Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ КӨПФУНКЦИОНАЛДЫ ПОРТАЛЫ АШЫЛДЫ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ КӨПФУНКЦИОНАЛДЫ ПОРТАЛЫ АШЫЛДЫ

Қазақстан халқы ассемблеясының сессиясы қарсаңында көпфункционалды www.assеmbly.kz порталы жаңа жаңғыртулармен жарыққа шықты. Веб-портал идеологиясы Қазақстанның 50 бәсекеге қабiлеттi елдердiң қатарына қосылу бағытындағы жетiстiктерi мен мүмкiндiктерiн көрсетуге негiзделген. Үш тiлде ақпарат беретiн кеңауқымды порталдан Қазақстан халықтарының этномәдени ерекшелiктерi мен қарым-қатынасы, этностық бiрлестiктер мен ұлттық мерекелерi жайында ақпарат алуға болады.

«Баса назар аудартатын жайт, портал қызметiнде ағылшын тiлi басымдық танытпақ. «Үш тұғырлы тiлдi» қолдай отырып, ЕҚЫҰ көлемiнде хабар тарататын портал халықаралық қоғамдастықтың қарқынын қанағаттандыруға толық мүмкiндiк бередi» дейдi ҚХА мүшесi, халықаралық ақпараттандыру академиясының академигi А.Цеховой. Тұсауы жаңа кесiлген портал қызу қызметке кiрiсiп те кеттi. «Интернет — дауыс беру» айдарымен сұрақ-жауап арқылы пiкiр алысуға болады, яғни ассамблея басшылығымен тiкелей байланыс орнатылған. ҚР Парламент Мәжiлiсi депутаттарының бiр тобымен «Жаңа Қазақстан» бетiнен ассамблеяның конституциялық мәртебеге ие болуы туралы мәлiметтi қарауға болады. Сонымен қатар порталда электрондық кiтапханалар, ҚХА құрылымдары, азаматтық қоғам институттары және мемлекеттiк органдар, БАҚ функциялары қарастырылған. 1995 жылдан жұмыс жасап келе жатқан ассамблея жыл сайын мiндеттi түрде сессия өткiзедi. Ассамблеяның биылғы 15-сессиясы Елордадағы Бейбiтшiлiк және келiсiм сарайында өтедi деп жоспарланып отыр.   Ақниет БЕЙIМБЕТҚЫЗЫ