Жаңалықтар

Илья ИЛЬИН: 1 МИЛЛИОН ДОЛЛАР ТУРАЛЫ АҢЫЗ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?..

ашық дереккөзі

Илья ИЛЬИН: 1 МИЛЛИОН ДОЛЛАР ТУРАЛЫ АҢЫЗ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?..

Өткен жылдың жазында ел намысы таразыға тартылып, төрткүл дүние көз тiккен жауапты сында көк байрағымызды көкке желбiретiп, Қытай төрiнде Әнұранымызды асқақтатқан Илья Ильин едi. Бүгiнде байрақты бәсеке-төрт жылда бiр өтетiн Олимпиада ойындарында абыройымызды асқақататқан «алтын балаға» қатысты шу бұрқ еттi. Дау-дамайдың төркiнi ақша төңiрегiнде болғандықтан кiмдiкi дұрыс, кiмдiкi бұрыс екендiгiн бiле алмадық. Оған қатысты қоздаған өсектiң ақ-қарасын ажырату үшiн ауыр атлеттiң өзiн сөзге тартуға тырыстық. Келiсiм бойынша, дүйсенбi күнi Олимпиадалық даярлау орталығының жаттығу залында кешкiсiн кездесетiн болдық. Бiрақ, Илья келiсiлген уақыттан сәл кешiгiп келген. Кешiгуiнiң маңызды себебi де бар екен. Дәл сол күнi Илья – әке атаныпты. «Извините, я опоздал» дегендi бiрнеше рет қайталап, жүзi жайнап кешiрiм сұрай бастады. Алғашқы құттықтаулардан кейiн Ильямен қысқа ғана әңгiмелесуге мүмкiндiк туды.

– Илья, дәл бүгiн әке атаныпсың, барша жанкүйерлер атынан құттықтауға рұқсат ет. Ал өзiңнiң көңiл-күйiң қалай?

– Алғаш рет әке болу қиын екен. Шынын айтсам, әлi жауапкершiлiктi толық сезiне қойған жоқпын. Қызық қой, отбасы құрған достарымнан әке болудың қалай болатынын сұрадым. «Әлi түнiмен ұйықтамайтын кездерiң болады», дейдi. Мен сол сәттi асыға күтемiн. Қызымның атын жұбайым екеумiз ақылдасып отырып, Милана деп қойдық.

– Илья, сенiң жарақатыңды емдеуге қаражатыңның жоқтығы шынымен рас па? Саған Бейжiңдегi жеңiсiңнен кейiн 1,5 млн АҚШ доллары берiлдi дейдi ғой.

– Менiң жағдайым мәз емес деп айтуға өзiм де қатты қысыламын. Достарым да «Илья, саған не болған?» деген сияқты сұрақты жиi қояды. Алдымен сол 1,5 млн долларға тоқтала кетейiк. Қазiр мен: «Басқа бәле тiлден» деген қиын күйдi өз басымнан кешiп отырмын. Себебi, ондай қаражат өмiрде мүлде болған емес. Мәселе былай. Былтыр Бейжiң Олимпиадасының күмiс жүлдегерi, польшалық Шимон Колецки өзiнiң атындағы турнир ұйымдастырып, оған менi де қонаққа шақырды. Әңгiме арасында Шимон: «Сен Олимпиада чемпионы болғаның үшiн өз елiңнен қанша ақша алдың?» – деп сұрап қалды. Мен тосылмастан: «Миллион доллар бердi», – деп айтып салдым, ешнәрсе ойланбастан. Менiкi Қазақстанның қаншалықты бай екендiгiн көрсету үшiн, әлемдiк аренада Қазақ мемлекетiн асқақтату үшiн жай айтылған сөз едi.

Содан Колецки өз елiнiң журналистерiне: «Ильинге Қазақстан бiр миллион АҚШ доллары көлемiнде сыйақы бердi», – деп сұхбат берсе керек. Журналистер оны айқайлатып жазып жiберiптi. Мiне, «миллион туралы аңыз» содан шыққан. Әйтпесе, мен ондай көлемде сыйақы алған жоқпын.

– Ал негiзiнде қанша қаражат алған едiң?

– 350-360 мың доллар көлемiнде алдым. Ендi сол қаражат қалай жұмсалды, соны айтып кетейiн. Мен Қызылорда қаласында спортшыларға арналған парк салдырдым. Мұндай парк Қазақстанның бiрде-бiр қаласында жоқ. Бұл жерде жас спортшыларға табиғат аясында жаттығу жасауға толық мүмкiндiк бар. Тапқан табысымның басым бөлiгi осыған кеттi. Сонымен қатар қазiр Қызылордада ата-анама үй тұрғызып жатырмын. Несиеге де пәтер алғанмын. Бұлардан бөлек мен қайырылымдықпен де айналыстым. БАҚ өкiлдерi: «Осыншама қаражатты қайда құрттың?» деген сұрақты жиi қояды. Ал мен не дейiн? Өз кезегiмде «мен анаған көмектестiм немесе мынаған көмектестiм» деп қалай жар саламын? Мен үшiн өзiм көмектескен азаматтардың алғысы да жеткiлiктi.

– Басым көпшiлiк саған «жұлдыз ауруына» шалдықты деген диагноз қояды. Бұған қалай қарайсың?

– Маған қатысты осындай диагноз неге қойылып отыр? Осы сұраққа жауап берейiншi. Бiрiншiден, бұл сөз менiң спорттан бөлек салаларға араласқаныма, яғни жеке киiм үлгiлерiн дайындауыма байланысты өршiдi. Екiншiден, менiң тележобаларда ән шырқағаным отқа май тамызғандай. Ал, мен неге спорттан тыс басқа салаларға араластым. Соған да тоқтала кетейiн. Қазiргi таңда қоғам арасында спортшылардың дүние танымы тар, тек спорт шеңберiмен шектеледi деген қасаң ұғым қалыптасқан. Бұл рас, ащы да болса шындық! Кез келген спортшы спортпен ғана шектелсе, сондай жағымсыз жағдайға душар болады. Менiң сондай күйде қалғым келмейдi. Өмiр бойы темiр көтерiп өтпейтiндiгiмдi де жақсы бiлемiн. Кейiн алған жарақаттардың қорлығын көретiнiмдi де бiлемiн. Мен спорттық карьерамен қатар бiлiмiмдi жетiлдiргiм келедi. Әдебиетпен, әлемдiк музыкамен айналыссам – оның несi әбестiк?

– Илья, айтшы әлем чемпионатына қатысудан неге бас тарттың?

– Әлем чемпионатына қатыспауымның маңызды бiрнеше себебi бар. Бiрiншiден, мен әрқашанда тек өзiме ғана сенген адаммын. Чемпионатқа қатысқан жағдайда олжалы оралатындығыма да сенiмдiмiн. Алайда, елiмiздегi басқа спортшылар не iстейдi? Тағы да әлемдiк чемпионатқа мен ғана қатысып, басқа спортшылардың бағын байламақпын ба? Қазiр елiмiзде көптеген талантты жас спортшылар өсiп шықты. Неге сол спортшылар өз бақтарын сынап көрмеске? Араларынан тағы бiр Олимпиада чемпионы табылып қалуы әбден мүмкiн. Екiншiден, мен әлi жарақаттан толық айыққан жоқпын. Оған қоса дәрiгерлер де толық шешiм шығарған жоқ. Операция жасалуы ықтимал.

– Қазақстандағы спорттың қазiргi даму сатысын қалай бағалайсың?

– Бiздiң елдегi спортқа баға беру өте қиын. Ешкiм шындықты жақтырмайды. Шындықты айтқан сәтте сау басыңа сақина тiлеп аласың. Кейде маған төккен көз жасым және үздiксiз жаттығуларымның барлығы да жылдам ұмыт болып қалған тәрiздi көрiнедi. Жұртты менiң жеке өмiрiм мен қалтамдағы қаражат қана қызықтыратын сияқты. Спортшыларға деген көзқарас дұрыс жолға қойылмаған. Кез келген спортта солай. Сен чемпион болсаң ғана бағаланасың, сүрiнген сәттен бастап сенi ешкiм керек қылмайды,

– Сен Қазақстанды тастап, басқа мемлекет туы астында өнер көрсетедi деген сыбыс бар. Шынымен солай ма?

– Мен Қазақстанды тастап, ешқайда бармаймын. Қандай жағдай болса да өз елiмде қаламын. Маған ешқашан ондай ұсыныстар келiп түскен емес. Әлем алдында өзiмнiң қазақ екендiгiмдi танытқанмын. Бөтен ұсыныстар келiп түскен жағдайда мен оны асқан қорлық ретiнде қабылдаймын. Бұл – барлық спорт түрлерiнде қалыптасқан қағида. Егер спортшы өзi шешiм қабылдаса ғана өзге мемлекеттiң туы астында өнер көрсете алады. Бұл әр спортшының өз еркi. Бiрақ, мен туған Отанымды тастап кетпеймiн. Мейлi, мен чемпион болармын, болмаспын, ол басқа мәселе. Бiрақ мен өз күнiмдi өзiм көретiндiгiме көзiм жетедi. Аяқ-қолым сау, еңбек етуден жалыққан емеспiн.

– Лондондағы Олимпиадаға қатысу жоспарыңда бар ма?

– Қазiр маңайымдағы қалыптасқан жағымсыз жағдайдан кейiн кейде бәрiне қолды бiр сiлтеп, спортты бiржола тастасам ба деген де ой келедi. Бiрақ, менiң өзiме берген антым бар. Қалайда Олимпиаданың екi дүркiн чемпионы болу арманым. Бұл, бiрiншiден, өзiме керек. Өз «менiмдi» өзiм мойындауым, тануым керек. Мен ешкiмге Лондонда алтын аламын деп уәде бермеймiн. Бiрақ, сол алтынды алуға бар күш-жiгерiмдi сарп етемiн.

– Әңгiмеңе рахмет! Болашақта зор жеңiстер тiлеймiн. Тұңғыш қызыңның бауы берiк болсын!

Бүгiнде Ильяның басына туған дау-дамайды әркiм әр қалай бағалайды. Бiрi даттап жатса, бiрi ақтап жатады. Осы жағдай туралы басқа спорт жұлдыздары не ойлайды? Оларды да бiр ауыз әңгiмеге шақырайық:

Ольга Шишигина, Сидней Олимпиадасының чемпионы:

«Бiздiң спортшыларымыздың мұндай жағдайға душар болғаны, әрине, өкiнiштi. Бұл «Бар болса көре алмайды, жоқ болса бере алмайды» дегенге өте ұқсас. Өзге мемлекетте мұндай спортшыларды алақанға салып әлдилер едi. Бiзде бәрi керiсiнше. Бұл жерде Ильяның өзiнде де кiнә бар деп ойлаймын. Бұл жастықтың белгiсi. Қалай болғанда да бiз оған көмек беруiмiз шарт».

Әсет Мәмбетов, Бейжiң Олимпиадасының қола жүлдегерi:

«Бұл жағдай елiмiздегi спорттық жүйенiң дұрыс жолға қойылмағандығынан. Мен де жарақат алып, аяғыма операция жасатқанмын. Жалақымды қидырып тастапты. Ал, шетелде мүлде керiсiнше. Мысалы, АҚШ-та Олимпиада чемпионын өмiрiнiң аяғына дейiн қомақты қаржымен қамтамасыз етiп отырады».

Павел Новиков, генерал-майор, Қазақстан Олимпиада комитетiнiң мүшесi:

«Мен Ильяның айналасындағы бұрқ еткен өсек-аяңмен тек БАҚ-тардағы ақпарат арқылы танысып отырмын. Өзiмен кездесуге әлi мүмкiндiк туған жоқ. Бiрақ жаттығуларға бапкер айтқан уақытта келуi керек едi. Жаттығуларға дер кезiнде келмегендiгi, спорттық тәртiптi бұзғандығы кәсiби спортшыға үлкен кедергi келтiредi. Мұндай қылықтар, әрине, қатаң жазалануы керек».

P.S. Бет қатталып жатқанда: «Менiң арыз-шағымымды естiгенi және жағдайымды түсiнгенi үшiн Елбасыға қатты ризамын. Елбасы менiң басымдағы жағдайды барынша түсiнiп, адами тұрғыдан атсалысты» деп мәлiм еттi, ҚазАқпарат тiлшiшiсiне Олимпиада чемпионы Илья Ильин.

Шернияз ШАҒАТАЕВ