Жаңалықтар

ДӨҢГЕЛЕНГЕН ДҮНИЕ-АЙ!

ашық дереккөзі

ДӨҢГЕЛЕНГЕН ДҮНИЕ-АЙ!

Тағы бiр аяулымыз, алыбымыз дүниеден өттi. Әзiрбайжан Мәмбетов қазақ театр өнерiнiң тарихы десе де болғандай. Жарты ғасырға жуық ұлттық режиссурамыздың туын әлем көгiнде желбiреткен дарабоз суреткерiмiз, бiрегей қайраткерiмiз. Ол көптеген артистер қауымының ұстазы, бапкерi едi. А.Әшiмов, С.Оразбаев, Ф.Шәрiпова, Н.Мышпаева, Т.Тасыбекова, Р.Сейтмет, Ә. Молдабеков, Е.Жайсаңбаев, М.Мұраталиев сынды шеберлердiң сахналық тағдырына тiкелей қатысты болған қасиеттi де, қастерлi тұлға. Сан жанрдағы көптеген көркем қойылымдардың иесi, қазақ сахнасында ғажап мiнез-құлықты кейiпкерлердiң тууына себепшi болған сахна сиқыршысы iспеттi сарқылмас суреткер.

«Қан мен тер», «Қуғыншы» кино фильмдерiн түсiрiп, «Абай» секiлдi екi бөлiмдi телефильм жасаған жан-жақты ғұлама маман. Жарты ғасыр бойы ұлт өнерiн өрге сүйреуде шаршап-шалдықпаған қайсар өнер иесiн қатыгез дерт ақыры құлатыпты-ау!

Қисапсыз төгiлген тер мен талай күйiп өртенген жүйкенiң зардабы болар үлкен жүректiң мезгiлсiз тоқтауына себеп болған. Қайтемiз! Тағдырдың салғанына не шара?! Қош деймiз, асыл ағаға! Көңiл айтамыз, көңiлi қаралы, жаны жаралы өнер сүйер ағайынға, ел-жұртқа!

Әшiрбек СЫҒАЙ, театр сыншысы,

Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi