ЖӘНIБЕК ПЕН КЕРЕЙ ЕСКЕРТКIШI ТӨҢIРЕГIНДЕГI ДАУ ЖАҢА СИПАТ АЛДЫ
ЖӘНIБЕК ПЕН КЕРЕЙ ЕСКЕРТКIШI ТӨҢIРЕГIНДЕГI ДАУ ЖАҢА СИПАТ АЛДЫ
Сәулетшiлер мен мүсiншiлер, тарихшылар мен этнографтар Жәнiбек пен Керейдiң ескерткiшiн Астанаға қоюға қарсы. Олардың көлденең тартып отырған басты уәжi — ескерткiш көркемдiк пен эстетикалық талаптарға сай келмейдi, тарихи-этнографиялық талдау мен сараптаудан өтпеген. Бұл жөнiнде Алматы мен Астана қалаларында баспасөз-мәслихатын өткiзген сәулетшi-мүсiншiлер М. Мансұров, Н. Далбай, Қ. Жарылғапов, Қ. Ибрагимов, Л. Оразбекова және Б. Тайталиевтер мен тарихшылар Б. Аяған, О. Смағұлұлы, Хангелдi Әбжановтар мәлiм етiп отыр.
Соңғы бiр ай көлемiнде Қазақстанда тарихи мұраға қатысты дау-жанжал өршiп тұр. Егер, Қазақ тарихын Қазақ хандығынан бастайтын болсақ, Қазақ мемлекетшiлдiгiнiң негiзiн қалаған Керей мен Жәнiбек хандардың қоладан құйылған мүсiнiнiң саяси маңызы бар «Қазақ елi» ескерткiш мемориал-кешенiнен орын алмауы – бойында қазақ қаны намысы бар талайдың өзегiне шоқ түсiргенi анық.
Бүгiнгi билiк қаласын қаламасын тарих доңғалағын керi айналдыру мүмкiн емес. Егер, ХV ғасырда осы бiр алып территорияда Қазақ хандығы жеке шаңырақ көтерiп шықпағанда, бүгiнгi Қазақстан Республикасы да болмас едi. Бұл дәлелдеудi қажет етпейтiн қағида. Сол себептi де, әз Жәнiбек пен Керей елдiктiң, мемлекеттiлiктiң символы ретiнде тәуелсiз Қазақ елiнде бiрiншi дәрiптелетiн тұлға. Бiрақ, неге екенiн қайдам осы уақытқа дейiн Жәнiбек пен Керейдiң тұлғасын ұлықтау iсiне мән берiлмей келедi. Қазақстан тәуелсiз мемлекет атанғалы 18 жыл өтсе де, осы бiр тарихи тұлғалардың атында көше жоқ. Ескерткiш қойылмай келедi.
Ал, саяси мәнi жағынан ерекше, елдiктiң, тәуелсiздiктiң және мемлекеттiлiктiң белгiсiндей болған «Қазақ елi» монументiнiң айналасындағы дау жаңа сипатқа көштi.
Осы ретте Алматыда осы аптаның басында баспасөз-мәслихатын өткiзген «Қазақ елi» кешенiнiң авторлары мен Астана қаласы бас жоспарының бас архитекторы Бақтыбай Тайталиев мырза қазақ мемлекетшiлдiгi тарихында елеулi орын алатын тұлғаларға ескерткiш орнату идеясы 2006 жылы туындағанын айтады.
– Қазiр Астанада «Мың жылдық аллея» атты тарихи кешен салыну жоспарланған. Бiрақ, оның құрылысы қашан басталып, қашан аяқталатындығы нақты белгiлi емес. Осы тарихи кешенде қазақтың мемлекетшiл тұлғаларының барлығының ескерткiштерiн орнату жоспарланған. Алайда, қазiргi дағдарыс жағдайында мұндай iрi кешендi салу iсi оңайға соқпайтыны белгiлi. Сол себептi де, «Мың жылдық аллея» кешенiн тұрғызу iсi кешеуiлдеп тұр, – дедi ол.
Хундарды қазiргi Мажарстан территориясына бастап барған Аттила (Едiл) батыр Хунғария (Венгрия) атты алып империяны өмiрге келтiргенi белгiлi. Бүгiнде сол Хунғарияда «Мың жылдық тарих» атты алып кешен бар. Осы кешенде Хунғарияның мемлекетшiл тұлғаларының барлығына ескерткiш қойылған. Соның iшiнде Хунғарияны басқарған корольдардың барлығы да осы мемориалдан орын алған. Жәнiбек пен Керей ескерткiштерiнiң авторы Сембiғали Смағұлов ел президентi Назарбаев Хунғарияға жасаған сапарында осы ескерткiш мемориалды тамашалап қайтқандығын айтады. Содан кейiн «Қазақ елi» мемориалдық кешенiнде Жәнiбек пен Керейдiң және ел қорғаған батырлардың ескерткiшi тұруы керек деген тапсырманы өзi берiптi.
Осы аптаның сейсенбiсiнде Астанада баспасөз-мәслихатын өткiзген тарихшылар Бүркiт Аяған, Оразақ Смағұлұлы, Хангелдi Әбжановтар бұл ескерткiштердiң Қытайдың жауынгерлерi мен императорларының көшiрмесi сынды болғанын айтып, дүйсенбi күнi Алматыда баспасөз-мәслихатын өткiзген сәулетшiлер мен мүсiншiлердiң әңгiмесiн қайталады. Сәулетшiлер мен мүсiншiлер «бұл ескерткiштер сәулет өнерiнiң талаптарына сай келмейдi, тарихи, этнографиялық талдау мен сараптан өтпеген, өте асығыс жасалған сапасыз» деген айып тақса, тарихшылар тарихи дәйектердi алға келтiре отырып, Жәнiбек пен Керейдiң жастығы, қандай да бiр тәуекелге деген талпынысы, мiнез-құлқын ашу iсi және киген киiмi, антропологиялық ерекшелiктерi ескерiлмегендiгiн сөз еттi.
Сондай-ақ, Қазақтың Керей және Жәнiбек хандары мен батырларының мүсiндiк ескерткiштерiне тарихи-антропологиялық сараптама жасау жөнiндегi арнайы комиссияның қорытындысы шықты. ҚР ҰҒА академигi, тарих ғылымдарының докторы, профессор-антрополог Оразақ Ысмағұлұлы бастаған ескерткiшке тарихи-антропологиялық сараптама жасау жөнiндегi арнайы комиссия мүшелерi Қазақ халқының антропологиялық ерекшелiгiн, сол дәуiрдегi кезеңнiң тарихи белгiлерi мен шынайылығын,
сол замандағы қазақ халқының тұрмыс-тiршiлiгi мен этнографиялық ерекшелiктерiн, көркемдiк шынайылығын, тарихи кезеңнiң сәйкестiлiгiн зерделей келе, мұқият зерттеп, жобаның жекелеген фрагменттерiне қатысты ескертпелер мен кемшiлiктердi анықтады. Нәтижесiнде төмендегiдей қорытынды жасады:
1. «Қазақ хандары мен батырларының мүсiндiк композициялық жобасын әзiрлеу және жасау барысында нақты кемшiлiктерге жол берiлген. Орын алған тарихи, антропологиялық және көркемдiк кемшiлiктер аталған объектiнi Қазақ хандығының негiзiн қалаған Керей мен Жәнiбек хандардың мүсiндерi деп атауға еш негiз бола алмайды.
2. Ескерткiш-мүсiндердi әзiрлеудегi орын алған түрлi тарихи, практикалық және заңдық көптеген қателiктер бүгiнгi және болашақ ұлт ұрпақтарын шатастыратын шала дүние болып табылады. Бұл аталған мүсiндердiң ұсынылып отырған қазiргi нұсқасында оларды қоғамдық орындарға орналастыруға мүлдем болмайтындығын көрсетедi. Мүсiндердi дәл осы қалыптарында орналастыру — бұл қазақ хандығының негiзiн қалаған тарихи тұлғалардың даңқына дақ түсiрiп, рухы мен аруағын қорлап, сүйекке таңба салатын, ұлт тарихын масқаралауға ұрындыратын дүние болмақ.
3. Ескерткiш – халықтың жаны мен жады. Оған сондықтан да жүрдiм-бардым және жекелеген түсiнiктер тұрғысында қарауға болмайды. Қазақ елдiгiнiң негiзiн қалаушы мұндай тарихи тұлғаларға ескерткiш орнату iсi мемлекеттiк деңгейдегi шешiмдi қажет етедi. Бұл тұрғыда, Керей мен Жәнiбек хандарға арналатын ескерткiштер кәсiби тұрғыда талқыланып, өте мұқият орындауды қажет ететiн қастерлi дүние. Сондықтан да мемлекеттiк деңгейде жалпы ұлттық талқылаумен ең үздiк жобаны анықтайтын конкурс жариялаған жөн.
4. Жоғарыда келтiрiлген барлық ғылыми тұрғыдағы қорытындыларды есепке ала отырып, аталған объект сәулеттiк-идеологиялық жағынан да, көркемдiк және тарихи-мәдени тұрғысынан да ешбiр сын мен сапаны көтермейдi деп есептеймiз».
Әрине, елдiктiң, мемлекеттiлiктiң символы – Жәнiбек пен Керей ханның мүсiндерi «Мың жылдық» аллеядан орын алатыны даусыз. Бiрақ, осы тарихи және саяси мәнi бар мәселенiң қашан шешiмiн табары белгiсiз?
Есенгүл Кәпқызы