ҚЫТАЙДЫҢ ДАҒДАРЫСТАҒЫ ҚАДАМЫ

ҚЫТАЙДЫҢ ДАҒДАРЫСТАҒЫ ҚАДАМЫ

ҚЫТАЙДЫҢ ДАҒДАРЫСТАҒЫ ҚАДАМЫ
ашық дереккөзі

Дүниежүзiн жайлаған дағдарыс әлем елдерiн есеңгiретiп тастады. Тiптi ес жия алмай құрдымға кеткен кәсiпорындар мен өндiрiс ошақтары да бар. Алайда осы кездi бiр ғана мемлекет тиiмдi пайдаланды. Ол ел — Қытай. Дағдарыс өртiне мойымағаны былай тұрсын, бүкiл жер шарының энергоресурстары мен пайдалы қазбаларын шетiнен қармап алып, өз үстемдiгiн жүргiзiп отыр. Ол дер кезiнде банкротқа ұшыраған қаржы орталықтары мен шикiзат орындарын сатып алды. Дағдарыс соңы олар үшiн сәттi болмақ, себебi сазға отырған бұндай байлықтың кейiннен миллиондаған қаржы әкелерi анық. Бұл — Қытай инвестициясының ұтымды әрекеттерiнiң бiрi.

Сыртқы экономикасы берiк күншығыс елiнiң шет мемлекеттерге салған қаржысын санау мүмкiн емес. Себебi Лондон шикiзат биржасы арқылы өткен өндiрiс орындарының кiмге кеткенiн бiлу мүмкiн емес. Ал мемлекетаралық келiсiм негiзiнде берiлген шикiзат көздерi назардан тыс қалып жатқан жоқ. Ендеше ҚХР-дiң коммерция министрлiгiнiң ағымдағы жылға сәйкес жасаған статистикасына назар аударалық. Қытай әлемнiң 112 мемлекетiнiң 1600 кәсiпорнына қаржы салыпты (басым көпшiлiгi тау-кен өндiрiсi). Бұл мәлiмет жыл аяғын есепке алмағандағы көрсеткiш. Жыл аяғы тақағанша түгелдей бiр мемлекеттi жұтып аларлық жағдайы бар. Мәселенки, алыс шетелдi араламай-ақ қоялық. ТМД мемлекеттерiн алайық, Қазақстанды былай қойғанда Ресей, Белорусь, Украина нарығына, соның iшiнде тау-кен өндiрiсi мен мұнай көздерiн игеруге 100 миллион АҚШ долларынан астам қаржы салып отыр. Сонымен қатар Украинада қолға алынатын «Евро 2012» жобасының құрылысына да араласпақ ниетте.

Еуразияны бiраз артқа тастауға тура келiп тұр. Қытай қолына алмаған энергия көздерi Африкада ғана қалған сыңайлы. Сахараның дәл төрiне орналасқан Нигерияның мұнайына көз тiгiп, мұхиттағы мұнай ошақтарының бiразын қоластына өткiзiп те алды. Жақында Нигериядағы алтыншы мұнай ошағына инвестор болып кiрдi. Айтпақшы, әлемнiң алпауыт мұнай магнаттары не қарап отыр деген сұрақ туындауы мүмкiн. Бiрiншiден, батыстық Royal Dutch Shell, British Consortium секiлдi мұнай корпорацияларының Нигериядағы мұнай өндiру уақыты тәмамдалды. Жылы жерге қайта оралуға олар да дәмелi, әрине. Әйткенмен Қытай қулығын қалдырсын ба? Қытайдың инвестициялық корпорациясы осы күнге дейiн әлемнiң энергия көздерiнiң арқасында қаншама триллион қаржы жинап алды. Ендеше, әжептәуiр қаржы көзiнен айрылмас үшiн қытай дипломаттары екi есе қаржыны ұсынып отыр. Бар пайда солардың есебiне шешiлерi сөзсiз.

Қазiрдiң өзiнде ҚХР Африканың 49 мемлекетiмен сауда-экономикалық қарым-қатынаста. Үстiмiздегi аптада Мысырдағы Шарм-Эль-Шейхте өтiп жатқан Қытай мен Африка мемлекеттерi арасындағы өзара қарым-қатынас талқыланып жатқан форумда ҚХР мемлекеттiк Кеңесiнiң премьерi Вэнь Цзябао қара нәсiлдi материкке несие берiлетiнiн айтты. Ашығын айтсақ, Қытай тарапынан үстемелiк пайызы төмендетiлген он миллиард доллар сомадағы қаржы бөлiнедi деп хабарлады Аssociated Press агенттiгi. Бiр ғана 2008 жылдың өзiнде Қытайдың Африкадағы инвестициясы 7,8 миллиард долларды құраған. Ал ел аралық сауда-саттық былтырғымен салыстырғанда 30%-пайызға өскен.

2007 жылы Қытайда арнайы инвестициялық корпорация құрылған болатын. Аталмыш мекеме алғашқы қаржыны Қытайдың ұлттық банкiнен алған-ды. Қазiрдiң өзiнде, ұлттық қорында 900 миллиард доллардан астам қаржы бар. Оны тiптi бiздiң қордағы сомамен салыстыруға да келмейдi. Ұтымды пайдаланылып жатқан бұл қаржының 20 миллиард доллары жыл сайын тау-кен саласындағы шағын және орта бизнеске бөлiнiп отырады. Bloomberg агенттiгiнiң мәлiмдеуiнше, Қытайдың кәсiпорындық өндiрiсi қыркүйекте 13%-ға өскен. Бұл дегенiмiз бөлiнген қаржы мен игерiлген энергересурстардың нәтижесi. Дағдарыс кезiнде бұл өте таңқаларлық жағдай.

Ал ендi мына көрсеткiшке мән берелiк, Қытайдың қаржы мәселесiне қатысты инвестициясын есептемегенде, 20,5 млрд. долларды шетелге салыпты. Әзiрге жер жүзiндегi сыртқы резервi ең бай мемлекет те Қытай. Ал екiншi орындағы Жапонияның шет елдегi резервi Қытайдiкiнен екi есеге аз.Әлемдiк тауар айналымының басым бөлiгiн де ханзу халқы жүргiзiп отырғаны баршаға аян. Өндiрiстi экспорттауда алдыңғы орыннан табылатын қытайлықтар 1999 жылы экспорт көлемi бойынша небәрi тоғызыншы орында болған екен.

Қытай әлемдiк дағдарысқа ұшыраған мемлекеттерге АҚШ, Ұлыбритания және Қиыр Шығысқа қаржыландыру идеясын былай түсiндiредi. Дағдарыс ошағы осы елдерден бастау алады. Қытай қаржыгерлерiнiң пайымдауынша дағдарыс басталған жердiң нарығын қалпына келтiрсе, әлемдiк экономиканың бiр ретке келетiнiне сенедi. АҚШ-тың сыртқы iстер министрлiгiне 500 миллион доллар қаржы бөле отырып, 2010 жылдың соңына қарай мұхиттың арғы бетiндегi АҚШ экономикасы реттеледi дейдi.

Жер жүзiнiң шикiзат көздерiн жұтып жатқан Қытайда халық тығыз орналасқан. Адам саны да көп. Алайда солардың басым көпшiлiгi кедейшiлiкте күн көредi. Олардың әлемдiк нарықтағы дамыған мемлекетте өмiр сүрiп жатқандығының иiсi мұрнына барып та қоймайды. Себебi қу қарынның қамы оның тиiстi бiлiм алуына да мұршасын келтiрмедi. Ал ұлттық қорға түсiп жатқан қомақты қаржының қай болашақ үшiн сақталып жатқаны бiзге беймәлiм.

Ақниет ОМАРҒАЗЫ