Жаңалықтар

ҚҰЗЫРЛЫ ҰЙЫМҒА ТӨРАҒАЛЫҚ — ҚАЗАҚТЫҢ МӘРТЕБЕСI

ашық дереккөзі

ҚҰЗЫРЛЫ ҰЙЫМҒА ТӨРАҒАЛЫҚ — ҚАЗАҚТЫҢ МӘРТЕБЕСI

Ендi екi айдан кейiн еуропалық ықпалды ұйымның тiзгiнi қолына тиетiн Қазақстанға батыстықтар саяси төзiмдiлiктi нығайтуға кеңес беруде. Демократиялық құрылымдар мен демократиялық құндылықтарды дамытуда саяси төзiмдiлiктiң маңызды рөл атқарары белгiлi.

Қазақстан 2010 жылдың 1-қаңтарынан бастап, Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етедi. 2007 жылдың 29-30 қарашасында Мадридтегi ЕҚЫҰ Сыртқы iстер министрлерi кеңесiнде ұйымға мүше 56 мемлекет бiрауыздан Қазақстанның кандидатурасын 2010 жылғы төрағалық ететiн ел мәртебесiне лайық деп мәлiмдедi. Саясаттанушылар еуропалықтардың қазақтарға бүйрек бұруы ҚР басшысы Н.Назарбаевтың әлемдiк саясаттағы тартымдылығы, Азиядағы өзара қатынас пен сенiм шаралары жөнiндегi кеңестегi белсендiлiгi, жыл сайын Астанада өткiзiлетiн әлемдiк және дәстүрлi дiндер көсемдерiнiң форумы игi әсер еткенiн айтады. Оған Қазақстанның ядролық қарудан өз еркiмен бас тартуын қосыңыз. Мұнай мен газ, түрлi-түстi металл т.б. жер қойнауындағы табиғи ресурстардың көптiгi де энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жолында үздiксiз әрекет етiп жатқан Батыс үшiн аса маңызды. Әрi КСРО құрамында болған 15 одақтас республикалар iшiнде алғаш рет Қазақстанның төрағалыққа сайлануы — дос пен дұшпан алдындағы мәртебе. Қазақтың мәртебесi. Сарапшылар қауымы еуразиялық аймақтағы қордаланып қалған қиындықтардың түйiнiн шешуде Қазақстан белсендiлiк танытады, ислам мен еуропалық қауымдастық арасында өзара келiсiмнiң орнауына ықпал етедi деп сенiп отыр.

Дүйсенбi күнi ЕҚЫҰ Парламенттiк ассамблеясының төрағасы Жоао Соарешпен кездескен ҚР Мемлекеттiк хатшысы Қанат Саудабаев төрағалық барысында Қазақ елiне жүктелетiн мiндет, ЕҚЫҰ ПА-ға мүше елдер мен Қазақстан арасындағы өзара байланыс, парламентаралық ынтымақтастықты дамыту т.б. туралы пiкiр алысты. Негiзi қазақ депутаттары ЕҚЫҰ ПА-ның жыл сайынғы сессия, отырыстары, конференциялары мен семинарлары сияқты түрлi жиындарына үздiксiз қатысып келедi.

Кәрi құрлықтағы қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге мiндеттi ұйым ең алдымен бiздiң елiмiздегi саяси ахуал мен демократия мәселесiнiң барынша дамытылуына мүдделi. Н.Назарбаевпен кездескенде Ж.Соарештiң: «Қазақстанда дiн саласына қатысты шаралардың жақсарғанын айтқым келедi. Бiз саяси төзiмдiлiк саласында да осындай жетiстiктерге қол жеткiзесiздер деп сенемiз» — деп мәлiмдеуi осыған негiз. Қазақтардың осыдан он жыл бұрын соңғы рет өткiзiлген ЕҚЫҰ саммитiн Астанада өткiзуге талпынуы да назардан тыс қалмады: «Мен бұл Ұйымға жетекшiлiк еткен көптеген елдi бiлемiн. Осы орайда, Қазақстанның төрағалық ету барысында ЕҚЫҰ саммитiн ұйымдастыруға деген құлшынысы мен талпынысын айтқым келедi. Соңғы саммит 1999 жылы Стамбұлда өткiзiлген болатын».

ЕҚЫҰ ПА — құрамында ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекет бар, Ванкуверден Владивостокқа дейiнгi аймақты қамтитын ассамблея. Парламенттiк ассамблеяның 320 мүшесiне жүктелген мiндет ЕҚЫҰ-дағы демократиялық қиындықтарды шешуге күш салу, парламентаралық келiсiмдi қалыптастыру. Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Ережесiнiң VIII тарауына сәйкес, ЕҚЫҰ дау-жанжалдардың алдын алу, дағдарысты реттеу, даудан кейiнгi ахуалды тұрақтандыру сияқты кез келген мемлекет үшiн маңызды мәселелердi шешетiн негiзгi құрал – аймақтық келiсiм ретiнде бекiтiлген. 1990 жылы Париждегi басқосуда ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң ұлттық парламенттерiнiң белсендiлiгiн арттыру мақсатында құрылған Парламенттiк ассамблея уақыт өте келе, әлемдiк саясатты санастыратын деңгейге жеттi.

Сонымен, ендi екi айдан кейiн еуропалық саяси құрылымның тiзгiнi қолына тиетiн Қазақстаннан кәрi құрлықтың күтетiнi көп. Ең алдымен, әрине, ЕҚЫҰ-ның халықаралық сахнадағы маңызы мен рөлiн арттыру. Бүгiнде Ұйымның жұмысы мен деңгейiне көңiлi толмайтындар көп. Олар реформалау шаралары тез арада қолға алынуы керек деген ұстанымда. Табиғи байлығы мол, экономикалық және саяси мәртебесiн дербестендiруге мүдделi Қазақ елi Орталық Азияда ғана емес, әсiресе, посткеңестiк кеңiстiктегi ЕҚЫҰ рөлiн арттыруға ықпал етерi анық. «Венадан – Шығысқа» қағидасын ұстанған еуропалықтар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға жетекшiлiк ету тiлегiн ТМД мүшелерiнiң ортақ мүддесi ретiнде қабылдайды. Өйткенi, 2005 жылы Қазанда өткiзiлген ТМД саммитiнде және 2007 жылдың қазанында Душанбедегi саммитте Қазақ елiнiң кандидатурасын ұсыну туралы бiрауыздан шешiм қабылданған болатын.

ЕҚЫҰ-ның жаңа төрағасы Қазақстан басшылық барысында үш маңызды мәселеге баса назар аудармақ: «қауiпсiздiк», «экономика мен экология», «гуманитарлық сала». «Ауған жерiндегi саяси тұрақтылықты тек қара күшпен орнату әсте мүмкiн емес» деген ұстанымдағы Астана ауған проблемасын шешуге ат салысуға да мүдделi. ҚР Сыртқы iстер министрлiгi өкiлдерiнiң мәлiмдеуiнше, Ауғанстандағы ахуалды жақсартудың шаралары осы бастан-ақ қарастырылып жатқан көрiнедi. Халықаралық қауiпсiздiк жүйесiн жаңарту, яғни, реформалау қажет. Сондай-ақ, ядролық қаруды таратпау, есiрткi тасымалына тосқауыл қою, лаңкестiкпен күрес, энергетикалық қауiпсiздiк жүйесiн нығайту да маңызды. Күн тәртiбiне шығатын басты мәселелердiң бiрi – әлемдiк экономикалық және қаржылық дағдарыстан кейiн қабылдануы тиiс шаралар. Сарапшылар қауымы арасында ҚР Президентi Н.Назарбаевтың дүние жүзiнiң көсемдерiн әлемдiк ортақ валюта құруға шақырған ұсынысы мамандар талқысына қайта түспек. Ең алдымен, ортақ валютаны ЕурАзЭҚ шеңберiнде қабылдауға қатысты мәселе шешiмiн табуы тиiс. Назарбаевтың пiкiрiнше, мұндай ортақ валюта ЕурАзЭҚ аумағындағы шетелдiк инвесторлардың белсендiлiгiн арттыруға, валюта бағамдарының аяқ астынан шарықтап кетуiне жол бермеуге, қаражатты аударуда банк тарапынан ұсталынатын комиссияларды жоюға мүмкiндiк бермек.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ