ЖАНАРМАЙ МӘСЕЛЕСIН МӘСIМОВ ҚАДАҒАЛАМАҚ
ЖАНАРМАЙ МӘСЕЛЕСIН МӘСIМОВ ҚАДАҒАЛАМАҚ
Әдетте жанармай бағасы күзге салым жиын-терiн кезiнде қымбаттап, қайта түсетiн едi. Бұған диқаншылардың да, қарапайым көлiк жүргiзушiлердiң де етi үйренген. Жылда осы. Бұл мәселе тек Үкiмет, министрлiк араласқанда ғана бiр шешiмiн тауып тынатын. Алайда, қабағы қатулы қыс айының табалдырығында тұрсақ та, жанар-жағармай бағасы ырыққа көнбей тұр.
Жанар-жағармай айналасындағы дау-дамай әуелгi кезде Оңтүстiк өңiрден басталды. Мұнда ұрымтал сәттен пайда тапқысы келген пысықайлар бағаны шарықтатып жiбергенi соншалық, жанармай құю бекеттерiнiң өзi жанармай тапшылығына бой ұрды. Осы жағдай елiмiздiң барлық өңiрiнде байқалды. Әсiресе, көлiк саны мен кептелiсi өте көп Алматы қаласының көлiк жүргiзушiлерiнiң қалтасы да осы ауыртпалықты сезiндi. Себебi, жекеменшiк компаниялар сатылымдағы жанармай бағасын аспандатып жiбердi. Ал, әзiрге жұрт «Гелиос» компаниясының өнiмiне ұзақ-сонар кезек күту арқылы қол жеткiзiп жүр. Неге десеңiз, мұндағы жанармай бағасы басқаларға қарағанда едәуiр арзан. Табиғи монополияларды зерттеу агенттiгi төрағасының орынбасары Жасер Жарқынбаев бағаның көтерiлуiн Ресейден сатып алынатын мұнай бағасының өсуiмен байланыстырады. Мәселен, жылдың басында мұнайдың бiр баррелi әлемде 45 доллар болса, қазiр 70-80 долларға жеткен. Мұнай өндiрушiлердiң бағаны өсiрiп отырғаны да сондықтан. Оларға жергiлiктi әкiмшiлiк тарапынан айыппұл салынды деп ауыз жиып үлгергенше нарықтағы барлық iрi ойыншылар бағаны қайтадан көтерiп жiбердi. Бiрақ бұған Табиғи монополияны реттеу агенттiгiнiң өзi батасын берiп отырған сияқты. Тiптi, алпауыттардың бағаны көтеру жайлы бастамасын қолдаған шенеунiктердiң жағдай тұрақтанған соң қайта арзандайды деуi көңiлге күдiк ұялатады. Өйткенi, құзырлы мекеме «Бiз Ресей нарығына тәуелдiмiз. Өз өнiмiмiз жетпейдi» деген уәжден басқа мардымды жауап қатпады.
Ал, техникалық реттеу және метрология комитетiнiң Алматы қалалық департаментi мамандары қаламызда сатылып жатқан бензин бiткеннiң 80 пайызы сапасыз дегенге тоқталды. Арнайы тексеру кезiнде жанармай құю бекеттерiнiң 29-ына әкiмшiлiк шара қолданылған. Яғни, 78 пайызы заңды өрескел бұзғандар қатарында. Жақында темiр тұлпар сүйетiн қауымның «Колесо» газетiнде «На алматинских АЗС не доливают топлива» деген шағын мақала жарық көрдi. Аты айтып тұрғандай, Алматы қаласының жанармай құю бекеттерi жанармайдың көлемiн көбейту үшiн арнайы қоспалар қосатын көрiнедi. Тiптi, кейбiрi қымбат маркалы жанармайдың орнына сапасызын сатса, ендiгi бiрi үнемдегici кеп литрлеп жейдi екен. Мәселен, Гагарин 236 «б» даңғылындағы жанармай құю бекетiнiң АИ-80, АИ-92, АИ-96 маркалы бензинiн тексергенде, жанармайды толық құймайтындығын анықтап, компанияға 90 айлық есептiк көрсеткiш (АЕК), ал лауазымды тұлғаларға 25 АЕК негiзiнде айыппұл салынды. Сол сияқты «Сонар Мұнай өнiмдерi» ЖШС-нiң жанармай құю желiлерiнде де жоспарлы түрде тексеру болып, 3 бекетте стандартқа сәйкес емес АИ-93 маркалы бензинi мен дизельдi жанармайын құюды шектедi. Ал, «Сонар Мұнай өнiмдерi» ЖШС-iне әкiмшiлiк айып белгiленген. Табиғи монополияны реттеу агенттiгi атқаруы тиiс шаруаны мұнай өнiмдерiне сараптама жасайтын «Organic» тәуелсiз орталығы атқарған. Ендi олар зерттеу қорытындысы бойынша арнайы шаралар қабылдауды техникалық реттеу және метрология комитетiнiң Алматы қалалық департаментi мамандарына жүктеп отыр.
Сонымен, мұнай өнiмдерiн саудаға салып, мол пайдаға кенелiп жатқан жекеменшiк компаниялардың заңсыз әрекетiне қоғам мүшелерi тосқауыл қоя алмады. Бұл мәселе тек Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмовтiң қатаң тапсырмасының арқасында реттелмек. Апта басында жанар-жағармай нарығындағы бағаны қалыптастыру мәселесi бойынша бiрқатар мiндеттер артып, жергiлiктi әкiмдiктерге үш-төрт күндiкте жауабын берудi тапсырды. «Ұзақ мерзiмдi мiндеттерге тоқталсақ, елiмiздегi үш мұнай өңдеу зауыттарын қайта жөндеуден өткiзгеннен кейiн, 2014 жылға қарай Қазақстан барлық қажеттi мұнай өнiмдерiмен өзiн қамтамасыз ете алады. Оның iшiнде бензин, авиакеросин, битум, сондай-ақ барлық қажеттi өнiмдер бар», – дедi Үкiмет басшысы. Екiншi мақсат – орта мерзiмдi мiндеттер. Яғни, 2010-2014 жылдар аралығында, Кеден одағы құрылған жағдайда және Қазақстан аумағында мұнай өнiмдерiнiң жетiспеушiлiгi туындайтын болса, қалай жұмыс iстеу жайын қарастыру жүктелдi. «Бiрiншi және екiншi мәселе бойынша сiздерге жыл соңына дейiн ұсыныстар енгiзудi тапсырамын», – деп қадап өттi Премьер-Министр. Ал, үшiншi мақсат – бұл қысқа мерзiмде атқарылатын шараларға бағытталған. Бұл тұрғыда Кәрiм Мәсiмов Энергетика және минералдық ресурстар министрi Сауат Мыңбаевқа қаратып: «Алдағы апталар мен айларда атқарылатын iстер қамтылуы тиiс. Осыған байланысты тиiстi ұсыныстарды күтемiн», – дедi. Қысқасы, Премьер-министр заң бұзғандар құқық қорғау органдарының қарауына енгiзiлуi тиiс. Бағаны өз ерiктерiне қарай бағындырғандар жауапқа тартылулары керек, – деп қорытты өз сөзiн. Алайда, Энергетика және минералды ресурстар министрi Сауат Мыңбаев жанар-жағармай бағасын реттеу бойынша бiрқатар шараларды қабылдап жатқандығын тiлге тиек ете келе, атап айтқанда көршi елдерден жоғары октанды бензиндi қосымша жеткiзу үшiн топлингтiк операцияларды шапшаңдату жоспарланып отырғанын жеткiздi. Бұдан бөлек, министрлiк облыстарға бензиндi жеткiзу бойынша кестелердi бекiту жұмыстарын жалғастырып, жергiлiктi әкiмшiлiк бақылауды күшейту үшiн облыстар бойынша бензиннiң қайда және қанша жұмсалғанын қарап отыратын карта әзiрлептi. Сондай-ақ, министр Қазақстанда жоғары октанды бензиннiң шамамен 37 пайызы Ресейден импортталатынын айтты. Себебi, бiздiң зауыттарымыз республикамызға қажеттi жоғары октанды бензиндi техникалық жағынан өндiре алмайды екен. «Бұл бензиннiң Ресейдегi бағасы еркiн және бензин үшiншi елдерге еркiн экспортталуда. Тиiсiнше Ресейдегi бензиннiң бағасы әлемдiк рыноктағы бағаға байланысты түзiледi. Бiз Ресейден 40 пайызға жуық бензиндi импорттай отырып, оның бағасының ықпалынан ауытқи алмаймыз. Ресей мен Қазақстанның жанар-жағармай нарығының өзара ықпалдасуы Кеден одағы құрылғаннан кейiн бұдан да айқын бола түседi», – деп сендiрдi министр.
Естерiңiзде болса, биыл елiмiз экологияны ластамаймыз деп «Еуро-2» халықаралық стандартын енгiздi. Ел шекарасына жылы ескi көлiктердiң кiруiне тыйым салып, жұрттың бәрiн қымбат көлiк мiнуге мәжбүрлеудемiз. Бiрақ бiздiң бағасы удай, сапасы судай жанармайды құйған жаңа көлiгiңiз де бiр-екi жылда күл-қоқысқа айналмай ма? Жанармай сапасын 2010 жылдан бастап жаңа экостандартқа сәйкестендiремiз десек те, бiз әзiрге бағаны бiр өсiрiп, бiр түсiруден басқа шаруаға мойын бұрмай жатқан сияқтымыз.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ