АҚТАУСЫЗ АЖАЛ НЕМЕСЕ КIРШIКСIЗ КЕЙIПКЕР ТУРАЛЫ
АҚТАУСЫЗ АЖАЛ НЕМЕСЕ КIРШIКСIЗ КЕЙIПКЕР ТУРАЛЫ
«Жазушы» баспасынан жарық көрген белгiлi қаламгер Жаңабек Шағатайдың «Қандағаштың шоқ сырғасы» атты шығармалар жинағына жазушының «Сағындық сенi, көке!» және «Ай жерге жақындаған жаз» хикаяттары, «Ботадай көзiң мөлдiреп», «Қандағаштың шоқ сырғасы» әңгiмелерi мен «Шыршада жұлдыз жанғанда» эссесi енген.
«Сағындық сенi, көке!» хикаяттың ғана емес, романның жүгiн көтерiп тұрған шығарма. Қоғамның қайшылықты келеңсiздiктерiн көтере алмаған, жаны тығырыққа тiрелген шығармашыл жан, шарасыз (әлде сабырсыз?) әйел, тiрi жетiм екi бала… Шығармаға өзек болған кезең өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына тұспа-тұс келсе де, кейiпкерлерiнiң мұңы, олар өмiр сүрген қоғамның келбетi – бүгiнгi күнмен үндес. Жазушының өз атынан баяндалатын шығарманың формасы да өзгеше: марқұм болып кеткен Жұман кейiпкердiң күнделiгi мен оның балаларының әкеге арнаған сағынышқа толы хаттарынан тұрады. «Мың бiр түн» әңгiмелерiнiң баяндалу тәсiлiне де ұқсайтын сияқты: бiр әңгiменiң iшiнен екiншi әңгiменiң тиегi ағытылып кете барады.
Өмiрден ерте кеткен жазушы досының өлiмi жанын сыздатып жүргенде оның жан жары Зүбәржатты аяқ астынан жолықтырған Мұқанның әңгiмесi шиыршықталып келiп, марқұм Жұманның баяндауындағы әңгiмеге ұласады. Шақшадай басын шарадай қылған ауыртпашылықтардан зәрезап болып, торыққан, тығырықтан шығар жол таппай, жаны шырқыраған Жұманның әңгiмесi оның балаларының әкелерiне жазған хаттарымен жалғасады…
Құдайдың жазуымен бiр-бiрiне бiржола байланған тағдыр жiбi, бiрақ бiрiн-бiрi түсiне алмаған, көксегенi әр тараптағы жандардың жан айқайы.
«Сағындық сенi, көкенi!» көзiңе жас алмай оқу мүмкiн емес. Бiрақ шығарманың мықтылығы – оқырманды толқытып, көздiң жасын шылауында ғана емес-ау, өресiне жеткiзiп ойландыра алуында емес пе? Ата-аналық парызды бiлмейтiндер отбасы құрып әуре болмасайшы деп ойлайсың кейде. Бiр адамның өмiр жолы онымен тағдыр жiбiмен байланған басқалардың өмiрiнiң бұралаң сүрлеуге түсуiне себепкер болатынын көрiп-бiле тұра, тап осы шығарманы оқығандағыдай жиренбеймiз-ау! Исламда ата-ананың басты парызы – балаға жақсы тәрбие беру делiнедi. Ал балаға жақсы тәрбие беру үшiн адам әуелi өзiн жөнге салып алсын да!
Хикаяттағы ең шұрайлы да, шынайы тұс – Санат пен Арманның Жұманға жазған хаттары. Балалық адалдық пен бiрбеткейлiк, үмiт пен Әкеге сенiм ұштасқан хаттар жазушының iшкi әлемiн жалаңаштап, оның өзi де батып айта алмайтын ең құпия, тылсым сырларынан хабар бередi… «Сағындым! Сағындым! Сағындым ғой мен сенi, көке! Арман да әбден сағынды. Келшi, тезiрек! Келшi, жарай ма?» деген Санаттың хаттағы сөздерi тап құлағыңның түбiнен жаңғырып тұрғандай селк еткiзедi. Бiр сәт бейкүнә баланы соншалықты зарықтырған кейiпкердi жазғырып, тiптi бiр сәт осы жағдайға тап қылған өзiң секiлденiп, кiнәлi сезiнiп, пұшайман халге түсесiң. Шығарма бұдан әрi демдi iшке ала, ширыға оқылады.
Бас-аяғы жұмыр төрт-бес шығарманың да тамыры – ауылда. Әлдеқандай шаруамен немесе ойша ауылға сапарлатқан Кейiпкердiң көз алдында – қазақтың кең даласы, жидегүлдiң (немесе қауынның) жұпар иiсi, өрiстен қайтқан мал, мамыражай тiрлiк… Бiрақ сәт өтпей-ақ суреттiң өңi өзгерiп сала бередi: құты қашып, сұрланған ауыл, қираған үй, жолсыз дала… Үмiтсiздiк… Өзi өмiрден үмiт үзген Жұманның Ауылдан үмiт жайлы ойша сұрайтыны бiр түрлi… «Ей, ауыл, Сiзде сондай үмiт бар ма!? Атар таң, алдағы күндерден қандай үмiт, қандай жақсылық күтесiз, сiз?! Үндемейсiз, ә! Өйткенi, алдан күтерiңiз қашанда қаратүнек уақыт, жылт етер сәуле ұшқыны байқалмайтын қиын күндер. Бiр құлаған, қираған нәрсенiң қалпына келуi … о-о, өте қиын!» дейдi Жұман iштей торығып.
Ауыл жайлы сарыуайым ойлар – туған жерге деген адалдықтың, елге деген сағыныштың белгiсi. Алыс шаһарда, қатiгез де суық қалада өмiр сүрiп, өз басының майда тiрлiгiмен арпалысып, iштей жүнжiген азамат ауылға, туған жерге алаңдап, ойша оралады, iштей пана, медет тiлейдi. Анда-санда ауылға табан тiрегенде, бойына әлдеқайдан қуат құйылғандай бiр серпiлгiсi, рухтанғысы келедi, бiрақ… ауылдың өзi сырттан көмек күткендей жалтақ, жадау күйде. Жаны жүдеген Жұманға бұл да – фәнидi ойланбастан тәрк етуге итермелеген соңғы соққы сияқты.
Дегенмен, Жұманды ақтау қиын… «Иә-иә, табанының бүрi жоқ, намысы қорланған жандар өзгелердiң көзiне күйiк, өсiп келе жатқан еш кiнәсiз балаларының бетiне қаралы таңба болып басылмағаны, қасиеттi жердiң бетiн таптамағаны дұрыс. Жарық дүние, жер бетiнен өз орнын таппаған бейшара тездетiп бақилық дүниемен қауышқаны жөн» дейдi Жұман iштей күйзелiп.
«Ө-ө, көке, бiз Арманнан айрылдық қой, көке! Ендi ол бiзге жоқ. Сiздi сонша сағынып, сағынған сөздерiн маған ғана сыбырлап айтумен өттi. Бiлмеймiн, бiз – сiз де, мен де, мамам да, Құдайға не жаздық?! Мен күнде жылап жүрмiн, жылап жүрмiн, бiрақ ол ендi қайтып келмейдi бiзге» деген Санаттың сөздерi жаныңды тiлгiлеп, тiстелейдi. Өзi де Қоғамға, Құдайға қастасқан жанды мүлдем тұқыртып, иманын ұшырған жағдай бұл.
Сөйтсе де, алда үмiт бар. Үмiтi – артында қалған ұрпағы Санат. Өзiн өзi iштей жегiдей жеп, әбден тұқыртса да, Жұман ата-аналық парызды ұмыта алмайды, қағаз жүзiнде «ажырасқан» ерлi-зайыптыны Құдай берген ортадағы екi баланың тағдыры өмiрiнiң соңына дейiн бiр қазыққа байлаған. «Мейлiнше адал азамат етiп тәрбиелешi Санатты» дейдi Жұман Зүбәржатқа арнаған соңғы хатында.
Адамға тән болса да, қадiрсiз сезiмдердiң бiрi – Кешiрiм шығар. Есiңiзде болса, Ғабит Мүсiреповтiң «Ашынған ана» шығармасындағы Ана жиһангер баласының халықты қынадай қырған жауыздығын кешiре алмай, оны өз қолымен өлiмге байлайды… Тоғыз ай тар құрсағында тербетiп, ауыр толғақта дүниеге әкелген туған баласын өз қолымен бауыздау – ақылға сыйымсыз оқиға болып көрiнедi. Әйтеуiр, баланың жауыздығын ғана емес, өзiн өзi Ана ретiндегi дұрыс тәрбие бере алмағандығын да кiналау, кешiре алмау жатыр бұл оқиғаның астарында. Жаңабек Шағатайдың кейiпкерi Жұман өзiнiң боркемiктiгiне, босбелбеу ынжықтығына, балаларына өнеге боларлық әке бола алмағандығына опынып, өзiне өзi өлiм жазасын кеседi. Жанындай жақсы көрген балаларының қабағындағы кiрбiңдi, өзi жақсылық үшiн күрескен қоғамдағы азғындықты көргiсi келмей, балалары үшiн – бола алмағанына, қоғам үшiн – бейiмделе, ұқсай алмағанына кейидi, өзiн өзi кешiре алмайды! Қасiреттiң үлкенi – адамның өзiн өзi кешiре алмауы да!
Жаны соншалықты нәзiк, үп еткен жылылықты көрсе көзi күлiм қағып, жадырап шыға келетiн, сұлулыққа соншалықты құмар жандарға мына заманда, осы қоғамымызда орын жоқ па сонда?
Жазушы бұл сұрақтың жауабын iздеп табуды Оқырманның өзiне қалдырған сияқты.
Кiтаптың аталуына себепшi болған «Қандағаштың шоқ сырғасы» қоғам мен адам, адалдық пен парыз, еркек пен әйел, азаматтық пен достық ара-қатынасы шиеленiсiп жатқан, бас кейiпкер Жақсылықтың әр жылдардағы, әр кездердегi қат-қабат естелiктерiне толы, оқырманға айтылғанынан бойында жасырып қалғаны көп күрделi әңгiме. Қарабайыр тұрғыдан қарағанда заманның ыңғайына бейiмделе алмаған Жақсылық – адамның қоры сияқты. Тiптi, «түлкi болып шалмаса да», напақасын адал тауып, екi баласын жетiм етпеудiң амалын жасауға, қам-қарекет жасауға неге тырыспайды деп кiналауға дайын тұрасың. Бұл орайда, күйеуiнiң бетiнен алып, намысына тиетiн сөздер айтатын әйелi Назымды да жазғырудың жөнi жоқ. Себебi… қаламгердiң ұстанымы сондай. Ол салы суға кеткен еркектi, жалған намысты күйттеген әйелдi, адал мен арамның арасын ажыратуға селсоқ қоғамды боямасыз кескiнде сипаттап берiп отырған Суреткер ғана сияқты. Ешкiмдi жазғыру жоқ, бар өкпе қиял жетпейтiн көкжиекке шет-шегi жоқ қара кеңiстiкке қаратылып айтылады…
Жазушының «Ботадай көзiң мөлдiреп» әңгiмесiн кезiнде «Махаббат, қызық мол жылдарды» жата-жастана оқыған, әлi де iздеп жүрiп оқитын жастарға оқуға кеңес берер едiм. Аңғырт жастық, таза сезiм, баянсыз тағдыр… Бiр демде оқылатын, бiрақ уақыт өте, жылы сезiмге шөлiркеген сәтте қайта бас қойғың келетiн сұлу шығарма. Әттең-ай, оқып бiткен кезде екi ғашықтың қосылмақ түгiлi, бiрiн бiрi түсiне алмай кеткенi көңiлiңде бiр «әттең-айды» туғызатыны-ай! Дегенмен, көркем шығарма – елiтетiн ертегi емес, сезiмдi де баулуға үйрететiн эстетикалық тәрибе құралы екенiн ескерсек, «Ботадай көзiң мөлдiреп» әңгiмесiнiң көп шығармадан шоқтығы биiк-ақ.
«Ай жерге жақындаған жаз» хикаяты оқырманға «Дарабоз» халықаралық бәйгесiнен таныс. Осы бәйгенiң 1-жүлдесiн жеңiп алған шығарма.
Әр жиырма жыл сайын Ай барынша Жерге жақындайтын көрiнедi. Баласы мен немересiн жанына алып, түн тылсымында ернi күбiрлеп Құдайдан пана тiлеген кейуананың кейпi – алты басты айдаһар мен оған жалаң қылышпен қарсы тұрған хас батырды сипаттайтын ертегiден әсерлiрек. Осы тылсымды түнде Жомарт жиырма жыл бұрын өткен балалық шағына, сол бiр Ай жерге жақындаған ерекше жазды еске алып, ойша сапар кешедi… Кешкi апақ-сапақта Келiншектауды көремiз деп аңсары ауған екi бала Ғалым мен Жомарттың ауыл шетiндегi төбеге шығып алып, кеңiстiкке дегбiрсiздiкпен үңiлуi – туған жерге деген таусылмас сағыныштың хабары. Туған жерге деген сағынышты даланың ерке самалы бетiн желпiп өскен ұрпақ қана сезiнер!
«…Е-е, қапас қалада тiкбақай болып өскен бұлар туған жердiң топырағы ыстық, айы да өзгеше жарық, жұлдызы анық болатынын қайдан пайымдасын. Бұлар не көрдi, не бiлдi, айнала көк тас, оңы да, солы да қапас. Қиялдары шарқ ұратын кеңiстiк болмаған соң жүректерiнде биiк арман, нәзiк сезiм қайдан болсын… Қатал, қатiгез ұрпақтар нағыз осылар емес пе?!» деп күйiнедi Жомарт туған ұлына қарап. Тәттi балалық шақтың естелiгi мен ұрпақтар сабақтастығының үзiлгендiгiнен хабар беретiн сырлы шығарма бұл.
Бiр ғажабы, «Сағындық сенi, көкедегi» Жұманның, «Ай жерге жақындаған жаздағы» Жомарттың, «Қандағаштың шоқ сырғасындағы» Жақсылықтың, тiптi «Ботадай көзiң мөлдiрептегi» жiгiттiң мiнез-құлықтары өзара ұқсас, жан-дүниесi мұңдас – әр жылдардағы, әрқилы оқиғалар қайнауына түскен бiр ғана Кейiпкер сияқты.
Күнделiктi күйкi тiрлiкте жанталасып тiршiлiк етiп үйренген кәдуiлгi адамның (пенденiң) үш ұйықтаса түсiне кiрмейтiн ойларға жаны күйзелiп, екiнiң бiрiне айтып жеткiзе алмайтын ауыр мұңын арқалап жүрген Кейiпкердiң өзi – сұрқия қоғамның бүкпесiз қатал барометрi сияқты… Бiр-ақ ауыз сөзбен, өзi сүрiп жатқан қоғамның бет-пердесiн сыпырып, жалаңаштап тастайды да:
– Апыр-ай, осыған дейiн қалай байқамай жүргенмiн, мынау құтсыз қалада бәрi де жалған, алдамшы көрiнедi екен ғой, нелiктен байқамағанмын? Туа бiттi табиғи қалпындағы, қаймағы бұзылмаған ештеңе жоқ екен. Бәрi де көз алдау, жалған тыраштану…– деп диагноз қояды.
Сөйтедi де, «Тазалықты емге таппайсың» деп … үнсiз қалады.
Қаламгердiң аузымен айтылған бұл сөз ақырзаманның анық белгiсiндей болып сұсты естiледi…
Гүлбиғаш Омарова