Жаңалықтар

9 АЙДАҒЫ – 9 ПАЙЫЗ!

ашық дереккөзі

9 АЙДАҒЫ – 9 ПАЙЫЗ!

Ел Үкiметi өткен жылы Елбасының берген тапсырмаларын толық орындады. Естерiңiзде болса, былтыр мемлекет басшысы өзiнiң Қазақстан халқына Жолдауында Үкiметтiң негiзгi үш бағытта әрекет етуi керектiгiн атап айтқан. Олар: макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қазақстандықтардың әлеуметтiк әл-ауқатын арттыру және ұлттық экономиканы жетiлдiру. «Мен бүгiн мемлекет басшысының осыдан бiр жыл бұрын бiзге берген тапсырмалары толық орындалғанын және оған «Нұр Отан» партиясы мен оның Мәжiлiстегi фракциясының белсендi қолдау көрсеткенiн жауапкершiлiкпен мәлiмдеймiн», – дедi Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов «Нұр Отан» ХДП-ның Мәжiлiстегi фракциясының кеңейтiлген отырысында сөйлеген сөзiнде.

Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындылары бойынша, елiмiздегi банктердiң депозиттiк базасы 20 пайызға ұлғайып, инфляцияның деңгейi 4,7 пайызға дейiн төмендедi. Сондай-ақ, жалпы халықаралық резервтерiмiз бен Ұлттық қордың активтерi 40 млрд. АҚШ долларына артты. «Ел экономикасын несиелеу биылғы жылдың 9 айында 9 пайызға ұлғайды», – дедi Үкiмет басшысы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның құрылғанына бiр жыл толған салтанатта сөйлеген сөзiнде. Осылайша, ғаламдық дағдарыстың соққысын бiрiншi болып қабылдаған Қазақстан ағымдағы жылдың қиындықтарын толық жеңе бiлдi.

Ең бастысы сол, Елбасының саясатының тиiмдiлiгi мен Үкiметтiң дер кезiнде атқарған iс-әрекеттерi пессимистiк болжамдардың жүзеге асуына жол берген жоқ. Яғни, Қазақстанның экономикасы басқа елдермен салыстырғанда құлдыраудың орнына дамуға бет бұрды. Оған ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы дәлел бола алады. Ендi салыстырып көрелiк. Ресейдiң экономика және даму министрлiгi биылғы жылдың жарты жылдығының қорытындылары бойынша РФ-ның ЖIӨ-нiң өткен жылдың осыған сәйкес мерзiмiмен салыстырғанда 10,1 пайызға қысқарғанын хабарлады. Сонымен қатар, Еуро аймақтағы елдерде де, АҚШ-та да экономика құлдырау үстiнде. Мәселен, Халықаралық валюта қорының мамандарының бағалауынша, биыл АҚШ-тың ЖIӨ-i 2,9 пайызға дейiн төмендеп, ал келесi жылғы өсiмi небәрi 0,8 пайызды құрамақ. Ғаламдық дағдарыстың дәл ортасында қалған Еуропа елдерiнiң де халi мәз емес. Мамандардың айтуынша, экономикалық дағдарыстың ұзаққа созылуынан Еуроаймаққа кiретiн мемлекеттерде жұмыссыздық деңгейi биыл 9,9 пайызға, ал келесi жылы 11,5 пайызға дейiн өспекшi.

Яғни, Қазақстанның экономикалық қиындықтардан бiрiншi болып шығуы – ел Үкiметiнiң дағдарысқа қарсы шараларының тиiмдiлiгiнiң көрсеткiшi. Мәсiмовтiң Үкiметi өзiнiң кәсiби шеберлiгiнiң арқасында сын сағаттан сүрiнбей өттi. Алайда, экономиканың тұрақтануына қол жеткiзгенiмiзбен, оның қалпына келуi ұзаққа созылатын процесс. Жуырда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерiнiң алдында сөз сөйлеген Елбасы Н. Назарбаев былай дедi: «Жалпы алғанда алдағы уақытта әлемдегi экономикалық ахуал тез тұрақтанып кетпейдi және дағдарыстың жаңа толқыны болуы да мүмкiн».

Ал дағдарысқа қарсы iс-шараларды сапалы жүргiзуден озық тәжiрибе жинақтаған ел Үкiметi қалған үш айда ЖIӨ-дi өсiруге күш-жiгерiн жұмсамақ. «Қалған айларда ЖIӨ-дi өсiру – бұл нөмiрi бiрiншi мәселе. Бұрынғы мiндеттердi ескере отырып, ендi бар күшiмiздi ЖIӨ-дi ұлғайтуға жұмсаймыз. Әкiмдер бұл мәселенi әрдайым жадынан шығармағаны абзал», – дедi Премьер-министр 5 қазандағы Үкiметтiң селекторлық отырысында.

Таңатар ТАБЫНҰЛЫ