Жаңалықтар

АТАҚТЫ ҮШТIКТIҢ ЖАҢА ҮМIТI

ашық дереккөзі

АТАҚТЫ ҮШТIКТIҢ ЖАҢА ҮМIТI

Қазан айының 19-ынан бастап Украинада президенттiктен үмiткерлердiң сайлауалды науқаны басталып кеттi. Бүгiнде жеке үмiткер ретiнде өзiн ұсынып жатқандардың саны күн санап артып отыр. Тiркеу комиссиясы келесi айдың он үшiне дейiн жұмыс iстейдi. Ал, кез келген сайлауға аса бiр қызу дайындықпен ат салысатын украиндықтар президенттiк таққа кiмнiң отыратындығына кәдiмгiдей сараптамалық зерттеу жүргiзуде.

Украинаның қазiргi президентi В.Ющенко қазанның 27-күнi Орталық сайлау комитетiне өзiн-өзi ұсыну бойынша тiркелдi. Ол бұл үшiн өз қалтасынан 2,5 миллион гривендi, яғни, 9 млн. рубль құйды. Бүгiнде танымал 10 саясаткер сайлауға қатысатындарын мәлiмдеп отыр. Әлеуметтiк сауалнамалардың қорытындысы бойынша, сайлау кампаниясының басты тұлғалары ретiнде Виктор Янукович пен Юлия Тимошенконы баса айтады. Бүгiнде оппозициялық Өңiрлер партиясының өкiлi Виктор Янукович сайлаушылардың 30 пайызына үмiт артса, 20 пайызы премьер Юлия Тимошенконы қолдап отыр. Ал, дәл қазiргi уақытта Украинаның президентi Ющенкоға бүйрегi бұрып жатқан сайлаушылар 4-ақ пайыз ғана көрiнедi. Алайда, Президенттiң хатшысы Вера Ульянченко журналистерге берген сұхбатында бұл көрсеткiшпен келiспейтiндiгiн бiлдiрдi. Кейбiр ресейлiк компаниялардың жабық деректерiне сүйенсек, Ющенконы ел халқының 5,5-8 пайызы жақтайтын көрiнедi. Оның саяси дәрежесiнiң төмендеуiне осындай мәлiметтi таратып жүрген журналистердi кiнәлады. “Сондықтан да қазiргi президент Ющенконың екiншi мәрте президенттiк сайлауға түсуi маңызды. Ющенко жеңiлiске ұшыраса, бүкiл халық үшiн трагедияға айналады. Егер, басқа үмiткер жеңiске жетсе, өзi де СССР-дiң қасаң саясатына оралу қаупiнде тұрған Украинаның халi мүшкiл болады» деп қадап айтты.

Ал, Виктор Ющенко өзiн қолдайтындар саны әзiрге төмен болғанына қарамастан, сайлауда жеңетiнiне сенiм бiлдiредi. Ол Украина халқы үшiн жасап отырған саясатына көңiлi толғаны соншалық, халық еңбегiмдi бағалайды деп иек артып отыр. Десе де, Ющенконың бар арқа сүйерi – «Бiздiң Украина» партиясы ғана. «Бiздiң президент – Ющенко» және «Ющенко болса, Украина да болады» деген ұранды сөздермен үмiткердiң саяси ұпайын арттыруға жанын салып жатқан партия өз басшысын бiрауыздан қолпаштауда. Виктор Ющенко өзiнiң жақтастары алдында президенттiкке екiншi мәрте үмiт артатынын: «Егер бiреудiң ойында Ющенко тек билiкте отыруды ғана қалайды» деген түсiнiк болса, мүлде қателеседi. Жоқ, әңгiме мұнда емес. Екiншi мерзiмге түсуiмнiң бар себебi, мемлекетiмiзде демократиялық үдерiстi тоқтатпау. Өздерiңiз де байқаған шығарсыздар, бiздiң «үйдiң» төбесi төмен түскен сыңайлы. Күн өткен сайын кәдуiлгi ауамен демалу да қиынға соғып барады», деп түсiндiрдi.

Әрине, қазiр ресейлiк ақпарат көздерi Ющенко басқарған тұстағы Украинаның саяси-экономикалық, әлеуметтiк қал-ахуалына өздерiнше кең талдау жасап бағуда. «Виктор Ющенко басқаратын «Бiздiң Украина» партиясы соңғы жылдары үлкен қаржылық мәселелерге тап болды. 2009 жылдың көктем, жаз айларында партияның барлық құрылымы жұмыс iстеуiн тоқтатып, қызметкерлер жалақы алмады. Тiптi, партияның қарызға батқандығынан кеңселерiнде энергия көзiн де ажыратып тастады. Мiне, Ющенконың сайлауға өз еркiмен барып, тiркелуiне осы жағдайлар себеп болған шығар», – деп болжам жасауда. Бiрақ, кертартпа тараптың пiкiрлерiмен келiспейтiн Ющенко өзi басқарып отырған уақытта Украинаның жыл санап экономикалық жетiстiктерге өрлегенiн айтады. «Соңғы 4 жылда Украинаның IЖӨ 7,5 пайыздан 7,8 пайызға артып, даму баспалдақтарына көтерiлгенiн әрқашан мақтан тұтамын. Мұндай жетiстiктi Балтық жағалауы елдерiнiң бiрлi-екiлi мемлекетi болмаса, Еуропаның бiрде-бiр елi басынан өткерген емес», – деп атап өттi.

2008 жылы Украинада IЖӨ 2,1 пайызды құраса, Дүниежүзiлiк банктiң жорамалы және 2009 жылдың қорытындысы бойынша, IЖӨ 15 пайызды құрайтын көрiнедi. Бұл тұрғыда Ющенко: «Ел экономикасына өткен 15 жылда бар-жоғы 7 млрд. инвестиция құйылса, соңғы жылдарда Украинаға 31 млрд. инвестиция тартылды. Айырмашылық бар ма? Әрине, жер мен көктей», – дедi. Сондай-ақ, ол мемлекеттi өзi басқарып тұрған кезде 4,2 млн. украиндықтарды жұмыс орнына орналастырғанын айта келе, нәтижесiнде соңғы үш жылда Украинаға жұмыс күшiнiң шамадан тыс ағыла бастағанын ерекше серпiнмен жеткiздi.

Саяси науқан күннен-күнге қыза түспек. Әр үмiткер өзiнiң саясаттағы қадамын неден бастайтынын халыққа үгiттеп жатқанда, қырыққа қосылмай, бұра тартатын «қыңырлардың» табылары да түсiнiктi. Украина азаматы, саяси кеңесшi Анатолий Вассерман баспасөз бетiнде: «Егер украиналық заң президенттiкке Украина азаматынан тыс адамдарды таңдауға мүмкiндiк берсе, бiрауыздан Владимир Путиндi сайлар едiк», – деп салды. Қашан да орыс тiлi аясының тарылмауына өз үлесiн қосып жүрген саясаткердiң бұл ойының астарында не жатқанын бағамдай берiңiз. Ал, оппозициялық Өңiрлер партиясының өкiлi Виктор Янукович өзiнiң сайлауалды бағдарламасында Украинада орыс тiлiн екiншi мемлекеттiк тiл дәрежесiне қайта көтеруге, Ресеймен достық қарым-қатынасты ретке келтiруге уәде бердi. Ол сондай-ақ, өз бағдарламасында «Украинаның алдағы 10 жылда экономикасы қарыштап дамыған 20 мемлекеттiң қатарына қосуға және 2020 жылы украин халқының санын 50 миллионға жеткiзуге күш жұмсайтындығын» айтты.

Сонымен, Украинадағы президенттiк сайлау 2010 жылдың 17-қаңтарында өтедi. Сайлаудан үмiткерлердiң қатарында бұлардан басқа бұрынғы спикер Арсений Яценюк, коммунист Петр Симоненко, миллионер Сергей Тигипко, спикер Владимир Литвин, елдiң бұрынғы қорғаныс министрi Анатолий Гриценко, социалистер жетекшiсi Валентина Семенюктер бар. Бiрақ сайлаудағы негiзгi тартыс Тимошенко, Янукович, Ющенко арасында өрбидi деген болжамды бәрi де назарда ұстайтыны күмәнсiз.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ