Ертең - Құрбан айттың алғашқы күнi

Ертең - Құрбан айттың алғашқы күнi

Ертең - Құрбан айттың алғашқы күнi
ашық дереккөзі

ҰЛЫҚ МЕРЕКЕЛЕРIҢIЗБЕН, ОТАНДАСТАР!

Қымбатты отандастар! Баршаңызды әлем мұсылмандарының ұлық мерекесi – Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күндi барша мұсылман бауырларымыз асыға күттi. Себебi, бұл Алла разылығы үшiн мал шалынып, ақ түйенiң қарны жарылатын күн. Қажылық өтеушiлер қасиеттi Қағбаға жүзiн қаратып, Арафат жазығында күнi бойы құлшылық жасап, Жаратушы Иемiзден iзгi тiлек тiлейдi.

Құрбандық шалудың мәнiсiн ұғыну үшiн, ең алдымен, құлшылықтың не үшiн жасалатынын бiлген абзал. Кең-байтақ ғаламды жаратқан құдiреттi Тәңiрiмiз жер бетiндегi саналы пенделерiн тектен-текке жаратпаған. Олардың әдiлеттi қоғам құрып, саналы да, салауатты өмiр сүруi үшiн Алла Тағала тура жол көрсетуге хақ дiн жiберген. Мұны қасиеттi Құранда: «Мен жындар мен адамдарды (Менi танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» («Зарият» сүресi, 56-аят), — деп бiлдiрген. Демек, құлшылық жасаудың түпкi мәнi — Жасаған Иемiздiң әмiрiне бойұсынып, ризалығына жетуге тырысу арқылы тиiсiнше сауапқа кенелу.

Құрбандық шалу мал бауыздаумен шектелмейдi. Онда адамның iшкi ниетi, шын пейiлi, дiнге бекемдiгi, тақуалылығы мен жалпы адам баласына жанашырлығы таразыланады. Сонымен қатар, пенденiң пендешiлiгi мен тақуалығы, сараңдығы мен жомарттығы да сынға түседi. Мұсылман үшiн жеке басының ғана қамын күйттемейтiн: «Өзiм iшiп-жесем, тоқ болсам басқаларда шаруам жоқ. Олар қалай күн көрсе, солай күн көрсiн» дейтiн тоғышарлық ниет-пиғыл оған жат. Өйткенi: «Көршiсi аш кезде өзi тойып түнеген адам бiзден емес», «Өзiңе тiлеген жақсылықты басқаға да тiлемейiнше, шынайы мұсылман бола алмайсың», «Мұсылмандар бiр дене тәрiздi, бiр жерi ауырса, басқа мүшелерiнiң де мазасы кетiп, ұйқысы қашады», — деген хазретi Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерi барша мұсылмандарды бiр-бiрiне жанашырлықпен қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, тұрмысы төмендерге қарайласуға, өзара мейiрiмдi болуға шақырады.

Айт намазынан кейiн құрбандыққа мал шалу — шамасы келетiндер үшiн уәжiп. Алла Тағаланың Құран Кәрiмде: «Намаз оқы және құрбан шал» («Кәусар» сүресi, 3-аят), — деп бұйыруы — құрбан шалудың мiндеттiлiгiн бiлдiредi. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кiмде-кiм мүмкiншiлiгi бола тұра құрбан шалмаса, бiздiң намаз оқитын жерiмiзге жақындамасын!»; «Құрбан шалыңдар! Өйткенi, ол Ибраһим бабаларыңның сүннетi», — деуi де бұған дәлел.

Хадисте айтылған «сүннет» — жол деген мағынаны бiлдiредi. Яғни, бiзге уәжiп ретiнде мiндеттелген құрбан шалу — Ибраһимнен (ғ.с.) жалғасқан жол дегендi меңзейдi. Мұнымен қатар, құрбандық шалуға байланысты мына екi аятты да ой зердесiне салайық: «Барша адамдарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе ұзақ жерден арып-ашып, түйемен саған келсiн. Келгесiн олар мұның өздерiне тигiзген түрлi пайдаларын көрсiн. Алладан өздерiне ризық ретiнде берiлген құрбандық малды белгiлi бiр күндерде Алланың атымен құрбандық шалсын. Оның етiнен өздерiң де жеңдер, жоқ-жiтiкке де жегiзiңдер!» («Хаж» сүресi, 27-28-аяттар).

Құрбан шалуға жағдайы келмейтiн бауырларымызға да жеңiлдiк бар. Ол — айт күнi жуынып-шайынып, тазалану. Себебi, бұл тазалық оларға құрбандық шалғандай сауап әкеледi. Абдулла ибн Әмр ибну-л-Астың (р.а.) айтуынша, хазретi Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құрбан (айт) күнiн мереке ретiнде атап өтуге маған бұйрық келдi. Бұл күндi Алла тұтас үммет үшiн мереке еттi», — дедi. Осы кезде бiр кiсi: “Уа, Алланың Елшiсi! Менде елдiң аманат ретiнде табыстаған малынан басқа мал жоқ, сол малдан құрбандық шалуыма бола ма?» — деп сұрады. Оның құрбан шалуға жағдайы жоқтығын ұққан Алла Елшiсi (с.ғ.с.): “Жоқ, шаш-тырнағыңды қысқартып, мұртыңды алып, ұятты жердiң түгiн қырынғаның да жеткiлiктi. Бұл Алла есебiнде сен үшiн құрбандық шалғанмен тең” — дедi.

Айт күнi ғұсыл құйынғаннан (дененi толықтай жуу) кейiн әдемi, таза киiм киiп, үстiне хош иiс сеуiп, мешiтке айт намазына бару — мұстахаб (жақсы амалдарға жатады). Айт намазын оқығаннан кейiн құрбан шалу мiндеттелген жандар құрбандықтарын шалып, етiн кембағалдарға таратады. Айт күнi мұсылмандар көршi-қолаң, туыс-туғанды қыдырып, мерекемен құттықтайды. Ол күнi мейлiнше көтерiңкi көңiл-күйде, жылы жүздi, кешiрiмдi болуға тырысуы керек. Ренжiскен кiсiлер қайта табысып, айтта бiр-бiрiн кешiрiскенi абзал. Ауырып жатқан кiсiлердiң көңiлiн сұрап, арнайы бару, жетiм-жесiр, мұң-мұқтаждарға қолұшын берiп көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездiру — сауапты амалдарға жатады. Бұған қоса, әке-шешесiне, отбасына, көршi-қолаң, жора-жолдастарына мүмкiндiгiнше кiшiгiрiм болса да, сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап жатса, нұр үстiне нұр. Бұл мерекеде осындай сауабы мол амалдар — адамдардың бiр-бiрiне деген жылылығы мен сыйластығын барынша арттыра түсерi хақ.

Құрметтi отандастар! Баршаңызға Алла Тағаладан зор денсаулық, отбасыларыңызға береке, ынтымақ, елiмiзге гүлдену, дiнiмiзге қуат тiлеймiн. Қасиеттi айт мерекесi мүбарак болсын!

Шейх Әбсаттар қажы Дербiсәлi