Жаңалықтар

«ТҮРКIСТАННЫҢ» АҚ ҚАЙЫҢЫ ЖЕЛБIРЕЙТIН БОЛАДЫ

ашық дереккөзі

«ТҮРКIСТАННЫҢ» АҚ ҚАЙЫҢЫ ЖЕЛБIРЕЙТIН БОЛАДЫ

«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген қазақ даналығы тегiн болмаса керек. Атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа қалатын әрбiр ағаштың жүзжылдық, тiптi одан да көп тарихы бар шығар. Жапырақтары сыбдырлай қағып, желмен бiрге әсем тербелетiн, Алматының көркiне көрiк қосып тұрған ақ қайыңы, қара ағашы, шыршасы, қарағайы, тал-терегiнiң қанша жылдық тарихы барын кiм бiлсiн?!

Мүмкiн, талай жылдарды, талай ғасырларды бастан кешкен шығар, бұл ағаштар. Әйтеуiр бiр жылдары ол ағаштарды ата-бабамыз өз қолымен отырғызып, балаларына аманатқа қалдырып кеткен болар. Қалай десек те, күз бен көктем айларында ағаш отырғызып, ауланы көгалдандыру дәстүрi – бұл ежелден қанымызға сiңген әдет. Жас шыбықты кез келген жерге шаншып кете беретiн бабаларымыз бұл асыл қасиетiн ұрпағына да дәстүр қып қалдырды. Атадан балаға мирас болып қалған дәстүр әлi де жалғасын тауып келедi.

Күнi кеше Алатау ауданындағы «Шаңырақ» ықшам ауданында №26 мектепте «Журналистер мен эстрада әншiлерiнiң аллеясы» бұған нақты дәлел бола алады. Аталмыш шараны ұйымдастырған «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясының «Жас Отан» жастар қанаты мен «Заңғар» шығармашылық бiрлестiгi.

Мектепке кiргенiмiзде бiздi бiр топ бүлдiршiндер қарсы алды. Аталмыш мектептiң бiрiншi сыныбында оқитын жас жеткiншектер қолдарына бiр-бiр жұлдызша ұстап алыпты. Әр жұлдызшада қазақ тiлiнде шығатын басылымдардың аты мен эстрада жұлдыздарының есiмi жазылған. «Түркiстан» деп жазылған жұлдызшасы мен қолындағы шарын уысына қысып ұстап тұрған сүйкiмдi қыздың жанына келiп, есiмiн сұрадым. «Жұлдыз» дедi сүйкiмдi сәби ұяла үн қатып. «Мен де «Түркiстаннанмын» дедiм әзiлге сүйенiп. «А-а, мен сiзбен ағаш отырғызатын болам» дедi бүлдiршiн. Бiр-бiрiмiздiң қолымыздан жетектеп, ақ қайыңның жанына келiп тұрдық. Шұңқыры қазылып, ағашы дайын тұрған аймаққа елу түптi отырғызу жоспарланған екен. Ағашты көтерiп, шұңқырға отырғызуға Жұлдыз екеумiздiң шамамыз келер емес. Бiздiң мықшыңдаған түрiмiздi көрiп, аяған болуы керек, мектеп күзетшiлерiнiң бiрi көмекке келдi. Үшеулеп жүрiп, «Түркiстанның» ақ қайыңын қасиеттi мекенiне қоныстандырдық. Жаңадан отырғызылған ақ қайыңға «Түркiстанның» жұлдызшасын байлап болған соң, кiшкентай Жұлдызға «Түркiстанның» ақ қайыңын қадағалап жүрудi тапсырдық.

«Бұл шараны қолға алмас бұрын бiздiң «Жас Отан» жастар қанатының мүшелерi қала аудандарында болып, арнайы зерттеу жүргiздi. Мiне, сол зерттеудiң нәтижесiне сүйенсек, Алматыдай үлкен қалада қазақ басылымдарының аллеясы әлi күнге жоқ екен. Осылайша, бiз жаңадан құрылған Алатау ауданы әкiмшiлiгiне ұсыныспен шығып, әкiмдiктiң қолдауымен №26 қазақ орта мектебiнiң ауласына 50 түп қайың отырғызып, тұңғыш рет «Журналистер мен эстрада әншiлерiнiң аллеясын» ашуды ұйғардық», – дейдi «Заңғар» шығармашылық бiрлестiгiнiң төрағасы Айдар Қырықбайұлы.

Қазақ басылымдарының өкiлдерi мен эстрада әншiлерi отырғызған 50 түп ақ қайың күнi ертең мектеп ауласында желбiрейтiн болады. Ағаштардың қурап қалмауы үшiн осындағы 1-сынып оқушылары мектеп бiтiргенше, өз қамқорлығын жасайды деген үмiтпен аманат қылып қалдырдық.

Гүлзина Бектасова