауымыз керек. Бiзге Бүгiнгi күнi ерлiк жасап, Келешектiң iргетасын қалау ауадай қажет.
— Ендi бүгiнгi қазақ элитасының жайына оралсақ… Бүгiнгi күнгi қазақ элитасы ұлттық мүдде-мұратын айналып өтуге тырысатын болды. Нелiктен? Элита қазақтың мүддесiне қашан бет бұрады? Және оған қандай процестер себеп болуы мүмкiн?
— Тек қана ортақ iс себеп бола алады. Менiң ойымша, элитаның арасында қазақтың ұлттық мүддесiн табан тiреп қорғауға дайын азамат жоқ емес. Бiрақ, олар неден бастау қажеттiгiн бiлмейдi. Нақтылы не iстеуi керектiгiн бiлмейдi. Сол үшiн ұғынықты әрi түсiнiктi Ұлттық жоба болуы керек. Яғни, барлық iс-әрекет сол жобаның шеңберiнде жасалуы тиiс. Ал әншейiн «қазаққа болсын» деп ауызбен айтыла салатын iзгi ниеттiң ешкiмге берерi жоқ.
— Қазақстанның «Еуропаға жол» бағдарламасы Ресей тарапынан қатты сынға ұшырап жатыр. Екi жағымызда екi алпауыт отыр. Қалай ойлайсыз, Қытай мен Ресейдiң ортасынан сытылып шығып, Батысқа бет алу мүмкiн бе?
— Бұл мәселенiң сыртқы саясатқа қатысы жоқ. Бұл — iшкi мәселе. Еуропалық даму векторын қолдайтын саяси партия құрылса, ол партияға сайлау кезiнде халық сенiм артатын болса, сол партия билiкке араласса және халықтың ерiк-жiгерiн жүзеге асыруға қабiлеттi сараптамалық органдар құратын болса, мәселе өз-өзiнен шешiледi. Ең бастысы, халықтың ынта-жiгерi, ұмтылысы болуы шарт. Мұның бәрi елдiң iшiнде шешiлетiн мәселелер. Оған Ресейдiң де, қытайдың да араласуға хақысы жоқ. Көршi мемлекеттер бiзге саяси қарсылас бола алмайды. Бiзге тек өзiмiздiң iшкi саяси жiгерiмiз бен иллюзиямыз ғана қарсылас бола алады.
Ендi Ресей мен Қытай жөнiнде. Қазақстанның геосаясаты өзара ықпалдасу мен толықтыруға негiзделген. Бiз көршiлес елдермен тиiмдi серiктестiк жасай отырып, ешбiрiмiздiң мүддемiзге қайшы келмейтiн шеңберде күштiк құрылымдарды құрып, әрекет ете аламыз. Қазақтар ТМД аумағында Ұжымдық қауiпсiздiк келiсiмшарт ұйымының шеңберiнде Орталық Азиядағы жауапкершiлiктi мойнына жүктейтiн жеке сектор құруға да қауқарлы. Сол ұйым арқылы оңтүстiктегi көршiлерiмiздiң тұрақтылығына кепiл болып, өз есебiмiзден олардың әлеуметтiк проблемаларын шешуге атсалысуымыз керек. Орталық Азия аймағында тұрақтылық пен өзара ымыраластық орната алатын күшке тек бiз ғана иемiз. Әлемдiк қауымдастықтың дiни экстремизм жөнiндегi пiкiрiн өзгертiп, бейбiт халық екенiмiздi дәлелдеу де бiздiң қолымыздан келедi. Қажет болса, айтысып-тартысуға да болады. Тiптi, қайта тәрбиелейтiн мүмкiндiк те бар.
Экономикалық тұрғыдан алып қарасақ та, аймақта көшбасшы болар мүмкiндiгiмiз мол. Қарапайым халыққа жұмыс орындарын ашуды былай қойғанда, Орталық Азияны Батыс пен Шығысты жалғастыратын энергетика және сауда көпiрiне айналдырамыз десек те, ол бiздiң қолымызда тұр.
Бұл мiндеттердi Ресеймен келiсiмге келе отырып жүзеге асырған жөн. Кей мәселеде рөлдердi алмасуға тура келуi мүмкiн екенiн де жоққа шығаруға болмайды. Қазақтар Ресейдiң энергетикалық экспансиясын қолдайды, керiсiнше, Еуроодақтың «Набукко» тәрiздi арандатушы ұсыныстарынан бас тартады. Батыстағы жылу активтерiмiздiң бiразына Ресей басшылық етiп отыр. Бiз оны соларға сенiп тапсырдық. Оның есесiне, бiз Ресейдiң оңтүстiктегi мүддесiн көздеп отырмыз. Сондай-ақ, Ресейдiң отандастарын қорғауға және аймақта орыс тiлiнiң интегралдық рөлге ие болуын сақтауға да кепiлдiк бергенбiз.
Дәл осы қисынға салсақ, Қиыр Шығыс пен Ислам әлемi де Қытаймен қарым-қатынасын оңдауға тырысады. Тағы да қайталап айтайын, бұл iшкi саяси мәселеге жатады. Бiзге тек осы мiндеттердi мойнына ала алатын табанды әрi бiлiктi басқарушылар тобы ғана қажет. Ал оны жүзеге асыру механизмдерiн жасауға бiз қазiрдiң өзiнде кiрiсiп кеттiк.
— Елге келе салысымен Ұлттық стратегиялық сараптама орталығының құрдыңыз. Ұлттың проблемаларын зерттеуге бел шеше кiрiсiп жүрсiз. Бiрақ, мемлекеттегi халықтың 67 пайызын құрап отырған қазақ ұлтының өкiлдерi Әдiл Тойғанбаевтан гөрi Дос Көшiмдi көбiрек бiледi. Мұның себебi неде?
— Бұл жөнiнде менiң айтқаным әдепке жатпайды. Оның себебiн өзгелерден сұраған жөн шығар.
Дайындаған Ж.Баққондыұлы