Жаңалықтар

Әбiлғазы ҚҰСАЙЫНОВ: ТӨРТ ЖЫЛДА 15 МЫҢ ШАҚЫРЫМ АВТОКӨЛIК ЖОЛЫ ЖӨНДЕЛДI

ашық дереккөзі

Әбiлғазы ҚҰСАЙЫНОВ: ТӨРТ ЖЫЛДА 15 МЫҢ ШАҚЫРЫМ АВТОКӨЛIК ЖОЛЫ ЖӨНДЕЛДI

— Құрметтi Әбiлғазы Қалиақпарұлы, Сiздiң халықаралық «Түркiстан» газетiнiң тұрақты оқырманы екендiгiңiздi бiлемiз. Ең алдымен қояр сұрағымыз осы айдың айшықты оқиғасы Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың жұртшылықпен тiкелей әуе желiсi арқылы дидарласуы екендiгiне күмән жоқ. Бiздiң бағамымызша президентiмiзге 45 мыңнан астам сұрақ түсiптi. Сондағы сауалдар топтамасының бiразы Сiздiң құзыретiңiздегi министрлiкке қатысты екендiгi заңдылық. Осыған байланысты көңiлiңiзге қандай ойлар ұялады?

— Елбасының 13 қазандағы тiкелей әуе толқынына шығып, жұртшылықпен ауызекi дидарласқаны өзiнiң әлеуметтiк әсерi мен саналарға ықпалы жөнiнен iрi оқиғалардың бiрi болғаны ақиқат. Халқымыздың бүкiл республикадан бастап жер-жердегi көкейкестi мәселелерге мемлекет басшысының назарын аударуға деген ынта-ықыласын аз күннiң iшiнде Ақорда сайтына түскен сұрақтар санынан да, сауал-пiкiрлердiң алуандығынан да аңғаруға болады. 45 мыңнан астам сұрақтың iшiнен көпшiлiктiң көкейiнде жүрген сауалдарын сұрыптап алып, жүйе-жүйесiмен талдап, ойларын ортаға салған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенiмдi де иланымды да жауаптары ауқымдылығымен, нақтылығымен ерекшеленiп, ешкiмдi де бей-жай қалдырмағаны анық.

Осыншама мол сауалдардың iшiнде көлiк және коммуникация саласына қатысты 400-ден астам сұрақ болды. Бұл құбылыстың табиғи астары да түсiнiктi. Себебi, қазiргi зымырандай екпiндi заманда көлiктi немесе инфрақұрылымды пайдаланбайтын пенде жоқтың қасы. Сондықтан да республикалық деңгейде атқарылатын iстерден бастап жергiлiктi билiк өкiлдерiнiң құзыретiне жататын көлiк пен жолдар мәселелерiнде тындырымды iстер атқарылып жатқанына ризашылық та, көпшiлiктi алаңдатып отырған, түйiндi шешiмiн табуды қажет ететiн шаруалардың да шаш-етектен екендiгi анық аңғарылды.

Ал ендi, көлiк және коммуникация саласының республикалық маңызы бар нысандарына қатысты сұрақтар легiн таразыға салсақ, олардың басым көпшiлiгi әлемдiк дағдарыс дендеген жағдайда мемлекетiмiздiң жұмыссыздықты ауыздықтау, сол арқылы елiмiздегi қордаланып қалған бiраз әлеуметтiк-тұрмыстық мәселенi шешуге бағытталған «Жол картасы» бағдарламасы аясына шоғырланған. Осы арнада биылғы атқарылған жұмыстар ұшан-теңiз екендiгi сөзсiз. Тiкелей желiге сұрақ жолдаған көптеген тыңдарман мен көрермен, сайт пен қалта телефонын пайдаланушылардың басым көпшiлiгi Елбасына осы бағыттағы атқарылған iстерге алғыстарын бiлдiрiп, маңызы мен нәтижесi орасан «Жол картасы» бағдарламасын келесi жылы да жалғастыруды өтiнген. Бұл құптарлық ниет осы бағыттағы ұстанып отырған бағдардың дұрыстығын айқын дәлелдейдi.

— Әңгiме желiсi негiзгi сұраққа жетелейдi. Жұртшылықтың көлiк саласына байланысты қойған сауалдарының денi автомобиль жолдарына байланысты болғанын қалай саралар едiңiз?

— Тiкелей эфирге нақты көлiк саласына қатысты сауал жолдаған жұртшылықтың басым көпшiлiгi автомобиль жолдарының бүгiнгi жай-күйi мен келешектегi даму көкжиегiнiң деңгейi мен ауқымына арналғандығы кездейсоқ емес. Өйткенi, қазiргi заманғы қарым-қатынастың ең оңтайлысы да, ең кең тараған көлiк түрi де — автокөлiк. Қазiр статистика бойынша елiмiзде 3 миллионға жуық жеңiл және жүк таситын автомобиль бар. Бұл мемлекетiмiздегi халықтың әрбiр алтыншысының бiрiнде автомашина бар екендiгiн көрсетедi. Оның үстiне елiмiздiң жан-жағынан ағылған транзитпен өтетiн iрiлi-уақты автокөлiктi қосыңыз. Сондықтан да осыншама қозғалыс легiне лайықты автомобиль жолдары ауадай қажет және сапасы сәйкес болуына талап деңгейi барған сайын артып келе жатқандығы баршаға мәлiм әрi түсiнiктi.

Елiмiздегi автомобиль жолдарының 93,6 мың шақырымы жалпы пайдаланудағы жолдар. Ал оның iшiндегi 23,5 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдар болса, қалған 70,1 мың шақырымы жергiлiктi желiлерге жатады.

2006 жылы Президенттiң Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейiнгi Көлiк стратегиясы бекiтiлген болатын. Сол Жарлық бойынша көлiк және коммуникация кешенiн дамытуға 30 миллиард АҚШ доллары көлемiнде қаражат қарастырылған. Осы қаражаттың тең жартысы автомобиль жолдары саласына арналып отыр. Соған сәйкес осы жылдары жол жөндеудiң барлық түрiмен 50 мың шақырым автожол қамтылуға тиiс. Осы шаралардың арқасында 2014 жылдың аяғына дейiн республикалық маңызы бар жолдардың 85 пайызы, ал жергiлiктi жолдардың 70 пайызының жай-күйi жақсартылатын болады.

Бұл тұста автомобиль жолдары екi топқа бөлiнетiндiгiн атап өту абзал. Жалпы пайдаланудағы жолдар республикалық маңызы бар және жергiлiктi жолдар деп бағыныс құзiретiне байланысты бөлiнедi. Айта кетсек, бұл салаға қатысты сауалдардың басым көпшiлiгi жергiлiктi жолдар жайында болды. Оның үстiне дағдарысқа қарсы қолданған шаралардың iшiнде «Жол картасы» бағдарламасының орны бөлек. Ол бағдарлама бойынша мыңдаған адамдардың жұмыспен қамтылуының өзi маңызы жағынан айрықша шешiм болса, атқарылған iстер ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған нәтижелiгiмен ерекшелендi. Өйткенi, осы бағдарламаға сәйкес әлеуметтiк маңызы бар қаншама әлеуметтiк нысандар, оның iшiнде халық ағарту, мәдениет пен денсаулық сақтау мекемелерi қайта жөндеуден өтiп, қалпына келтiрiлдi. Ал республикадағы қалалар мен ауылдағы әрбiр елдi мекендердiң iшкi жолдарын жөндеу жөнiнен атқарылған iстердi ауқымы мен көлемi жағынан бәрiмiздiң ортақ олжамыз деп бағалау орынды.

Ендi аталмыш автомобиль жолдарының министрлiк құзiретiне қатысты сұрақтар легiне келсек, олардың басым көпшiлiгi елiмiздегi осы бағыттағы атқарылған iргелi шаруаларға ризашылығын, осыған байланысты Елбасының атқарып жүрген көлемдi де нәтижелi iстерiне алғысын бiлдiре отырып, жер-жердегi қордаланып қалған мәселелердiң қашан шешiмiн табатындығы жөнiнде сұрақтарын алға тартқан.

Айталық, Ақтөбе облысынан Берiк Дәндiбаев, Атырау облысынан Қайырбай Кемалов, олардан тыс Ерсұлтан Эғылманов, Арман, Мазина есiмдi көрермендер Атырау мен Ақтөбе қалалары аралығындағы автомобиль жолы қашан жақсарады деген сұрақтарына жауап күтедi. Бұл жөнiнде министрлiктiң iс-қимылы айқын. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейiнгi Көлiк стратегиясына сәйкес республикалық маңызы бар Ақтөбе — Атырау автожолын қайта жаңарту жұмыстарын 2013 — 2014 жылдары жүргiзу жоспарланған. Ақтөбе — Атырау облысының шекарасы учаскесiнде күрделi жөндеу жұмыстары бұдан бұрын басталып кеткен болатын. Дәлiрек айтсақ, өткен жылдан берi бұл учаскенiң 32 шақырымы жөнделiп, пайдалануға берiлдi. Бұған қоса, 468-487 шақырым аралығындағы ұзақтығы 19 шақырым учаскеде күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлуде. Келесi жылдары бұл басталған жұмыстар жалғастырылады деп жоспарлануда.

Сол өңiрдегi Индира Бақыткерейқызы Темiр мен Кеңқияқ арасындағы жолдың келешегi алаңдататынын көлденең тартқан болатын. Бұл жөнiнде айтарымыз: «Покровка — Темiр — Кеңқияқ — Ембi» жолындағы Покровка мен Темiрдiң арасындағы ұзақтығы 14,2 шақырым жолға күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлдi. Темiр мен Кеңқияқ учаскесiн жөндеу жұмыстары жергiлiктi автомобиль жолдарын дамытудың стратегиялық жоспарына енгiзiлген. Соған сәйкес бұл жұмыстар келесi жылы жалғастырылатын болады.

Ал ендi Серiк Есенгелдi, Бөгенбай Қозықов және Құрметолла Керiмұлы атты оқырмандар Бейнеуден Ақтауға дейiн салынатын жол қашан басталады деген сұрақ қойған. Бұл кiсiлердiң алаң шаруалары да көп күттiрмей шешiмiн табатын болады. Атырау — Ақтау автожолы өңiрдiң дамуына үлкен серпiлiс беретiндiгiн ескере келе, аталып отырған жолдың қайта жаңарту жұмыстарын 2010 жылы бастау жоспарланған. Ұзақтығы 470 шақырым, болжамдық құны 66 млрд. теңге. Қазiргi уақытта қалған учаскелердi аяқтау мақсатында несие тарту көздерi iздестiрiлуде.

Бiраз азаматтар Жезқазған — Қызылорда, Жезқазған — Арқалық автожолдары қашан қалпына келедi деген сауалға жауап берудi өтiнген. Сұрақ қоюшылар Әбдiнәби Ибрагимов, Жұмагелдi Қалиев, Қазақпай Есенберлин, Халиулла Жакудаев, Қалдыбек Кәкiмжанов, Берiк Шералыұлы, Қалила Сапанова, Қайрат Ержанов, Рауан Кiшкеев, Жорабек Сарбалақов, Еркебұлан Мақашев, Мiнайдар Әбиев, Қанат Жүнiсов, Мұхаметжан Таукенов, Ахметжан, Индира, Саид, Өтел, Вагиз және басқалар. Бұл бiрталайдан берi жиi көтерiлiп жүрген мәселелердiң бiрi. Сондықтан да бұл өңiрдегi жол мәселесi министрлiктiң ұдайы назарында. «Қызылорда — Жезқазған — Қарағанды — Павлодар — Успенка» автомобиль жолының Қызылорда — Жезқазған учаскесiнiң жобасын әзiрлеу 2010 жылға, жобаны iске асыру 2011 жылға белгiленген. Ал Қарағанды облысы бойынша жұмыстарды 2012 жылдан кейiн бастау жоспарланған. Бұдан тыс, ұзақтығы 940 шақырым Жезқазған — Арқалық — Петропавл автомобиль жолының құрамына кiретiн Жезқазған — Арқалық аралығындағы аса тозған учаскелерiнде қайта жаңарту жұмыстарын 2013 жылдан бастау Көлiк стратегиясында белгiленгендiгiн хабарлаймыз.

Сайтты пайдаланушы Берiк есiмдi азамат Астана — Бурабай автомагистралiнiң маңыздылығын айтумен қатар болашақта сол жолды бiр жағы Алматы, екiншi жағы Ресей Федерациясының шекарасына дейiн созған жөн екендiгiн айта келiп, осы мәселе жоспарда бар ма деп сұраған. Ұзақтығы 224 шақырым I техникалық категориядағы елiмiздегi алғашқы автобан Астана — Бурабай биыл толық аяқталғандығын жұртшылық бiледi. Бұл автомагистральдiң пайдалануға беру рәсiмiне таяуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысқандығы жөнiнде бұқаралық ақпарат құралдарының көпшiлiгi хабардар еттi.

Ал ендi сол жолдың жалғастырылуына келетiн болсақ, 2010 — 2012 жылдары ұзақтығы 238 шақырым Астана — Қарағанды автожолын концессиялық негiзде қайта жаңартып, I техникалық категориялы жолға айналдыру жоспарлануда. 2015 жылға дейiнгi Көлiк стратегиясы бойынша 2010 — 2014 жылдары бұл жұмыс Бурабай — Көкшетау — Петропавл аралығында, сонымен қоса 2013 — 2014 жылдары жалпы ұзақтығы 223 шақырым Күртi — Буырлыбайтал учаскесiнде қайта жаңарту жұмыстары жалғастырылмақ.

Жол сапасын жақсартудың бiрден бiр тиiмдi тәсiлi басқа елдердегiдей ақылы жолдар тәжiрибесiн енгiзу деген ойын Ермек Тәжiбаев есiмдi азамат ортаға салған. Бұл мәселемен министрлiктiң шұғылданғанына бiраз уақыт болды. Бүгiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес елiмiзде ақылы жолдар енгiзуге болады. Пайдаланудағы жаңартылған заңнама бойынша жолдар бюджет қаражаты есебiнен немесе концессиялық келiсiм негiзiнде салынуына рұқсат етiлген. Қазiргi кезде мемлекеттiк-жекеменшiктiк серiктестiк негiзiнде iске асырылатын жобалар бойынша жұмыс атқарылуда. Нақтылап айтсақ, 4 концессиялық жоба негiзiнде, немесе «Астана — Қарағанды», «Алматы — Қорғас», «Алматы — Қапшағай» және «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысы» жобаларын iске асыру және оларды ақылы жол жасау жоспарлануда. Аталған жолдардың жалпы ұзақтығы 713 шақырымды құрайды.

Өкiнiшке қарай, кейбiр азаматтар нақты мысал келтiрмей, жалпы сауал қоя салған. Айталық, Олжас атты оқырман төтесiнен «Неге Қазақстанның жолдары дұрыс емес, неге жолдарды жөндемейдi?» деген сұрақ қойған.

Осыған байланысты жолдар жөнделмейдi деген қорытындыға мүлде келiспейтiндiгiмiздi айту парыз. Сөз дәлелдiгiне тиянақ ретiнде мына деректердi келтiрейiк. 2006 жылдан бергi айналдырған төрт жыл iшiнде жалпы пайдаланудағы 15 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары жөнделдi. Бұл дегенiңiз, терең ойлансақ, аз шаруа емес.

Болашақтағы атқарылар iстерге көз жүгiртiп көрейiк. 2015 жылға дейiн жаңадан салу және қайта жаңарту жұмыстары жүрiп жатқан дәлiздердi аяқтау және Батыс Еуропа — Батыс Қытай халықаралық дәлiз жобасын iске асыру жоспарлануда. Бұларды жiктеп айтсақ, 2010 — 2014 жылдары елiмiз аумағындағы негiзгi 6 дәлiзде 3806 шақырым жолды қайта жаңарту жоспарланып отыр. Бұдан тыс, халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарда 3084 шақырым жол қайта жаңартылады, 9882 шақырым жол күрделi және орташа жөндеуден өткiзiледi. Осымен қатар, жергiлiктi маңызы бар 12,5 мың шақырым жолды жаңадан салу, қайта жаңарту, жөндеуден өткiзу жоспарланып отыр. Бұл саладағы атқарылып жатқан iстердiң ауқымы едәуiр екендiгiне кез келген азамат келiседi деген ойдамыз.

Ендiгi бiр сұрақтар тобы елiмiздiң оңтүстiк өңiрiндегi автожол саласындағы атқарылған және жоспарлы iстерге ойысады. Мысалы, Бағдат есiмдi оқырман Шымкент — Тараз жолының келешегiн сұраса, Кирилл атты азамат Шымкент пен Түркiстан аралығындағы жолдың тарлығына байланысты оны кеңейту жөнiнен шара қолданыла ма деп сұрақ қойған екен.

Олардың сұрақтарына байланысты айтарымыз: үстiмiздегi жылы «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттiк дәлiздi қайта жаңарту жобасы iске асырыла бастады. Ғасыр жобасы аталған бұл дәлiз бес облыс — Алматы, Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда және Ақтөбе облыстары арқылы өтетiн болып белгiлендi. Нақты айтсақ, бұл дәлiздiң жалпы ұзақтығы 8445 шақырым, оның Қазақстан аумағы бойынша өтетiнi 2787 шақырым, ал қайта жаңартылатын жолдың ұзақтығы 2452 шақырым. Жiктеп көрсетсек, бұл жолдардың I техникалық категориялысы 1390 шақырым, ал II категориялысы — 1062 шақырым болады. Жобаның жалпы құны 825,1 млрд. теңгенi құрайды. Осы дәлiзге Шымкент — Тараз және Шымкент — Түркiстан учаскелерi де кiредi. Түйiндей келе, бұл аралықтағы екi учаскенiң де қайта жаңарту жұмыстары 2013 жылы аяқталып, төрт жолақты I категориялы жолдарға айналатын болады.

Ендi Павлодар мен Семей аралығындағы жолды, сонымен бiрге Семей қаласының көшелерiн жөндеудi өтiнген Женя есiмдi автордың сұрағына тоқталайық. Павлодар облысы бойынша жолдарды қайта жаңарту жұмыстары 2006 жылы басталған болатын. Содан берi аталған учаскеде 93 шақырым жол қалпына келтiрiлдi. Павлодар — Семей — Қалбатау учаскесiндегi қайта жаңарту жұмыстарына келесi 2010 жылға қаражат бөлу көзделген. Биылғы жылы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша Семей қаласының 21 шақырым көшесi қайта жаңартылып, 22 шақырымы орташа жөндеуден өткiзiлдi. 2010 жылға осындай жұмыстарды жалғастыруға 2 156 млн. теңге бөлу көзделiп отыр.

— Сiздердiң салаларыңызға қатысты сұрақтардың көп бөлiгi темiр жол саласына қатысты болды. Осы салада жолаушыларға қызмет көрсету деңгейiне әлi де бiраз наразылық бар екендiгi аңғарылады. Сiздiң пiкiрiңiзше қалай?

— Оныңыз рас, сұрақтардың екiншi мол легi темiр жол саласына қатысты сауалдар, ұсыныстар мен келеңсiздiктер жайындағы ренiштер.

Дегенмен, бiздi бұл саладағы келеңсiздiктерден гөрi темiр жолдың келешегi жайында сұраған сауалдар көңiлiмiздi сейiлткенiн жасыра алмаймыз. Айталық, Феруз есiмдi азамат Көлiк және коммуникация министрлiгiнiң темiр жол саласын дамытудың 2020 жылға дейiнгi бағдарламасын әзiрлеп жатқандығын және соған республика бойынша жүрдек пойыздар бағдарларын көбейту мәселесiн енгiзудi ұсыныпты.

Қазiргi уақытта көлiк және коммуникация министрлiгi мүдделi органдармен бiрлесiп, темiр жол

саласын дамытудың 2020 жылға дейiнгi Бағдарлама жобасын әзiрлеу жұмыстарын бастады. Жобаны талқылап, жетiлдiру мақсатында министрлiк құрамына Табиғи монополияларды реттеу агенттiгi, Бәсекелестiктi қорғау агенттiгi, «Қазақстан темiр жолы» ҰК» АҚ, «Самұрық-Қазына» ҰҚҚ» АҚ-ның өкiлдерi кiретiн жұмыс тобын құрды. Бұл жұмыс тобы инвестиция көздерi мен түсiмдер көлемiн анықтағаннан кейiн осы инфрақұрылымның одан әрi даму бағдарламасы жасалады. Жүрдек пойыздар бағдарларының санын арттыру мәселесi де магистральдi жолдарды, сонымен қатар жылжымалы құрамды жақсарту арқылы бiртiн-бiртiн шешiлетiн болады.Темiр жол саласының дамуына байланысты нақты сұрақтар жолдаған Бақуадин Жұбаниязов, Нажмадин Мұсаев, Берiк Шералыұлы, Бақыт Салов, Виталий, Бекболат, Сергей есiмдi азаматтар Жезқазған — Сексеуiл — Бейнеу темiр жол желiсi қашан салынады деген сұрақ қойған. Бұл бағыттағы жобаның техникалық-экономикалық негiздемесi 2008 жылы әзiрленген болатын. Келешекте салынатын «Бейнеу — Шалқар» желiсiнiң ұзақтығы 471 шақырым, жобаның құны 153,5 млрд. теңге. Ал «Жезқазған — Сексеуiл» желiсiнiң ұзақтығы 517 шақырым, жобаның құны 188,8 млрд. теңге. Қазiргi уақытта министрлiк Үкiметпен бiрлесе отырып жобаларды жүзеге асыру үшiн қаржыландыру механизмiн анықтау жөнiнде түрлi нұсқаларды пысықтауда. Жобаның құрылыс жұмыстары әзiрге 2013 жылдан басталады деп межеленуде.

Мақпал Сейтбекова, Қашқынбай Тарғынов, Берiкжан, Владимир, Ерсұлтан, Ғ.Елжанова, тағы бiраз адамдар темiр жолдағы жолаушы тасымалындағы келеңсiздiктер жайында жазған. Темiр жол кассаларында көбiне билет болмайды, билеттер делдал алыпсатарлардың қолында деген ренiштерiн бiлдiрген.

Шындығында да, темiр жолда жолаушыларға қызмет ету деңгейi әлi де төмен, билеттердiң жетпей қалу фактiлерi жиi кездесуде. Мұның басты себебi қазiргi таңда жолаушы вагондарының тапшылығына байланысты болып отыр, ал барларының тозығы жеткенi 70 пайыздан астам болып отыр. Сондықтан жазғы жаппай тасымалдау кезеңiнде сұраныс 30 пайызға кем орындалады.

Осыған орай саланы дамытудың 2020 жылға дейiнгi бағдарламасына сәйкес жылжымалы құрамның тапшылығын жою жөнiнде бiраз iстер қолға алынуда. Бұның сыртында министрлiктiң көлiктiк бақылау комитетi жол құжатынсыз жолаушыларды алып өту фактiлермен күрестi күшейту шараларын қолдануда. Жыл басынан бергi 9 айда жұмыстарында өрескел кемшiлiктерге жол берген 29 пойыз бастығы мен 252 жолсерiк жұмыстан босатылды.

Сонымен бiрге, «Жолаушылар тасымалы» акционерлiк қоғамы жолаушы пойыздарында жолаушыларға қызмет көрсетудi жақсарту жөнiнде бағдарлама бекiттi. Бұл iске «Вокзал-Сервис» акционерлiк қоғамы да белсене араласа бастады. Олардың тексерiсi барысында Алматы станцияларында 17, Шымкент станциясында 11 жол құжатын сатып жүрген алыпсатар қолға түстi. Таяуда осы мәселелер бойынша министрлiктегi арнайы мәжiлiсте аталмыш екi акционерлiк қоғамның есептерi тыңдалып, қатаң талаптар қойылды. Бiраздан берi көлiктiң кез келген түрiндегi, оның iшiнде темiр жолды пайдалану, жолаушыларға қызмет көрсету мәселесiн министрдiң апта сайынғы мәжiлiстерiнде арнайы қарап отыру қалыптасты.

Ал ендi, оқырман Ермек Дулатбаев Қорғас — Жетiген темiр жолының құрылысы қашан басталады деп сұраған. Биылғы тамыз айында Елбасының қатысуымен бұл жолдың құрылысының басталу рәсiмi өткен болатын. Қазiргi уақытта Үкiмет қосымша қаржыландыру мәселесiн қарастыруда. Бүкiл құрылыс-құрастыру жұмыстары үстiмiздегi жылғы 1 желтоқсаннан толық басталады. Құрылысты аяқтау мерзiмi 2012 жыл болып белгiленген. Құрылыс барысында 5 мыңдай адам жұмылдырылатын болады.

— Ендiгi жерде азаматтық авиация саласына қатысты сұрақтарға тоқталсаңыз.

— Азаматтық авиацияға байланысты сұрақтар да аз емес. Айталық, Шекербек есiмдi азамат Қызылордада қашан қазiргi заманғы әуежай салынады деп сауал қойған. Азаматтық авиация саласын дамыту жоспарына сәйкес Қызылорда әуежайын қайта жаңарту жобасы қазiрдiң өзiнде iске асырылуда. Жобаның негiзгi мақсаты — ұшу-қону жолағын қайта жаңарту және күшейту, перронды, тұрақ орындарын, рөлдейтiн жолдарды кеңейту, жарық, белгi беру және басқа аэродромдық жабдықтарды модернизациялау, сонымен бiрге арнайы техниканы жаңарту. Жобаның жалпы құны 7,1 млрд. теңге, оның iшiнде 650 млн. теңгеге арнайы техника алынатын болады. Ондағы жұмыстар 2008 жылы басталған. Аяқталу мерзiмi — 2010 жыл.

Алдаберген Тұрсынбекұлы есiмдi азамат Балқаш пен Талдықорған арасында тiкелей авиақатынас ашуды өтiнген. Авиарейс шығынсыз болу үшiн ұшақтың толтырылуы, яғни орындықтардың пайдаланылу деңгейi 60 пайыздан кем болмауы керек. Арнайы жүргiзiлген тексерiстiң қорытындысы бойынша Балқаш пен Талдықорған арасында ұшқысы келетiн жолаушылардың саны мүлде жеткiлiксiз.

Зульфия есiмдi жолаушы ел iшiндегi ұшақтармен ұшу бағасы неге жоғары, авиакомпаниялар арасында бәсекелестiк неге тудырмасқа деген сұрақ қойған. Көлiк және коммуникация министрлiгi, басқа да ынталы мемлекеттiк органдармен бiрлесiп, жолаушыларды авиациямен тасымалдау тарифтерiн төмендету мәселесi бойынша бiраз жұмыстар атқаруда. Осының нәтижесiнде «Эйр Астана» АҚ және «SKAT» авиакомпаниясы» АҚ 2009 жылғы наурыз айынан берi тарифтердi төмендету акцияларын өткiзуде. Осы акцияның аясында iшкi авиабағдарларға арнайы тарифтер белгiлендi. Оның бағасы бұрын қолданылған тарифтерден екi есе төмен.

— Көрермендер тарапынан көлiктiк бақылау қызметiне қатысты сұрақтар да түскен болар?

— Аса көп болмаса да көлiктiк бақылау органдарының қызметiне қатысты бiрқатар сауалдар келiп түстi. Мысалы, Әбiлғазы Райымжанұлы шекарадағы көлiктiк бақылау құр бөгет, оларды шекарадан әкетуге болмай ма деген сұрақ қойған. Бұған байланысты айтарымыз, бұл өзектi мәселемен министрлiк бiраздан берi шұғылданып келедi. Қазiргi уақытта халықаралық заңнамаға сәйкес мемлекеттiк шекара арқылы өткiзу бекеттерiнде шекара және кеден органдарына басқа бақылаушы органдардың өкiлеттiгiн беру жөнiнде мәселе көтерiлуде. Тиiстi Заң жобасы Парламенттiң қарауына ұсынылды. Заң қабылданған жағдайда келесi жылдан бастап шекарада кеден және шекара қызметкерлерi ғана қалады.

Жеке кәсiпкер Виктор Когай ТМД-ға қатысушы елдерiнiң Минскiде 1999 жылы қабылданған Келiсiмi бойынша мемлекетаралық автотасымалдармен шұғылданушыларға автобустардың ұзындығы 12 метрден аспау керек деп белгiленген. Қазiргi кейбiр автобустардың ұзындығы 14,7 метр. Автор осыған байланысты не iстеу керек деп сұрайды.

Бұл мәселе министрлiкке таныс. Шындығында да кейiнгi уақытта Ресей Федерациясының көлiк саласындағы бақылаудың федералдық қызметi тарапынан қазақстандық тасымалдаушыларға ондай автобустарды қысқарағына алмастыр, немесе арнайы рұқсат ал деп талап қою фактiлерi тiркелген. Сондықтан ТМД-ға қатысушы-елдерiнiң Көлiктiк үйлестiру кеңесiне осы мәселеге байланысты бұрынғы қабылданған келiсiмге өзгерiстер енгiзу жөнiнде арнайы үндеу жолдау жоспарлануда. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 19 қаңтарда қабылданған № 62 қаулысына сәйкес автобустарға рұқсат етiлетiн өлшемдер тұрғысынан өзгерiс енгiзу қоса қарастырылатын болады.

Қорыта айтқанда, жұртшылықтың көлiк және коммуникация саласына қатысты мәселелерге ынта қоятындығына көз жеттi. Келiп түскен сұрақтардың бiр де бiрi назардан тыс қалмайды. Олардың барлығына да министрлiк таяу арада толық жауап қайтаратын болады.

Дайындаған Ә. Бақытқызы