Өмiрзақ ЖОЛЫМБЕТОВ: АЛДАҒЫ АЗИАДА ОЙЫНДАРЫНА ҚАТТЫ АЛАҢДАЙМЫН

Өмiрзақ ЖОЛЫМБЕТОВ: АЛДАҒЫ АЗИАДА ОЙЫНДАРЫНА ҚАТТЫ АЛАҢДАЙМЫН

Өмiрзақ ЖОЛЫМБЕТОВ:  АЛДАҒЫ АЗИАДА ОЙЫНДАРЫНА ҚАТТЫ АЛАҢДАЙМЫН
ашық дереккөзі

Ұлы Отан соғысының қарсаңы мен соғыс жылдарында туған балалардың алды бұл күндерi елдiң ақсақалы атанып жүр. Ел басына күн туып, ер етiгiмен су кешкен сол сұрапыл жылдарда бүгiнгiдей балалық шақ болды деп айта алмаймыз. Осы уақыттың өкiлдерiнiң бiрi – Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген жаттықтырушысы, журналист-жазушы, Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты, профессор Өмiрзақ Шерiпбайұлы Жолымбетовтың шығармашылық жолына биыл 50 жыл толыпты. Соңғы уақытта Өмекең аздап науқастанып жүр екен. Дегенмен бiзбен сұхбат құруға уақыт тапты.

– Сiздiң жас кезiңiзде спортшы болғаныңызды, тiптi екi рет Республиканың чемпионы болғаныңыз туралы естимiз. Спортқа келу жолыңыз да қызық шығар?!

– Әкем денелi, кереметтей қарулы адам болатын. Темiржол депосында балға соғушы болып жұмыс iстейтiн, балғаның салмағы бiр пұттай. Сабы темiрден құйылған ауыр балғасын ешкiм көтере алмайтын. Ол кезде бумен iстейтiн пресс жоқ, барлық жұмыс қолмен жасалатын. Менiң спортқа келуiме әкемнiң ықпалы басым болды. Көп жағдайда баланың спортқа келуi мектептегi дене тәрбиесiнiң мұғалiмiне де байланысты ғой. Бұл жағынан мен оқитын темiржол мектебi көп ретте үлгi болатын. Алтыншы сыныпқа өткен жылы бiздiң мектепке Уфа қаласынан дене тәрбиесi техникумын бiтiрген Валентин Иванович деген оқытушы келдi. Өзi велосипедшi екен, әрi жақсы акробат. Сол жiгiт ашқан акробатика секциясына қатыстым. Тiптi ауылда, ауданда өткен концерттерге де қатысып өнер көрсеттiм. Екi жылдан кейiн Валентин Ивановичтi Владимир Сенчин деген боксшы жiгiт алмастырды. Сенчин еңгезердей, тұлғалы жiгiт болатын. Жартылай ауыр салмақ дәрежесiнде Орынбор қаласының чемпионы болған көрiнедi. Сол кiсiнiң қарамағында үш жыл бокспен айналыстым.

– Сiз ауыр атлет емессiз бе? Ауыр атлетика мен бокс бiр-бiрiне қайшы келетiн спорт түрлерi ғой…

– Қазiр солай. Ауыр атлетика бұлшық еттердi тым қатайтып жiбередi, ал бокста бұлшық еттер шапшаң жиырылады, сондықтан соққы кезiнде болмаса қатаймайды. Ал бұрын күштi болсаң, соққың да әуелеттi болады деген пiкiр бартұғын. Бұрын стансаның темiржол клубында штанга жататын. Барлық темiрлерiн салғанда 105 килограмм салмақ тартатын. Күштi болуды армандап жүрiп оныншы сыныпта сол салмақтың бәрiн көтердiм. Осындай дайындықпен Алматыға келiп, Қазақтың дене тәрбиесi институтына оқуға түсiп кеттiм. Оған кейiннен өкiнген тұстарым да болды. Алғашқыда «бәленшенiң баласы төбелестiң оқуына түсiптi» деген сыпсың сөздер шығып жүрдi. Кiмнiң аузына қақпақ боласың, айтқысы келгендер айта берсiн деп жүре бердiм. Атақты балуан Әбiлсейiт Айхановпен, футболшы Тимур Сегiзбаевпен, волейболшы Жәнiбек Сауранбаевпен бiрге оқитынымды мақтан тұтып жүрдiм. Солар жайлы шағын мақалалар жазып, оларды жанкүйер қауыммен таныстырдым. Ұмытпасам Әбiлсейiт жайлы «Қазақстанда теңдесi жоқ» атты очеркiм 1959 жылы «Лениншiл жас» газетiнде басылды. Мақалалар жазып жүрiп Тельман Жанұзақовпен, Сейдахмет Бердiқұловпен, Талап Сұлтанбековпен, Қалдарбек Найманбаевтармен таныстым. Олар спортты сүйетiн, спорттың нағыз жанашырлары, үлкен қаламгерлер болатын. Солардың жазғандарын iздеп жүрiп оқып, ұқсауға тырыстым.

– Қазақ ақпаратында қазiр спорт тақырыбы қалай жазылып жүр? Сiз қазақ телевизиясы мен радиосында ұзақ жылдар бойы спорт және әскери-патриоттық тәрбие редакциясын басқардыңыз.

– Осындай бас редакцияның болғаны рас. Журналистерi, режиссерлерi, тағы басқа қызметкерлерi бар штаты жиырма адамға жеттi. Қамтитын тақырыптары да әртүрлi болатын. Спорт хабарлары, балалар спорты, салауатты өмiр салттары, туризм мәселелерi, ауыл спорты, спорт жұлдыздарымен, Ұлы Отан соғысының ардагерлерiмен сұхбаттар барлығы да тегiс қамтылатын. Оның үстiне жылжымалы телестансаны пайдаланып аптасына 2-3 рет жарыстар өтiп жатқан жерлерден тiкелей репортаждар жүргiзетiнбiз, кейде Мәскеуден, басқа қалалардан берiп жатқан трансляцияларға да қосылып кететiнбiз. Ол жылдары Кеңестер Одағының жоғарғы тобында республиканың 11 командасы ойнады. Редакцияның өз алдына дыбыс жазатын машинасы да болатын. Коментаторлар сол машиналармен репортаждарды тез-тез әкелiп, жұмыс дереу жасалынып, эфирге тоғытып жататын.

Қазiргi кез туралы не айтамын, талантты жастар жоқ емес, бар. Тек сол ұйымдастыру жағы жетiспейтiн сияқты. Менi алаңдатып жүрген бiр нәрсе, алдымыздағы 2011 жылдың басында Алматы және Астана қалаларында өтетiн Қысқы Азия ойындары. Оған техникалық жағынан қызмет көрсетуге дайынбыз ба, спорттың жеке түрлерiне маманданған журналистерiмiз жеткiлiктi ме, режиссерлердiң, операторлардың, дыбыстаушылардың деңгейлерi қандай? Ақпарат құралдарының сайлылығы, хабарларды, репортаждарды тарату мүмкiндiктерi мол ма? Медеудiң 17 мемлекетке тiкелей хабар тарататын мүмкiндiгi бар. Осылардың барлығын iске қосса, мамандарын қазiр әзiрлесе деймiн. Бұл да республиканың беделiн көтеретiн абыройлы iс болғандықтан, ұсақ-түйек жұмыстар деп қараудың қажетi жоқ. Қатысым болмаса да осыларға қатты алаңдаймын.

– Жаңа «талантты жастар» бар дедiңiз, бiрақ бiз Н.Озеров, Я.Спарре, Д.Омаров сияқты жүзден озған жүйрiктерiн көре алмай жүрмiз.

– Спорт хабарларын жүргiзу «анау гол соқты», «мынау мынадай нәтиже көрсеттi» деген жай статистикамен бiтуге тиiстi емес. Әр спорт түрiнде сырт көзге байқала бермейтiн әсемдiк, iшкi динамика бар. Мұны комментатор майдан қыл суырғандай әдемi тiлмен, қажет жерiнде эмоциямен көпшiлiкке жеткiзе бiлуi тиiс. Кез келген спорт түрi көрерменге қайталанбас эстетикалық сұлулық әкеледi. Ондағы әсемдiк пен гармония, нәзiктiк пен табиғилық, жаттығулардың орындалуындағы шеберлiк пен серпiн көз алдыңдағы көрiнiске iлесiп, сүйегi жоқ қызыл тiл арқылы толықтырып, түсiндiрiп отыруға тиiс. Бұл үшiн репортаж жүргiзушiнiң өзi спорттың табиғатымен сiңiсiп кете алса, тiптi жақсы. Кейде аяғын кiндiгiнен асырып көтермеген журналистерге «ал бар да, репортаж жүргiз» деп тапсырма берiлiп жатады. Сондықтан да спорт комментаторларын стадиондарда, спорт залдарында тер төккендердiң арасынан iздеген дұрыс. Одақ кезiнде спорт редакциясы орталық теледидарда да болған. Сонда қызмет iстейтiн спорт журналистерi шеттерiнен тарландар едi-ау, қайсысын алсаң да – еңбек сiңiрген спорт шеберлерi. Бас редакторлары А.Иваницкий, сосын Н.Озеров, Е.Майоров, Я.Спарре, Н.Еремина және т.б. болатын. Олардың өздерiн көрiп бiр қызықсаң, айтқандарына имандай ұйып иланатынсың.

Жақсы журналист болу үшiн адал жүрек, жiтi көз, сергек көңiл, түрiк құлақ қажет. Бiр жолы халқымыздың батыр перзентi Бауыржан Момышұлынан сұхбат алуға барғанымда, ол кiсi жақсы бiр сөздер айтқан едi. Сонда Бауыржан аға: «Халқымды сүйемiн, ол үшiн көбелек болып отқа түсуге бармын» деушiлер отқа түспей-ақ қойсын, аман болсын. Халқыңды шын сүйсең, сөзбен емес, iспен көрсет. Қандай да бiр iстi қолға алсаң да, оны талантты жасауға тырыс. Талантты болмай тұрып, өзiн таланттымын деп көрсетудiң өзi арамдық. Арамдық бар жерде әдiлетсiздiк болатындықтан, одан адалдықты, iзгiлiктi, ерлiктi, турашылдықты көре алмайсың, деген едi.

– Кейбiр спорт түрлерiнiң атауын қазақшалауға бола ма? Осы бастама қалай жалғасын тауып келедi?

– Спорт түрлерiнiң халықаралық мән мазмұнына, көтерер мiндетiне қарап, жер бетiн мекендеген көптеген халықтардың ұлттық дене мәдениетiнiң негiзгi бiр бөлiгi болып есептелетiн спорт түрлерiнiң құрлықтық, олимпиялық ойындардың, чемпионаттар мен еларалық жарыстардың жыл санап ауқымын кеңейте түсуiне байланысты атауларды аударып отыру керек. Мынадай бiр қызық жайт болды. 1998 жылы Тайландтың астанасы Бангкокта өткен XIII Азия ойындарының бағдарламасына енген он шақты спорт түрлерiнiң аты да, заты да бiзге бейтаныс болды. Сондықтан спорт терминдерiнiң бiршамасы қазiр аударылған. Қолданысқа оңай сiңiсiп кеткен сөздердi шеттетпеу керек, қайта әдемiлеп аударып, қазақ тiлiнiң қоржынын кеңейте беру ләзiм емес пе? Мысалы, «handball» – тiкелей аудармасы – қол добы. Қандай әдемi, бүгiнде жиi қолданылады. Ал «football» аудармасы ағылшыннан – аяқ добы деп аударылады. Бұл халықаралық термин болып қалыптасып қалғандықтан, оны бiз оғаштап әкеп «аяқ добы» деп енгiзе алмаймыз. Негiзiнен әлiмсақтан белгiлi төл сөздерiмiздi спортқа кiрiстiрiп үлгердiк. Қазiр спорт журналистерi «қанжығаға байлады» деген сөздi тым жиi қолданады. Бұл өте бiр спорт мәдениетiне келiспейтiн сөз.

– Шетелде мықты спортшылар мен олимпиада жеңiмпаздарына деген құрмет белгiсi ретiнде солар туралы кино түсiрiлiп жатады? Ал бiзде спортты насихаттайтын фильмдер жоқтың қасы…

– Өркениеттi елдерде спортшылар олимпиялық ойындардың чемпионы болып жатса, небәрi 15-20 күннiң iшiнде халықтың абыройын көтерген сүйiктi қаһарман ретiнде соған арнап кiтап шығарып тастайды. Бiзде Ермахан, кешегi Илья, Бақыт жайлы кiтап түгiлi әдемi жазылған очерк те жоқ. Бекзатты айтты-айтты қойды, соның спорттық жолын баяндайтын бiр кино түсiрсе. Сол балаға арнап кино түсiрсе де жаман шықпас едi. Бұл жағына келгенде шабанбыз, анау голландиялықтар мен немiстерден, шведтерден, финдерден, норвегтерден тiптi түрiктердiң өзiнен әлдеқайда кейiн қалдық. Еуропа елдерiнде әрбiр сәттi өткен матчқа байланысты, футбол командаларының жеңiсiне орай фильмдер түсiрiледi.

Мен 1972 жылдан берi өткен олимпиадалардың барлығын кiтап қылып түсiрiп отырдым. Кейбiрi қазақ тiлiнде, орысшасы да бар.

– Қазақстан Республикасының құрама командаларында шетелдiк спортшылар, жаттықтырушылар көбейiп кеттi деп айтушылар жеткiлiктi. Бұған көзқарасыңыз қалай?

– Қазақта «Өзiңнен тумай ұл болмас, сатып алмай құл болмас» деген аталы сөз бар. Әрине, ел намысын қорғайтын спортшылардың өзiмiзден болғаны жақсы емес пе?! Жаттықтырушылар жөнiнде де осындай пiкiрдемiн. Спорт эволюциялық жолмен бiрте-бiрте дамитын өнер. Бүгiн команда құрсаң, ертең-ақ чемпион болып жатпайды. Бұл үшiн алдымен дәстүр қалыптасуы қажет, уақыт керек. Шетелдiк спорт «жұлдыздары» осындай дәстүрдiң қалыптасуына сеп болады деп ойлаймыз. Ал жаттықтырушыларға келсек, олар – шығармашылық дара тұлғалар. Дәстүр болмағандықтан, арамызда осындай тұлғалар да аз. Ал әр ел сыртқа сыр шашпай, жаттығу тәсiлдерiн құпия ұстайды. Сондықтан спортшыларды дайындаудың жолдарын бiлетiн адамдар оны ешкiмге айтып, жарияға жар салып жатпайды. Олар сыршылдық пен сыр шашпалықтың аражiгiн жақсы айырады, сыршылдық үшiн парасат, сыр шашпалық үшiн бөспелiк керектiгiн бiледi. Ал бойындағы парасатты, бiлiмдi тегiн үйретпейдi, ол үшiн қомақты қаржы төлеуге тиiссiң.

– Бiзде сондай парасатты адамдарды дайындауға болмай ма? Қазiр спортта да ғалымдар өсiп келедi ғой?

– Спорттың өзi үлкен бiр мәдениет. Дәстүр қалыптаспаса, парасат та қалыптаспайды. Ал спортқа байланысты ғылым бар да, ғалымдар жоқ. Одан-бұдан көшiрiп, аударып жазғандары мен сызғандарын үш жүз параққа толтырып диссертация қорғап жатқандар жетедi. Жақында спорт және музыканың байланысы, тағы бiрi спортпен айналысудың экономикалық тиiмдiлiгi жайлы ғылыми дәрежелердi қорғады. Солардың бiрiншiсi үлкен спорттық мерекеге режиссер болып, екiншiсi орталау спартакиаданың кiрiсi мен шығысын есептеп көрдi ме екен? Өмiрде iске аспайтын, адамдарға қажетсiз жұмыстармен айналысу өзiнiң де, өзгенiң де уақытын өлтiру, су шықпайтын жерден құдық қазу деп есептеймiн. Шынында да республиканың спорты алға бассын десек, үлкен ғылыми орталық, спорт қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн көтеретiн, қайта дайындайтын жоғары мектеп керек. Спортпен айналысу, жаттығу тәсiлдерi күн санап өсуде, өзгеруде, уақыттың қарқынына iлесе алмасаң, кейiндеп қалдым деп есептей бер. Бұл талантты жаттықтырушыларды қалыптастырудың бiр жолы.

– И.Ильин туралы пiкiрiңiз қалай? Мысалы, кейбiр газеттерде ол дандайсып кеттi деген пiкiрлер бар. Пекиндегi ойындардан кейiн әлi дайындыққа кiрiспеген көрiнедi.

– Атақты спортшылардың көбiсi «Жұлдыз ауруымен», яғни дандайсып кетумен ауыратыны шындық. Бұл ауру кез келген балада бар: жүгiрсем – озсам, қусам – жетсем, қатарластарымнан күштi, айлакер, ептi болсам дейтұғын – мiнез. Спортта азды-кем табысқа жетедi, бiрақ спорт шеберлiгiне жетпей тұрып-ақ дандайсып кетедi. Илья табиғи талант, оған қоса қолы жеткен табыстардың 90 пайызы еңбектiң арқасы. Өрiмдей жастығына қарамай Пекинде олимпиялық ойындардың чемпионы атанып үлгердi. Үлкен спорт тәндi де, жүйкенi де тоздыратын болғандықтан бiраз демалғаны да дұрыс. Мұндайда әр спортшының өз емi болады, негiз болғандықтан бапқа тез енедi. Оның жаттықтырушысы В.Пак кезiнде менiң шәкiртiм болған. Өте еңбекқор, ауыр атлетикаға берiлген адам. Ал Ильинге бәсекелестер жоқ емес, поляк Клобуцкий, бiздiң Истоминдер оған жете қаба. Бiрақ бiр ескере кететiн жай, «маған анау керек, мынау керек» деп республикалық спорт комитетiнiң үстiнен Елбасының атына шағымдануын құптай алмаймын. Егер омыртқасының шемiршегi ауырса дәрiгерлiк анықтамасы, ауырған жерiнiң рентгенi болса, комитет қызметкерлерi өздерi-ақ жүгiредi. Мұнысы балалық болған деп ойлаймын.

– Спорт мәдениетi мен тән тәрбиесiне қатысты ой-пiкiрлерiңiздi жекелей айтып жүрген едiңiз.

– Шын мәнiнде үлкен жүректi спорт – мәдениет. Мен оны былай түсiнемiн. Табиғаттың емес адамзаттың өзi жасаған мәдениеттiң екi түрi бар. Бiрi – рухани мәдениет болса, екiншiсi – дене мәдениетi. Екеуi де қоғам мен адамзат қызметiнiң сапасын көрсетедi, адамзаттың осы күнге дейiнгi қолы жеткен игiлiктердi игеру, жан-жақты дамыту. Мен мәдениеттi тән тәрбиесi және жан тәрбиесi деп бiр-бiрлерiнен ажырамайтын, тұтас, өзара байланысты екi сапаға бөлер едiм. Тәннiң дамуы – бұл табиғи заңдылық. Адам баласы өмiрге келгеннен кейiн әртүрлi қимыл-қозғалыстарды жасайды, еңбектенедi, жүредi, жүгiредi, тыныс алады. Жүрсең шапшаң жүруге, жүгiрсең тез жүгiруге тырысасың. Осылайша қандай әрекет жасасаң да жақсы сапалы жасауға ұмтылады, бұл үшiн дененi үнемi тәрбиелеу, дағдыландыру, бiр жүйеге түсiру қажет. Осындай әрекеттерден барып дене тәрбиесi, онымен айналысу тәсiлдерi, дайындалу жүйесi, адамның психо-физиологиялық ерекшелiктерi қалыптасады. Тәндi тәрбиелеу арқылы адам ағзасының сыртқы кейпi, сүйек қаңқасының, бұлшық еттердiң сапалық өзгеруi ғана емес, ағзаның iшкi мазмұны да, зат алмасу, лимфа, қан мен оның айналымының жүйесi жақсарады. Осыларға байланысты ұлт ұстазы А.Байтұрсынов тәннiң даму заңдылықтарын «тән тәрбиесi» деп атаған. Сонда дене тәрбиесi деп атап жүргенiмiз не? Әрбiр адамның өзi өмiр сүрген қоғамның талаптарына сәйкес мүсiннiң жетiлуiн, денсаулығын жақсартуын, қоғамы туғызған мүмкiншiлiктiң шегiне қарай дамытуы. Оның мiндеттерiне салауатты өмiр салтын қалыптастыру, денсаулықты шынықтыру, әр адам өзi таңдаған спорт түрлерiне байланысты жоғары жетiстiктерге жетуге тырысады. Осыдан барып түпкi негiзi көне латын тiлiнен алынып сосын французшаланып, ағылшынданып барып «спорт» терминi шықты. Бiздегi ұзақ жылдар бойы қолданып келген «дене шынықтыру» бөлек нәрсе. Бастапқыда сөз айналымына түсiп кеттi. Бұл термин тән мәдениетiне жүктелетiн ауыр жүктi көтере алмайды, оған оның аясы тарлық жасайды. Бiрақ мұнда тағы бiр жайт бар: «физическая культура» терминiн қалай аударамыз? Өзiнен-өзi айтып тұрған жоқ па? А.Байтұрсыновша «тән тәрбиесi» немесе «тән мәдениетi» деп аударған дұрыс. Сонда оның мазмұны терең әрi жан-жақты ашылады. Тән сөзi ғылымның сан-саласына анатомияға, физиологияға, педагогикаға, психологияға, тарихқа, медицинаға, тiптi тiл, заң ғылымына да жол ашады, тән тәрбиесiнiң аясы кеңiп, нағыз мәдениетке айналады. Спорт саласындағы терминдер қазақ тiлiн байытып отыр. Осы мәселе жөнiнде А.Құлназаров екеумiз жақында көлемi 35 баспа табақ келетiн «Спорт терминдерiнiң түсiндiрме сөздiгi» атты кiтап шығардық.

– Республика спортының болашағы қандай? Шешiлмеген түйiндi мәселелерi бар ма?

– Проблема бiткен жерде екi қолды қусырып қарап отыру – дамуды шектеу деген сөз емес пе? Дене тәрбиесi мен спорт саласына үлкен реформа керек. Ал бiз болсақ, бұрынғы Кеңес дәуiрiндегi екпiнмен (инерциямен) келемiз. Мiне, көршiмiз Қытай спортты дамытуда қаншалық қарыштап алға кеттi. Бұл дұрыс жасалған реформаның, стратегияның арқасы. Алдымен бұрын қабылданған iшi кеуек «Спорт туралы» Заңды өзгерту қажет. Бұл заман талабы. Екiншiден, спорт саласы жөнiнде 80 адамдық штаты бар Бiлiм және ғылым министрлiгi сала бойынша шөптiң басын сындырмай отыр. Мектептер, колледждер, жоғары оқу орындарына қажеттi спорт құрылыстарының, құрал-жабдықтардың мемлекеттiк стандарты да жоқ. Болса да атам заманғы. Бiз бастауыш мектепке барған жылдары бүкiл сыныптың оқушылары оқу мезгiлiнiң алдында 10 минуттық бойжазба жасау үшiн қатарға тұратын. Әр мектепте 5-6 спорт секциялары жұмыс iстейтiн. Бұл үшiн мектептегi дене тәрбиесi мұғалiмдерiнiң негiзгi жалақысына қосымша 0,25 өтiл көлемiнде қаржы төленетiн. Ал қазiр оқушылар сабақтан тыс уақытта адамдық қасиетке жат әдеттерге бой ұрып немесе пайдасы жоқ iстермен айналысып уақытын текке өткiзедi. Бiлiм және ғылым министрлiгi мен мектептiң спорт саласы бойынша байланысы үзiлген. Бұл тақырыптың түбiн қазбаласаң, үлкен әңгiмеге арқау болар едi.

Министрлiктер мен үлкен компаниялар өз қызметкерлерiнiң денсаулығын қорғау мен сақтау шараларынан бейхабар. Насихат жұмысы нашар. Тек бiрнеше адамдардың жанкештi еңбегiнiң арқасында бiрнеше кiтаптар шығып, деректi фильмдер түсiрiлдi. Спорттың дамуы үшiн тағы бiр ең маңызды нәрсе керек. Ол – спорт саласына маманданған телеарна мен баспа.

– Өмiрзақ аға, сiздiң өз кезiңiздегi спорт жұлдыздары туралы жазған деректi повестерiңiздi, очерктерiңiздi оқыдық. Өзiңiз қазiр не жазып жүрсiз?

– Атақты боксшы Әбдiсалан Нұрмаханов жайлы «Қазаққа сiздей ұл керек», желаяқ Ғұсман Қосанов туралы «Құс қанатты Ғұсман», спорттың халықаралық деңгейдегi үлкен қайраткерi Аманша Ақнаев жөнiндегi деректi хикаяттарым «Намыс» деп аталатын ортақ атпен баспадан шықты. Олар өзiм жақсы араласқан, қазiрде өмiрден озған азаматтар. Өзiм бiрге жүрген, үзеңгiлес болған жолдастарым. Оларды еске алғандағы мақсатым табыну емес, кейiнгi жас ұрпақ тағылым алсын деген ниеттен туған едi. Сондықтан мақсатым мақтау емес, iстерiн үлгi ету болды. Бұл бүгiнгi жастарымыз үшiн керек-ақ. Ал анда-санда тарихи тақырыпқа да қалам тартатыным бар. Екiншi кiтабым А.Құлназаровпен бiрiгiп жазған көлемi 35 баспа табақтық «Спорт терминдерiнiң түсiндiрме сөздiгi» 30 000 таралыммен шығып жатыр. Бұл кiтап кiтапханалар мен спорт ұжымдарына тегiн таратылады. Сөйтiп ана тiлiмiздiң алдындағы бiр перзенттiк борышымызды өтегендей болдық. Үшiншi үлкен еңбегiмiз көлемi 70 баспа табақтық «Қазақстан – спортшылар елi» атты энциклопедиялық анықтамалық баспа өндiрiсiнде дайындалып жатыр. Мұндай анықтамалықты осыдан үш жыл бұрын орыс тiлiнде шығарғанбыз. Дегенмен ендi жарық көруi тиiс қазақ тiлiндегi нұсқасы бұрынғыдан өзгеше, барынша қазақиланып, ұлттық реңк берiледi.

– Әңгiмеңiзге рақмет.

Әңгiмелескен Ақниет ОСПАНБАЙ