Жаңалықтар

ҚАРА ДУАЛ МЕН ГОРБАЧЕВТIҢ ҚОЛА МҮСIНI

ашық дереккөзі

ҚАРА ДУАЛ МЕН ГОРБАЧЕВТIҢ ҚОЛА МҮСIНI

Сандаған жылдар бойына әлемдi қарама-қарсы, бiтiспейтiн бақталас екi жүйеге қақ бөлген, ХХ ғасырдағы адамзаттың тар ойлылығы мен дүмшелiгiнiң қаралы символы – Берлин қабырғасының құлағанына 20 жыл толуын бiртұтас Еуропа елдерi өткен аптада зор салтанатпен атап өттi.

Бетон дуалының биiктiгi 3,6 метр, 155 шақырымға созылған бұл қабырғаның 105 шақырым бөлiгiн су толтырылған терең ор мен танкiлерге қарсы бекiнiстер қорғап тұрды. Сондай-ақ, 127,5 шақырым жерге дейiн жоғары қуатты электр тоғы жүргiзiлген қоршаулар мен 66,5 шақырым темiр торлар созылып жатқан. Бұл қабырғаның тұрғызылуына сол кездерi Варшава келiсiмшартына қол қойған коммунистiк елдердiң басшылары, ең әуелi КСРО аса мүдделi болатын және қаралы дуал 1961 жылы тамыз айында Кремльдiң тiкелей нұсқауымен тұрғызылғаны белгiлi. Ұзақ жылдар бойы бұл қабырғаны рұқсатсыз кесiп өтпек болғандары: жас пен кәрi, әйелдер мен балаларды еш ескертусiз атуға рұқсат етiлдi. Бұрынғы ГДР-дiң ресми мәлiметтерi бойынша, Берлин қабырғасын кесiп өтпек болған 125 адам оқ тиiп, суға батып немесе қуатты электр тоғынан жантәсiлiм еткен. Ал Батыс зерттеушiлерiнiң деректерiне қарағанда, мұндай адамдардың жалпы саны – 1245 адам, 200 адам жараланған. «Қырғи-қабақ соғыс» жылдарының нағыз шарықтау шегiнде тұрғызылған қаралы дуал Батыс пен Шығыс Еуропаны идеология, саяси тұрғыдан, дамуы жағынан жер мен көктей айырмашылыққа әкелiп соқтырды. Шығыс бiрте-бiрте кенжелеп, экономикалық дамуы мүлдем бәсеңдедi және Берлин дуалының сыртындағы коммунистiк елдердiң бәрi де әкiмшiлдiк-әмiршiлдiк жүйенiң қамытын мойнына iлiп, қаратүнектiң қойнына бiржола сүңгiген.

Осыдан 20 жыл бұрын Берлин дуалының құлауы Еуропа елдерiнде азаттықтың жаңа дәуiрi ретiнде қабылданған болатын. Дегенмен, арада қиын да күрделi тарихи кезең өткенiне қарамастан бұл елдердiң жартысына жуығында бұл мақсат түпкiлiктi орындалмай отыр. Тiптi, сонау 1989 жылы Батыс елдерi Шығыс Германияның сыртқы және iшкi қарыздарының нақты көлемi мен өнеркәсiбiнiң бiржола тұралағанын онша бiле де бермейтiн. Британдық белгiлi «Times» («Таймс») газетiнiң жазуынша: «Коммунистердiң 40 жылдық нашар басқаруының нәтижесiн оңдау үшiн 20 жыл, үш миллион адамдардың батысқа қашуы мен орасан зор инвестициялар қажет болды».

Қазiрдiң өзiнде де Германияның шығыс бөлiгiндегiлер бұрынғы ГФР аумағындағылардан әлдеқайда кедей өмiр сүруде.

1961 жылға дейiн әлемде жаппай коммунистiк жүйе қалыптасады деумен коммунизм елесiмен үрейлендiрiп келген қызыл Кремль Берлин қабырғасының тұрғызылуына нелiктен мүдделi болғандығы және қысқа уақытта осыншалықты қуатты қорғаныс шебiнiң тұрғызылуының сыры туралы деректер мен түрлi жорамал, болжамдар жетерлiк. Бiр сөзбен айтсақ, осыған дейiн адамдардың көңiлiнде әлдебiр сенiм мен үмiт оятып келген коммунистiк қоғам бұл уақта өзiнiң экономикалық тұрғыдан мүлдем тұралағандығын, Батыс елдерiмен салыстырғанда жаңа заманғы өзгерiстерге мүлдем қауқарсыздығын бiржола дәлелдедi. Қоғамдық саяси мәдениеттiң, өмiр сүрудiң жаңаша формаларының тамыр жая алмайтыны белгiлi болды.

Биылғы жылы бiрiккен Германия екi аса маңызды оқиғаны: 1949 жылы Негiзгi заң жарияланып, соның нәтижесiнде Германия Федеративтiк Республикасының құрылуының 60 жылдығы мен қаралы Берлин дуалының құлатылғанына 20 жыл толғанын кеңiнен атап өтуде. Тiптi, өркениеттi, тарихтың орасан зор қиындықтары мен ауыртпалығын көрсе де гүлденуге, орасан зор экономикалық табыстарға қол жеткiзген осы елде биыл Қазақстанның жылы кеңiнен аталып өтуiнiң де өзiндiк терең мәнi бар.

Ұлы Отан соғысының ауыр да азапты жылдарында қазақ жерiне күшпен жер аударылған немiс халқының жүздеген мың өкiлдерi өздерiнiң өмiрiн аман сақтап қалған Қазақстанды қазiр екiншi Отанымыз деп санайтыны белгiлi. Алыстағы алаш жерiне, осындағы кеңпейiл, меймандос қазақ халқына алғысы шексiз.

«Адам құқығы басты орындағы демократиялық қоғам мен тоталитарлық, авторитарлық жүйенiң шекарасы бұған дейiн Берлин дуалы бойынша өтiп жатса, қазiр бұл дуал Ресейдiң батыс шекарасы арқылы бөлiнiп жатыр» – дейдi белгiлi сарапшылар мен зерттеушiлер. Оның нақты дәлелдерi көп-ақ. Тiптi, Берлин қабырғасының құлағанына 20 жыл толуына байланысты мерекеде – бұрын қара дуал өткен тұста М.С.Горбачевтiң қола мүсiнi орнатылған едi. Осы тұста, «Өзiнiң ескерткiшi Ресейде қойылуы мүмкiн бе?» деген журналистердiң сұрағына КСРО Коммунистiк партиясының бұрынғы Бас хатшысы М.С.Горбачев: «Ешқашан орнатылмайды!» деп қысқа ғана жауап бердi. Өйткенi, қазiргi Ресей демократиялық құндылықтарды кейiнгi қатарға ысырып қойғанын ол да жақсы бiлетiнi сөзсiз.

Екi дүние текетiресiнiң сұрғылт көрiнiсi болған Берлин дуалы халықтармен бiрге жеке адамдардың тағдырында да орасан зор iз қалдырғаны мәлiм. Мәселен, қазiргi бiрiккен Германияның канцлерi Ангела Меркель ханым бұрынғы ГДР-дегi шiркеу қызметкерiнiң отбасында дүниеге келiп, Берлин қабырғасын құлату үшiн ұзақ жылдар күрес жүргiзсе, 1989 жылы жас депутат, Францияның қазiргi президентi Николя Саркози қолына ауыр балға алып, қарғыс атқан қабырғаны бұзғандармен бiрге маңдай терiн төккен едi.

Жаңабек ШАҒАТАЙ