Жаңалықтар

“ЕЛ БIРЛIГI” ТАЛҚЫҒА ТҮСТI

ашық дереккөзі

“ЕЛ БIРЛIГI” ТАЛҚЫҒА ТҮСТI

Бүгiнде Елбасының Қазақстан халықтары ассамблеясының (ҚХА) ХV сессиясында ұсынған «Ел бiрлiгi» жобасын талқылау барысы қыза түстi. Жоба нұсқасы ортаға салынғалы берi ҚХА төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған топ елiмiздiң облыстары мен қалаларын аралап, құжатты толықтыру әрi жетiлдiру тұрғысында жергiлiктi өкiлдердiң де ой-пiкiрiмен санасуға тырысып келедi.

Кеше «Ел бiрлiгi» доктринасы бойынша құрылған жұмыс тобы Алматы қаласына ат басын бұрып, арнайы дөңгелек үстел өткiздi. ҚХА төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, қазiр осы жобаға байланысты 500-дей пiкiр түссе, оның 200-дейi нақты ұсыныс екен. «Қайда бармайық, халық «Ел бiрлiгi» жобасына деген өз ойын айтып жатыр. Әрине, маңызы бар құжаттың дәл осылай талқылауға түсуi заңдылық та. Көп нақты ұсыныстар түсуде. Бiз бәрiн қараймыз, ескеремiз» дедi ҚХА төрағасының орынбасары. Алайда, қазiрдiң өзiнде қоғам қайраткерлерi, ұлт патриоттары «Ел бiрлiгi» жобасының кемшiн тұстарын тiзiп берiп жатыр. Тiптi, бұл жобаны бiз де қолымызға алып, парақтап көрдiк. Кiрiспесiнен-ақ, елiмiздегi басқа этностар мен конфессиялардың мақсат-мұрат тұрғысынан дайындалғаны көрiнiп тұр. «Ғасырлар бойы қазақтардың тарихи мекенiнде әр алуан мәдениеттiң, дiн мен дәстүрлердi ұстанған көптеген халықтардың тағдыры тоғысты. Нәтижесiнде 140 этнос пен 40 конфессия өкiлдерi қазақтармен қоян-қолтық бейбiт өмiр сүретiндей айрықша жағдай қалыптасты. Сонымен қатар, түрлi этностардың ұзақ уақыт қатар өмiр сүруi қоғамда төзiмдiлiктiң орнықты дәстүрлерiн қалыптастырды» делiнiптi. Иә, бұған дейiн «Елiмiзде 130 ұлт пен ұлыс өкiлдерi тату-тәттi тұрады» дегенге құлағымыз әбден үйренiп қалған едi. Ендi мұны аз көрiп «140 этнос өкiлдерi бар» дегенге көшiппiз. Сонда қалай? Әрбiрден соң бiзде 140 тұрмақ, 130 да ұлт өкiлдерi тұрмайды емес пе? Бұл қайдан алынған көрсеткiш? Тағы бiр көңiлге түйткiл салған тұсы – «қазақтардың тарихи мекенiнде» тек басқа этнос өкiлдерiнiң ғана бейбiт өмiр сүргенi айтылады да, сол мемлекеттi құраушы — қазақ ұлты туралы тұщымды сөз жоқ.

Және де «Өтпелi кезеңнiң күрделi жағдайында мемлекеттiң мақсатты және дәйектi саясатының арқасында Қазақстанда этносаралық негiздегi қақтығыс, тұрақсыздық пен қоғамдағы жiктелу бола қойған жоқ» деген жолдар да күмән туғызатындай. Сонда 67 пайыз қазақтың мүддесi қайда қалмақ? Қазақ қашанғы жалтақ болады? Тiптi, этносаралық негiздегi қақтығыстар орын алып жатса да, оны жәй ғана төбелеске балайтынымыз қалай? Мысалы, доктринада «Бiздегi этносаралық ахуалға әлемнiң түрлi бөлiктерiндегi, соның iшiнде кейбiр көршi елдердегi этно-дiни қайшылықтардың күшеюi терiс ықпал етiп отыр» делiнiптi. Бұл жерде доктрина авторларының қай көршiнi меңзеп отырғаны емеурiнiнен-ақ байқалады. Ал бiздiң пайымдауымызша, өз жерiнде табиғи басымдыққа ие халықтардың iшiнде дәл қазақ сияқты пұшайман болып отырғаны жоқ.

Жалпы, «Ел бiрлiгi» доктринасы жобасының басынан аяғына дейiн «қазақстандық ұлт», «қазақстандық қоғам», «қазақстандық» деген терминдерден көз сүрiнедi. Осыған орай, қазiрдiң өзiнде қоғамның әр түрлi топтарының арасында наразылық туындауда. Жақында ғана М.Шаханов бастаған ұлт жанашырлары мен қазақтiлдi БАҚ өкiлдерiнiң Елбасына, республикадағы өзге ұлт өкiлдерiне ашық хат жариялап, «Ел бiрлiгi» доктринасынан «қазақстандық ұлт» терминдi алып тастауға шақырды.

Одан соң қазақ киносының ардагерi Асанәлi Әшiмов бастаған бiр топ мәдениет, өнер қайраткерлерi де «Егер билiк 2009 жылғы 17 желтоқсанға дейiн, құрылымы да, заңдылығы да күмәндi, екiншi Парламент рөлiндегi, әлемнiң бiрде-бiр елiнде жоқ Қазақстан халқы ассамблеясы арқылы ұсынылып отырған, ұлтты жоятын «Ел бiрлiгi» доктринасына тоқтау салмайтын болса, М.Шаханов бастаған ұлт жанашырларымен бiрге бiз де аштық жариялайтын боламыз. Ұлтының жойылуын қаламайтын басқа азаматтарды да осындай қадам жасауға шақырамыз» дедi.

Доктрина әлi талқыға түседi. ҚХА төрағасының орынбасары Тоғжанов қажет болса, өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлетiндiгiн, ол үшiн нақты ұсыныс керек екенiн айтты да. Алайда, доктринаны әр облысқа, қалаға барып, тамақ жыртысып талқылағанмен, ел-жұрттың жанайқайы ескерiле ме? Ол жағы әзiрге белгiсiз.

Әбдiмәлiк Нысанбай, академик:

– Бiраздан берi «Ел бiрлiгi» доктринасының жобасы талқыланып жатыр. Маған әуелi атының өзi-ақ ұнаған жоқ. Орысша аталуы – «Доктрины национального единства Казахстана», ал, қазақшасы – «Қазақстанның «Ел бiрлiгi» доктринасының жобасы» делiнiптi. Неге бұл доктрина деп аталды? Бұл неге концепция, тұжырымдама, бағдарлама, теория, не идея емес? Осыны дәлелдеу керек едi. Әуелi доктринаның не екенiн халыққа түсiндiру қажет едi. Бiрақ, бұл айтылмаған. Бiрiншi бөлiмiнде қысқаша түсiнiк берiлмеген. Екiншiден, «Ел бiрлiгi» деген не? Бұл не? Бәрiмiз кеңестiк кезеңдегiдей бiр ұлтқа айналамыз ба? Я болмаса, бұл бiрлiкте қазақ ұлтының ролi мен орны айқындалған ба? Бiрауыз сөз жоқ. Құдайға шүкiр, қазақ ұлты 65-67 пайызға жеттiк. Тiптi, Қазақстандағы түркiтектес мұсылмандар 75 пайызға жеттi. Осыған орай, қазақ халқы шешушi ролге айналып бара жатыр. Қазақ ұлты – мемлекет құрушы, халықты топтастырушы. Сондықтан «Ел бiрлiгi» дегендi дұрыстап талдау керек. Бiрақ оған ешкiм көңiл аудармаған.

Үшiншiден, елiмiзде Тәуелсiздiк алғалы берi екi процесс жүрiп жатыр. Бiреуi – шетелден оралмандар келiп, бәрi үлкен бiр қазақ ұлты болуда, Ұлттық бiрегейлену процесi жүру үстiнде. Яғни, қазақ ұлтының топтастырушы, мемлекет құрушы рөлiн ашып көрсетпеген. Қысқасы, қазақ ұлты туралы тiлiнен басқа ештеңе жоқ. Төртiншiден, жобада «Қазақ тiлi – мемлекеттiк тiл қазақстандықтарды бiрiктiрушi тiл» деп айтылса да, бiрақ «Мемлекеттiк тiл туралы» Заң аталмайды. Заң керек. Заң болмаса, ештеңе болмайды. Сонда ғана қазақ тiлi ел iшiнде мемлекеттiк тiлге, бiрте-бiрте халықаралық тiлге айналады. Бар болғаны «Мемлекеттiк тiлдi үйренуге ұмтылу керек, оқу керек, бiлу керек» деген сөздер ғана бар. Қазақ тiлi туралы Заңның ауадай қажеттiгi осының iшiнде айтылуы керек едi. Бесiншiден, «Мәдени мұра» жөнiнде де ештеңе жоқ. Бiлер болсақ, «Мәдени мұра» – қазақ халқының әлемдегi көне заманнан бүгiнге дейiнгi шашылып келген мұрасын жинап, ұлтымыздың сана-сезiмiн кеңейтiп, өсiрiп жатыр. Бұл бүкiл қазақстандықтарға да оң әсерiн тигiзуде. Мiне, осы жағы ашып көрсетiлуi керек. Өкiнiштiсi, мұның бiрi де жоқ. Алтыншыдан, «Қазақстандық ұлт» дегенге қарсымын. Бiзде бiр ғана ұлт бар, ол – қазақ ұлты. Қалғаны диаспоралар немесе этнос өкiлдерi. Қазақты да этносқа кiргiзiп жiбередi. Сонда ұлт құраушы халықтың айырмашылығы қайсы?

Сейдахмет Құттықадам, саясаттанушы:

– Бiзде қазiр мемлекет, қоғам өзгердi. Қазiр әлеуметтiк, экономикалық жағдайымыз да өзгердi. Бiрақ мұның бәрi доктринада көрсетiлмеген. Қазаққа, қазақ тiлiне қатысты пiкiрталастан ешқашан қашқан емеспiн. Өзiмдi қазақ елiнiң патриоты санаймын. Қашан да қазақстандық идеяны қорғаймын. Егер бiз қазiр осы жобада қазақ ұлтының рөлiн нақты көрсетпесек, 65 пайыз қазақтың құқығының тапталғаны. Әрине, бұған кейбiреулер мән бергiсi келмесе де, бiрақ мұның артында қазақтардың жанайқайы жатыр. Демек, жобада Қазақстан қоғамындағы қазақ ұлтының орналасуы мен рөлiн анықтау керек. Қазақ тiлiнiң, мәдениетiнiң маңызын нақты көрсету керек. Қазақтың болашақта шетелдiк инвесторлармен қарым-қатынасын айту керек. Жасыратыны жоқ, ғылым, бiлiм, денсаулық сақтау саласы да құлдырап кеткен. Бұл мәселелердi шешiп алмай, доктрина қағаз жүзiнде қалады. Айта кететiн бiр жайт – кез келген мемлекетте «қазақстандық ұлт» сияқты модель қабылданбайды. Қазақстан – қазақтың мемлекетi. Барлық мемлекетте сондай. Сондықтан доктринадан «қазақстандық ұлт» деген сөздi мүлде алып тастау қажет!

Айдос Сарым, саясаттанушы:

– Жобаны қарап отырып, басқа мемлекетте отырғандай әсерде қалдым. Бұл доктрина неге қазақ ұлты дегеннен қашады? Қарасам, мұндағы жазылғандар бiрде-бiр сұраққа жауап бере алмайды. Егер посткеңестiк санамен және «қазақстандық ұлт» идеясымен өмiр сүрсек, бiз сол күйi қалып қоямыз. Шынын айтсам, бұл доктрина ешқандай өзгерiс әкелмейдi. Қазiр қазақ ұлты патриоттары нелiктен аштық жариялаймыз деп отыр? Осыны ойлап жатқан адам бар ма? Олар өз ұлты, тiлi, мәдениетi, халқы, ұрпағы үшiн жанын қиюға дайын. 67 пайыз қазақты сыйлау қайда? Елбасының өзi «Әрбiр ассамблея мүшесi қазақ тiлiн бiлуi керек» дедi. Егер төрағаларыңызды сыйламасаңыздар, басқасына не айтамыз? Қысқасы, әдемi сөзбен саясат жасауға болмайды. Әдемi, құрғақ сөздi 20 жыл бойы айтып келемiз. Есесiне, мәселе жылдан-жылға қордаланып, жиналып жатыр.

Кенесары Қаптағай, «Халық дабылы» қозғалысының төрағасы:

– «Қазақстандық ұлттың» орнына қазақ ұлты деуiмiз керек. Қарасаңыз, өзбекстандық, татарстандық, қырғызстандық деген ұғым жоқ. Бiз неге «қазақстандық» болуымыз керек? Бiз осылай кете берсек, «американдық ұлт» сияқты болып кетемiз. Бiз кезiнде қырылдық, көрмегендi көрдiк. Осыны ашып айту керек едi. Ұлттық мүдде жоқ. Қазақ тiлiн бiлмейтiндер қазақтың саясатын жасағысы келедi. Бiлсеңiздер, толеранттық тек қазақта ғана бар. 18 жыл бойы телеарналар орыс тiлiнде сайрап келедi. Сөйте тұра, қазақ төзiмдiлiк танытуы керек дейдi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ