САНСЫЗ БАПТЫ САЙРАМДА

САНСЫЗ БАПТЫ САЙРАМДА

САНСЫЗ БАПТЫ САЙРАМДА
ашық дереккөзі

Оңтүстiк Қазақстан облысы Сайрам ауданының жаңадан жасақталған әкiмшiлiк командасында әкiм орынбасары Әлi Әмiрәлиевпен бiрге қызметтес болдық. Жақыннан жүрiп бұл азаматтың iс көзiн бiлетiн, талапшыл шенеунiк екендiгiне көз жеткiздiк. Жуықта осы азаматпен экономикалық потенциалы мол өңiр жайлы әңгiме-дүкен құрған едiк.

– Әлi Орынбасарұлы, Мәртөбе – ынтымақ пен бiрлiктiң символы және қазақтың Дала Парламентi болғанын тарихтан жақсы бiлемiз. Осы шежiреге толы тарихи өлке туралы не айтасыз?

– Қадым заманалар қойнауынан қазына болып жеткен, тарих тереңiнен талып жеткен, жәдiгер шаһардың бүгiнгi жай-күйi көпке белгiлi. Кешегi көне тарихтың тәуелсiз бүгiнге қол бергенi секiлдi, кешегi өкiнiш бүгiн үмiтке жол берiп отыр. Тәуелсiздiкке жеткен талайлы Сайрамның бүгiнгi, ертеңгi тағдыры жайында толғаныссыз әңгiме айтпау мүмкiн емес. Осы бiр тарихтың көзiндей, бабалардың сөзiндей болған Сайрам көне шаһар. Ұланасыр бай тарихымен ұрпақтар мақтанышына айналған өлке. Қазақстанның бүгiнгi әлеуметтiк-қоғамдық өсу көшiне iлесiп отырған тарихы бай мекен. Қысқасы, Сайрам – тамыр тарихымыз. Сайрам – тарихи тағдырымыз. Сайрам ауданының 80 жылдық мерейлi мерекесi кеше ғана төрткүл дүниенi шаттық пен қуанышқа бөлеп өткен Астананың 10 жылдық мерейтойынан кейiн аталып өттi. Астана тарихы – ол тұтас мемлекетiмiздiң тарихы екендiгiнде күмән жоқ. Елорданың ең алғашқы мерейтойы – ел өмiрiндегi аса iрi тарихи оқиға. Тәуелсiз мемлекетiмiздiң елордасы аталған Астананың алғашқы мерейтойы қазақ үшiн, барша қазақстандықтар үшiн ерекше маңызға ие болды.

– Сайрам шаһары қазақтың аса iрi ғылыми және мәдени орталығы болғандығы туралы тарихтан белгiлi. Осы жөнiнде Сiз не айта аласыз?

– Ұлы Жiбек жолының қазақстандық бөлiгiндегi өзiмiз табан тiреп тұрған Сайрам (Исфиджаб) шаһары туралы айтпасқа болмас. Бұл жер аса iрi ғылыми және мәдени орталық болған. Осы жерде әлемдiк дамудың нақ төрiнен ойып орын алған нағыз аса дарынды ондаған ғұламалар туып-өсiп, бiлiм алған. Бiздiң ғұлама бабамыз Қожа Ахмет Яссауидiң кiндiк қаны тамған жерi – Сайрам қаласы. Бұл ғұламаның «Сайрам тарихы» деп аталатын құнды еңбегiнiң жарық көруi тектен-тек емес. Сайрам туралы алғашқы деректер бiздiң жыл санауымызға дейiнгi VI ғасырда парсылардың шежiре кiтабында кездеседi. Аталмыш шежiреде қаланың орналасу ендiгi Сайрам елi деп көрсетiлген. Көне түрiк тiлiнде «Сайрам» «Тастақ сай» деген ұғым берген. Ал, Исфиджаб «Екi дария аралығы» деген сөздiң баламасы екен.

Исфиджаб әуелгiде өзге қоныстардан ерекшеленiп, орталық ретiнде қалыптасқан едi. Оның бiрте-бiрте дамып, өсiп жетiлуiне, ал арада мың жыл өткенде, яғни YIII ғасырға қарай айрықша өркендеп, гүлденiп кетуiне көптеген факторлардың әсерi тидi.

Бiрiншi фактор, Жiбек жолының үстiнде тұрған қаланың дамуына сауда мен кәсiпкерлiктiң ықпалы зор болды.Онда iрi бай, iскер адамдар тұрды. Қалада әкiмшiлiк басқару жүйесiнiң құрылуы қаржыларды қорландыруға, қазынаны мақсатты бағыттарға жұмсауға, экономиканы жүйелi дамытуға, оған бай адамдарды тартуға мүмкiндiк бердi. Жергiлiктi сақ тайпаларының саяси кеңiстiгi, рыногы, тауар алмасу шарттары, кәсiптерi, мәдениетi, дүниетанымы, тiлi, дiнi, әдет-ғұрыптары ортақ болған. Олар бiр-бiрiмен тығыз байланыста күн кешкен, үздiксiз алыс-берiс жасап тұрған, iшкi-сыртқы мәселелердi ортақтасып шешкен. Кейiнгi кездегi табылған деректердi негiзге алып отырып, қазiргi тарихшылар Сайрам жерiн осы ұланғайыр кеңiстiктi мекендеген тайпалардың еркiн араласу аймағы, яғни экономикалық орталығы болды деген болжамдар айтуда. Әрi ол негiзсiз емес.

– Билер институты мен Дала Парламентi болып дүниеге келген Мәртөбенiң қасиеттi орын аталуы нелiктен?

– Мәртөбенiң қасиеттi орын аталуы ерте замандарда болса керек. «Мамырда Мәртөбеге кел»

деген сөздiң төркiнi ерте дәуiрде жатыр. Кейiннен Отқа, Тауға, Көкке табыну дәуiрi ықпалын жойып, Ислам дiнi ресми түрде енгеннен кейiн де Мәртөбенiң қасиеттi саналып келгенiн көремiз. Ол арада мал жаюға, жол салуға немесе мал айдауға тыйым салынған. Бертiн келе Мәртөбе Оңтүстiк тайпаларының уәждесу орны болды. Яғни, тайпалар мен рулар Мәртөбеде бас қосып, өзара соттасып, дау-жанжалдарды шешкен. XҮ-XҮI ғасырларда қазақ хандары құрылған соң құрылтай өткiзуге Мәртөбенiң таңдап алынуы, онда Билер институты мен Дала Парламентiнiң дүниеге келуi кездейсоқ емес. Бiздiң ата-бабаларымыз өте өжет, жауынгер халық едi. Олардың өз дүниетанымы мен дiнi болды. Тәңiрге табынды, әруақтарға сыйынды. Соған лайық мәдениетi қалыптасты. Түркiлер өздерiн сауатсыз деп санаған емес, олар тарихқа өз жазуын ендiрдi. Түркi деген ұғым мақтанышты болған. Қожа Ахмет Яссауидiң арғы аталарының бiрi Ифтихар Шейх Сайрамға жасалған шабуылдарға қарсы көп соғыстарға қатысқан ержүрек кiсi екен. Ол өзiн Түркi сарбазымын деп санаған. Ұрпақтарға жеткен аңыздарға қарағанда, ол кiсi жауды қуып бара жатып, ауыр жарақаттанады. Ол бастаған әскер Сайрамнан ұзап кеткен екен. Сонда Ифтихар Шейх: «Менi елге апармай-ақ осы араға жерлеңдер. Түрiк басы болып жаудың жолын тосып жатайын» дептi. Атақты сарбазды жерлеген жер кейiн «Түркi басы» болып атанып кеткен екен. Яссауидiң өз өлеңдерiн түркi тiлiнде жазуы да тегiн емес.

Сайрам тарихындағы ең ұлы дәуiр ислам дiнiнiң енуiмен сабақтас. Әуелгiде оны қантөгiспен басталды дедiк. Кейiн ол бейбiт миссияға ұласты. Зерттеушiлер бұл құбылыстың тарихи мәнi болғандығына назар аударды. Атап айтқанда, ол гуманистiк жол едi. Мешiт пен медреселер салу, дiн тарату, дiн тану, ағартушылық қозғалыс, жастарға бiлiм беру – осының бәрi бiр шеңберде шешiлiп, ол халыққа зор игiлiк әкелдi.

Әуелi сауат ашуға аса бай, дәулеттi отбасылардан шыққан балалардың ғана мүмкiншiлiгi болса,

ендi ортаңқол дәулеттi кiсiлердiң балалары да оқуға тартылды, алыс Аравия мен Орта Азиядан, Ираннан миссионерлер ағылып келiп жатты. Айналып келгенде ислам дiнiн тарату құдайға құлшылық қылуды уағыздаумен ғана шектелiп қалмай, аса тегеурiндi ағарту қозғалысына ұласып кеттi. Ол iлiмге жол ашты. Сайрам баптарының өмiртарихына зер салып қараңыз. Олар дiн теориясымен қатар философияны, жаратылыстануды, астрономияны терең меңгерген кiсiлер. Яғни, олардың бiлiмiнде ешқандай мiн болмаған. Бұл Сайрам мектебiнiң биiк дәрежеге көтерiлiп, қазiргi тiлмен айтқанда әлемдiк стандартқа сай болғандығына дәлел. Ол жергiлiктi елдiң бiлiмге деген құштарлығын оятып жiбердi. Тек содан кейiн ғана ұлы тұлғалар дүниеге келiп, Сайрамды әлемге паш еттi.– Сайрам цивилизациясын гүлденiп, дамуына әсерiн тигiзген қандай тарихи оқиғалар болды?

– Сайрам цивилизациясын гүлденiп, дамуына әсерiн тигiзген тағы бiр елеусiздеу жайт бар. Ислам экспанциясының алғашқы кезеңiнде, ҮIII-IХ ғасырларда дiн-ағарту қозғалысына сырттан келген ағартушылар (негiзiнен, араб, парсы ғалымдары) басымдық танытты. Бұлар мәртебе мен бас пайдасын iздегендер емес, жаңа дiн мен мәдениеттiң шынайы жанашырлары едi. Сайрам жерiне аяқ басқан кезден бастап олар жергiлiктi халықтың тiлiн үйренiп, түркi тiлiнде дәрiс беруге тырысты. Оларға оқшаулану, немесе өздерiн әлдеқандай бiр ақсүйекке балап, қара халықты менсiнбеушiлiк жат едi. Керiсiнше, түркiше сөйлеп, олардың салт-ғұрпын ұстану үлкен мәртебе саналды. Соған қарағанда, сол дәуiрдегi дiн, мәдениет, ағарту саласындағы күрделi өзгерiстер сырттан келушiлердiң билiгiнде кетпей, жергiлiктi аристократиялық топтардың қолдауымен жүрдi ме деген пiкiр туады. Қалай болған күнде де, арада үш-төрт ұрпақ алмасқан соң сырттан келгендердiң басымдылығы жойылып, олардың орнын түркi шәкiрттерi басты. Бұл процестiң жалпы нобайын Сайрам баптарының құрамынан да байқауға болады. ХI ғасырдың жергiлiктi халық өкiлдерi жиi көрiне бастады.

Исфиджаб өркениетiнiң негiзгi мәнi – оның қала, немесе осы Сайрам өңiрi шеңберiнде тұйықталып қалмағандығында. Ол қатынастың кез-келген түрiмен жергiлiктi тайпаларға таралды. Тарихи ескерткiштерден өркениеттiң таралуының, әсiресе, Түркiстан мен Созақ бағыттарында айрықша жемiстi болғандығын байқаймыз. Оған себеп бұл жақтарда халықтың көптiгi, әрi қалалардың саяси ықплының күштiлiгi. Арыстанбабтың ұзақ жыл Сайрамда ұстаздық етiп, Отырарға келуi, Қожа Ахмет Яссауидiң Түркiстанға орын тебуi, Ысқақ бабтың Созақта қалуы миссионерлiк-ағарту қозғалысының соншалық тегеурiндi болғанын аңғартады. Олардың жүздеген мүриттерi болды. Олар өз идеяларына шын берiлген, ержүрек, адал адамдар едi. Өйткенi елге дiн мен мәдениет сәулесiнiң iзгiлiктi нұрын шашты.

Дүниенi үнемi қайта бөлiске салып отыратын қисапсыз соғыстар мен күшпен басып алуға, зорлық-зомбылыққа негiзделген қанқұйлы идеялар, жабайылық пен зұлым күштердiң бүлiншiлiк әрекеттерi, ұдайы алмасып жататын әмiршiлердiң арасындағы дау-таластары мен тобырлар бұқарасын қырып-жою, тартып алуға үндеген идеологиялар бiздiң ата-бабамыздың еншiсiне бұйырған Исфиджаб өркениетiне ауыр соққы болып тидi. Шыңғыстың жер қайыстырған әскерi Сайрам өңiрiн дауыл соққандай жапырып өттi. Сол трагедияның куәсi болған «Муджам-ал-булдан» атты географиялық сөздiктiң авторы Яқұт Ханауи әр-Руми былай деп жазды: «Исфиджаб, Тараз, Сауран, Усбаникент және Фараб жазмыштың тәлкегiне тап болды… сонан соң 616 жылы (1218-1219 ж.ж.) аспан мен жер жаралғаннан ешбiр болмаған апатқа ұшырады… Олар осы қалада қалғандарды қырып-жойды. Тамаша баулар мен әсем қалалардан қираған қабырғалардан басқа және құрып кеткен халықтың сүрлеу-сорабынан басқа ештеңе қалған жоқ».

– Осы тарихи өлкенiң экономикалық мүмкiндiктерi туралы не айта аласыз?

– Ауданда өткен жылмен салыстырғанда бюджеттiң кiрiс бөлiгi едәуiр ұлғайды, өнеркәсiп саласы, әлеуметтiк сала iлгерiледi. Жалпы өнiм көлемi ұлғайды, нарықтық экономика жағдайында Сайрамда шағын және орта кәсiпкерлiк дамыды. Аудан экономикасының сан-саласына едәуiр мөлшерде инвестиция құйылып, халық шаруашылығының қай саласында болсын өрлеу, өсу орын алды.

2008 жылдың алғашқы жартыжылдығында ауданда өткен жылдың тиiстi мерзiмiмен салыстырғанда өнеркәсiп өнiмдерiн өндiру 50 пайызға, ауылшаруашылық өнiмiн өндiру 57,7 пайызға, жүк айналымы 4,8 пайызға, бөлшек сауда – тауар айналымы 5,6 пайызға өстi. Инвестициялардың жалпы көлемi 1523,6 млн. теңгенi құрап отыр, бұл 2007 жылдың тиiстi мерзiмiмен салыстырғанда 60,03 пайызға артты. Аудан бюджетiнiң кiрiстер бөлiгi салық көздерi бойынша сапалы және жоспардан тыс артығымен орындалды.

Мақсатымыз – жаңа шикiзаттық емес экономика құру. Оған нақты мысалдар келтiруге болады. Тұжырымдап айтар болсақ, аудан аумағында ауылшаруашылығына арналған машиналар, оларға керектi қосалқы бөлшектер шығару, көкөнiс консервiлерiн дайындау, түрлi электордтар жасайтын, спирт өндiрiсi, құс етi, жұмыртқа өндiрiсi, басқа да өнеркәсiп тауарларын шығаратын, қайта өңдейтiн, ұқсататын, автокөлiктердi, ауылшаруашылығы машиналарын күрделi жөндеуден өткiзетiн өндiрiс орындары жұмыс iстейдi. Осының өзi-ақ өндiрiстiк дамудың үлкен болашағын, iшкi мүмкiндiктерi мен резервтерiн айқын көрсетедi.

Сайрам ауданы Оңтүстiк Қазақстан облысындағы ең iрi өнеркәсiптiк аймақ. «ЮНИКС», «Шымкентқұс», «Арай», «Арай – астық», «Принир-2004 РК «, «Vin House», «Темiртас» ЖШС, «Оңтүстiк Қазақстан машина жөндеу зауыты» АҚ-мы аудан өнеркәсiбiнiң көш бастаушылары. Олардың өндiрiстiк көрсеткiштерi де жоғары. Қайта өңдеу кәсiбi саласында жаңа кәсiпорындардың шаңырақ көтерiп, жаңа жұмыс орындарының ашылуы аудан экономикасының табысты дамуының бiрден-бiр кепiлi. Тұрғын үй саласында ипотекалық 30 үй салынуда. 10 үйдiң құрылысы толық аяқталып, үй иелерiне кiлттерi тапсырылды. Аудан бойынша ауызсудың тәулiк бойы, үзiлiссiз берiлуiн қамтамасыз ету ең өзектi мәселеге айналды. Көрiктендiру жұмыстары да талап дәрежесiнде жүргiзiлдi. Бiр ғана Ақсукентте 7 мың түп гүл егiлiп, Сайрам ауылдарының орталық көшелерi бүгiнгi күнгi талаптарға сай абаттандырылды. Ақсукент ауылында Жiбек жолы даңғылы мен Абылай хан, Сайрам ауылында Ыбырайым ата, Сареми және Әмiр Темiр көшелерiнде 6155 шаршы метр аяқжол салынды.

Шағын және орта кәсiпкерлiк аудан экономикасының негiзi және маңызды секторы болып табылады. Үстiмiздегi жылдың өткен айлары iшiнде шағын және орта 49 кәсiпорын ашылып, 345 мың адам жұмыспен қамтылды.

– Қызмет барысында өте талапшыл болғандықтан «жауларыңыз» да аз болмайтыны түсiнiктi. Өйткенi турасын айтып туысыңа жақпай қалатын кездерiңiз көп болады. Бұл нелiктен?

– Қызмет барысында қарамағымдағыларға жұмыстың нәтижесi үшiн көп талап қоятыным бар. Сондай-ақ жоғарыдан қысым жасағысы келетiн азаматтармен де жүз шайысып қаламын. Кейде буынсыз жерге пышақ ұрып жататындар бар. Айтқанын iстемесең жау болып шыға келесiң. Әртүрлi өтiнiштер айтылады. Оның бәрiн орындау мүмкiн емес.

– Кейде осы жер дауына байланысты соттасып жатқандарыңызды естимiз. Заң аясындағы айтысыңыз немен аяқталды?

– Бiреумен қызылкеңiрдек болып, жүз шайысып жатқан абырой емес. Қазiр бiз зайырлы қоғамда өмiр сүрiп жатырмыз. Барлық даулы мәселенi өркениеттi елдердегiдей заң шеңберiнде шешкен жөн. Жер дауына байланысты мәселеде сотта жеңiп шықтым. Мен өзiмнiң әдiлдiгiмдi ғана дәлелдедiм, ар-ожданымды ғана қорғадым.

– Әлi Орынбасарұлы, Сiз Жапония, Қытай, АҚШ секiлдi iрi мемлекеттердiң экономикалық және әлеуметтiк жағдайларын көзбен көрiп қайттыңыз. Осы мемлекеттерден ауыл-аймаққа пайдалы озат тәжiрибелер көре алдыңыз ба?

– Әрине, өркениеттi елдерден көп нәрсе үйренуге болады. Дегенмен бiз ауылшаруашылығы саласында артта қалып жатқан жағдайымыз жоқ. Бiздiң аудандағы көптеген СТК-лардың барлығы шетелдегi агросекторға талаптар жүйесiнде жұмыс iстейдi. Әрине, барлығы қаржыға келiп тiрелетiнi шындық. Мұнда ауылшарушылығына қажеттi техникаларды сатып алу жетi пайыз жеңiлдiкпен берiледi. Осы сияқты көмектер аз емес. Элиталы тұқым шаруашылығын дамыту жөнiнде айтатын болсақ, ауданда бұл әдiстi қолданып келемiз. Бұл тәжiрибе Қытай, АҚШ, Жапон елдерiнен алынған тәжiрибенiң бiрi. Өнiм өңдеу саласына тоқталсақ, экономикасы iлгерi дамыған елдер де өз өнiмдерiн өндiрiп, экспортқа шығарады. Ең бастысы, бiз өз шикiзатымызды пайдаланып, осындай мәселелерге көңiл бөлуiмiз керек. Жоспар жасап, өнiмнiң артық-кем шықпағанын қадағалаған жөн. ҚР Ауылшаруашылығы министрлiгi тапсырыс берiп, аталған жоспарды мемлекеттiк деңгейде шешiп отырғаны дұрыс. Бiзде кейде өндiрiлген өнiмдi қайда жiберерiмiздi бiлмей тұйыққа тiрелiп жатамыз. Шаруашылықтарды iрiлендiру бiзде де дамып жатса, шетелде бұл мәселе жүйелi жолға қойылған.

Сұқбаттасқан Балтабек ТҮЙЕТАЕВ

Оңтүстiк Қазақстан облысы