АБАЙ АТЫНДАҒЫ ЕКIНШI МҰРАЖАЙ

АБАЙ АТЫНДАҒЫ ЕКIНШI МҰРАЖАЙ

АБАЙ АТЫНДАҒЫ ЕКIНШI МҰРАЖАЙ
ашық дереккөзі

Елiмiздiң егемендiк алып, тәуелсiз мемлекет болуы төл тарихымызды қайта таразылауға мүмкiндiк берiп, рухани мәдениетiмiздiң, ұлттық салт-дәстүрлерiмiздiң гүлдене түсуiне жол ашты.

Мемлекеттiк «Мәдени мұра» бағдарламасы көнеден жiбi үзiлмей келе жатқан сан ғасырлық халық даналығын, асыл қазынамызды зерделеп келешек ұрпаққа жеткiзудi негiзгi нысанасы етiп отыр. Осы орайда тәуелсiздiк аясында жаңадан түлеп, ұлттық тарихымыздың материалдық, құжаттық мұрасы болып қалыптасып жатқан мұражайлардың орны ерекше екендiгiн айтпасқа болмайды.

2009 жылғы 6 маусымда облыстың зиялы қауымымен өткiзген кездесуiнде А.Мырзахметов Абай атындағы саябақта орналасқан «Абай үйiнен» ұлы ақынға арнап мұражай ашу туралы қала басшысына тапсырма бергенiн айтқан болатын. Ағымдағы жылдың 22-қыркүйегiнде Шымкент қаласындағы Абай саябағынан облыс әкiмi А.Мырзахметовтiң бастамасымен бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi аясында ұлы ақын, данышпан ойшыл Абай Құнанбайұлына арналып мұражай ашылды. Қазақ поэзиясында бұрын-соңды болып көрмеген теңдесi жоқ ғаламат жырлар тудырған Абай өмiр бойы адамдықтың, әдiлеттiң туын көтерiп өттi, қалың елi қазағын емiрене сүйдi, оның келеңсiз қылықтарына жаны күйдi, заманының, замандастарының кемiстiк мiндерiн бүкпесiз ашып, iргелi ел болудың, өзгелерден қалмаудың жолын көрсеттi. Абай сөзi қазақ үшiн, жаны iзгi бүкiл адамзат баласы үшiн осынысымен қымбат.

Ұлы ақынның туған жерi, Жидебайда, Семей қаласында мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық мұражайлар бар. Өкiнiшке орай, осындай рухани азық беретiн аса қажеттi мұражайға баруға әрбiр қазақстандықтың қолы жете бермейдi. Абайға арнап әр облыс орталығында мұражай ашылса артықтық етпейдi. Облыс тұрғындары облыс аумағынан шықпай-ақ, Абайдың ата-тегi, өскен ортасы, дәуiрi, шығармашылығы, шәкiрттерi, Абайтанушы ғалымдардың еңбектерi, Абай тақырыбына арналған көркем туындылар туралы толыққанды мәлiмет ала алады.

Ұлы Абайдың өмiрi мен шығармашылық мұрасын халық арасында кеңiнен насихаттау және мұражай көрнектерi арқылы жас ұрпақтың Абай туралы танымының өрiсiн кеңейту мақсатында Абай мұражайы ашылып отыр. Абай мұражайының екiншi болып Шымкентте ашылуы жайдан жай емес; осыдан дәл 100 жыл бұрын Абайдың алғашқы кiтабын баспадан шығартқан, жиырмасыншы жылдары Шымкентке жер аударылған ұлы Тұрағұлға оңтүстiктiң топырағы бұйырған екен. Ақынның немересi Мәкен де Шымкентте тұрып, осында жерленген.

Абай мұражайының жалпы жұртшылық үшiн танымдық, тағылымдық, тәрбиелiк маңызы зор. «Өлеңге әркiмнiң-ақ бар таласы» – деп ақынның өзi айтқандай жас ақындар, жазушылар мен аға толқын абайтанушылардың бас қосып мәслихат құратын орталығына айналуы тиiс. Мұражай ашылғаннан кейiн де ондағы Абай шығармашылығына арналған iзденiс, ғылыми зерттеу, жинақтау жұмыстары жалғастырылып, көрнек (экспозиция) құрылымынан өзге көшпелi көрмелер жасақталып, облыстың елдi мекендерiне шығып, халыққа көрсетiледi деп жоспарлануда. Сондықтан тұрақты көрнек (экспозиция) жабдықтарымен қатар көшпелi көрме жабдықтары, техникалық құрал-жабдықтар да назардан тыс қалмауы керек.

Мұражайдың тақырыптық-экспозициялық безендiруiн арнайы эскиздiк жоба бойынша «ЭтноДизайнҚазақ» ЖШС директоры, Қазақстанға белгiлi суретшi-дизайнер А.Найманбаев жасақтады.

Мұражайдың iшкi құрылымы мынадай бөлiмдерден тұрады:

1. Кiрiспе зал;

2. Бiрiншi зал – Абай заманы;

3. Екiншi зал – Абай аудармашы;

4. Үшiншi зал – Абайтану ғылымы;

5. Мәжiлiс залы

Абай атындағы мұражайдың ашылуына қолдау көрсету мақсатында, қазiргi кездiң өзiнде мұражайдың алғашқы қорына Семей қаласындағы Абайдың мемлекеттiк тарихи-мәдени және «әдеби мемориалдық қорық мұражайы (5 фильм, электрондық негiздегi 14 папка фотоқұжат, 5 буклет кiтапша, Абайдың туған жерiнiң топырағы) Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ (3 фильм), Облыстық кинобейне орталығы (3 фильм), республикалық Ұлттық кiтапхана (50 дана кiтап) өз үлестерiн қосуда. ОҚО мәдениет басқармасына қарасты облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерi Рыскүл Бекталиева, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының қызметкерi Әбiлсейiт Атабеков шiлде айының соңында арнайы iссапармен Семейдегi Абай мұражайында болып, құнды жәдiгерлер алып қайтты.

«…Абай әлемi бiздi жетi түнде адастырмас темiрқазық iспеттi. Соған қарап тiрлiгiмiздiң дұрыс-бұрысын сараптай аламыз. Өйткенi, жанды жегiдей жеп жүрген көп сауалдың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткен. Абайды оқып отырып-ақ көштiң басын жөнге баяғыда-ақ салып алуға болатын едi. Сорлатқанда бiреудiң уақыты жетпейдi, бiреудiң атымен зауқы жоқ.

… Қазiргiдей заманда Абай жырларына айына емес, аптасына емес, күнiне бiр рет үңiлiп қоймай болмайды. Сонда жан қинап жүрген қай күмәннiң де бәрiне жауап таба аласың.

Бiз бәрiмiз Абайдан тәлiм алайық, бар мiнез-iсiмiзбен оған ұқсауға тырысайық, жаңа өркендi Абай сөзiмен тәрбиелейiк!

Абайды таныту арқылы бiз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан бiздiң ұлттық ұранымыз болуы тиiс» деген баға берген болатын Елбасымыз Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойында.

Абай атындағы мұражайдың ашылу салтанатына 2009 жылғы 22-қыркүйек күнi Қазақстан Ресубликасының Президентi Н.Ә.Назарбаев келiп, жаңа ашылған мұражаймен танысып, өзiнiң оң бағасын бердi. Сондай-ақ, бұл салтанатқа облыс әкiмi, қала басшылары, зиялы қауым өкiлдрi, мәдениет саласының қызметкерлерi және жергiлiктi абайтанушы-ғалымдар қатысты.

“– Сырты кiшкене болғанымен, iшiнде бiраз дүние бар екен. Бұл мұражай абайтануға, жас ұрпақты тәрбиелеуге, келген қонақтарға көрсетуге жақсы екен.

Облыстағы, қаладағы бiраз жағдайларды аралап көрдiм. Барша Қазақстандағы сияқты мұнда да жақсы жұмыстар жүрiп жатыр. Бiз Шымкенттi 1 миллион тұрғыны бар қалаға айналдыруымыз керек. Қазақстанда миллион тұрғыны бар 3-4 қала болса, ғылымның, бiлiмнiң ордасы осындай қалаларда қалыптасады.

Құрметтi облыс тұрғындары, шымкенттiктер! Сiздердi тарих қазынасы болып табылатын жаңа Абай атындағы музейдiң ашылуымен құттықтаймын, бұл мұражай халыққа қызмет жасап, ел игiлiгiне айнала берсiн деп тiлеймiн!” – деп Елбасымыз жиналған қауымға өзiнiң жылы лебiзiн бiлдiрдi.

Қорыта айтқанда, Тәуелсiздiктiң елiмiзге әкелген ұлы игiлiктерiнiң бiрi – өз тегiмiздi, өркен жаяр кеңiстiгiмiздi тауып, тарихымызды терең тануға мүмкiндiк алдық. Тарихымызды тануда қоғамымызда үлкен игi iстер атқарып келе жатқан мұражайлардың маңызы аса зор деп бiлемiн.

ОҚО мәдениет басқармасының бастығы А.Ниязов