Сәрсенбі, 30 Қараша, 2022

«БӘРI ДАЙЫН, МҰЗ ДА ӘЗIР»

Елбасы Алматыдағы жұмыс сапарында әлемге әйгiлi «Медеу» мұз айдынын да аралап қайтты. Қала әкiмi Ахметжан Есiмов Елбасыға нысандағы жөндеу жұмыстарының барысын көрсеттi. Құдай бұйыртса, «Медеу» желтоқсан айының 16-күнi ашылмақ екен.

Бүгiнгi таңда кешендегi жөндеу жұмыстары аяқталып қалды. Әзiрге, жұмысшылар тек әрлеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Жалпы, «Медеудегi» жөндеу жұмыстары өткен жылдың қазан айында басталған болатын. Бұл жұмыстарға тапсырыс берушi — қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы, бас мердiгер — «Real-Инжиниринг» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi. 8500 орындық «Медеу» спорт кешенi елiмiзде өткiзiлетiн айтулы жарыстардың нағыз орталығына айналатын болады. Мұнда 2011 жылғы Қысқы Азия ойындары бағдарламасына кiрген спорт түрi бендиден жарыстар өтедi деп жоспарлануда. «Медеудегi» атқарылып жатқан шараларды көзбен көрген Президент мұз айдынында жаттығып жүрген жас спортшылармен де ой бөлiстi.

Жаттығып жүрген жас жеткiншектерге, Елбасы: «Бәрi дайын, мұз да әзiр, сондықтан сырғанаңдар, жаттығыңдар, чемпион болуға тырысыңдар!» – дедi. Елбасы «Медеу» мұз айдыны мен «Шымбұлақ» шаңғы курортындағы трамплин тек 2011 жылғы Қысқы Азиада ойындары үшiн ғана емес, келешекте жалпы халықтың тынығуы үшiн де жасалынып жатқандығын айта кеттi.

Қала әкiмi Ахметжан Есiмов: «Мұз айдыны әзiр тұр. Тәуелсiздiк мерекесi күнi «Медеуде» жұрт жаппай коньки тебе алады. Жөндеу жұмыстарының барлығы аяқталуға жақын» — дедi.

«Медеу» ғана емес, «Шымбұлақта» да жөндеу жұмыстары жүргiзiлiп жатыр. Қала әкiмiнiң айтуына қарағанда, «Шымбұлақтағы» құрылыс жұмыстары 2010 жылдың жазында аяқталатын көрiнедi.

Келешек жастардың дайындық ордасына айналатын мұз айдыны мен шаңғы курорты жөндеу жұмыстарынан өтуде. Ендiгi мақсат – ел үмiтiн үкiлейтiн жас талаптардың тынымсыз еңбек етуi.

Гүлзина Бектасова

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button