ОҢТҮСТIК ҚАЗАҚСТАНҒА – ОТАНДЫҚ ГАЗ
ОҢТҮСТIК ҚАЗАҚСТАНҒА – ОТАНДЫҚ ГАЗ
Қазақстан — Қытай газ құбыры қолға алынды
Өткен аптада ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының арасындағы Қазақстан — Қытай газ құбырын салу мен пайдалану туралы ынтымақтастық келiсiмi бекiтiлгенi туралы» Заң жобасы мақұлданды.
Тәуелсiздiк алған жылдардан берi Қазақстанның оңтүстiк өңiрiн газбен қамтамасыз ету басты проблемаға айналған едi. Кеңестiк кезеңдегi өзара тасымал жүйесi тоқтап қалғалы қашан. Оның үстiне энергоресурстарды тасымалдаушылар газ бағасын өз ыңғайына қарай өзгертiп отырады. Айта кетер бiр жайт, бұған дейiн оңтүстiк облыстарды газбен Өзбекстан қамтамасыз етiп отырған, яғни кеңес одағы кезiнде салынған БГА-ТБА (Бұхар газәкелушi аймақ — Ташкент — Бiшкек — Алматы) және Газды — Шымкент газқұбыры магистралi арқылы тасымалданатын. Өзбекстан монополист ретiнде нарық жағдайында бағаны өз қалауынша ұстап тұрғысы келедi. Сондықтан 2000 жылдардан берi бiр мың кубометр газдың бағасы 35 доллардан 100 долларға дейiн көтерiлген. Кейде қыс мезгiлдерiнде Өзбекстанның өзiнде де газ тапшылығы байқалады. Соның нәтижесiнде Қазақстан өзбек газөндiрушi және тасымалдаушы ұйымдарына тәуелдi болып қалады, яғни газ тарифын көтерiп, тiптi газ тасымалын тоқтатып та тастайды. Дегенмен 2007 жылдың желтоқсанында Ташкентте «ҚазМұнайГаз» АҚ ҰК, «ҚазТрансГаз» АҚ, «Газпром» ААҚ және «ӨзбекМұнайГаз» ҰК арасында келiсiмге қол қойылған болатын. Бұл келiсiмде 2007-2008 жылдары Қазақстанның оңтүстiгiне бiрдей бағамен 3,5 млрд. кубометр көлемiнде табиғи газ жеткiзу қарастырылған едi.
1961 жылы Жамбыл облысындағы «Амангелдi мұнай ошақтарының» ашылуы бұл аумақтағы газ тапшылығын азайтады деп күтiлген. Өкiнiшке қарай, 2007 жылы Жамбыл облысында 1174,2 млн.куб табиғи газ қолданылған, ал «Амангелдi мұнай ошақтарының» бiр жылғы өнiмi тек 319,9 млн.кубты құрайды екен. Сонымен «Амангелдi» Жамбыл облысы халқының 37%-ына ғана газ жеткiзе алды. Сондықтан, бұл проблеманы шешу үшiн бұл жерде «Жамбыл облысын 2007-2010 жылдары газбен қамту бағдарламасы» қабылданған. Бұл бағдарлама бойынша 140 елдi мекенге газ жеткiзiлетiн болады. Ал оңтүстiк өңiрде жыл сайын халық санының өсуiне байланысты газ тапшылығы 20-25%-ға артып отырады.
Былтырғы қыста күннiң бiрден суытуына байланысты Өзбекстанда газ пайдалану екi есеге артып, нәтижесiнде бiзге келетiн газ 40%-ға қысқарып қалды. Сонымен қатар, ескеретiн бiр жайт бар — өзбекстандық газ Қырғызстан арқылы тасымалданғандықтан, бұл елдегi экономикалық жағдай газ тасымалына қауiп төндiруi мүмкiн. Ендiгiсi анық — Өзбекстаннан келетiн газға сенудiң қажетi жоқ. Ендеше, осының бәрi сырттан келетiн газ магистралiн тоқтатып, елдiң батысынан оңтүстiкке газ тасымалдау идеясының ертерек iске асуына септiгiн тигiзiп отыр. Бұл мәселенi Елбасы Н.Ә.Назарбаев та бей-жай қалдырмады. Ағымдағы жылдың басында Елбасы халыққа жолдауында Бейнеу-Шымкент газқұбыры магистралiнiң құрылысына баса көңiл бөлген едi. Елбасының бұл магистральды атап өтуi кездейсоқ емес-тi. Себебi биылғы жылдың басында Оңтүстiк Қазақстан халқы тағы да Өзбекстаннан келетiн газға қол созып қалған болатын.
Оңтүстiк өңiрдегi газ мәселесiн шешiп беретiн жобаны iске асыру қолға алынды. Бейнеу-Бозой жобасы бойынша елiмiздiң батыс өңiрлерiнен оңтүстiкке газ тасымалданып, одан әрi шығыс шекараға жеткiзiлетiн болады. Бұл келiсiмнiң басты мақсаты — республиканың оңтүстiк өңiрлерiнiң газға деген қажеттiлiгiн қамтамасыз ету, импорт газына тәуелдiлiктi болдырмау және елдiң энергетикалық қауiпсiздiгiн қолға алу. Сонымен қатар бұл жоба түркiмен және қазақ газын Қазақстан мен Қытай аумақтарындағы жаңа газ көлiгi қуаттары арқылы тасымалдау жөнiндегi ұзақмерзiмдi ынтымақтастықты дамытуды көздейдi. Аталмыш келiсiмдi iске асыру елiмiздiң транзиттiк әлеуетiн арттыруға, өзiмiздiң газды экспорттау бағытын кеңейтуге, сондай-ақ елдiң iшкi нарығын өз газымызбен қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi. Екi мемлекет арасынан жүргiзiлетiн газқұбырының 1300 шақырымы Қазақстан аумағынан өтедi, яғни негiзгi бағыт Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстiк Қазақстан облыстары арқылы өтетiн болады. Қытай мен Қазақстан арасындағы келiсiмге сәйкес газқұбыр магистралi екi кезеңнен тұрады. Адыңғысы — Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы шекарасынан Шымкент арқылы және Қытай Халық Республикасына, одан Қорғасқа дейiнгi учаске болып табылады. Бұл магистральдiң өткiзу қуаты — 40 млрд. текше метрдi құрайды. Ал кейiнгi бағыт — Бейнеу — Бозой — Қызылорда — Шымкент учаскесi, оның өткiзу қуаты жылына 10 млрд. текше метр болады деп жоспарланып отыр. Бұл жобаны iске асыру екi кезеңге бөлiндi, бiрiншiсi — 2009-2011 жылдар, екiншiсi — 2014 жылдың аяғына жоспарланды. Бұл газқұбырының жалпы құны әзiрге 3 879 млн. АҚШ долларға бағаланып отыр. Бейнеу-Бозой жобасының әлеуметтiк бағыттылығы ескерiле отырып, ел Үкiметi жоба құнының 50%-ын республикалық бюджеттен қаржыландыру туралы шешiм қабылдады. Сонымен қатар қаржыландыруды ұйымдастыру мақсатында ағымдағы жылдың 31 қазанында «ҚазМұнайГаз» ҰҚ мен Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы Негiздемелiк келiсiмге қол қойды, онда тараптардың Қазақстан-Қытай газ құбырының екiншi учаскесi ретiнде жобаны бiрлесiп iске асыру жөнiндегi негiзгi мәселесi қарастырылды. Сонау 1997 жылдың өзiнде Қазақстан мен Қытай Республикалары арасында «Мұнай мен газ» саласында келiсiмшарттар жасалған болатын. Аталмыш келiсiм нәтижесiнде Атасу-Алашанькоу мұнайқұбырының құрылысы қолға алынған едi.
Алдын ала жасалған зерттеулердiң нәтижесiне назар аударсақ, Бейнеу-Бозой газқұбыры 30 жыл газ тасымалдауға жарайды, сонымен қатар газ қажеттiлiгi Қызылорда облысы бойынша бес есеге, Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша екi жарым есеге және Жамбыл облысы бойынша үш есеге, ал Алматы облысы бойынша төрт жарым есеге азаймақ.
Ақниет ОСПАНБАЙ