ҚАЗАҚ АЛТЫНЫ ҚОЛДАУҒА ЗӘРУ
ҚАЗАҚ АЛТЫНЫ ҚОЛДАУҒА ЗӘРУ
Қазақ жерi алтынға бай. Бiрақ өндiрiс дамытылмағандықтан, алтын мен күмiс, мыстың қызығын жатжұрттықтар, әсiресе, ресейлiктер көруде. Арнайы құрылған Таукен-Самұрық» Ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ қаржылық қиындыққа ұшыраған қазақ кәсiпорындарын шетелдiктердiң талауына түсiрмей, оларды қаржылық тұрғыда қолдауы тиiс болатын. Бiрақ «ТаукенСамұрық» «қапыда қалды». Бүгiнде зергерлiк өнердiң дамытылмауы салдарынан, отандық iшкi нарық Ресей, Түркия, Қырғызстан, Қытай мен Италияның зергерлiк бұйымдарымен толтырылған.
АЛТЫН – КӨП, ӨНДIРIС – ЖОҚ…
Жер шары бойынша Африка елдерi, АҚШ, Австралия, Ресей, Канада, Өзбекстан мен Индонезиядан кейiнгi 7-орында тұрған Қазақстанның алтын қоры 1700 тоннаға жуық. Кен құрамындағы алтынның орташа көлемiне келсек, 1 тоннаға – 6,3 грамм. Яғни, Оңтүстiк Африкадан кейiнгi екiншi орын – бiздiкi. ТМД аумағы бойынша жүргiзiлген барлау жұмыстарының нәтижесiнде, қор жағынан алғанда – екiншi, ал өндiру қарқынына қатысты 4-орындамыз. Ресми деректерге сүйенсек, алтынның кен орны Қазақстанның барлық аймағынан табылады. Әсiресе, Шығыс Қазақстан (52,2%), Солтүстiк және Орталық Қазақстан (30%) облыстары алда. Алтын кен орындары мен құрамында алтыны бар кен орындары 16 тау-кен аймағында тiркелген. Мәселен, елiмiздiң шығысында – Калба мен Кендi Алтайда, солтүстiгiнде – Көкшетау мен Жетiғара, оңтүстiгiнде – Шу-Iле, Жоңғар, батысында – Мұғалжар, орталығында – Майқан мен Солтүстiк-Балқаш. Құрамында алтыны бар кен орындары өкiнiшке қарай, бiзде өңделмейдi. Осы кен орындарында жұмыс жасайтын кейбiр компаниялар ғана бактериялық технологияларды кендi өңдеу үшiн қолданады. Қазақ алтыны қазiргi кезде 8 ең iрi кен орнына шоғырланған: Бақыршық, Мизек, Ақбақай, Бестөбе, Жолымбет, Ақсу, Большевик, Василевск, Варваринск, Суздальск, Васильковск. Бүгiнгi күннiң әттеген-айы да – қолда бар алтынның қадiрiн бiлiп, оны өндiру мен өңдеуге ден қоя алмай отырғанымызда. «Жығылғанға жұдырық», соңғы кездерi қазақ жерiндегi алтынға ауыз салған жатжұрттық, әсiресе, ресейлiк компаниялардың белсендiгi артып барады. Мысалы, үстiмiздегi жылдың тамызында «Полюс Золото» қазақтардың алтын өндiрiсiмен айналысатын ең iрi кәсiпорны – KazakhGold Group Limited тобына тиесiлi акциялар пакетiнiң 50,1%-ын 269 млн. долларға сатып алды.
БIЗДIҢ АЛТЫНҒА КIМДЕР ҚЫЗЫҚТЫ?
«Полюс Золото» ААҚ – Қазақстан мен Ресейде алтын өндiретiн халықаралық компания. Оның халықаралық активтер қоржынында Красноярский край, Иркутск, Магадан, Амур облыстарында, Саха Республикасында (Якутия), Қазақстан, Румыния, Қырғызстанның бiрқатар аймақтарында алтын өндiрумен және барлау жұмыстарымен айналысуға құқылы. «Полюс Золото» ААҚ құрамына кiретiн ресейлiк кәсiпорындар 2008 жылы 38,0 тонна (1,2 унция) алтын шығарды. Micon International компаниясы жүргiзген зерттеулер нәтижесiнде 2009 жылдың 1-қаңтарында «Поюс Золотоға» тиесiлi алтын қорының 74,1 млн. унцияға теңгерiлгенi анықталған. Жуырда «Полюс Золото» KazakhGold тобының шеңберiнде қазақстандық бизнес-бiрлiктiң құрылатынын мәлiмдедi. Оның негiзгi өндiрiстiк активi – «Қазақалтын» тау-металлургиялық концернi. Ақсу, Бестөбе мен Жолымбеттегi 60 млн. унция көлемiндегi алтынды өндiрумен айналысатын «Қазақалтын» соңғы екi жылда аталған аймақтан 300 мың унция алтын шығарыпты. Сонымен қатар елiмiздiң шығыс бөлiгiндегi Ақжал, Қасқабұлақ кен орындарында барлау жұмыстарын жүргiзедi. «Қазақалтынның» болжамдық алтын қоры Қазақстанға тиесiлi бар алтынның 25 пайызына тең көрiнедi. Қазiргi таңда ресейлiктер қазақтың алтынымен бiрге күмiсiне де қызығушылық танытуда. Мысалы, «Полиметалл» ААҚ бұған дейiн ағылшындардың Orsu Metals компаниясының иелiгiнде болып келген құны 235 млн. долларлық Варваринск кен орнын 235 млн. долларға сатып алды. Ресейлiктердiң ұтқаны сол, аталған соманың 20 млн. долларын ғана өтедi, ал қалған бөлiгi Orsu Metals кәсiпорнына тиесiлi қарыз бен баға мен кiрiстi сақтандыру, яғни, хедждiк мiндетiн өтеу есебiнен жабылмақ. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанның солтүстiк-батысына орналасқан Варварскiдегi кен қоры 92,2 млн. тоннаға жуық. Оның 3,103 млн. унциясы – алтын, 313 млн. фунты – мыс. Әлемдiк қаржылық және экономикалық дағдарыстың кесiрiнен қаражат тапшылығына ұрынған екi қазақ кәсiпорны да ресейлiктерге өте тиiмдi болғаны анық. Өйткенi, «Полюс Золото» KazakhGold тобы үшiн жүргiзiлген келiссөздер нәтижесiнде, 30 пайыз жеңiлдiкке қол жеткiзген. Сарапшылар қауымы келешекте Қазақстанда өндiрiлетiн алтын мен мыс ресейлiктердiң кiрiсiн арттырып, олардың халықаралық нарықтағы экономикалық көрсеткiштерiн жақсартатынын айтады. Оның үстiне, KazakhGold тобына тиесiлi акциялардың арқасында «Полюс Золото» «дайын асқа тiк қасықтың» керiн келтiрдi. Өйткенi, инвестиция салуды нөлден емес (greenfield), құрылысы бiткен нысанға салу арқылы көп нәрседен ұтты. Ал кезiнде Варваринскiдегi жобаны жүзеге асыру үшiн Orsu European Minerals Corporation компаниялары 240 млн. долларын жұмсаған болатын. Қаржы тапшылығына ұшыраған екiншi деңгейлi банктермен бiрге отандық кәсiпорындарды да құтқаруға кiрiскен мемлекет алтын өндiрiсiнде қолын мезгiлiнен кеш сермеп қалды. Үстiмiздегi жылдың қаңтарында «Таукен-Самұрық» Ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ қаржылық қиындыққа ұшыраған KazakhGold тобы секiлдi кәсiпорындарды жатжұрттықтардың қолына ұстата салмай, халық игiлiгiне қызмет еткiзуге тиiс едi.
ЕНДIГI МҮДДЕ – ҚЫРҒЫЗ АЛТЫНЫ
Бүгiнде ТМД елдерi әлемдiк алтын қорының 10 пайызына ие. КСРО кезiнде 15 одақтас республикалар дүниежүзi бойынша алтын қоры жағынан алғанда, екiншi орында тұратын. Жыл сайын 300 тонна алтын өндiрген КСРО келмеске кеттi. Есесiне, халықаралық нарықтағы алтын үлесiнiң сүбелi бөлiгiн посткеңестiк елдер сақтап қалды. Қазiргi таңда Ресей – 200 тонна, Өзбекстан – 60 тоннаға жуық, Қырғызстан 20 тоннаға жуық алтын шығарады. Көршi елдердегi тиiмдi әрi кiрiсi мол нарықты жаппай жаулап алуға кiрiскен ресейлiктер қырғыз алтынын да уыста ұстауға мүдделi. Мәселен, «Полюс Золото» бақылауындағы KazakhGold жыл соңына дейiн қырғыздардың 74,6 тонна алтын қорына ие Жерүй кен орнынан өнiм өндiру үшiн Қырғызстанның мемлекеттiк Даму қорынан лицензия алуға талпынуда. Құны 15-30 млн. долларға тең бұл келiсiм қазақтардың еншiсiне тисе, «Полюс Золото» өндiретiн алтын көлемi 14 пайызға артпақ. Әрине, пайда мен кiрiс бар жерде бәсекелестiктiң қатар жүретiнi белгiлi. KazakhGold компаниясының көзi түскен кен орнына Centerra Gold пен Gold Fields қызығушылық танытып отыр. Жерүй – қырғыздар жерiндегi ең iрi кен орындарының бiрi. Бұған дейiн австриялық Global Gold Holding (60%) пен «Қырғызалтын» ААҚ-на (40%) тиесiлi болған «Жерүй Алтын» ЖАҚ-ның 100 пайыз акциясы бүгiнде «Қырғызстанның даму қорының» (ҚДҚ) үлесiнде. Акциялардың ҚДҚ еншiсiне өтуi себебi, тау-кен байыту комбинатының құрылысын қаржылық тапшылық кесiрiнен жобаны уақытылы, яғни, 2009 жылдың 1 қазанына дейiн жүзеге асыра алмаған акционерлердiң бастамасына байланысты. Халықаралық сарапшылар қауымы Жерүй құны 30 млн. доллар деп бағаласа да, отандық сарапшылар пiкiрiнше, лицензияға кететiн шығын 15-25 млн. доллардан аспауы тиiс. Әзiрге кiмнiң қанша төлейтiнi, кен орнының кiмнiң қанжығасына байланатыны белгiсiз. Белгiлiсi, KazakhGold Жерүйдiң 50,1 % акциясын үстiмiздегi жылдың соңына дейiн қолындағы қосымша қаражат – 100 млн. доллар көлемiндегi эмиссияның есебiнен сатып алуы мүмкiн. Акциялардың қалған бөлiгiн сатып алу компанияның iрi акционерлерiне ұсынылады. Түскен қаражат кәсiпорынның дамуына және оның қордаланып қалған қарыздарын өтеуге жұмсалмақ. Алайда, канадалық Centerra Gold компаниясының қаржылық қауқары «Полюс Золото» ААҚ сияқты емес. Ал дүние жүзi бойынша алтын өндiру iсiнде 4-орынды иемденетiн оңтүстiкафрикалық Gold Fields компаниясы ТМД аумағында ешқашан жұмыс iстеп көрмегендiктен, тәуекелдiк қауiп-қатерлердiң қаншалықты жоғары екендiгiнен хабарсыз. Экономикалық дағдарыс пен қаржылық қиындықтар түбегейлi шешiлмегенiн ескерсек, Gold Fields кәсiпорнының тәуекелге белдi бекем бумайтыны анық. Демек, кезiнде қазақ алтынының бағын ашуға талпынған KazakhGold ендi ресейлiткердiң қалтасын қампайтуға күш салуда.
ЗЕРГЕРЛIК ӨНЕР ДАМЫТЫЛМАҒАН
Әлемдiк алтын қоры 2008 жылы 2007 жылмен салыстырғанда, 3 пайызға төмендеген. Бұл 2400 тонна, яғни, 77,16 млн. унцияға тең. Өндiрiс қарқыны әсiресе, Оңтүстiк Африка Республикасында (12%), Австралияда (12%), Азия елдерiнде (Қытайдан басқалары, 10%), Канадада (6%), АҚШ-та (5%) қатты төмендеген болатын. Бiрақ соған қарамастан, халықаралық сарапшылар қауымы былтыр жыл соңында 2009 жылы алтынның нарықтық бағасы едәуiр өсетiнiн болжаған. Жалпы халықаралық нарықтағы алтын бағасы соңғы 5 жылда екi жарым есеге дейiн қымбаттапты. Бес жыл бұрын 1 унциясы 400 доллар тұратын бағалы металдың бағасы 2008 жылдың соңына қарай 1060 долларға теңгерiлсе, қарашаның басында 19 пайызға тағы қымбаттап, 1100 долларға жеткен. Экономикалық дағдарыстың әлi ауыздықталмағанынан және доллардың алдағы уақытта әлсiреуiнен, инфляцияның күшеюiнен секемденген инвесторлар қорларын алтынға айырбастауды көшкен. Мысалы, былтыр зергерлiк сала мен өндiрiстегi тұтынушылықтың төмендегенiне қарамастан, алтынға деген сұраныс 2007 жылға қарағанда, алтын жамбылар мен теңгелердiң есебiнен 4 пайызға (3,66 мың тонна) артқан. Ал Халықаралық қаржы қоры 2009 жылдың қыркүйегiнде қаржылық ахуалын жақсарту мақсатында, қордағы 400 тонна алтынды сатуға шешiм қабылдады. Халықаралық сарапшылар 2010 жылы алтын құны унциясына 1500 долларға дейiн көтерiледi деген болжам айтуда. Мамандар қауымы дүниежүзiлiк нарықтағы бағаның көтерiлуiне аспанасты елiнiң де ықпалы болатынын көлденең тартады. Өйткенi, Қытайдың Sinogold компаниясына тиесiлi жаңа White Mountain кен орнынан алынатын алтын халықаралық нарықтағы баға өсiмiне әсер етуi мүмкiн көрiнедi. Негiзi алтын зергерлiк салада кеңiнен қолданылады. Мысалы, әлемдiк тұтынудың 70 пайызы – зергерлердiң үлесiнде болса, 12 пайызы өнеркәсiп өндiрiсi мен медицина саласына тиесiлi. Өкiнiшке қарай, бiздiң елдегi зергерлiк өнеркәсiп жөндi дамымаған. Зергерлiк бұйымдарды сатушы компаниялар бағалы металды өндiретiн кәсiпорындармен тiкелей байланыс орнатпаған. Осы себептi, қазақ жерiнде шығарылған алтынның барлығы дерлiк экспортқа жөнелтiледi. Ақылға қонбайтын қарама-қайшылық та осында: алтын қорының көптiгi жағынан дүниежүзi бойынша алғашқы ондыққа кiретiн Қазақстанда сатылатын зергерлiк бұйымдардың небары 10 пайызы ғана – отандық. Қалған 90 пайызы iшкi нарыққа Ресей, Түркия, Италия, Қытай мен Қырғызстаннан тасылады. Кейбiр деректерге сүйенсек, елiмiзде алтыннан әртүрлi бұйым жасайтын iрiлi-ұсақты 80 шеберхана бар. Өкiнiшке қарай, олардың ай сайын шығаратын 20-ға жуық өнiмi шетелдiктерлiң толассыз тасылатын тауарына не саны, не сапасы жағынан төтеп бере алмайды.
Бет қатталып жатқанда:
Бүгiн «Полиметалл» компаниясының Қазақстандағы «Варваринское» алтын-мыс кен орнының 100 пайыз үлесiн сатып алғаны белгiлi болды. Бұл туралы журналистерге арналған баспасөз мәслихатында «Полиметалл» директоры Виталий Несис мәлiмдедi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ