Жаңалықтар

ИСЛАМДЫҚ БАНКТЕР ҚАЗАҚСТАНҒА БЕТ БҰРДЫ

ашық дереккөзі

ИСЛАМДЫҚ БАНКТЕР ҚАЗАҚСТАНҒА БЕТ БҰРДЫ

Қазақстанда исламдық банк ашылмақ. Мұндай мәлiметтiң елдi кезiп жүргенiне бiршама уақыт болды. Әзiрге ҚР Әдiлет министрлiгiнде тiркеуден өтiп жатқан «Аль Хилал» банкiнiң ашылу салтанаты 2009 жылдың соңына жоспарланып отыр. Дегенмен, ислам мемлекеттерiнен келген «Islamic Financial Services Board», «Cham Islamic Bank» сияқты iрi банктер ел-елде өз филиалын ашуға тырысып бағуда, бұл исламдық банктердiң даму қарқынының үдей түскенiн көрсетсе керек. Әсiресе, олардың Орта Азия мемлекеттерiне деген ұмтылысы айрықша. Соның iшiнде халқының 90 пайызға жуығын мұсылмандар құрайтын, әлемдiк экономикада қарыштай қанат жайып келе жатқан Қазақстанда аталмыш банк құрылымы өте ыңғайлы болып отыр.

Қазақстанның саясаты мен iшкi әлеуметтiк жағдайы исламдық банктiң жұмыс iстеуiне толықтай мүмкiндiк бередi. Сондай-ақ, Қазақстанға келуге ниет танытыт отырған исламдық банктер аз емес: шариғат қағидаларынан қияс баспайтын сингапурлық «Азия ислам банкi» және «Фатта Файнанс» банктерi 2010 жылы Қазақстан нарығына енудi жоспарлап отырған көрiнедi. Соңғы кездерi Елбасының өзi де исламдық банктердi елге кiргiзу мәселелерiн жиi көтерiп жүр. Жақында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiне барған сапарында БАӘ-нiң президентi Шейх Халиф Бен Заид Аль Нахаянмен кездесiп, екi елдiң экономикалық қарым-қатынасын талқылады. Сонымен қатар осы сапар барысында HSBC банкi басшылығымен жаңа қаржы құралдары жайында сөз қозғап, бас менеджер С.Купермен Қазақстанда исламдық банкингтi түптеп енгiзу туралы келiссөздер жүргiздi.

Бүгiнде елде исламдық банк жұмыс жасап келедi. Исламдық Конференция ұйымының жетекшiлiгiмен, 1973 жылғы (Хижра бойынша 1393 жыл) ислам мемлекеттерi министрлерiнiң декларациясында негiзi қаланды. 1975 жылдан бастап өз жұмысына кiрiскен банктiң Қазақстандағы бөлiмi 1995 жылы тiркелiп, 1996 жылы жұмысын бастады. Осы жерде сәл кiдiрiс. Исламдық даму банкiнiң жұмыс iстеу жүйесi мүлде бөлек, яғни ұйымға мүше елдер арасында айналымдағы тауар тасымалын, экономиканың дамуы мен әлеуметтiк жағдайды көтеруге қатысты iрi жобаларды қаржыландырумен айналысады. Мәселен, «Алматы-Гүлшат» жол құрылысы, Қарағанды су құбырының құрылысы және 3 коммерциялық банк жобаларын қаржыландырған. «Ел экономикасының көтерiлуiне септiгi тиген жобаларды қаржыландырудан бiзге ешқандай пайда келмейдi. Басқа банктерден артықшылығымыз да осы. Бұл жүйе Қазақстанда исламдық банкингке қатысты заң қабылданғаннан кейiн ғана дами бастады. Әзiрге тек жобалармен жұмыс iстеймiз, мұндай бөлiмшелер әлемнiң 54 елiнде бар» дейдi банк қызметкерлерi.

“Исламдық банкинг бiздiң экономиканы ғана жағалап жүр ме?” деген сұрақ туындайды. Ендеше, басқа мемлекеттерде бұл жүйенiң дамуы қалай жүрiп жатыр? Халқының 10-15%-ы ғана ислам дiнiн ұстанушы азаматтары бар Ресейдiң өзiн ислам банктерi төңiректеп жүр. Еуропадағы ислам дiнiн ұстанушылар саны басым болып келетiн Ресейге мұндай жүйедегi банк Қазақстан арқылы келдi деген түсiнiк бар. Айтпақшы, Ресейде «Бадр-Форте» банкi 1991 жылы жергiлiктi билiктен рұқсат алып, бертiнге дейiн жұмыс iстеп келдi. Бiрақ 2006 жылы өте көп сомадағы қаржының берiлуi салдарынан жабылып қалды. Шариғат заңдарынан аттамайтын банк қызметi Ресейде әзiрге ашыла қоймас. Десе де, Қиыр Шығыстың қаржы орталықтары құр қол қарап отырған жоқ.

Қазiргi таңда әлемде 200-ден астам исламдық банкинг негiзiнде құрылған банктер жұмыс iстейдi екен. Олардың ортақ активтерi 900 миллиард АҚШ долларынан асып кеткен. Қиыр Шығыста қарқынды дамып, жан-жағын қармап келе жатқан исламдық банктердiң тұтынушылары Батыстан да табылып жатыр. Олай деуге бiрнеше дәлел бар, әлемдiк нарықта беделi өтiмдi «Deutsche bank», «Citibank», «HSBC» секiлдi алпауыттардың өзi қызығушылық танытып, болашақта арнайы исламдық бөлiмдерiн ашпақ. Отыз жылдық тарихы бар банктер парсы шығанағының көлемiнен асып, АҚШ пен Ұлыбритания елдерiне жете бастады. Ал елiнiң банктiк жүйесi толығымен осындай жүйеге өткен елдер саны әзiрге үшеу: Судан, Пәкiстан және Иран.

Ислам банкi деген ұғым қалыптасқалы берi көпшiлiк оның мәнiсi мен бағытын дұрыс ұғып жүрген жоқ. Бiршама қаржы сарапшыларының өзi исламдық банкинг ұғымын «буддалық банк» дегенмен бiрдей деп түсiнедi. Ендеше, исламдық банктiң ненi көздейтiнiне сәл тоқтала кетсек. Құранды негiзге ала отырып, несиенi үстемелiк пайызсыз ұсыну банктiң көзiрi. Бар гәп та осында. Айдалада «батпан құйрық» жатпасы анық, әрине. Пайызбен ақша беру шариғатқа қайшы екенiн ескерсек, бұдан банкке қандай пайда келмек? Бұл жерде исламдық банктер «инвестор» ролiн атқарады, яғни орта және шағын кәсiптi қаржыландырады. Қарапайым тiлмен айтқанда, исламдық банктен белгiлi бiр соманы алу үшiн қандай мақсатта жұмсайтыны туралы мәлiмет берiлуi керек. Жобаны банкке таныстырған соң, оны жүзеге асыру үшiн банк бастапқы қаржыны өзi салады да, түскен пайда көзi екi жаққа теңдей бөлiнедi. Салынған қаржы далаға кетпей, өз нәтижесiн көрсетiп жатса, банк инвестор болып қала бередi. Егер де жоба құрдымға кетер болса, қарыздың жүгiн несие алушымен қатар банк те көтередi. Сондықтан да кез келген жобаны қаржыландыра бермейдi, яғни «харам» саналатын құмар ойындар, наша мен iшiмдiк өндiрiсi үшiн несие берiлмейдi. Бұл жүйенiң қазақ қоғамына тиiмдiлiгi жайында: «Қазақстанға исламдық банкингтiң ендi ғана енiп жатқаны тиiстi Заңнаманың болмауынан. Бiз өзiмiздi исламдық мемлекеттер қатарына қосар болсақ, бұл жүйенiң бiзге пайдасы мол. Бiрiншiден, пайызсыз ақша ұстау халық санасын уламайды. Екiншiден, Парсы шығанағындағы орасан зор ақша көздерiн өзiмiзге тартуға жол ашылып отыр», – дейдi Алматы сауда палатасының президентi Iзбасар Бозаев. Исламдық банк мынадай қызмет түрлерi бойынша жұмыс iстейдi: мушарака – бiрлескен кәсiпкерлiк, мудараба – тапқан пайда көзiне ортақтасу, мурабаха – сауданы қаржыландыру, такафул – сақтандыру, вадиа – құнды заттарды сақтау, сукук – құнды қағаздар. Өз құлқынын көксеген қазiргi банктер мен исламдық банктердiң айырмашылығы жер мен көктей.

Алайда исламдық банктi толық зерттеу мүмкiн болмай отыр. Себебi нақты қандай жүйеде жұмыс жасайтыны әзiрге мәлiм емес. Сондай-ақ, аталмыш банк сарапшыларына құлақ асар болсақ, дағдарысқа исламдық банк шыдас бермейдi. Тек мұнайдың үстiнде отырған мол қаржылы мұсылман мемлекеттерiнiң арқасында өмiр сүрiп келедi деген топшылаулар бар. Атап кетер бiр жайт, осыдан бiрнеше жыл бұрын Түркияда болған дағдарыста тек исламдық банктер ғана дағдарысқа ұшырамаған. «Standard and Poors» рейтингтiк бақылау агенттiгiнiң сараптамасына үңiлсек, 2010 жылы мұсылмандық қаржы нарығының ортақ көлемi екi триллион доллардан асып түспек. Мамандардың айтуынша, ислам банкингi елге дағдарыс тәмамдалғанда ғана кiре алады.

Ақниет ОСПАНБАЙ