ҰЛТ ҚАМЫ ҮШIН БАРЛЫҚ АЙҚАС – СОҢҒЫ АЙҚАС!

ҰЛТ ҚАМЫ ҮШIН БАРЛЫҚ АЙҚАС – СОҢҒЫ АЙҚАС!

ҰЛТ ҚАМЫ ҮШIН БАРЛЫҚ АЙҚАС – СОҢҒЫ АЙҚАС!
ашық дереккөзі

«…ҚИЫННАН ҚИЫСТЫРАР ЕР ДАНАСЫ»

Кемеңгер Абай нағыз ақынды осылай бағалаған. Бiзде поэзия деген асаудың жалынан ұстағандар аз емес. Және солардың бәрiн бiрдей ақын деуге келмейдi. Бiрi өлең өлкесiнде бауырын жазған тұлпардай көсiле шапса, бiрi топтың соңында шаң қауып жатқаны.

Өздерiн ақынмын деп көкiректерiн кере қаққан баз бiреулердiң өлең шумақтарындағы төрт жол төрт жаққа тартып тұрса не шара. Ненi айтып, ненi меңзегенiн түсiнбей дал боласың. Ал Абзал ақын шумақтарының төрт аяғы тең жорға, жұп-жұмыр. Салмақты ойды сезiнесiң. Сөз бен ой маржандарын тереңнен тартып, қиыннан қиыстыра бiлген.

Абзал Бөкен — ойдың ақыны. Оның сөз өнерiне қарап тұла бойы, болмысы күмбiр-күмбiр көнеден жаралғандай дерсiң. Басқалардан өзгеше ақын. Соңғы он жылдан кейiн шыққан «Төр» жыр жинағы соның айғағы. Мұны ол кемелiне келген шағында оқырмандарына ұсынып отыр.

«… Ей, беймезгiл кеткен бозқасқа,

Жүйрiгiң маған не керек,

Бұйрығың маған не керек,

Өлгеннен соң алған

Өлшеусiз сыйлығың маған не керек?!

Кеудеңнең ұшып кеткен соң,

Көк шiлтер қанат көбелек».

Бұл оның «Жылқы – Адам» циклынан үзiндi. Толған айдай толғағы жетiп толықсып туған өлең жолдарынан мiн тауып көршi. Ойыңды дөп басқан теңеуiн айтсайшы. Қысқасы, Абзал ақынның өлеңдерiн оқу керек.

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

ТОҚЫРАУЫН

Тоқырауын, мен сенен алыс кеттiм,

Зеңгiрiне сiңгендей ғарыш көктiң.

Саған деген сағыныш – сары уайым,

Бал iшпеппiн.

Саған деген сартап боп сағынышым,

Жүрген сынды сандалып сағым iшiн.

Тоқырауын, мен сенен алыс кеттiм,

Сорым үшiн әлде сол бағым үшiн.

Қарашеңгел бойының балғыны едiм.

Қарасудың ойының шалғыны едiм.

Алыс кеттiм,

Арнаның құмында тек

Бала шағым жаутаңдап қалды менiң.

Шағырмақта күйдiрдi кекiлдi күн,

Содан кейiн сол кекiл кетiлдi мың.

Балалығым сен жақта,

Өзiм мұнда,

Бiр денеде екi адам секiлдiмiн.

Бәсiн бiлмей жағаңда құрақ – көктiң,

Тоқырауын, мен сенен жырақ кеттiм.

Жырақ кету – жат болу.

Туған жерге

Жат болуды айтады мұрат деп кiм?

Сағасы – тал, суы – бал Тоқырауын,

Табанымды қыздырар топырағың.

Жырақпын деп мен сенен опынамын…

Ойланамын,

Тәубә деп отырамын.

КЕБЕЖЕ

Томсарып тұр тозан тұтқан кебеже,

Кебежемен болушы едi тоқ әже.

Көне мүлiк – бүгiн үшiн естелiк,

Ескiлiкке кейiн тартты кегеже.

Сыны сұмдық.

Сырына көз тоқтамас,

Тақтайлары болат десең, жоқ талас.

Я бiр емен, я бiр қайың – қатты ағаш,

Арабтардың жиһазымен бақталас.

Көз тартады көне бедер, шеберлiк,

Шеберлiксiз дүниеде жоқ ерлiк.

Есiмде тек – кебежеден көп алдық

Есiмде жоқ – кебежеге не бердiк.

Аузында Алла, көкiрегiнде иманы,

Сол ыдыста – кәрi әжемнiң жиғаны.

Қант-кәмпитi, жақсы шайы, құрт-майы

Берекеңдi келтiретiн үй дәмi.

Қонақ келсе келiмдi де кетiмдi,

Сол кебеже қызартпайды бетiңдi.

Алған сайын ырыс-құты ортаймас,

Ертектегi сиқыр қоржын секiлдi.

Өткен өмiр – кеудеңдегi тығынды,

Тығындыңды кiм түсiнiп ұғынды?!

Кебеженi ығыстырды кент-жиһаз,

Кешегiмдi ығыстырды бүгiнгi.

Мезгiл қатал,

Көндiредi көнбеске,

Кепiлiң жоқ мұңсыз-қамсыз өлмеске.

Егделiкке ығыстырды ол менi,

Кәрi әжемдi ығыстырды келмеске.

Мың жыл тұрар не бiр шөлмек, не көзе,

(көзе ғұрлы бола алмадық неге өзi?)

Төрде – теле…

Төменде тұр кебеже.

Кебеже бар,

Оны тұтқан жоқ әже…

ӨКIНIШ

Тұла бойым көне сөз, көне мүсiн,

Жаратылған жан едiм өлең үшiн.

Өмiр менi ап кеттi өзге арнаға,

Дегендей-ақ: «ой қуып, сөз барлама».

Көне сөз бен кемел ой кейiн қалып,

Басыр болды басында озған бала.

Қара өлгеңге қоса алмай қосарымды,

Ондаған жыл ой көшiм ошарылды.

Тұлпар едiм зеңгiрден сорғалаған,

Бiр сауысқан орныма сұңқар болып,

Тұлпар болды,

Қолтума, қолдағы адам.

Қыран көңiлiм қалғыды,

Кием өлдi.

Иен жұртымды ителгi иелендi.

Ал мен болсам,

(замана себеп делiк)

Құлдарша iстеп, билерше жемек болып,

Дарыныма дағдарған қол созбаппын,

Қарыныма ғана сол көмек берiп,

«Өлең едi басынан ой-арманым

Бұл жүрiсiм – жаңаша оянғаным»,

дей алмадым, ешкiмге дей алмадым.

Iздемедiм және де арашаны,

Ал мыналар, қараңыз тамашаны:

Алла берген атақты аздау көрiп,

Адам берер сыйлыққа таласады…

Мұның аты шығар-ау құлқыңды ойлау

(Құлқыңды ойлау тiрлiкте бiр тынбайды-ау).

Тұрмыс түзеп одан да таза ғана,

Тектi өлеңдi сен де, дос, мазалама.

Құлша iстеген билерше жеуi мүмкiн,

Құлша ойлаған билерше жаза ала ма?!

Тұла бойым көне сөз, көне мүсiн

Жаратылған жан едiм өлең үшiн.

Өзгелерге бұйырды кең өрiсiм…

Көне жиһаз, кеудем бiр көне сандық,

Ашпай жатып қақпағын,

Көне салдық

Жаратылған жан ба едiм денем үшiн

Неге осалдық жасадым, неге осалдық?!

КҮЗ КЕЛДI

Күз келдi, сынақ алда, сұрақ алда,

Алпыс күз аз ба, көп пе бiр адамға?

Жанымның жапырағы сарғайыпты,

Селт етем сол жапырақ құлағанда.

Күз келдi,

Сынақ алда, сұрақ алда,

Көп болды-ау кiрмегелi мына барға.

Көңiлiм салқындады сырғалыдан,

Көңiлiм салқын тартты сырадан да.

Күз келдi,

Сынақ алда, сұрақ алда,

Таба алсаң, жауабын бер, тұра қал да.

Жанымның жапсарынан жел соғады,

Қамсауын қамыс, шиден құраған ба?

Күз келдi,

Сынақ алда, сұрақ алда,

Сұрақсыз күн өткен бе бұл адамда.

Жас кезде жауған нұрдай жаңбыр шiркiн,

Жас келсе,

Ұқсайды екен жылағанға.

Күз келдi,

Сынақ алда, сұрақ алда,

Көңiлiм қалды ақтан, құладан да.

Еңкейiп қалған екен батысқа күн,

Ендi мен еңсе түзеп тұра алам ба?!

Күз келдi,

Сынақ алда,сұрақ алда,

Кiм жоқтар мен шалқамнан сұлағанда?

Сен-дағы кемпiр болдың мен сүйген қыз

Есiңе ал, кемсеңдеп бiр жылап ал да.

Күз келдi,

Сынақ алда, сұрақ алда,

Апыр-ай, қап кетем бе мына маңда?

Ауылым алыста едi,

Қайтқан қазым,

Айта бар менен сәлем сұрағанға.

ЖЕҢУ

Бәрiн де жеңдiм.

Батыр – Мен,

Бағыланың – Мен

Iрi үстем.

Дауыңды жеңдiм ақылмен,

Жауымды жеңдiм қылышпен.

Бәрiн де жеңдiм.

Батыр – Мен,

Қабылан – Мен, қорқар түсiмнен.

«Тасыңды» жеңдiм «асыммен»,

Тасырды жеңдiм мысыммен.

Бәрiн де жеңдiм.

Батыр – Мен.

Өзiм кен және Өзiм кең.

Ақшаны жеңдiм ақыммен,

Патшаны жеңдiм төзiммен.

Бәрiн де жеңдiм.

Батыр – Мен.

Беттессем бетпақ именген.

Асауды жеңдiм тақыммен,

Қашауды жеңдiм сүйменмен.

Бәрiн де жеңдiм,

Жол қылып

Жалама жартас, қыр жағын.

Бәрiн сүзем деп болдырып,

Сүзiлiп қалған құлжамын.

ЕЛЕС

Жапырағын жайды жас емен,

Жас емен де мен емеспiн.

Мейiрбан жаны аса кең

Бас егең де мен емеспiн.

Тамыры кеткен тереңге

Терегiң де мен емеспiн.

Желбiреп тұрған төбеңде

Желегiң де мен емеспiн.

Жалт бермей жардан қарғыған

Арғымағың да емеспiн.

Көл жиегiнде қалқыған

Балқұрағың да емеспiн.

Көкте емес,

Жерде маздаған

Жасанды Ай, Күн де емеспiн.

Абзал қайғым бар аздаған,

Асан Қайғың да емеспiн.

Дәулетiн жұрты сағынған

Дархан мырзаң да емеспiн.

Мүйiзi Айға шағылған

Арқар құлжаң да емеспiн.

Дүр еткiзетiн өлкенi

Жаңғырық-дүбiр емеспiн.

Үзiлмей тұрған өркенi

Мәңгiлiк ғұмыр емеспiн.

Күлдi-көмеш те емеспiн,

Гүлдi белес те емеспiн.

Жарқ етiп жалқы сәтке бiр,

Көзiңдi кескен елеспiн.

АБАЙ ӨМIРIНIҢ АҚЫРҒЫ КҮЙI

Базкешу

Ерек тұтты ағайын,

Емес едi кедейiң,

Тойдан «өлер» Абайым

Ойдан өлдi, не дейiн?!

Нәр сызбады талай күн,

Су шаймады көмейiн.

Астан «өлер» Абайым

Аштан өлдi, не дейiн?!

Түнек тартты арайым,

Ұқпады жұрт көп ойын.

Суға кемер Абайым

Удан өлдi, не дейiн?!

Алпыстың да маңайын

көрмеуiнде – көп ойым.

Қарт боп өлер Абайым

Мерт боп өлдi, не дейiн?!

Тiрлiкке ол тоймады,

Тербедi өмiр тек ойын.

Өлмесiне қоймады.

Өлдi сонсоң,

Не дейiн?!

ЖҮРЕК

Күн қуарып, түн жүдеп,

Не көрмедi бұл жүрек.

Махаббаттан жасарды,

Тұрған гүлдей үлбiреп.

Күн қуарып, түн жүдеп,

Не көрмедi бұл жүрек

Таныс болды бiр Баян,

Алыс болды бiр Жiбек.

Күн қуарып, түн жүдеп,

Не көрмедi бұл жүрек

Қайғы кештi, қамықты,

әрқайсысы бiр-бiр оқ.

Бiр қуарып, бiр жүдеп,

Не көрмедi бұл жүрек

Оқтан қалды ойсырап,

Оттан қалды күлдiреп.

Бiр қуанып, бiр жүдеп,

Не көрмедi бұл жүрек

Қадалып тұр

Жүректей

Жүзi өткiр бiр күрек…

ӨТЕДI

Қайғы түссе басыңа,

«Күйзелме» деп айта салу оп-оңай.

Ақ түседi шашыңа,

Дақ түседi көңiлiңе, ботам-ай!

Амал қанша,

Төзесiң,

Еңбегiң еш, тұз орнына сор тұнып,

Көңiлiңнiң көзесiн

Көз жасыңмен шүпiлдете толтырып.

Бiрақ бәрi өтедi,

Қайғы өтедi көңiлiңдi қаусатқан.

Қуаныш та кетедi

Сусып түскен сақинадай саусақтан.

Не бар дейсiң мәңгiлiк,

Мәңгi бақыт, мәңгi қайғы деген жоқ.

Бiрi жүректi ән қылып,

Бiрi оған қадалады тебен боп.

Тасырқайды тарлан да,

Тұтқыр деген тағалаң да таяды.

От пен суға салғандай,

Солқылдайтын жүрек сорлы баяғы.

«Бәрi өтедi, бұл да өтедi» –

Осы сөз

Сүлейменнiң жүзiгiнде мөрленген.

Керқұла да кешегi

Кiсiнемесе қиқу тiлеп кермеңнен.

Тәңiр Иең құп көрсе.

«Бәрi өтедi» (оның өзi төте сын).

Бәрi өтедi деп жүрiп,

өкiнiшi – өзiң де өтiп кетесiң.

ҚАМ

Не нәрсе де кезiнде ғой, кезiнде,

Кезi келiп тұрған iстен безiнбе.

Темiрiңiз қызған кезде илеп қал

Әмiрiңiз жүрген кезде билеп қал,

Сәл қатайса – темiр көнбес икемге,

Сәл босаса – билiгiңде күйрек хал.

Қай нәрсе де кезiнде ғой.

Мұның жұрт

Мағынасын ашпай жатыр – күмiлжiп.

Сәл асықсаң – әлi шикi көк түйiн,

Сәл кешiксең – қолға тұрмас уылжып.

Отың от па – жуарғанда жанбаса,

Суың су ма – щөлдегенде қанбасың?!

«Сабақты» ине сәтiмен» ғой,

Сәтiне

Iлiкпесе, сәндi iсiң де далбаса.

Кесер жерде кесiп түссiн алмасың,

Тесер жерде тесiп түссiн қорғасын,

Шабар сәтте шауып қана жiбермей

Жәңгiр ханның ордасын,

Махамбеттiң опынғаны ойда ма?

Тәттi тiлмен таратқызып қосынын,

Қолыменен Ықыластай «досыңның»

Омыртқасын опырғаны ойда ма?

Отырғам жоқ жоқ жерден бiр жау iздеп,

Жау жоқ қазiр.

Есесiне дау iздеп,

Жанап кетсең, жармасатын ауыз көп.

Селебе емес, сөзден ығар заманда

Ондай ауыз оңай тимес адамға:

Ерiк берсең, Елiңдi де,

Иен жатқан

Жерiңдi де жалмай салмақ табанда.

Әне, солай!

Қолтық сөгiп, iштi iреп,

Ентелеп тұр бiр сұрапыл, сұсты леп.

Бай мен кедей майданының «ойыны»

(мұнда да бар Махамбеттiң мойыны)

Құм Нарынның майданынан күштiрек!

Заман мынау тауып алған жоқ өнер –

Жақпағанын қара жерге шегелер:

Ойпаңданып бiр құлады төбелер,

Қайқаң қағып шырқырады нелер өр,

Жай тал болып шырылдады емен – ер…

Осыларға беретұғын қолұшын

Жайлап алған Парламенттiң өрiсiн

Қайда әлгi халық қамын жеген ер?!

Ұлтым ғой деп ұмтылатын кез – осы,

Жұртым ғой деп жыртылатын кез – осы.

Бүгiнгi сөз қап кетпесiн ертеңге,

Бүгiн емде, көнсiн десең дерт емге.

Жедел iстер жедел бiтсiн.

Желбауын

Ауық-ауық жел шайқаған өлкемде.

Тойған адам мұзды мүжiп, тонды оймас,

Ойға тойма.

(елге керек сондай Бас!)

Ұлт қамы үшiн барлық сөз де – соңғы сөз,

Ұлт қамы үшiн барлық айқас – соңғы айқас!

ӨЗIМIЗДЕН БАРЛЫҒЫ

Тұғырыңнан тұлпар жасап алдық бiз,

Сауысқаннан сұңқар жасап алдық бiз.

Көк есектiң көтерем деп шашбауын,

Керқұланның обалына қалдық бiз.

Көрiксiздi көрiктiсiң деп кеттiк,

Ерiксiздi ерiктiсiң деп кеттiк.

Гүлсiң ғой деп көлкiлдеттiк көкпектi,

Жiбексiң деп желпiлдеттiк көкбеттi.

«Басшы деген шығасыға иесi»,

Мiне, бiздiң көрiп жүрген күй осы.

Сенен аппақ жоқ деп едiк қазанға,

Ақ бәтеске сүйкеп өттi күйесiн.

Кемесiң деп атақ бердiк қайыққа,

Каспийсiң деп тақап келдiк Жайыққа.

Қайық бiрақ шыға алмады мұхитқа,

Жайық теңiз бола алмады,

Айып па?!

Есек түссе арғымақтың алдына,

Сол есектi балағаттап, қарғыма.

Айыпты емес, төрге шықса тексiздер,

Төр ұсынған өзiмiзден – бар кiнә!

ПӘЛСАПА

Менiкi дейтiн түгiм жоқ,

Мелдектеп құяр күбiм жоқ;

Қызығым бар ед,

Қор болды

Қиқулы кеште шығын боп.

Болса да жиған жүгiм көп,

Менiкi дейтiн түгiм жоқ;

Көшедi ертең басқаға

Кеудемде жанған бүгiнгi от.

Алтын балығым – аудiкi,

Алғыр қыраным – таудiкi.

Ысқырса, жылқым – желдiкi,

Күш қылса, мүлкiм – жаудiкi.

Селеулi бозым – белдiкi,

Серпiндi сезiм – селдiкi.

Жазған бiр жырым – жұрттiкi,

Қазған бiр кенiм – елдiкi.

Жасылым бар ед – жапырақтiкi,

Асылым бар ед – атыраптiкi.

Жаным бар деймiн – Тәңiрдiкi,

Тәнiм бар деймiн – топырақтiкi.

Менiкi дейтiн түгiм жоқ…

ЗАМАН

Өмiр кейде сүреңсiз,

Басқан жерiм кiлең сыз.

Жүрiп өткен жолым да,

Бiрi қысқа, бiрi енсiз.

Түңiлгеннен айтам да,

Шыға алмадым қайқаңға.

Өрге тартар деген жол

Түсе бердi ойпаңға.

Келiп қонған жерiм сыз,

Сыздауыт жер егiнсiз.

Атым болса – жегiнсiз.

Арман – алыс,

Жол – қысқа,

Көнiп бiттiм болмысқа.

Болмыс деген – тұрмысым,

Тұрмыс атты қол қысқа.

Дос дегенiм – кiл арсыз

кiсi болды құнарсыз.

Сыйынғаным тым күштi,

Сүйенгенiм, тым әлсiз.

«Олай емес,

Былай, – деп, –

Төзе алмасаң, тырай!» – деп,

Түлкi заман жортып тұр,

Қуа алмадым құмай боп.

Ұлтан жұқа,

Жер қатты,

Тұла бойға тер қатты.

Қапталыма – үзеңгi,

Қайқы белге ер батты.

Үгiлмесең – үгем деп,

Бүгiлмесең – бүгем деп,

Семiз заман мiнiп тұр

Арық атты жүгендеп.

Жорта-жорта болдырдым,

Болдыртқан сол жол құрдым.

Не батқанын арқама,

Заман емес,

Мен бiлдiм.

Атқа балар тай күшiн

Емеспiз ғой жай кiсiң.

Халық қамы деп айттым.

Қара басым қайғысын.

СЫН

Ел дегенi емеурiннiң күшi екен,

Жер дегенi қызыл тiлдiң ұшы екен.

Атағың мен ақшаңызға келгенде,

Сол ерлердiң көпшiлiгi ез болды.

Сары алтынға санап жүрген саңлағың

Салмағы жоқ саудыраған жез болды.

Жас жайнақты,

Қайраты бар кексе ердi

Заманаңыз дәл осылай екшер-дi:

Бiреуiне мансап берiп байқады,

Ал бiреуiн байлық берiп тексердi.

Тексерiп едi

Тектiлiгi от алмай,

сол бiр сыннан қалды көбi өте алмай;

ар-ұятты алмастырды алтынға,

«Алтын көрсе» деп айтылар мақалдай.

Керiсiнше, ерен, терең ұғымы

Ердiң ерi,

Егеуiңнiн сынығы,

Қажет болса, басын бердi ел үшiн,

Қажет болса, абақтыда шiрiдi.

Ал әлгiлер –

Сол бiр мiнбер,

Қызыл кiлем… қызыл-қызыл кеңседе

Ел деп тұрып – елiн сатып жiбердi,

Жер деп тұрып – жерiн сатты белсене.

Көлтаусарлар болып алды бас мұрап,

Елтаусарлар елiн жедi бас құрап.

Қой терiсiн жамылып ап көк бөрi,

Қойдан гөрi «маңырайды» жақсырақ.

Халқым жайлы бiр пысықай кемерлi ой

Қозғап жатса,

Сол баяғы «өнер» ғой.

«Елiм» деген сөздi естiсем – селк етем,

Елдi құртар тiреу шыға келердей.

ӨЛШЕМ

Өмiр өлшеулi,

Арманым бiрақ өлшеусiз,

Абай айтқандай, болмай ма орным, өлсем сын

Дана болсаң да, кеткен соң аз-кем қайғырып

Даңғой болсаң да, өмiр сүредi ел сенсiз.

Өмiр өлшеулi,

Көңiлде бiрақ өлшем жоқ,

өлшемсiз iске жүредi ылғи ел шөлдеп.

Арман бiтпейдi, адам бiтедi…

Ақыры

Азасын тартар арттағы жұрты кемсеңдеп.

Қарттыққа қарай қайырылып қалған кемемiз

Көнемiз бiз де,

Хақ бұйрық жетсе, сөнемiз.

Мен де мас болғам,

Айықпас деме мастығым,

Мен де жас болғам,

Жастығым өтпес демеңiз.

Тасқындап аққан тасбұлақ-сынды мөлдiр ем,

Жағада өскен құрақ-сынды мөлдiр ем.

Өзiм сенбейтiн

Он жетiмдi суретке

Осындай ем деп өзгенi қалай сендiрем.

Сендiре алмаймын.

Сендiрiп қанша керегi,

Жасармас одан жасамысыңның көн оңы.

Кiмдерге қажет сидиып қалған қайыңның

Бағзы жылдарғы суретте тұрған желегiң.

Қанша айтсаң-дағы қадiрлi қария қунақ де,

Артында қалар бiр күнi оның шулап көп.

Мезгiлi өтсе – сұңқардың сынып қияғы

Мезгiлi жетсе – тұлпар да қалар тулақ боп.

Өмiр өлшеулi,

Өлшеулi дәмiң ауызда,

Аса алмас одан жайсаң бiр ер де, жауыз да.

Таудай бiр көңiлiң, сағаты соқса,

Тырп етпей,

Сыйып-ақ кетер тары сыйардай қауызға.

ТӨР

Ата салтын сақтасаң,

Аллам сенi көтерсiн.

Табалдырықты аттасаң, –

Не босаға,

Не төрсiң.

Ел қамымен көрiнсе Ер,

Ең құрметтiм сол деген.

Тектi қазақ төрiн сол

Тақтан төмен көрмеген.

Тiлдiң майын тамызған

Тура жолдан таймастан, –

Ақылы асқан абыздар

Сол орнында жайғасқан.

Өлшем айтып ертеңге,

Жақсы-жайсаң тел өскен.

Малдас құрып сол төрде,

Келелi iстi кеңескен.

Жықпыл жымнан жол тауып,

Дiлмәр дауы, жер дауы,

Жесiр дауы, жер дауы

Сол арада шешiлген.

Шыны майдай шындығы,

Шықпайтұғын есiңнен –

Шешен сөздiң кiндiгi,

Шаршы топта кесiлген.

Қажет болса, Ел үнi

Самғай ұшып төменнен,

Қараша үйдiң төрiнен

Хан сарайға жөнелген.

Халқым солай нықтаған,

Салтым солай жетiлген;

Төрге қайтып шықпаған

Төрдiң сәнiн кетiрген.

Құрар жердi ел кеңес

Сырмақ, кiлем сәндеген.

«Төрдiң көркi» – төрде емес,

Төрде отырған жан», – деген.

Бәсекеде бақ сынар

Бiзде де арман көп тiптен.

Көңiлiм – Төр,

Жақсылар

Кеңес құрса деп күткен!

КСРО (СССР)

(Шындығы шылқыған аңыз)

Бүгiнгiдей бай мен кедей жоқ едi,

Барлық байлық тең бөлiндi себебi.

Қойға толы болатұғын қорасы,

Қозы-лаққа тiзулi едi көгенi.

Анау малшы, мынау жалшы деген жоқ,

Есiл-дертi ертелi-кеш тең еңбек.

Маңдай термен тапқан нанын бiреудiң

Бiреу келiп тартып алып жеген жоқ.

Жерге бөлiп жiктелудi бiлмедi,

Елге бөлiп тiк келудi бiлмедi.

Ұры-қары «дефицид» боп,

Есiктiң бос тұратын «арамтамақ» iлгегi.

Жаналғыш та болған емес өте тым,

Жайлап айтып, жетесiне жететiн.

Қай орында еңбек етсе,

Сол жерден

Тапжылмастан зейнетiне кететiн.

Қалай болып келедi деп қай күнiм

Қам ойлаған болмайтұғын қайғы-мұң.

Сырқаттанса,

Қашан тұрып кеткенше,

Төлеушi едi алып жүрген айлығын.

Байтақ жұртын жатпаған соң алалап,

Билiк – биге ететiн ел қанағат.

Жетiм-жесiр түтiн болса,

Бастықтар

жайын бiлiп, жүретұғын аралап.

Коммунизм деп үйретiп мұратын,

Май-мейрамда жарататын бiр атын.

Күзетшiсiн құрмет тұтып,

Жылына

ақша төлеп демалдырып тұратын.

Дейтiн едi: «ұятты ойла, ар төкпе,

Ар төгудiң болады, – деп, – арты өкпе».

Озат қойшы Қырым тартып,

Озат ұл

Тегiн барып келетұғын «Артекке».

Жұлдыз таққан Батырың да, Ерiң де

Жай адам-тын Балқашта не Пермьде,

Орден таққан егiншiсi колхоздың

Отыратын Кремльдiң төрiнде.

Сарқылса егер қабiлетiн тауысып,

Кетпеу үшiн ашу қайнап, дау ысып,

Иваныңның орынына Иман кеп,

Басшылар да жататұғын ауысып.

Шаруаның гүлдендiрген қыратын,

Тақымында ойнататын бiр атын.

Жұмыскерден жұмыс-орын артық боп,

Маңдайынан шертiп жүрiп-тұратын.

Бұқараның талмасын деп өзегi,

Басшы жұрты қам ойлауға тез едi.

Қазiргi бiр бөлкеңiздiң құнына –

Жүз бiр бөлке келетұғын кез едi.

Қоғам едi тазалықтан талмайтын,

Ұрлық-қарлық, харам iске бармайтын.

Алтын жатса, аттап өтiп,

Адамы

Бiр суыртпақ жiптiң өзiн алмайтын.

Өзiне дос,

Өзектеске қас «мықтым»,

Бүгiн, мiне, алтынды асап, тасты үктiң.

Миллиардтан жеу түгiлi

Ол кезде

Бiр сом үшiн басы кеткен бастықтың.

Айтқаныма куә – күндiз,

Төре – түн,

Еңбегiмен әркiм күнiн көретiн.

Тапсырыстан опат болмай тектiсi,

Өлер болса, ажалынан өлетiн.

Бай бала деп, жай бала деп бөлмейтiн,

Бәрi бiлiм қайнарына шөлдейтiн.

Оқу тегiн, емдеу тегiн болған соң,

Болашағы нұрын шашқан ел дейтiн.

Қырмызыдай қызыл туы желектi,

Осындай бiр «атың өшкiр» ел өттi.

КСРО деп атаушы едi жұрт оны,

ҚазР-дан күттiк ендi медеттi!