АҚШ МИНИСТРI АРНИ ДАНКЭН ОҚУШЫЛАРЫМЫЗҒА ТАҢДАЙ ҚАҚТЫ

АҚШ МИНИСТРI АРНИ ДАНКЭН ОҚУШЫЛАРЫМЫЗҒА ТАҢДАЙ ҚАҚТЫ

АҚШ МИНИСТРI АРНИ ДАНКЭН ОҚУШЫЛАРЫМЫЗҒА ТАҢДАЙ ҚАҚТЫ
ашық дереккөзі

Бұдан бұрын бүкiл әлем бойынша бiлiм жетiстiктерiн бағалайтын «ТИМС» атты халықаралық тәуелсiз агенттiктiң зерттеуi нәтижесiнде, қазақстандық оқушылар математика және жаратылыстану пәндерiнен дүниежүзi бойынша ең үздiк ондыққа енгенi туралы газетiмiзде жазған едiк. Әр 4 жыл сайын өтiп тұратын 4-шi және 8-шi сынып оқушылары арасындағы халықаралық бiлiм сайысында елiмiздiң оқушылары жоғары көрсеткiшке қол жеткiзiп, мерейiмiздi үстем еткендiгiне балаша қуандық. Бұған дейiн математика бойынша Гонконг, Сингапур, Тайвань, Жапониядан кейiнгi 5-орынды иемденсе, жаратылыстану пәнi бойынша Германия, Австарлия, Швеция, Нидерланды сынды елдердiң өзiн артта қалдырып, 11-шi орынға табан тiреген-тұғын.

Ал, iле-шала шiлде айында Германия қаласында әлемнiң 104 мемлекетiнен қатысқан олимпиадада оқушылар жалпы есеппен 27-орынды иемденiп, 6 медальды (3 күмiс, 3 қола) қанжығасына байлаған едi. 6 бiлiмпаздан тұрған елiмiздiң команда мүшесiнiң бәрi де сыйлыққа ие болып, сайыстың эмблемасы белгiленген ту Қазақстанға тапсырылған-ды. Тiптi, қазақстандық оқушылардың осындай жетiстiктерiне АҚШ-тың Бiлiм министрi де таңдайын қағыпты. АҚШ-тың аса беделдi «Уоллтстрит» апталығы қыркүйек айында мектеп оқушыларының тест нәтижесiн жариялап, қазақ елiнiң 4-сынып оқушыларының математика саласындағы бiлiм деңгейiн басқа қарсыластарына қарағанда әлдеқайда жоғары деңгейде екенiн айтыпты. Әрине, мұны олар аспаннан алып отырған жоқ. ТМД елдерi бойынша бiлiм көкжиегiнде оқ бойы озық шыққан оқушылардың тест қорытындысы осындай нәтиже көрсеткен. 2009 жылдың басында федералды тест нәтижесiмен етене танысқан АҚШ үкiметi тәжiрибенi сынақтан өткiзу үшiн арнайы шешiм қабылдап, оқырман көпшiлiкпен әрдайым пiкiр бөлiсетiндiгiн мәлiмдеген. «Математика мен ғылымды игеру саласындағы халықаралық үрдiстер» тестiнiң берiлген көрсеткiштерi 36 елдiң 4-сынып оқушылары мен 48 елдiң 8-сынып оқушылары арасында жүргiзiлген тестiлеу нәтижесiнде анықталған.

АҚШ Бiлiм министрi Арни Данкэн: «Қазақстан – әлем картасында жаңадан ғана таныла бастаған жас мемлекет. Бiр таңқаларлығы сол, оқушылары есеп шығарғанда арнайы есептеуiш құралдардың көмегiне сүйенбей, басын iстетуге тырысады екен. Яғни, бұл оқушылар бiздiң балалар секiлдi ақпараттық-инновациялық дертке шалдыға қоймаған. Сондықтан қазақ елiндегi математика пәнiнiң мұғалiмдерiн АҚШ-қа тәжiрибе өткiзуге шақырып, тәжiрибе алмассақ жақсы болар едi» деген ойын ашық бiлдiрiптi. Ендi қайтсiн?! Қазiргi кезде бiздiң математиктердiң алғырлығы мен шапшаңдығына тек АҚШ емес, бүкiл әлем жұрты тамсанып отыр. Әлемдiк сахнада аты ендi ғана әйгiлене бастаған жас мемлекет – Қазақстанның жастарынан мұндай толағай жетiстiктердi күтпеген де болар. Өйткенi, бiлiм беру жүйесiнде балалардың ойлау қабiлетiн техниканың көмегiмен емес, қарапайым табиғи жүйемен қалыптастыруға күш салдық. ТМД елдерi iшiнде қазақ балаларының математика және жаратылыстану пәнi бойынша оқшауланып тұратыны да сондықтан. Тiптi, тәуелсiздiкке қол жеткiзген жылдардан кейiн-ақ, яғни, 1994-1995 жылдары оқушылар физика-математика бойынша жапон, кәрiстен кейiнгi үшiншi орынға табан тiрегенде көзiн сұққан елдер де болды. Неге десеңiз, жаһандануға ерiк берген АҚШ-тың, Батыстың бiлiм саласы есептi жеңiл жолмен шешудi құп көрiп, тек техниканың жетегiнде кетуiне жол бердi де, өздерiнiң iшiнен мықтыларды шығара алмады. Бiрақ олар бұл қателiктерiн ендi ғана түсiнiп, түрлi жарыс ұйымдастыру арқылы таланттарды iрiктеп, баулып, өз елiнiң намысын жыртатын халықаралық бәйгелерге қосуға ерекше ынтамен кiрiсiп жатыр.

Айтпақшы, бiлiм додасында оқ бойы озық тұрған қазақстандық оқушылардың толағай табысының арқасында математикадан өтетiн халықаралық 51-шi олимпиада 2010 жылдың 3-15 шiлде аралығында Елордамыз – Астанада жалғасын табады. Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаевтың айтуынша, оған әлемнiң 110 елiнен 600-ден астам жас математиктер мен 300-дей команда басшылары мен олардың орынбасарлары және бақылаушылар келмек.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ