Жаңалықтар

ҚҰРБАН АЙТ НЕГЕ АЗ НАСИХАТТАЛДЫ?

ашық дереккөзі

ҚҰРБАН АЙТ НЕГЕ АЗ НАСИХАТТАЛДЫ?

Күллi мұсылман жұрты қасиеттi Құрбан айт мерекесiн атап өттi. Былтырдан бастап мемлекеттiк мейрамдар санатына енген осынау бiр ұлық күнге асыққан жамағат құрбандық шалып, Алла Тағалаға құлшылық жасады. Туған-туыс, ағайын мен жора-жолдас бiр-бiрiнiң үйiне айттап, жақсы тiлектер тiледi.

Алайда, Алматы қаласы биыл Құрбан айт мейрамын ұмыт қалдырған сияқты. Одан бұрын әлi бiр айдай уақыт бар Жаңа жыл мерекесiне қатты дайындалғаны көрiнiп тұр. Алаңға шыршаны ерте бастан қойып, халықтың көңiлiн Құрбан айттан гөрi, Жаңа жылдың думанды кештерiне асықтырғандай әсер қалдырды. Әрбiрден соң сол шыршаны Құрбан айттан кейiн де қондырса болмай ма? Ал, бiлiм ұялары мен балабақшалар ше? Құрбан айтқа бiр күн қалғанда кейбiр мектептер табалдырықтың маңдайшасына «Құрбан айт құтты болсын!» деудiң орнына, «Жаңа жылдарыңызбен!» деген тақтайшаны iлген. Бұл ненi бiлдiредi? Сонда бiз мұсылмандардың қасиеттi Құрбан айт мейрамын ұлықтаудан бұрын, Жаңа жылдық шырша кешiне асыққанымыз ба? Жас ұрпаққа қасиеттi күннiң қасиеттiлiгiн таныту үшiн әуелгi тәрбиенi балабақшада, мектептерде сiңiру керек емес пе? Мектеп басшылығы, балабақша меңгерушiлерi осы жағына неге көңiл бөлмейдi?

Менiңше, Алматы қаласы әкiмшiлiгiнiң өзi үгiт-насихат шаруаларына келгенде солқылдақтық танытатын сияқты. Жасыратын несi бар, жылда қаладағы мемлекеттiк мекемелер, мейрамхана, дәмхана, дүкендерге ешқандай талап қойылмайды. Олар қала аумағында әрекет етiп отырғандықтан қала әкiмшiлiгiнiң құзырында және солар айтқан тапсырмаға мойынсұнуы қажет. Әсiлi, әкiмшiлiктегiлердiң өзi тiс батырып, ештеңе айтпағандықтан олар да өз бiлгендерiн iстеп жатса керек. Егер де идеология жағын басқарып отырған мамандар «Барлық мекемелер маңдайшасына «Қасиеттi Құрбан айт мейрамы құтты болсын!» деген тақтайшалар iлсiн!» деген қатаң талап қойса, әлбетте мұны орындаудан ешкiм бас тартпас едi. Мәселе, осындай бұйрықтың жоқтығында және оны айтуға келгенде басшылардың басын бұғып қалатындығында. Немкеттiлiк, жалтақтық, мәнсапқұмарлық…. Бiздiң билiкке қолы жеткен әрi креслодан айрылып қалмауды көксеген кез келген талтаңбайлардың бойындағы қасиет бұл.

Кейде қасиеттi Құрбан айт мейрамының мемлекеттiк мерекелер қатарына кiргенiне базбiр мекеме басшыларының етi үйрене қоймаған да шығар деп өзiмiзге басу айтқымыз келедi. Бiрақ желтоқсан құрбандарының қасық қанымен келген 16-желтоқсан – Тәуелсiздiк күнiн ұмыт қалдыруға болмайды ғой. Бұл да – қасиеттi күн. Талай жастың қыршынынан қиылған қаралы күн. Ең бастысы, көптен күткен тәуелсiздiк мұратымызға қол жеткiзген айтулы күн. Алайда, егемендiгiмiзге иелiк еткенiмiзге 18 жыл толса да, әлi күнге бұл қасиеттi күндi өз деңгейiнде атап өтпей келемiз. Атап өткенi былай тұрсын, мереке босағадан сығалап тұрса да, оны қарсы алуға деген пейiлiмiз бен құлқымыз көрiнбейдi. Тағы да маңдайымызға бiткен ең ұлық, қасиеттi Тәуелсiздiк күнiнен бұрын Жаңа жылды насихаттауға жандәрмен боламыз. Бұған кiм кiнәлi? Алматы қаласы әкiмшiлiгi не қарап отыр? Бiз неге өз мерекелерiмiздiң қадiр-қасиетiн, тәрбиелiк мәнiн келешек ұрпаққа түсiндiруден қашамыз? Бәлкiм, әлi күнге қоғамда кеңестiк империяны аңсайтын топтар мен ұйымдардың қарсы әрекетi басым болар. Не десек те, Қазақстан республикасын құрайтын негiзгi ұлт – қазақ, мұсылман қауымның ұстанатын дiнi – Ислам. Сондықтан да басқа көп ұлттың қас-қабағына қарай бермей, өз мүддемiздi берiк қойған абзал.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ