Жаңалықтар

КӨБIК ЭКОНОМИЯДАН БЕРIК ЭКОНОМИЯҒА ҚАРАЙ

ашық дереккөзі

КӨБIК ЭКОНОМИЯДАН БЕРIК ЭКОНОМИЯҒА ҚАРАЙ

Соңғы кездерi әлемдi шарпыған дағдарысты жағдайдың орын алуына қарай бiрқатар елдердiң инвестициялық ахуалдары нашарлап кеттi. Бұның өз кезегiнде экономиканың тұрақтылығына әсерi тиетiнi сөзсiз. Сондықтан да елде қолайлы инвестициялық ахуал орнықтыру әрқашанда маңызды болып қала бермек. Осы ретте «Қазақстанның инвестициялық ахуалы қаншалықты орнықты, тартымдылығы қай деңгейде, қандай әрекеттер iске асырылып жатыр?» деген сауалдар туындайтыны заңды. Қолда бар деректерге сүйене отырып, осыны таратып көрелiк.

Әлемде орын алған дағдарысқа қарамастан, елiмiзде қолайлы инвестициялық ахуал сақталды. Бұл жөнiнде Үкiмет басшысы К. Мәсiмов жуырда Астанада өткен «Нұр Отан» ХДП-ның ҚР Парламентi Мәжiлiсiндегi фракциясының кеңейтiлген жиналысында жасаған баяндамасында мәлiм еттi. Ол елдегi инвестициялық ахуалдың нақты жай-күйi туралы «елiмiзде 69 iрi жоба iске асырылуда, олар бойынша инвестициялардың жалпы көлемi 32 млрд. АҚШ долларын құрайды. Халықаралық капиатал нарығының қозғалыссыз қалуы бiздiң экономикалық дамуымызға тосқауыл бола қойған жоқ. Балқаш ЖЭС, Екiбастұз ГРЭС-2, Мойнақ СЭС, «Бейнеу-Бозой» магистралды газ желiсiнiң, «Қорғас-Жетiген», «Өзен — Түркменстан шекарасы» темiржол желiлерiнiң, құрылыстары, «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автожолын реконструкциялау, заманауи цемент зауытын салу, газхимия кешенiн, битум зауытын салу, мұнай өңдеу зауыттарын реконструкциялау — бұлардың бәрi де экономиканы әртараптандыруға және модернизациялауға қосылған нақты үлес», деп атап көрсеттi.

Қазақта «Бiр жоқты бiр жоқ табады» деген сөз бар. Дағдарыс көп нәрсеге көзiмiздi ашты. Экономикалық негiзi жоқ көбiктен, тиiмдiлiгi шамалы жүйелерден арылуға әсер еттi. Мәселеге жаңаша, басқа қырынан қарауға мүмкiндiк бердi.

Дағдарыс қолда бар мүмкiндiктердi ұтымды пайдалануға, бүкiл күштi ортақ мақсатқа жұмылдыруға жол ашты. Елiмiздiң барлық өңiрiнде жолдарды жөндеуге, жылу электр станцияларын салуға, әлеуметтiк нысандар құрылысын жүргiзуге назар аударылды. Нақты қаражат бөлiндi. Бұлар қаншама жұмыс орындарының ашылуына әсер еттi. Соның арқасында елде жаппай жұмыссыздықтың алды алынды.

2009 жылдың 9 айының қорытындысына қарағанда, елiмiзде негiзгi капиталға инвестиция көлемi бұрынғы қалпын сақтап қана қойған жоқ, сонымен бiрге 2,2 пайызға өскен, республикалық бюджеттен салынған инвестицияның көлемi 5 пайызға артқан.

Әдетте, экономикасы шатқаяқтаған, iшкi тұрақтылығы нашар елдерге деген сенiм аз болады. Ол елге ешкiмнiң де инвестиция салуға құлқы болмайды. Елге деген сенiмнiң деңгейiн де ел экономикасына салынған шетелдiк инвестициялар көлемiне қарап бағалауға болады. Статистикалық деректерге қарағанда, биылғы бiрiншi жартыжылдықтағы шетелдiк тiкелей инвестицияның ағыны 8 млрд.-қа жуық АҚШ долларын құраса, сауда-саттық кредиттер — 20,3 млрд. АҚШ доллары болған.

Инвестициялардың тағы бiр тобы iрi-iрi жобаларды шетелдiктермен бiрлесе iске асыруға байланысты. Қазақстанның Премьер-министрi К. Мәсiмовтiң айтуынша, шетелдiк әрiптестермен бiрлескен жобаларды iске асыру үшiн Қытайдан 13 млрд. АҚШ доллары, Кореядан 5 млрд. АҚШ доллары, Ресейден 3 млрд. АҚШ доллары, Франциядан 2 млрд.-тан аса АҚШ доллары көлемiнде қосымша инвестициялар тартуға қол жеткiзiлген. Үкiмет басшысы «Бұлар – абстрактiлi инвестициялар емес. Олардың негiзiнде нақты әрi егжей-тегжейлi әзiрленген жобалар тұр», деп атап көрсеттi. Бұлардың бәрi де ұзақ мерзiмге бағытталған жобалар. Ел экономикасына қысқа мезеттiк емес, ұзаққа созылатын тиiмдi әсерi болады. Осы айтылғандар Қазақстанда инвестициялық ахуалдың өз тартымдылығын сақтап отырғандығына айқын дәлел бола алады.

Макроэкономикалық көрсеткiштердiң тұрақтылығы, инфляция деңгейi, жалпы iшкi өнiм көлемiнiң барысы да инвестициялық ахуалға әсер ететiн шешушi факторлар. Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгiнiң мәлiметiне сүйенсек, ағымдағы жылдың 9 айында орташа жылдық инфляция 7,8 пайызды құраған. Ол 2008 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 11,4 пайыздық тармаққа төмен. Үстiмiздегi жылы қыркүйекте 2008 жылғы желтоқсанға қарағанда инфляция 4,7 пайызды құраған. Бұл 2008 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 3,7 пайыздық тармаққа төмен. Иинфляциялық үдерiстердi реттеу бойынша қабылданған шаралар тұтыну нарығында бағаның өсуiн тежеуге әсер еттi.

Сол секiлдi iшкi жалпы өнiм көрсеткiштерi де көңiлге үмiт ұялатады. Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша елiмiздегi iшкi жалпы өнiмнiң өсуi 1,5 пайызды құраған. Жалпы алғанда экономикадағы оң үрдiстердiң нығаюы жыл қорытындысы бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткiзуге мүмкiндiк беретiндiгiн көрсетедi.

Әрине елдегi қолайлы ахуалдың сақталуы өзiнен-өзi болып отырған жоқ. Мәселеге дер кезiнде назар аударып, уақтылы шешiмдер қабылдап, оны тиiстi қаражатпен қамтамасыз ете отырып, жұмысты үйлесiмдi түрде жұмыла атқарудың арқасы. Елбасымыздың жүргiзiп отырған саясатына, атқарушы билiктiң дағдарысқа қарсы атқарып жатқан кәсiпқой iс-қимылына тiкелей байланысты.

Үкiметтiң дағдарысқа қарсы сауатты жұмысы өз жемiсiн беруде. Бұл экономиканың жанданып, өндiрiстiң баяу болса да өсуiнен көрiнедi. Дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүргiзу нәтижесiнде, елiмiзде жұмыс орындары сақталды. Жұмыссыздық көлемi кемiдi. Банктер жұмысы жүйеге түсiп, кредиттер берiле бастады. Баға тұрақтанды. Әлеуметтiк қамсыздандыру әлсiреген жоқ, керiсiнше күшейе түстi.

Ел болған соң әртүрлi пiкiрдiң болатыны белгiлi. Жақтаушылар да, сынаушылар да табылады. Сарыуайымға салынып, қара аспанды төндiретiндер де кездеседi. Бiрақ мұндай көңiл-күйге берiлгеннен жағдай түзелiп кетпейдi. Бiздi алып шығатын – сабырмен, есеппен күнделiктi атқарылатын нақты iс-әрекеттер. Сондықтан ұнжырғамызды түсiрiп, уайымға салынуға негiз жоқ. Елiмiзде дағдарысқа қарсы арнайы бағдарлама жұмыс iстеуде, оған осы мақсатқа деп жинақталған Ұлттық қордан тиiстi қаражат бөлiнген. Ол нақты нәтижесiн көрсетуде.

Саруыуайымшылар, «Банк жүйесi күйрейдi, жұмыссыздық көлемi өседi, өндiрiс күрт құлдырайды» деген секiлдi терiс жорамалдар жасаған едi. Бақытымызға орай, олардың айтқандары келмедi. Бұның бәрi дағдарысқа қарсы қабылданған бағдарлама бойынша күнделiктi тынымсыз жұмыстың жемiсi.

Әрине, қайта қалпына келу деген ұзаққа созылатын процесс. Әрi бұл әлемдiк экономиканың оңалу деңгейiне де байланысты. «Батпандап кiрген ауру, мысқалдап шығады» деген. Дағдарыстың екiншi толқыны жүруi де ықтимал. Жаман айтпай жақсы жоқ. Егер дағдарыстың толқыны қайыра соғатындай болса, соған дайындық жасаған ләзiм. Сондықтан көрiнiс бере бастаған экономикалық өсiмнiң қарқынын тоқтатпау, оған қуатты әрi ұзаққа созылатын әсер беру iсi маңызды болып қала бермек. Бұл үшiн экономиканы әртараптандыру, бизнеске қолдау көрсету, инвестициялық ахуалдың қолайлылығын сақтау iсiн жалғастыра берген жөн.

Н. Жанарыс