Жаңалықтар

Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ: ҮКIМЕТТIК ШАРАЛАР СТРАТЕГИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДА ТҮЗIЛУI ТИIС

ашық дереккөзі

Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ: ҮКIМЕТТIК ШАРАЛАР СТРАТЕГИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДА ТҮЗIЛУI ТИIС

Алда экономикалық дағдарыстың 4 толқыны күтiп тұр. Ал Үкiметтiң дағдарысқа қарсы күрес шаралары стратегиялық емес, тактикалық тұрғыда ғана. Әрi экономикалық өсiмдi қамтамасыз етуде сапаға емес, санға көңiл бөлiнген. Қаржы жүйесiн қайта құруда «ескi гвардия» жаңашыл мамандарға орнын босатуы тиiс. Халықта ақша жоқ, сондықтан банктер қарызын өтей алмаған отандасты өсiмақымен тұқыртпағаны жөн. Делдалдардың кесiрiнен елдегi қымбатшылық ушығып тұр. Билiк алыпсатарларды ауыздықтауды қолға алсын. Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас Құдайбергенов мырзамен өткiзiлген бүгiнгi сұхбатта осы және басқа мәселелер қаузалды.

ӘЛЕМДIК ЭКОНОМИКАНЫҢ ХАЛI МҮШКIЛ

– Олжас, жуырда ҚР Премьерi К.Мәсiмов Қазақстан экономикасының 2009 жылдың соңына дейiн рецессиядан шығатынына сенiмдi екендiгiн мәлiмдедi. Экономист ретiнде сiздiң пiкiрiңiз?

– Қазақстандағы экономикалық дағдарыстың iшкi және сыртқы екi себебi бар. Iшкi себептер дегенiмiз – жылжымайтын мүлiк нарығындағы алыпсатарлық, құрылыс саласындағы қиындықтар, қаржы жүйесiндегi қаражат тапшылығы, несиелеу қарқынының бәсең тартуы сияқты проблемалар. Бұлар әлi күнге дейiн түбегейлi шешiмiн тапқан жоқ. Ал сыртқы себеп – әлемдiк нарықтағы ахуал. Бiздiң экономикамызға әсiресе, сыртқы себептердiң ықпалы күштi боп отыр. Дүниежүзiнiң орталық банктерi қазан айынан бастап, экономиканы қолдауға бағытталған бағдарламаларын тоқтатуды көздеген. Алайда, осы әрекеттен кейiн қор нарығы жаппай күрт құлдырай бастағандықтан, әлем үкiметтерi қолдауды желтоқсан айына дейiн жалғастыруға келiстi.

– Демек, желтоқсаннан кейiн жағдай тұрақтанады, әлем дағдарыстың дауылынан құтылады деуге бола ма?

– Дамыған елдерде дағдарысқа қарсы күрес мақсатында бөлiнген қаражаттың 90-95 пайызы қаржы саласын тұрақтандыруға көмек ретiнде жұмсалды. Қалған 5-10 пайызы ғана экономиканың нақты саласының еншiсiнде. Осының кесiрiнен жүзеге асырылған шаралардың барлығы экономиканы қолдауға көмектесе алмады. Ал кейбiр жағымды көрсеткiштер тек локальды, яғни, белгiлi бiр салаға ғана тиесiлi болғандықтан, ұзақмерзiмдiк өсiмге ықпал ете алмады. Оның үстiне, жиынтық сұраныс деңгейi төмендеп барады. Халықтың қаржы жинақтау нормасы (яғни, адамдар ақшаны неғұрлым көп жинаған сайын, соғұрлым аз жұмсайды) 2 пайыздан 10 пайызға дейiн көтерiлдi. Отандық кәсiпкерлiктiң де қаржылық қауқары бекiп келедi. Мәселен, банктер активтерiндегi қолма-қол ақша көлемi 15 пайызға, ал қаржылық емес құрылымдардағы (экономиканың нақты саласында) 10 пайызға дейiн артқан. Бұлар – 1947 жылдан бергi ең жоғарғы көрсеткiштер. Халық пен компаниялар қолдағы қаражат қорын неғұрлым үнемдей түссе, дағдарысқа қарсы бағдарламалардың тиiмдiлiгi соғұрлым төмендей бередi.

– Әлемдiк экономиканың ахуалын жақсартуға қаражат жетпесе, жағдай тағы ушықпай ма?

– Желтоқсан айынан бастап, қор нарығы мен шикiзат нарығына бұған дейiнгi көлемде бөлiнген қисапсыз ақша болмайды. Есесiне, осы екi нарықтағы алыпсатарлықтың кесiрiнен «көбiк» пайда болды. Олар үздiксiз өсе беруi үшiн iрi көлемде қосымша қаражат қажет. Алайда, қолдағы қор жұтаң, демек, нарықтағы ахуал керi кетедi деген сөз. Бүгiнде 80 доллардың төңiрегiнде тербелген мұнай бағасы баррелiне – 20-30 долларға дейiн төмендемек. Үстiмiздегi жылдың желтоқсанында дүниежүзiндегi бiрқатар ел дағдарысқа қарсы үкiметтiк бағдарламаларын жариялап, мемлекеттiк қаржылай қолдауларын қайта жалғастыруы мүмкiн. Бiрақ қазiр олардың мүмкiндiгi шектеулi. Бюджет тапшылығы рекордтық деңгейде, мемлекеттiк қарыз көлемi тарихта бұрын-соңды болмаған мөлшерге дейiн көтерiлген. Сондықтан үкiметтер экономиканы қолдауға қаржы құйған күннiң өзiнде, ол көмек 2-3 айға ғана жетпек. Негiзi құлдырау ендiгi басталуы тиiс. Ал Орталық банктер мемлекеттiк қолдауын барынша созуға тырысып бақса, онда шамалары 2010 жылдың көктемiне дейiн ғана жетедi. Есесiне, құлдырау екпiнi күштi болмақ. Демек, үкiметтер алдында екi жол тұр: нарықты қолдауды дәл қазiр тоқтатып, құлдыраудың екпiнiн барынша бәсеңдету немесе мемлекет тарапынан берiлетiн қаржылық көмектi шамасы жеткенше, соза түсу. Мұндайда уақытты неғұрлым созған сайын төмендеу мен құлдырау қарқыны да соғұрлым күшейе беретiнiн ескерген жөн. Әрине, менiң көзқарасыма қайшы келетiн басқа пiкiр болуы мүмкiн.

«САПАҒА ЕМЕС, САНҒА КӨҢIЛ БӨЛIНДI»

– Ал Қазақстандағы жағдай не болмақ?

– Алдағы жартыжылдықта экономикалық болжамдар мен сараптардағы «дағдарыс ауыздықталды, рецессия аяқталды, ендi бәрi жақсы болады» деген мәлiмдемелер арқылы дағдарыстың осы екiншi толқынын күтуiмiз керек. Менiңше, осы дағдарыс – ұзаққа созылған дағдарыстардың бiрi. Тек оның әрекетi толқынды. Мысалы, алғашқы толқын өттi, сәл үзiлiс – қатты құлдыраудан кейiнгi өсу, екiншi толқын өтедi, тағы да – қысқамерзiмдiк өсу, сосын тағы да, жалпы саны 4-5 толқыны жүруi керек.

– Дағдарыс толқынының санын анықтауда қандай негiздерге сүйендiңiз?

– Әлемдiк экономиканың құлдырау деңгейi жалпы алғанда, 35-50 пайыздың көлемiнде. Егер Орталық банктер экономикаға қаржылай дем бермесе, дағдарыстың шарықтау шегi 2 жылда аяқталар едi. Бiрақ мемлекеттiк қолдаудан қағылғандықтан, экономикада әлеуметтiк қиындықтармен бiрге басқа да проблемалар туындап, оның соңы ушығып кетуi ғажап емес. Үкiметтердiң дағдарысқа қарсы бағдарламаларды қолдана отырып, экономиканың төмендеуiн бәсеңдетуге және белгiлi бiр салаларда құлдыраудан кейiнгi тұрақтану, өсудi қамтамасыз етуге тырысып жатқаны сондықтан. Есесiне, дағдарыстың толқыны, экономикалық көрсеткiштердiң төмендеуi 2 жыл емес, 5-6 жылға созылады.

– Қазақстан Үкiметiнiң дағдарысқа қарсы түзген бағдарламасы қаншалықты тиiмдi?

– Үкiметтiк шаралар әзiрге тактикалық тұрғыда ғана жүзеге асырылуда. «Жол картасы» – өте керемет бағдарлама. Оны орындау барысында әрине, қиындықтар кездестi. Соған қарамастан, экономикалық ахуалды тұрақтандыруға үлесiн қосты. 2009 жылдың тамызындағы экономикалық жағдай қаңтардағыға қарағанда едәуiр жемiстi болды. Яғни, жыл соңындағы көрсеткiштердi жылдың басындағы көрсеткiштермен салыстырғанда, жақсы. Бiрақ 2008 жылға (былтырғы тамыз, қыркүйек) қарағанда, нашар.

– Не себептi?

– Бiздегi өсiм сапамен емес, санмен өлшендi. Өсу қарқынының тұрақты болмауы сондықтан. Осының кесiрiнен құлдырау потенциалы қалыптасып, дағдарысқа қарсы шаралар құлдырау потенциалының орнын толтыра алмады. Бұл бiрiншiден. Екiншiден, тактикалық емес, стратегиялық шаралар қабылдаған жөн. Қаржы жүйесiн қайта құру мәселесiн стратегиялық шаралардың бiрi ретiнде атауға болады. Қазiргi дағдарыстан кейiнгi кезеңге арналған тұжырымдаманың да сынайтын тұсы көп. Негiзi жаңа Тұжырымдаманы кемшiлiкке толы ескi жүйенi құрғандар емес, жаңа мамандар құрастыруы қажет едi. Олар ескi құжатты, яғни, Тұжырымдаманың күшiн жоймай-ақ, жаңа құжатты қабылдады. Сонда қаржы саласы бiр мезгiлде екi Тұжырымдаманы жүзеге асыруда: «2007-2011 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының қаржы жүйесiн дамыту Тұжырымдамасы» және «Қазақстан Республикасының қаржы жүйесiн дағдарыстан кейiнгi кезеңде дамыту тұжырымдамасы». Екi құжаттың бiр бiрiне қосарланып жүргiзiлуi құжатты дайындаған адамдардың бұған дейiнгi құрған жүйеде жiберген кемшiлiктерiн мойындауға психологиялық тұрғыда батпайтынын көрсетедi.

– Сондай-ақ, өз ерiктерiмен отставкаға кетуге де жүректерi дауаламайды…

– Оларды отставкаға жiберу мiндеттi емес. Олар – бiздiң елге пайдалы әрi керек мамандар.

– Бiрақ сiз өзiңiз жаңа Тұжырымдаманы мүлде жаңа адамдар құрастыруы керек дедiңiз ғой?

– Олар, яғни, ескi жүйенi құрастырушылар бiзге кеңесшi ретiнде қымбат. Қызмет жолында жиған тәжiрибесi, өмiрден көрген-түйгенi мол ақылшы ұстаздар ретiнде ғана керек. Құжатқа тiкелей жауапты қызметкерлер ретiнде емес. Өз мiндеттерiн атқарды, ендi жайлап өзгелерге орындарын босатуы тиiс. Бұл жерде жас ерекшелiгi де маңызды фактор болып табылады. Ескi жүйенi қалыптастырғандар – 50-60-қа жақындағандар. Олардың заманауи көзқарастарға тез бейiмделуi қиындау. Жылдар бойы жинақталған көзқарас, пiкiрден бiр-ақ сәтте бас тарту әсте мүмкiн емес қой. Негiзi үкiметтiк бағдарламалардың iшiндегi ең тартымдысы әрi тиiмдiсi – индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы. Өз басым осы бағдарлама жүйелi әрi нәтижелi түрде жүзеге асырылады деген үмiттемiн. Аталған құжатта импорттық тауарлардың орнын отандық тауармен ауыстыру, өндiрiстiк күштердi орналастыру мәселелерi қамтылған осы бағдарлама iске асырылған кезде ел экономикасына оң ықпал етерi сөзсiз.

«ЖҰМЫССЫЗДЫҚ – 12%»

– ҚР Статистика жөнiндегi агенттiк күнi кеше елдегi жұмыссыздар санын 6,4 пайызбен шектедi. Ал кейбiр бейресми деректерде жұмыссыздық 25 пайызға дейiн жеткенiн көлденең тартады. Сiздiң пiкiрiңiз?

– Ресми деректердегi 6,4 пайыз деген көрсеткiш дағдарысқа дейiнгi жағдайдан да төмен. Әрине, сондықтан бұл ақпаратқа күмәнмен қарау – заңдылық. Оның үстiне, жұмыссыздыққа қатысты деректер аймақтардан жиналады. Әр аймақ өздерiнiң көрсеткiшiн сәл-пәл өзгертiп көрсетсе, ештеңе етпейдi деп ойлауы мүмкiн. Яғни, өздерiнiң жалған ақпараттар түзуге үлес қосқанын аңғармайды.

– «Құда да, құдағи да тыныш» болуы үшiн жұмыссыздар санын әдейi төмендетiп көрсететiн әкiмдер де баршылық бiзде.

– Ресми деректер шын болуы мүмкiн, жалған болуы да. Қолымызда нақты деректер жоқ, анық-қанығын бiлмеймiз. Тек болжам ғана жасай аламыз. Бiрақ жанама түрде қарастырсақ, 6,4 пайыз – ақылға қонымсыз. Жұмыссыздар саны дағдарысқа дейiнгi көрсеткiштен төмен болуы тiптi мүмкiн емес. Екiншiден, кез келген нәрсеге сенiмдiлiк бiлдiрген сәтте оны нақты деректермен бекiтiп, дәлелдеймiз. Менiң өз тәсiлiме сүйене отырып, жүргiзген зерттеу жұмыстарымның нәтижесiнде Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейi 12 пайызға тең деген тұжырымға келдiм. 12 пайыздан да жоғары деген мәлiметтерге негiз болатын тәсiл мен дәлелдердi мен кездестiрмедiм.

– Сiздiң тәсiлiңiз – қандай тәсiл?

– Еңбекке қабiлеттi азамат ай сайын зейнетақы қорына ақша аударып отырады. Ай сайын қордағы сандардың өсiп, өзгерiп отыратыны белгiлi. Осыған қатысты деректердi ҚР Қаржылық құрылымдарды реттеу және қадағалау агенттiгi жүйелi түрде жариялап отырады. Зейнетақы қорларындағы көрсеткiштi экономикалық тұрғыда белсендi ортаға бөлемiз. Шығатын қорытынды, шамамен алғанда, 88 пайызға жуық. Қалған 12 пайызы зейнетақы қорларына ақша аудармайды. Демек, осы 12 пайыз – жұмыссыздар.

– Ал инфляцияға қатысты көрсеткiштер қанша пайыз?

– Инфляцияны бөлек зерттеп көрген жоқпыз. Алайда, қазiргi ахуалға сәйкес, 10-12 пайыз төңiрегiнде болуы мүмкiн. Бұл жерде басқаша қырынан қарастырған жөн. Iс жүзiнде, бiздегi инфляция 0-1 не 2 пайызбен шектелуi тиiс. Оның ушығып кетуi ақпандағы девальвацияның кесiрiнен.

– Кеше тiкелей эфирден Президент Н.Назарбаев Министрлер кабинетiн инфляцияға қатысты сынға алды. Сiздiңше, Үкiмет қымбатшылықпен күрес саясатын ойдағыдай жүргiзiп жатыр ма?

– Мен айтылған сынның 100 пайызы жақсысы немесе 100 пайыз жаманы болады деген пiкiрдегi адам емеспiн. Кез келген нәрсенiң күнгейi мен көлеңкесi қатар жүредi. Сондықтан қазiргi жағдайды түзейтiн 2 шара бар. Бiрiншiсi, бiздiң экономиканың барлық саласында алыпсатарлық, делдал проблемасы бар. Өндiрушi мен тұтынушының арасындағы делдалдар. Егер шикiзатты тасымалдаушы мен өндiрушi арасындағы делдалды жойып, барлық тауарды тiкелей сатып алуға көшсек, қолдан жасалынатын қымбатшылықты ауыздықтауға мүмкiндiк туады. Егер шикiзат өндiрушi мен тасымалдаушы екеуi екi түрлi қалада болса, онда жағдай басқаша. Жанар-жағармай стансасы Атырауда делiк, мұнай шикiзатын өңдейтiн зауыт та – сол қалада. Демек, жанар-жағармай стансасы бензиндi тiкелей зауыттан сатып алуы керек. Солай емес пе?

– Әрине!

– Бiрақ қазiр сол атыраулық станса мен зауыт арасында бiр емес, бiрнеше делдал пайдаға шаш-етектен кенелiп жүр. Тез арада бүкiл республика бойынша делдалдарды саудадан шеттету керек. Қымбатшылықпен күрестiң екiншi жолы тариф саясатына тiкелей байланысты. Яғни, монополия мәселесi. Бүгiнде адамдар дағдарыстан қиналып жүр. Демек, тарифтер де өсудiң орнына, керiсiнше, төмендеуi тиiс. Шет елдерде тарифтер төмендетiлiп жатыр.

– Өткенде Бизнес форумда сiз банктердiң несие алушылар жағдайымен санасу керектiгi туралы да мәселе көтердiңiз. Осы мәселеге қысқаша тоқталсаңыз?

– Адамдарда қазiр басы артық ақша жоқ. Қаражат тапшылығынан онсыз да қиналып жүрген халыққа банктер түсiнiстiкпен қарауы керек. Мысалы, егер несие алушының қарызын өтеуге жағдайы келмесе, банктер мерзiмiнде өтелмеген несиенiң өсiмақысын тоқтатуды, сондай-ақ, банктердiң бiржақты тәртiппен келiсiм-шарттардағы талаптарды өзгертуге және пайыздық ставкаларды көтеруге құқы болмауы шарт.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ