Сәрсенбі, 30 Қараша, 2022

БАШҚҰРТ БАУЫРЛАР БҰҒАУДАН БОСАҒЫСЫ КЕЛЕДI

Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап Ресей Федерациясының субъектiлерi титулды ұлттың тiлiнде бiлiм беру мүмкiндiгiнен айрылды. Ондағы бiлiм туралы жаңа заң бiлiм жүйесiнен ұлттық бiлiм беру компонентiн алып тастаған.

«ЕГЕМЕНДIКТI ҚАЙТАРЫҢДАР!»

Соңғы екi-үш жыл бойында аймақтарды өзара бiр-бiрiне қосу арқылы ондағы республикалардың егемендiгiне балта шабылды. Ресейдiң субъектiлерiнде ау баста жеке мемлекет болуға деген үмiт болған болса, Путин ол үмiттiң барлығын су сепкендей басты. Қазiр егемен республикалар Ресей Федерациясының Конституциясын 1993 жылғы қалпына қайта келтiру үшiн күреске шықты.

Федералдық Конституция бойынша, Ресей Федерациясында 21 егемен республика бар болатын. Олар өз республикасында ұлттық мәдениетi мен тiлiн, дәстүрiн дамытуға құқылы, әрi Ресей Федерациясының мемлекеттiк тiлi орыс тiлi мен қоса әрбiр титулды ұлттың тiлi әр республикада мемлекеттiк дәрежеге ие-тұғын. Бiрақ, Ресей Федерациясының президенттiгiне Путин келгелi ол принцип өзгердi. Айталық, 2000 жылдан Башкирияның Мемлекеттiк жиналысы да Башқұрт Республикасының Конституциясы бiрнеше рет өзгерiске ұшыраған. Соның салдарынан, «Башкирия Ресей Федерациясының құрамындағы егемен демократиялық мемлекет» деген түсiнiк жойылған.

ИА REGNUM агенттiгiне сұхбат берген Башқұртстанның орталығы Уфа қаласында Ресейдiң қазiргi жүргiзiп отырған саясатына қарсы шеру ұйымдастырылған. Олардың талап етiп отырған мәселесi – егемендiк. «Бiз РФ-ының Конституциясын 1993 жылғы қалпына қайтаруды талап етемiз. Онда Башқұртстан Ресей Федерациясының құрамында егемендi демократиялық мемлекет делiнген. Егер бiздiң талаптарымыз орындалмайтын болса, алда бiз шерулер мен ереуiлдердi жалғастыра беретiн боламыз» деген «Көкбөрi» башқұрт ұлттық ұйымдарының өкiлi. Қазiр «Көкбөрi» Башқұртстан Республикасының президентi Мұртаза Рахимовқа Республика Конституциясына елдiң егемендiгi жайында түсiнiктi қайта енгiзуiн талап еткен резолюция жолдады. «Көкбөрi» қоғамдық ұйымының төрағасы Азат Сәлменов башқұрт жастарының талабы туралы «Алаңға шеруге шығушылар федералдық орталықтың саясатымен келiспейтiндiктерiн бiлдiредi. Ол саясат башқұрт халқының жойылуына бағытталған. Бiз бұған жол бермеймiз» дейдi.

Башкирия президентiнiң әкiмшiлiгi олардың бұл талабына «Саяси жүйедегi кез келген өзгерiс заңдық негiзде жүзеге асатын болады» деген сүйей салды ғана жауап қайтарған.

«ҮШIНШI СОРТТЫ ҰЛТ БОЛҒЫМЫЗ КЕЛМЕЙДI!»

Жақында бiздiң редакциямызда Башкирияның тәуелсiз «Көкбөрi» ұлттық ұйымының өкiлдерi қонақта болды. Олардың айтуынша, Башқұртстанда 4 миллион халық тұратын болса, оның 28%-ы ғана башқұрттар екен. “Көкбөрiнi” олар өздерiнiң тотемдiк символы ретiнде таниды. Ал, башқұрт тiлiн бiлетiн адамдар онда өте аз және ауылдық жердiң тұрғындары ғана көрiнедi.

«Көкбөрi» ұлттық ұйымының мүшелерiнiң айтуынша, елдегi башқұртқанды азаматтардың барлығы өздерiнiң ұлттық армандарын жүзеге асыруға мүдделi. Бiрақ, әркiм өзiнiң қарақан басының қамынан қорыққандықтан әзiрге ашық қолдай алмайды дейдi олар. Башқұрт билiгi Ресейдiң кәрiне ұшыраудан қорқып, саяси тұрғыдан қолдау көрсетуден қаймығатын көрiнедi.

Қазақстанда 18 мың башқұрт бар екен. Жақында Алматыда «Ақедiл» Башқұрт мәдени орталығы құрылды. Оның төрағасы Азамат Рыскелдин қазiргi башқұрт жастарының мақсаты түркiтiлдес елдердiң өзара ынтымағын күшейту болып отырғандығын айтады. Мәселен, башқұрттың рухани көсемi Заки Валиди мен үлкен Түркiстан мемлекетiн құруды мақсат еткен Мұстафа Шоқай арасындағы хат әлi күнге дейiн жарық көрмеген екен. «Ақедiл» башқұрт мәдени орталығы осы хаттарды қазақ тiлiне аударуды мақсат етiп отыр. Сондай-ақ, башқұрт мәдени орталығы башқұрт тiлiндегi интернет сайттарды қолдауды көздеуде.

Осы кездесуде башқұрт жастары Ресейдiң империалистiк пиғылын сынай отырып, қазiр ұлттық тiлде бiлiм беретiн мектептердiң қаржыландырылмайтын болғандығын жеткiздi. Башқұртстанның егемендiк мәртебесi жойылғаннан берi, онда ұлтты жоюдың саналы түрде жолға қойылғандығын айтады. Башқұрт жастары өз елiнде 3-сорттың адамы болғысы келмейдi дейдi олар. Бұл ретте түркiтiлдес қауымның да көмегiне зәру екендiгiн жеткiздi.

Сондай-ақ, өңiрлердi бiр-бiрiне қосу арқылы Ресейдi федеративтiк мемлекеттен унитарлы мемлекетке айналдыру iсiнiң қарқынды жүрiп жатқаны да оның субъектiлерiне қауiп төндiрiп тұр. Бұл ретте Башкирияны Орынбор мен Челябiге қосып, Оңтүстiк Орал атты аймақ жасақтау жайында жоспар бар екен. Бүгiнде Бурятияны Красноярскиймен, Чукотканы Краснодар өлкелерiмен қосу iсi жүзеге асып жатыр. Башқұрт жастары бұл мәселемен де келiспейтiндiгiн айтады. Бүгiнде олар бүкiлхалықтық референдум арқылы егемендiкке және башқұрт тiлiнiң мемлекеттiк дәрежесiне қол жеткiзудi көздеп отыр.

Есенгүл Кәпқызы

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button