ҮШ МЫСАЛ ЖӘНЕ ТҮЙIН

ҮШ МЫСАЛ ЖӘНЕ ТҮЙIН

ҮШ МЫСАЛ ЖӘНЕ ТҮЙIН
ашық дереккөзі

Батыр Бауыржан Момышұлы — әлемдiк тұлға. Өзi өмiрде бар кезде-ақ аты аңызға айналған жан. Жазушы Александр Бектiң ол туралы жазған «Волоколамское шоссе» екi томдық кiтабы әлемнiң жүздеген халықтары тiлдерiне аударылыпты. Сол соғыс жылдарында-ақ одақтық «Звезда» журналына жарияланған бұл еңбек майдандағы жауынгерлердiң рухын көтерiп, жеңiске деген ерiк-жiгерлерiн арттырды. Ал Баукеңнiң өз батальонын жау қоршауынан бiрнеше рет еш шығынсыз алып шыққандағы әдiс-тәсiлiн басқалар үлгi тұтты. Жалпы ХХ ғасырда түркiлердiң iшiнде бұрын-соңды соғыс тактикасын жетiк бiлетiн, атағы әлемге тараған Баукеңдей қолбасшы болған емес.

Батыр Бауыржан Момышұлы — исi қазаққа ортақ тұлға. Солай бола тұра оның ескерткiшi елiмiздiң үш-ақ қаласында бар: Астана, Тараз, Шымкент. Бiр өкiнiштiсi, осы ұзақ жылдар бойы тұрған Алматыда әлi күнге жоқ. Әзiрге қала әкiмшiлiгiнде 28 гвардиялық панфиловшылар саябағына қойсақ па деген сөз жүрiп жатыр. Ал өзге облыс әкiмдерiн бұл мәселе ойландырмайтын секiлдi. Олардың ойынша кiм қай жерде, қай облыста туылса, ескерткiшiн сол жерге қою керек сияқты.

Ескерткiш — айбының, әрi шекаралық қорғанышың. Неге? Бауыржан Момышұлын бiлмейтiн өзге ұлт өкiлдерi кемде-кем. Алайда ұрпақ ауысып келедi. Оның үстiне жыл өткен сайын кiтап оқитындар саны да азаю үстiнде. Мұндай кездерде ескерткiштердiң артар ролi зор. Баукеңнiң еңселi ескерткiшi қойылған әлгi үш қалаға анда-санда сырттан барғандардан гөрi күнде көрiп жүргендерге әсерi көп болары хақ. Қазақтың мерейiн, отансүйгiштiгiн өсiрiп, өзгелердiң мысын басады. Жердiң, елдiң даңқын арттырады. Ескерткiшiң — айбының, қорғанышың дегенiң сол. Сондықтан да Баукеңнiң еңселi ескерткiшi әр облыс орталықтарында тұрғаны абзал.

Батыр Баукең — әскери жазушы. Соғыс тақырыбына жазылған ұлттық әдебиетке ол қосқан үлес ұшан-теңiз. Тiптен ол жазған «Психология войны» кiтабына ұқсас еңбектi орыстың бiрде-бiр маршалы, не бiрде-бiр генералы жазған емес. Ал «Ұшқан ұясы» қазақтың өзiн-өзi тану үшiн аса қажет, өте құнды еңбек.

Бауыржан Момышұлының тағы бiр атап айтар ерен ерлiгi — қазақ халқының тiлi үшiн күресi. Өткен ғасырдың 1943 жылы ақпанда қан майданнан елге демалысқа келгенде, қазақ тiлiнiң мүшкiл қалiн сезiп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiне арнайы хат жазып, тоталитарлық саясатқа қарсы өз талаптарын қойғанын көзi қарақты жандар жақсы бiледi. Ол солай советтiк идеологияның күйiп тұрған кезiнде де тiлiмiздiң қорғанышы болды. Оның бұл ерлiгiн ұмытуға бола ма? Баукеңнiң қай iсi де ұлтының болашағына арналды. Ұлтының мүддесi үшiн күресе бiлдi.

Бауыржан Момышұлының ескерткiшi облыстардың бюджетiне аса көп салмақ салмайды. Түсiнген жанға бұл мәселе оның ақшасында емес, мәнiнде болса керек. Тек Үкiмет бастап, әкiмдер қолдаса, алдағы жылы болатын Жеңiстiң 65 жылдық мерекесiне дейiн бiтетiн игi iс.

* * *

Үстiмiздегi жылдың өткен 9-қарашасында «КТК» телеарнасы Солтүстiк облыстардағы қырманда қалған тау-тау астық үйiндiлерiн көрсеттi. Сұмдық-ай! Қар басып, суық ұрып, үстiңгi жақтарын үсiк шалған. Тап осылай жата берсе, сапасын жоғалтары анық. «Диқаншылардың ала жаздай еш болған есiл еңбегi-ай» демесiңе шараң жоқ.

Иә, биыл елде бұрын-соңды болмаған астық жиналды. 22 миллион 800 мың тонна! Ендi мiне, осыншалық молшылықты игере алмай, әлекке түсiп жатырмыз. Ауылшаруашылық вице-министрi Марат Оразаевтың айтуына қарағанда, бiздегi элеваторларға тек 14 миллион тонна астық сыяды екен. Тоғыз миллион тоннаны алыс-жақын шетелдерге сату жоспарланған. Ал қырмандарда қалғандарын ше? Қайда сақтайды, қалай сатады?

Осыдан бiр апта бұрын премьер-министр Кәрiм Мәсiмов кезектi мәжiлiсте астық мәселесiн талқыға салды. Ол тиiстi министрлiктер мен Азық-түлiк корпорациясына үш бағытта жұмыс iстеудi алға қойды. Бiрiншiсi, Ұлттық қордан бөлiнген қаражатты 2010 жылға пролонгациялауды қарау, екiншiсi, iрi астық компанияларының өнiмдi екiншi деңгейдегi банктер кепiлдiгiмен сату жағын қарастыру, үшiншiсi, Көлiк және коммуникациялар министрлiгi және «Қазақстан темiр жолы» Ұлттық компаниясына «Қорғас» халықаралық орталықты дамытуға бөлiнген мол қаражат есебiнен бес миллиард теңге алып, тасымал жағын арзандатуды тапсыру болды.

«Қойшының қызы қой келгенде…» демекшi, Үкiмет солай әуре-сарсаңға түсiп жатқанда қыс та келiп, қатты састырды.

Парламенттегi Мәжiлiс депутаттары да бұл түйiндi мәселенi назарларынан тысқары қалдырған жоқ. Мәжiлiске Ауылшаруашылық министрi Ақылбек Күрiшбаевтан бастап, орынбасарларын, астыққа қатысты компания басшыларын шақырып, iстi талқылаудан өткiздi. Күрiшбаевқа қойылған сұрақтар аз болған жоқ. Солардың бiрсыпырасы мына мәнде. «Министрлiк биыл егiннiң бiтiк өсуiнен астықтың бұрынғыдан әлденеше есеге көп болатынын алдын ала бiлдi. Соны бiле тұра неге алдын ала сақтауға қамданбаған? Миллион тоннадан астам астық қырмандарда, ашық аспан астында қалды. Неге? Шаруашылықтардан астық сатып алу қандай себептерге байланысты баяу жүргiзiлуде? Министр өз кезегiнде қырмандағы астықтардың миллион тонна емес, сегiз жүз мың тоннаға жуық екенiн, мемлекет шаруашылықтардан астық сатып алу көлемiн 5 миллион тоннаға дейiн жеткiзгенiн айтып, орын алып отырған қиыншылықтарға тоқталды.

Азық-түлiк корпорациясы да бастапқы сатып алу бағасын өзгертiп отыр. Олар әуелгiде астықтың әр тоннасын 23,8 мың теңгеге сатып алмақшы болған. Ендi сол бағаны 18 мың теңгеге дейiн түсiрмекшi. Сонда кiм ұтып, кiм ұтылады? Үкiмет отырысында да, Мәжiлiс депутаттарының талқылауында да мол астық есебiнен нан бағасын түсiру ауызға да алынған жоқ. Бәрiнен де еш болған диқан еңбегiн айтсайшы. Ал, қыс ерте қамданбағандарды тағы да қапыда қалдырды.

* * *

«Өрт — тiлсiз жау». Биылғы жылдың өзiнде елде қаншама өрт болды. Экономикалық шығынды қойшы, адам шығынына жол берiлгенiн айтсайшы. Өрттiң қай-қайсысы да жақсы емес. Кiшiгiрiмдерiн былай қойғанда Шымкенттегi әмбебап базар, Талдықорғандағы нашақорлықтан емдеу орталығы, Қаройдағы оқ-дәрi қоймасының жарылуы, орманды алқаптардың өртенуi, қала бердi күнi кеше ғана Астана маңындағы қоймадан шыққан өрт бiрнеше адамның жанын жаһаннамға жiбердi. Мұндай шығын жер сiлкiнiсiнен болса, табиғаттың катаклизмiнен дер едiк. Ал мына өрттер тiкелей адамдардың өз кiнәсiнен болып отырған жоқ па.

Кейде ойлайсың, Кеңес өкiметi кезiнде өрт некен-саяқ болды. Неге? Өйткенi жауапкершiлiк пен тәртiп қатаң едi. Ал қазiр ше? «Аналар қымқырып жатқанда, мен неге жымқырмаймын» деп жеке бастың пайдасын ойлағандар көбейдi. Оған өткен айларда болған Семейдегi орманшылардың қылмыстық iстерi дәлел. Кейбiр егерлер шала жанған ағаштарды сату үшiн орманға өздерi әдейi өрт қояды екен. Мұндай сорақылық та дәлелденiп жатыр. Тiптен орман жиегiнен орын тепкен ауыл да түп-түгел өртенiп кеткен. Салғырттықтан iрi сауда орталықтарында қауiпсiздiк шаралары сақталынбайды. Емдеу-сауықтыру орындарындағы электр жүйелерiнiң тозғаны соншалық, шiруге айналған. Бүгiн ретке келтiретiн кемшiлiктi ертеңге қалдыра беретiн жайбасарлық тағы бар. Мiне солардың салдарынан өрт шығып, адам шығыны орын алуда. Содан кейiн Үкiмет, «кiнәлi кiм?» деп әлекке түсiп жатқаны.

P.S. Батыр Бауыржан Момышұлы исi қазаққа ортақ тұлға. Баукеңнiң ескерткiш бейнесi қазақтың мерейiн өсiрiп, басқалардың мысын басады.

«Нан болса — ән де болады». Мәнi терең сөз. Астықты қанша жинасақ та тарихында аштықты бастан кешкен қазаққа көптiк қылмайды. Ал соны өсiрiп, жинап алған диқандарда кiнә жоқ. Алғыстан басқа айтарымыз бар ма. Тек олардың маңдай тер өтемдерi еңбектерiне сай болса деймiз. Ал мол астықты сақтап, экспортқа шығарып, елге пайда әкелу Мәсiмов бастаған Үкiметке сын.

Жаратушы иемiз «сақтансаң сақтаймын» деген екен. Өрттен сақтану адамдардың өз қолында. Ел тағдырын қолына алған әкiмдер, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi және тиiстi мекемелерде отырғандар өз мiндеттерiне аса жауапкершiлiкпен қараса, өрт те бола қоймас сiрә.

Көлбай Адырбекұлы