ҚАСИЕТТI ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСI

ҚАСИЕТТI ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСI

ҚАСИЕТТI ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСI
ашық дереккөзі

Ислам – тұтастай әлеуметтi iзгiлiк пен қуанышқа бөлеуге шақыратын жоғарғы илаһи мәдениет. Оған дiнiмiздiң адамзат мүддесiне тек жақсылық әкелетiн зор хикмет пен терең философияға толы үкiмдерi дәлел бола алады. Илаһи үкiмдердiң баурап, елiтiп әкететiндiгi соншалықты Хақ дариясына терең шомған сайын, оның тек құндылыққа толы әлем екендiгiне көз жеткiзесiң. Бiрақ, Ислам игiлiктерiн толық тану үшiн маңдайға бiткен қос көзбен емес, көкiрек көзiмен, яғни, илаһи хикметтi жүректегi алтыншы түйсiкпен сезiнуiмiз керек. Бiз, бүгiнгi шығармамызда Ислам мәдениетiндегi iзгi дәстүрлердiң бiрi — Құрбан айт мерекесiнiң сыр-хикметi хақында әңгiме қозғамақпыз.

Арап тiлiнде «құрб» сөзi — жақындау деген мағынаны бiлдiредi. Терминологиялық мағынасы зилхиджа айының оныншы (желтоқсан айының сегiзiншi күнi) күнi басталып, үш күнге созылатын «Ид әл-Адха» мерекесi күндерi құрбан шалып, Хақ-Тағалаға жақындауды айтамыз.

Аллаһқа арнап құрбан шалу дәстүрi хз. Ибрахим пайғамбардың сүннетi болып табылады. Ұлы Жаратушы хз. Ибрахимнiң өзiне қаншалықты шын берiлгендiгiне көз жеткiзу үшiн баласы хз. Исмайылды құрбан шалуды бұйырады. Өзiнiң бауыр етiнен жаралған ұлы хз. Исмайылды құрбан етiп шалу хз. Ибрахимге ауыр соғады. Алайда, хз. Ибрахимге бұл үкiмдi орындау ауыр соқса да, ол өз ұлын құрбан етiп шалудан бас тартпады. Хз. Ибрахим ұлын құбылаға қаратып, «бисмилласын» айтып, бәкiсiн тамағына тақаған шақта, Ұлы Жаратушы хз. Ибрахимнiң адалдығына көз жеткiзiп, ұлының орнына көктен түсiрген қошқарды құрбан етiп шалуды бұйырды. Осы оқиғадан кейiн әрбiр жылы Хақ-Тағалаға арнап құрбан мал шалу дәстүрi қалыптасты (Ахмет Лутфи Казаншы. Пайғамбарлар тарихы. Хз. Ибрахим).

Бiзге жеткен деректер бойынша оқиғаның барысы осылай болғанмен, бұл оқиғаға қарап Ұлы Жаратушы хз. Ибрахимнiң өзiне адал берiлгендiгiн алдын ала бiлмеген деген түсiнiк шықпуы тиiс. Егер, Ұлы Жаратушы әрбiр iстiң болуын бұйырмаса, сондай-ақ, әрбiр iстiң қалай iске асатындығын алдын ала бiлмесе, онда Ұлы Жаратушының құдiреттiлiгi мен көрегендiгiне күмән келген болар едi. Сондықтан, Ұлы Жаратушы хз. Ибрахимнiң өзiне адал берiлген құл екендiгiн алдын ала бiлген, бiрақ, бұл оқиғада хз. Ибрахимдi үлгi ете отырып, жаратқан құлдарының өзiне адал болуын үндедi деген сенiмде болуымыз шарт.

Шиыршық атқан мына беу дүние адамзат баласы үшiн сынақ әлемi болғандықтан, Ұлы Жаратушыға ынты-шынтымен иланған әрбiр мүмiн хз. Ибрахим секiлдi Хақ-Тағала үшiн басын бәйгеге тiге алуға тиiстi. Қасиеттi Құран Кәрiмде: «…Әр нәрсенi тәрк етiп, Аллаһқа жөнел» (Мүземмул, 73/8) деп бұйырылады. Пайғамбарымыз (с.а.у) да бiр хадис-шарифiнде; «Мүмiн, Алла мен Елшiсiн бала-шағасы мен мал-мүлкi және исi бүтiн жаратылыстан жоғары қоймайынша, мүмiн бола алмайды» дейдi. Хакiм Абайдың; «Махаббатсыз дүние бос» деген ұлағатты сөзi де екi адамның арасындағы сүйiспеншiлiкке емес, шын мәнiнде жүрек қалауы болған Ұлы Жаратушыны танудан мақұрым қалып, махаббатын дүниенiң өткiншi қызығына малдандырып, бар ғұмырын ғибратсыз тектен-текке өткiзген бейбақтарға арналған. Яғни, жүректегi атқақтаған сезiмнiң шын иесiн таба алмағандар шын мәнiнде де илаһи мүмкiндiктен құралақан қалған қуыс кеуде саналады. Ал, Исламға толық мойынсұну дегенiмiз, махаббатты Ұлы Жаратушыға ғана арнау болып табылады.

Шариғатта әрбiр iсте Хақпен бiрге болу «жақсылыққа бастау, жаманшылықтан қашыру» қағидасына негiзделедi. Бұл қағида жөнiнде адамзаттың ардақтысы Мұхаммед (с.а.у) хадис-шарифтерiнiң бiрiнде былай деген: «Сiздiң бiрiңiз жаман бiр iс көре қалса, оны қолымен түзетсiн, егер күшi жетпесе тiлiмен, яғни оған қарсы шығып наразылық бiлдiрсiн, оған да күшi жетпесе, жүрегiмен қарсы шықсын». Яғни, қоғамда әдiлетсiздiк орын алған жағдайда, әрбiр мұсылман әдiлетсiздiкпен күресуi мiндеттi. Егер, әдiлетсiздiкке мұсылман қарсылық бiлдiрмесе, Хақ үшiн басын бәйгеге тiкпеушi ғана емес, шариғат бойынша сол қылмысқа ортақ саналды. Мұхаммед (с.а.у) бұл туралы: «Күпiрлiкке ризашылық бiлдiрушi кәпiр, күнәға көзiн жұмған күнәһар» деген болатын.

Атақты Имам Ғазали де: «Мүмiн әрбiр iсiне аса байыппен қарамаса, Хаққа шiрк келтiрiп қоюы ғажап емес. Бiр iстi Хақтың бұйырғанындай етiп iстеуге ерiнiп, нәпсiсiне ерсе, сол iсте Хаққа емес, нәпсiсiне табынған болып шығады» (Имам Ғазали, Қимая-Саадет) дейдi. Яғни, Хақ жолы мүмiндi әрқашан рухани ояу болып, Хақты бiр сәт те болса қаперiнен шығармай, ар мен әдiлеттiлiк үшiн жанын салып күресуге шақырады. Құрбан айт мерекесi де мұсылмандарды қарақан бастың қамы үшiн емес, қалың бұқараның екiдүниелiк бақыты һәм ақиқат үшiн ақтық демi қалғанша күресiп, Хақ жолында құрбан болуға үндейдi.

ҚҰРБАННЫҢ ХИКМЕТI

Қоғамда әл-әуқаты жоғары байлар және орта жағдайдағы адамдармен қатар жылдар бойы ет жемей, ашқұрсақ болып ғұмыр кешетiн қаншама сiңiрi шыққан кедейлер бар. Көбiне мұндай адамдар алақанын жаюға арланып, ешкiмнен көмек сұрай қоймайды. Құрбан айт мейрамы осындай жоқ-жiтiктер үшiн Алланың жасаған шарапаты болып табылады. Құрбан айттағы илаһи жарылқаумен жоқ-жiтiктердiң көңiлдерi райланып, қоғамның байлығын бiрге бөлiседi. Бұл әлеуметте әдiлеттiлiктiң сақталып, адамдардың бiр-бiрiне деген құрметi мен сүйiспеншiлiгiн арттырады.

Бұл күнi мұсылмандардың жүрегiнде достық, бауырмашылдық, сүйiспеншiлiк, өзара құрмет, шер бөлiсу, бiр-бiрiне қол ұшын беру секiлдi сезiмдерi атқақтап тұрады. Бұл күнi жек көрушiлiк сезiм суалып, өшпендiлiктiң тасы ерiп сала бередi. Ұлы Жаратушының ризашылығы үшiн шалынған құрбанның қаны адамдардың жүрегiндегi кiр-қоқыс пен көңiлiндегi пенделiктiң сыңғырын жуып-шайып, оның орнына сүйiспеншiлiктiң гүлi қауыз жарады.

ҚҰРБАН ШАЛУДЫҢ ШАРТТАРЫ

Құрбан дегенiмiз – белгiлi бiр хайуанды шариғатта белгiленген мерзiмде Аллаһтың ризашылығы үшiн шалу. Яғни, қой, ешкi, сиыр, түйенi дiн бойынша құрбан етiп шалуға болады. Имам Ағзам мазхабы бойынша құрбан шалу әрбiр мұсылман адамға уажiп болып табылады. Бұл туралы Құран Кәрiмде: «Олай болса Раббың үшiн намаз оқы және құрбан шал» деп бұйырылады.

Фыкһ ғалымдары құрбанға қатысты Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның мынандай хадис-шарифтерiн алға тартады: «Құрбан шалыңыз. Өйткенi, бұл бабаңыз Ибрахимнiң сүннетi».»Жағдайы түзелген шақта (дiни өлшем бойынша бай болған кезiңiзде) құрбан шалмаған адам, бiздiң маңайымызға (намазхандарымызға, мешiттерiмiзге) жақындамасын.

Әрбiр муким (бiр жерде тұрақты тұрушы) дiни өлшем бойынша ынсап мөлшерiнде материалдық жағдайы болса, құрбан шалуға мiндеттi болып табылады. Имам Мұхаммед секiлдi ғалымдардың көзқарасы бойынша құрбан шалу үшiн ақыл есi бүтiн болуы және балиғат жасына толуы шарт болғанмен, Имам Ағзам мен Имам Юсуфтың пiкiрiнше бұл екi шартсыз да қамқоршылар олардың атынан құрбан шала алады. Құрбан шалудағы материалдық ынсап мөлшерi, пiтiр садақасын беруi тиiс материалдық жағдаймен мөлшерлес болып табылады (екi жүз дирхем күмiс мөлшерiнде мүлкi болса). Құрбандағы материалдық жағдайдың ынсап мөлшерiнде болуы, зекет берудегi материалдық жағдайдың бiр жыл уақыттың өтуiмен өлшенбейдi. Бiр мұсылман кедей болып, дәл құрбан шалу уақытында материалдық жағдайы түзелген болса, оған құрбан шалу уажiп саналады. Керiсiнше материалдық жағдайы жақсы бiр мұсылманның құрбан шалар сәтте материалдық жағдайы күрт төмендеп кеткен болса, ол мұсылманға құрбан шалу уажiп болмайды.

Жоғарыдағы айтылған екiншi хадис-шарифке қарағанда материалдық жағдайы түзелген мұсылман себепсiзден себепсiз құрбан шалмаған болса, оның жағдайы ауыр екендiгi айтылады. Сондықтан, ынсап жағдайы бар әрбiр мұсылманның құрбан шалуы аса маңызды.

ҚҰРБАНҒА ШАЛЫНАТЫН ТӨРТ ТҮЛIК МАЛ

Құрбанға шалынатын қой мен ешкiнiң жасы бiр жасқа толуы керек. Егер жетi сегiз айлық қой мен ешкi бiр жастағыдай семiз болған болса, онда құрбан етiп шалуға жарайды. Құрбанға екi жасқа толған сиырды шалуға болады. Бiр жастан асқан тана-торпақ, екi жастағы сиыр секiлдi етi қоңды болып жатса, құрбан етiп шалуға болады. Бес жасқа толған түйе малын да құрбан етiп шалуға болады,

Бiр қой немесе бiр ешкi тек бiр адамның атына шалынады. Бiр сиыр немесе бiр түйенi жетi адамға құрбан етiп шалуына болады. Бiрақ, құрбан малды шалуға құрамдас болғандар мұсылман болуы шарт. Әрбiрi құрбан малдың жетiден бiрiне ие болып (ақшасын тең төлеуi шарт), Аллаһтың ризашылығы үшiн құрбан шалуға деген ниеттерi болуы керек.

Құрбан малдың екi немесе бiр көзiнiң соқыр болуы, тiстерiнiң көбi түскен болса, құлақтары кесiлген болса, мүйiзiнiң бiреуi немесе екеуi де түбiнен сынуы, құлағы мен құйрығының жартысынан көбiсiнiң кесiлуi, туылғаннан құлағы мен құйрығының болмауы, сүйегi арсиып көрiнген арық болса, бауыздалатын жерге дейiн бара алмайтындай ақсақ немесе ауру болса құрбан етiп шалуға болмайды.

Құрбан малдың көзi ақи болса, ақсақ болуы (бiрақ өз аяғымен жүре алса), туылғаннан мүйiздi немесе мүйiзiнiң болмауы, мүйiзiнiң бiр бөлiгi сынған болуы, құлақтары тiлiнген немесе ен салынған болса, құлақтарының ұшының кесiлуi, тiстерiнiң бiразының түсуi, пiштiрiлген болуы құрбан шалуға кедергi келтiрмейдi.

ҚҰРБАН ҚАЛАЙ ШАЛЫНАДЫ

Құрбан мал құрбан айттың үш күнiнде шалынады. Әйткенмен, құрбан айттың алғашқы күнi шалынса құба-құп. Құрбанды құрбан иесi шалса нұр үстiне нұр. Құрбан шалу қолынан келмесе, бiр мұсылман бауырына аманаттай алады. Құрбан мал шалынар кезде жүзi құбылаға қаратылып: «Аллаһүме һаза минке уам илейке: Аллаһым бұл сенен және саған арналады дегеннен кейiн, «Инни вежеһтү вежһие лилезi фетарессемавати вел арда ханифен уама ене минел мүшрикин»: «Күмәнсiз мен муваһид (Алланың бiр екендiгiн мойындаған) ретiнде жүзiмдi көктер мен жердi жаратқан Аллаһқа бұрдым. Мен мүшiрiк емеспiн» және «Инне салати уа нүсүки уа маһиаие уа мемати лиллаһи Раббил алемин ла шерике лаһ: «Намазым, ғибадаттарым, өмiрiм мен өлiмiм, әлемдердiң Раббысы болған Аллаһ үшiн» деген аяттар оқылып, «Биссмиллаһ Аллаһү Акбар» деп құрбан шалынады. Басқа бiр мұсылман адамға құрбанды шалдыратын болса, екеуi бiрге «Биссмиллаһ Аллаһү Акбарды» бiрге айтады. Жоғарыдағы аяттарды бiлмегендер жүрекпен, шын ниетiмен: «Биссмиллаһ Аллаһү Акбар» деп, құрбанды шалуы керек.

Құрбан шалу барысында құрбан малдың алдында пышақ қайрауға, құрбан малға езгi көрсетуге болмайды. Құрбан шалынар жердiң таза болғаны жөн. Құрбан шалар адамның бұл шарттардан хабары болуы керек. Құрбан шалынып болғаннан кейiн, құрбан шалынған жер тазалануы тиiс.

Хз. Жабир Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның Құрбан айт кезiнде құрбан малды қалай шалғандығын бiзге былай жеткiзедi: «Пайғамбарымыз (с.а.у) Құрбан айт күнi мүйiздi, семiз екi қошқарды құрбандыққа шалды. Құрбанды шалар сәтте: «Мен жүзiмдi көктер мен жердi Жаратушыға бұрдым. Мен Аллаһқа серiк қосқандардан емеспiн. Намазым, өзге де ғибадаттарым, саулығым және өлiмiмдi бүкiл әлемнiң Раббысы болған Аллаһқа арнаймын. Оның серiгi жоқ. Және мен мұсылманмын. Ей, Раббым құрбан Сенен, Сен үшiн шалынады. Мұхаммед (с.а.у) және үмбетiнiң атынан Биссмиллаһ Аллаһү Акбар» деп құрбанды шалды.

Пайғамбарымыз (с.а.у): «Құрбандарыңыздан жеңiз, садақа берiңiз және өзiңiзге алыңыз» деп бұйырады. Бұл хадис шарифтен ұғатынымыз, мұсылман адам құрбан малдың етiнiң бiр бөлiгiн қонақ болып келгендерге арнап, бiр бөлiгiн жоқ жiтiк пен ғарып мiскiнге таратып, бiр бөлiгiн отбасыға алып қалуына болады.

Құрбан малдың терiсiн мұсылмандар илетiп намаз оқитын жайнамаз ретiнде қолдануына немесе сатып ақшасын ғарып мiскiнге садақа етiп бере алады. Құрбан малдың терiсiн сатып ақшасын өзiне жұмсауына болмайды.

Құрбан шалған мұсылман екi бас намаз оқып Ұлы Жаратушыға мадақ айтып, дұға жасап, құрбан құлшылығының қабыл болуына жалбарынған болса, құба-құп саналады (Хусейн Алгул, Мүбәрак күндер мен түндер).

Бiр мұсылман адам шын ниетiмен құрбан шалған болса, қиямет күнi оның бiрнеше есе сауабын алады. Пайғамбарымыз (с.а.у) бұл жөнiнде: «Адамзат баласы Аллаһ алдында құрбан айт күнiнде құрбан шалудан асқан сүйiктi iс iстеген емес. Ол құрбан қияметте мүйiзiмен, терiсiмен, тырнағымен келедi. Құрбан қаны Хақ құзырында үлкен мәртебеге ие. Қан ағып жерге түспестен құрбан қабыл болады. Құрбанды таза және саф жүрекпен Алла-Тағалаға арнаңдар» деп бұйырады.

Имам Ғазали өз шығармаларының бiрiнде сахабалардың жеткiзуiмен: «Ұлы Жаратушыға жасалған тiлектiң қабыл болатын төрт күнi бар. Олар: Жұма күнi, Арафа күнi, Құрбан айттың бiрiншi күнi және Пiтiр-садақа таратылған күн» (Имам Ғазали. Калплерiн Кешфи) дейдi. Иншалла, алдымыздағы Арафа және Құрбан айттың алғашқы күнi Хақ-Тағаланың назарындағы барша мұсылман қауымының тiлегi қабыл болып, Құрбан айт мерекесiнiң сауабын иеленiп, бұл дүниеде һәм ақырет күнi иманы берiк, жүзi жарық бола берсiн деп тiлеймiз.

Мұхан ИСАХАН, Ақмарал САТЫБАЛДИЕВА