ЖАС ШӘКӘРIМТАНУШЫЛАР

ЖАС ШӘКӘРIМТАНУШЫЛАР

ЖАС ШӘКӘРIМТАНУШЫЛАР
ашық дереккөзі

Адамзат дүниетанымына өзiндiк iзiн қалдырған, қазақ халқының ғасырлардан берi жалғасып келе жатқан руханиятының көшбасшысы болған кемеңгер Шәкәрiм Құдайбердiұлының рухы Алматының төрiнде тағы бiр асқақтады. Қарашаның 4-i күнi қалалық Тiлдердi дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Жазушылар одағында «Шәкәрiм мұраларына жаңа буын көзқарасы» атты жас ғалымдар мен студенттердiң конференциясы болып өттi. Заманымыздың күн тәртiбiнде тұрған мәселелердiң бiрi – Шәкәрiм атамыздың асыл мұралары мен астарлы ойларын ақтарып, оларды рухани сабақтастық негiзiнде зерттеп-зерделеу.

Шәкәрiм оқуларын ашқан Тiлдердi дамыту басқармасының бастығы, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Iсләмжанұлы келген қонақтар мен қатысушыларға, әсiресе Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетiнiң жанындағы «АБЖаД» интеллектуалды-таным клубының студенттерiне оқуларға белсендi түрде қатысып жатқандары үшiн алғысын бiлдiрдi.

АБЖаД – Әлiмхан Ермеков пен Қаныш Сәтбаев, Ақжан Машани секiлдi Алаш арыстары негiзiн қалаған рухани-мәдени дәстүрiмiздi жалғастыруды мұрат еткен студент жастардың интеллектуалды- таным клубы. Ол Ақжан Машани құрған «Әл-Фараби» таным клубының, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетiнiң проректоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Ұлықпан Сыдықов ұйымдастырған студенттердiң «Бәйшешек» әдеби бiрлестiгiнiң заңды жалғасы. Осындай дәстүрдiң мұрагерлерi болып отырған «АБЖаД» интеллектуалды-таным клубының студенттерi аталған оқуларда Шәкәрiм мұраларына деген кiршiксiз ықыласын байқатты. Аталған жиынды Тiлдердi дамыту басқармасының бастығы Кенжехан Iсләмжанұлы Матыжанов ашып берсе, ары қарай абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахмет пен техника ғылымдарының докторы, профессор, «АБЖаД» клубының жетекшiсi Саят Мұратұлы жүргiздi.

Отырыс барысында айтылғандай, Шәкәрiм атамыздың жаратылыс туралы ойлары мен терең тұжырымдары әлемдiк ғылым ендi ғана қол жеткiзе бастаған жаңалықтарды қамтиды. Кемеңгер тұлғаның осындай көзқарастары жастар назарынан тыс қалмаған. Конференцияның басты ерекшелiгi – жастардың Шәкәрiм мұраларын жаратылыстану ғылымдарымен ұштастыра зерттеуi. Айтар болсақ, Ә.Кенжебаеваның «Шәкәрiм және кристаллография мәселелерi», Н.Ибраевтың «Шәкәрiм және бұлттар жүйесiнiң сызықсыз динамикасы», Г.Рысқұлованың «Шәкәрiм Құдайбердiұлы шығармаларындағы текстологиялық кейбiр мәселелер», Д.Қасабекованың «Абай және Шәкәрiм оқуларын мектепте қалай оқытамыз?», А.Халбековтың «Абай және Шәкәрiм философиясындағы әдiлет мәселесi» атты баяндамалары ғұлама Шәкәрiмнiң сыр сөздерiнде айтылып, бiрақ осы күнге дейiн ескерiлмей келген бiрқатар тұжырымдарының бетiн ашуға талпыныс жасауымен құнды. Жас ғалымдардың жасаған жұмыстарынан бiздегi әдебиетшi қауым қолдана бермейтiн зерттеудiң жаңаша әдiстемесiн байқауға болады. Яғни өлең сөзге филологиялық тұрғыдан ғана зерттеу жасап қоймай, сөз астарын әлдеқайда кең тұрғыдан талқылау басым.

Ғұламаның өзi:

Бар ғылымның түп атасы,

Таза ақылмен ойлану, – дегенде, осыны ишаралап кеткен болса керек.

Жас ғалымдардың табиғаттағы кiшкене бөлшектiң өзiнiң астарында үлкен сыр жатқанын бiлiп, соны табу – кiм де болса сүйсiнерлiктей iс. Шәкәрiм атамыздың сыр сөздерi бұрын ғылымда «жансыз» саналып келген қара тас, жел, су, ағаштың жаны бар жаратылыс екендiгiн ашып көрсетiп, материалистiкке негiзделген ғылымға бiр-ақ ауыз сөзбен тойтарыс бередi. Осы ойдың сорабына түсiп, сыр сөздердегi кiлтiн ашуға талпынған жас ғалымдардың бұл беталысы жаңа буынның серпiнiн, күш-қуатын танытқандай.

Мен кетермiн, сөз қалар

Ақ қағазға басылып.

Бозбалалар қолға алар

Әр ауылға шашылып, – деп өз тұсындағы «қанды опқын» – қайырымсыз заманның қара түнегiнен кейiн ар билейтiн уақыттың келiп жетерiне еш күмәнi қалмаған ғұламаның сөзi айна-қатесiз келдi.

Шәкәрiм оқуларында 28 сәуiрде «Ынсап» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен оқушылар арасында «Адамдық борышың…» атты Шәкәрiм мұраларын жатқа айтушылар байқауының жеңiмпаздары өз өнерлерiн көрсеттi. Шәкәрiм атамыздың кем дегенде 30 өлеңiн жатқа бiлiп, ғұламаның сыр сөздерiнiң терең мағынасына бойлап түсiндiргеннен кейiн оқушыларымыз жиналған қауымның ыстық ықыласына бөлендi.

Шәкәрiм оқулары барысында ойшыл атамызға арнап Досхан Одаман, Санат Исаев Абайдың әндерiн айтса, арнайы шақырылған «Яссауи» вокалдық шығармашылық тобы Шәкәрiм әндерiн орындап бердi.

Жиынға елiмiзге танымал ғалымдар, ұстаздар қауымы, студенттер мен оқушылар қатысты. Сөз алған филология ғылымдарының докторы С.Iзтiлеуова жас шәкәрiмтанушыларға ризалығын бiлдiрiп, бүгiнгi күнде шәкәрiмтану мәселесi әлi де терең зерттеудi қажет ететiндiгiне ерекше тоқталды. «Дарын» мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, ақын Светқали Нұржан «Жастар өз бойларына данышпан аталарымыздың мұраларын сiңiре бiлсе, алдағы өмiрiнде адаспайтындығын» тiлге тиек еттi. Осынау жиынды Тiлдердi дамыту басқармасының бастығы, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Iсләмжанұлы Матыжанов қорытындылады. Ол қатысушы жас ғалымдар мен студенттерге, Шәкәрiм мұраларын бойларына сiңiрiп жаттап жүрген оқушыларға, ғалымдарға басқарма атынан алғыс хаттар мен сыйлықтар тапсырды.

Думан АБАЙҰЛЫ, «АБЖаД» интеллектуалды-таным клубының мүшесi,

ҚазҰТУ магистранты