САЙЛАУ ЖӘНЕ САУСАҚСЫЗ ҚАЛҒАН АУҒАНДАР

САЙЛАУ ЖӘНЕ САУСАҚСЫЗ ҚАЛҒАН АУҒАНДАР

САЙЛАУ ЖӘНЕ САУСАҚСЫЗ ҚАЛҒАН АУҒАНДАР
ашық дереккөзі

Ауғандық басшы Хамид Карзай президенттiк сайлауды екiншi қайтара өткiзуге келiстi. Ал президенттiк сайлауда дауыс берген кейбiр ауғанның бармағын тәлiбтер кесiп алыпты. Сарапшылар пiкiрiнше, жемқорлыққа белшеден батқан кабулдiк билiк пен БҰҰ сарбаздары қарапайым халықтың жеке бас қауiпсiздiгiн қамтамасыз ете алмай отыр.

Батыс елдерi мен АҚШ-қа екi ай бойы қарсылық танытқан ауғандардың басшысы Хамид Карзай тамыздағы президенттiк сайлаудың екiншi кезеңiн үстiмiздегi жылдың 7-қарашасында өткiзуге келiстi. 2009 жылдың 20 тамызындағы дауыс берудiң заңды қорытындысы ресми түрде әлi жарияланған да жоқ. Сол кездегi алдын ала есептеуде сайлаудағы басты үмiткер – Хамид Карзай 55 пайыз, ал оның негiзгi қарсыласы, бұрынғы сыртқы iстер министрi Абдулла Абдулла 28 пайыз дауыс жинаған. Алайда, сайлау күнi аяқталмай жатып, Абдулла Хамид Карзайдың жақтастары тарапынан көптеген заң бұзушылықтарға жол бергенiн, сайлаушылардың құқығы аяққа тапталғанын айтып, дабыл қақты. Саяси доданы қайта өткiзудi талап еткен де – Абдулла. Аймақтағы ахуалдың ширығып кетуiнен сескенiп, БҰҰ мен Ақ Үй өкiлдерi Карзай мен Абдулланың қайсысын жақтарын бiлмей дал болған. БҰҰ-ның Ауғанстандағы тұрақты өкiлi Питер Гэлюрайт «Карзайды жақтамайтын қаншама ауған бар. Солардың алдында абыройынан айырылып қалмас үшiн БҰҰ Кабулдан сайлауды қайта өткiзудi талап етуi тиiс» дегенi үшiн Карзайдың «қара тiзiмiне iлiктi. Карзайға тiсiн қайраған Абдулла егер талабы орындалмаса, ирандық сценарийдi қайталайтынын, онда ауғандар жерiнде қан тағы да селдей ағатынын ескерткен. 2009 жылдың 11-қазан күнi БҰҰ-ның Ауғанстандағы миссиясының жетекшiсi Кай Эйде дауыс беру барысында көптеген заң бұзушылықтарға жол берiлгенiн ресми түрде мойындап, Батыспен бiрге сайлауды қайта өткiзуге Карзайды көндiрдi. Алайда, 1-қарашада Абдулла сайлаудың екiншi кезеңiне қатысудан бас тартатындығын мәлiмдедi. Оның айтуынша, қайтара өткiзiлетiн саяси додадағы сайлау комиссиясының құрамы мен жұмыс iстеу тәртiбi өзгертiлуi тиiс болатын. «Аталған талаптар орындалған жоқ, демек, дауыс беру процесiнiң адал да әдiл өтетiндiгiне ешкiм кепiл бола алмайды» деген Абдулланың наразылығына қарсы уәж айтқан ресми Кабул, яғни, Карзайдың жақтастары халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарына үстiмiздегi жылдың 7-қарашасында Ауғанстандағы сайлау қайта өткiзiлетiнiн мәлiмдедi.

Арнайы ұйымдастырылған тексеру нәтижесiнде жұмыс тобы Карзайдың 49,67 пайыз жинағанын дәлелдедi. Ал жеңiске жету үшiн 51 пайыз жинау керектiгi айтпаса да түсiнiктi. Ауғанстандағы жемқорлық, саяси ахуалдың күрделiлiгi мен мүдделi топтардың бақталастығын көлденең тартқан халықаралық сарапшылар екiншi кезеңде де халықтың талап-тiлегi ескерiле қоятындығына күмән келтiрiп отыр. Бiрақ Вашингтон мен Брюссель заңсыз сайлауларға байланысты лаңкестiк әрекеттер Ауғанстанда ғана емес, АҚШ-та да қайталануы мүмкiн деп қорқады. Оның үстiне, тәлiбтермен ұрыста iшкi саяси жағдайдың ушығып кетуi керi әсер етерi сөзсiз. Ауғандар жерiндегi соғысты сараптаған американдық генерал Стэнли Маккристал кабулдiк билiктiң сыбайлас жемқорлыққа белшеден батқанын, ал Ауғанстандағы коалициялық әскерилердiң қатыгездiгi салдарынан бейбiт тұрғындардың жалпы әскерилерге деген қатыгездiгi өрши түскендiгiн айтып, Ақ Үй мен оның жақтастарынан қосымша әскери күш талап еттi.

АҚШ президентi Барак Обама американдық сарбаздардан құрылған 40 мың әскерлiк қосымша күштi Кабулге көмекке жiбере ме, жоқ па деген мәселенi ауғандар елiндегi президенттiк сайлау аяқталғанша шешетiнiн мәлiмдедi. NATO мен БҰҰ Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыруда Ресейден қолдау күткен, алайда, Мәскеу бұл ұсыныстан үзiлдi-кесiлдi бас тартты. Ақ Үй мұндай қолқаны қазақтарға да салды. Қыркүйек айында АҚШ-тың Қазақстандағы тұрақты және өкiлеттi елшiсi Ричард Хоугланд Астанадан Ауғанстанға қазақ бiтiмгерлерiн жiберудi өтiндi: «Ирактағы соғыс алаңында сiздер қарулас достардың қиындығын бiрге көтердiңiздер. Жуырда халықаралық күш – NATO-ның құрамдас бөлiгi бола аласыздар». Елшiнiң бұл тiлегiне Астана ресми жауабын берген жоқ, бiрақ, ауғандар елi арқылы жүк тасу мәселесiн ЕО-мен де, АҚШ-пен де бiрнеше рет талқыға салды. Әскерлер санына қатысты мәселе еуропалық елдер арасында бiраз дау туғызды. Мысалы, Нидерландтар парламентi 2010 жылдан бастап NATO-ның әскери шараларына қатысуды қысқарту және өз әскерилерiн Ауғанстаннан шығару туралы заңды қабылдады. Күнi кеше ғана парламенттiк сайлау өткiзген немiстер елiнде Ауғанстанға әскер аттандыру мәселесi сайлау алды науқандағы басты мәселенiң бiрi болған едi. Әлеуметтiк сауалнама жүргiзген ұйымдардың хабарлауынша, Германияда соғысқа қарсы ұстанымдағы жастар көп.

«Жығылғанға – жұдырық», Ауғанстандағы Бiрiккен әскери күштердiң абыройына дақ түсiретiн жайттар күннен күнге жиiлеп барады. Жуырда The Times газетi Кабулге таяу орналасқан италияндық әскерилер тәлiбтермен келiсiм жасасқанын, тәлiбтерге ақша төлеп отыру арқылы өз қауiпсiздiктерiн қамтамасыз еткенi туралы ақпарат жариялады. Яғни, италияндықтар тәлiбтердiң төбесiнен оқ жаудырмайды, ал тәлiбтер оларға саусағының ұшын да тигiзбейдi. Ұрыс алаңындағы бизнес дегенiңiз осы болса керек… Сорақысы сол, бұл деректi ауғандық екi шенеунiк растап қол қойса, тәлiбтер бейбiтшiлiк орнату жолында тер төгiп жүрген Ақ Үйдi мазақ еткен. Арада сәл уақыт өткенде италияндықтардың орнын басқан француз сарбаздардың бiрнешеуiн тәлiбтер қырып салыпты. Американдық саясаткерлер «ауғандар жерiндегi соғыс АҚШ-тың абыройын асқақтатпайды, керiсiнше, оның әлем алдындағы беделiне нұқсан келтiредi» деп алаңдаулы. Ал қарапайым халыққа Ақ Үйдiң беделi емес, жеке бастарының амандығы қымбат. Өйткенi, сұрапыл басталғалы берi жүздеген, мыңдаған бейкүнә жан соғыстың құрбанына айналды. Оның үстiне, бюрократтардан құралған жергiлiктi билiк пен тәлiбтердiң қоқан-лоққысынан қорыққан халық екi рет өткiзiлетiн сайлауда ерiктi де еркiн таңдау жасай алары күмәндi. Сайлаушылардың кейбiрi сауатсыз болғандықтан бармақтарына сия жағу арқылы дауыс бергендiктен, оларды көптiң арасынан оңай тауып алған тәлiбтер саусақтарын кесiп алу арқылы жазаға тартқан көрiнедi. 2009 жылдың 28-қазанында тәлiбтердiң Кабулдегi БҰҰ өкiлдiк ғимаратына жасаған шабуылынан 7 адам қаза тауып, бiр адам ауыр жарақаттанды. Ал кеше ауғандардың Гильменд провинциясында британдық әскерлердiң 5-еуi қаза тапқан. Ұлыбритания тарапынан берiлген ресми деректерге сүйенсек, 2001 жылдан күнi бүгiнге дейiн Ауғанстанда ажал құшқан ағылшын сарбаздарының саны 229-ға жеткен. 7-қараша күнгi сайлауға қатысқандарды да жазасыз қалдырмайтынын ескерткен тәлiбтер қарапайым халыққа осылайша психологиялық тұрғыда қысым жасауда.

Бұған дейiн Ауғанстандағы мүдделi топтар қоғамдағы саяси ахуалды тұрақтандырудың бiрнеше жолдарын ұсынған. Мысалы, Карзай мен Абдуллаға билiктi теңдей етiп бөлiп беру. Бiрақ бұл ұсыныстан Абдулла үзiлдi-кесiлдi бас тартыпты. Екiншi жолы, ауғандық тайпалардың кеңейтiлген отырысы – Лойи жирги өткiзу. Кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, кеңесе отырып, тәлiбтермен тiл табысу, осылайша, қарапайым халықтың билiкке деген сенiмiн арттыруға, орталық билiктен шеткерi орналасқан шалғай аймақтарда өршiп тұрған жемқорлық пен қылмыстық әрекеттердi ауыздықтауға мүмкiндiк тумақ. Әлбетте, мұндай пiкiр АҚШ-пен Батыстың көңiлiне бiрден қона кетпесi анық.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ