Сәрсенбі, 30 Қараша, 2022

ДЕНI САУ ҰРПАҚ – ЕЛ ЕРТЕҢI

ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi жанындағы бала құқықтарын қорғау жөнiндегi комитеттiң мәлiметi бойынша, Қазақстанда 5 миллионнан астам бала тұрады екен. Оның iшiнде 3 миллионнан астам бала республикалық мектепте оқиды, 120 мың балғынның мүмкiндiгi шектеулi, 16 мыңнан астам жеткiншектiң ақыл-есi дұрыс емес, ал 17 мыңға жуық бала жетiмдер санатында.

Жетiм балалар тиiстi орында тәрбиеленгенiмен, ауыр жұмысқа жегiлiп, тағдырдың қиындығын тартқаны көп. Аяғы сал қыз баланың базар жағасында қайыр тiлегенiне көзiмiз үйренген. Десе де, кейбiреулер «елiмiзде балалар мәселесi жоқ» деп ойлайды. Ал шын мәнiсiнде бар. Белi бекiмей, жұмысқа араласқан балалар саны нақты емес. Балғындар көбiнесе қарулы қақтығыстарға, жезөкшелiкпен айналысуға, есiрткi тасымалдау сынды денсаулығына зиян тигiзетiн жұмыс түрлерiне араласады. Осындай ауыр жұмыстарға Оңтүстiк Қазақстан облысы, Алматы және Алматы облысының жеткiншектерi жиi жалданады. Бала еңбегiн кедей тұратын отбасы табыс көзi немесе жеке өмiр сүрудiң бiр бөлшегi деп түсiнедi. Сондықтан ата-аналарға баласының отбасын асырау үшiн құрбандыққа баруы тым қауiптi екенiн түсiндiрген жөн. Әрине, балаларды басқару оңай, олар өз құқықтарын бiлмейдi, мәселе тудырмайды және кез келген iске бiрден бейiмделедi. Егер қиындық туындаса, бала жауапкершiлiктi өз мойнына алуға дайын тұрады.

2005 жылы 5 ақпанда Еңбек және әлеуметтiк қорғау министрi он сегiз жасқа толмаған балаларды пайдалануға тыйым салынған қауiптi еңбек түрлерiнiң тiзiмiн жасады. Осы тiзiмде жасы 18-ге толмаған азаматтарды қатыстыруға болмайтын 111 мамандық пен кәсiп түрi көрсетiлдi. Сол кәсiптiң қатарында – газ және мұнай өндiрiсi, орман дайындау жұмысы, металлургия өндiрiсi, тас өндiру және тастан жасалатын заттарды өндiру, асбест, цемент, қағаз, шарап, спирт және арақ өнiмдерiн, жалпы алькогольдiк өнiмдердi өндiруге, көлiк жүргiзу тағы басқа жұмыстар бар. Базарда арақ сатып, арба айдайтын балақайдың құнарлы ас iшiп, тойып тамақтанбайтыны белгiлi. Аш қарынмен ауыр жүк көтерiп, күнi бойы тоңып жүру денсаулыққа зиян. Мұндай жұмыс жағдайлары қыздардың ана болу мүмкiндiгiн шектейдi. Ал жұмыстағы балалардың жартысына жуығы қыздар екенiн естен шығармайық.

Ой арнасын бала мен ана денсаулығына аударсақ, көңiлге қонымды жаңалықтың жоқ екенi байқалады. Қазiр елiмiздiң 6 миллионнан астам тұрғынына ағзаға қажеттi дәрумен жетiспейдi екен. Өкiнiштiсi, осы көрсеткiштiң 47 пайызы балаларға тиесiлi. Сондай-ақ, Қазақстан ана мен бала өлiмi санынан 87 орында. Соңғы 15 жылда қан аздық дертi аяғы ауыр аналарда 20 пайыздан 40 пайызға көтерiлiптi. Көптеген жас аналар аяғы ауыр кезде немесе босану уақытында қайтыс болады. Жас ананың ажалын туған-туыстары мамандардың жауапсыздығынан көредi. Сәби ананың бойына бiткен сәттен бастап күтiмнiң жасалғаны не, жасалмағанына жауап бере алмайды. Ажалдың аяқ астынан пайда болатындығынан ешкiмнiң iсi жоқ. Қаны аздық, темiр және фолий қышқылы жетiспеушiлiгi… Мiне, айтып келмейтiн ажал осы. Қаны аз аналардың 74,7 пайызы алғашқы аптада-ақ сәбиiн жоғалтады. Ал 43,7 пайыз ананың сәбиi бiр ай ғана өмiр сүредi. Ағзаға темiр жетiспеушiлiгi салдарынан 6-24 ай аралығындағы 40-60 пайыз сәбидiң ақыл-ойы бұзылып, сабаққа деген ынтасы нашарлайды.

Дәрiгерлер «күнiне 5 алма, 3 жұмыртқа, таң ертең ыстық сорпа, кешке ет же» деп кесте сызғанымен, оны орындайтын халықтың қалтасы көтермейдi. Қазақ халқы «Нан бар жерде – ән бар» дейдi. Демек, ас нансыз болмайды. Сондықтан, қарапайым нанның құнарын арттырған жөн. Дүкен сөрелерiнде тiресiп тұрған нандардың өз салмағына сай келетiнi аз. Ашытқының көмегiмен көтерiлген нанның қарын тойдырмасы анық. Оның үстiне, ұн өндiрiске тартылу кезiнде өз құнарынан айрылып қалады.

Әлем елдерi құнарсыз ұнның жолын жапқанына да бiраз уақыт болыпты. Ал бiздiң елде құнарлы ұн ашық саудаға ендi шықпақ. Жақында Қазақ Тағамтану Академиясы дүниежүзiнiң алпысқа жуық мемлекетi тұтынатын байытылған ұнды қолданысқа шығарды. Бiр тонна ұнға темiр, мырыш, фолий қышқылы және В тобы дәрумендерiнiң 150 грамм қоспасы қосылған. Бастысы, сапаға еш зиян келмейдi. Байытылған нан қажеттi дәруменi бар, жоғары және бiрiншi сортты бидай ұнынан жасалған. Отандық өнiмнiң қабында «САПАЛЫ АЗЫҚ» атты логотипi бар. Рас, ұннан жасалған өнiмдi пiсiру кезiнде дәрумендер өз күшiн жояды. Алайда, байытылған ұнның құрамында қажеттi микроэлементтер сақталады. Құнарлы ұнды ата-ана тұрақты түрде пайдаланса, ана мен бала өлiмi 22 пайызға, жүрек ауруы ерлер арасында 13 пайызға, ал әйелдер арасында 8 пайызға төмендейдi. Тұтынушылардың осы өнiмдi сауда орындарынан сұрағаны жөн.

Бала еңбегiн пайдаланбас бұрын оның денсаулығын қалыпқа келтiргенiмiз жөн. Өйткенi, денi сау ұрпақ болашақтың кепiлi, елiмiздiң ертеңi…

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

Алматы қаласы

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button