Бейсенбі, 1 Желтоқсан, 2022

ОСКАР ЕРТЕҢ КIМНIҢ МҮДДЕСIН ҚОРҒАЙДЫ?

Жеңiл көлiктiң iшiнде көбiне тыңдайтының — радио желiлерi. Шағын желiлiктегi радио құралдарын бiрiнен соң бiрiне ауыстырып, қазақшасын табуға тырысасың. Әр-әр кезде жылт ете қалатын қазақша музыкаларды тыңдауға тырысқан сәттерiмнiң бiрi. Әйтпесе, көбiне тыңдайтынымыз — «Шалқар» радиосы. Коммерциялық арналардың iшiнде «Русское радио-Азия» кейде түс ауа қазақша әндерге уақыт бөледi. Екi-үш сағат бойы эфирдi қазақша жүргiзетiн жүргiзушiлердiң арасында қазiргi эстрадамыздың жаңа өкiлдерiнiң әндерiн берiп отыратыны бар.

Сағат 17 мен 18-дiң арасында «Сто заказов» бағдарламасының қазақша нұсқасы шығады. Жолда келе жатып, уақыт соған сәйкес келгеннен кейiн радионың құлағын бұрап, «Сто заказовты» қостым. Көбiне-көп бұл бағдарламаға телефон шалатындар — қала тұрғындары. Ара-тұра республиканың кейбiр аймақтарынан да қоңырау шалатындар табылып қалады. Сондай кезектi тыңдарманның бiрi телефон шалып тұр. Есiмi ұмытпасам, Мөлдiр болуы керек. Жүргiзушiмен таза қазақ тiлiнде, ешқандай акцентсiз сөйлеп тұрған бойжеткен бiр кезде өзiнiң ұлы Оскарға сәлем жолдайтынын жеткiздi. «Оскар» деген атты естiген жүргiзушi қателесiп айтып қойды ма дедi ме екен, «Мүмкiн, Асқар шығар?» деп түзеттi. «Жо-жоқ, Оскар» дедi бойжеткен. Iле-шала: «Әкесi кәрiс едi» дедi күмiлжiп… Тас төбемнен бiреу қойып қалғандай, бiртүрлi мазасыз күй кештiм. Бұрындары да қызық есiмдер туралы талай рет естiп жүрсек те, талай рет оқып жүрсек те, радиодан естiгенде бiртүрлi әсер қалдырады екен адамға. Аралас некенiң нәтижесi екенi белгiлi. Бiрақ, бойжеткен неге күмiлжiдi? Әлде ұлының әкесiнiң кәрiс болғанына намыстанды ма? Намыстанатын болса, кәрiске неге тұрмысқа шықты екен? Мүмкiн, азаматтық некеден туылған шығар… Телефонның арғы жағындағы бойжеткеннiң тағдырының қалай екенiн кiм бiлсiн, бiрақ, «Оскар» есiмi менi бей-жай қалдырмағаны анық.

АРАЛАС НЕКЕДЕН ТУҒАН БАЛА…

Аралас неке туралы сан мәрте рет жазылды, талай рет айтылды да. Өзге қалаларды қайдам, дәл Алматыда бұл некенiң саны үдемесе, кемiмей тұр. Осыдан бiрер жыл бұрын Алматы қалалық АХАЖ-дың өкiлi бiздiң газетiмiзге берген сұхбатында жылына отыз-қырық неке өзге ұлт өкiлдерiмен қиылатынын айтқан. Мәселен, 2007 жылы елiмiзде азаматтығы жоқ некелермен 36 неке қиылса, өткен жылы бұл сан 47-ге жетiптi. Ал, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 37 неке тiркелген. Бұлардың көбi Ресей азаматтарымен жасалыпты. Қалғандары Өзбекстан мен Қырғызстан елдерi. Арасында алыс-жақын шет елдердiң өкiлдерiмен де некеге отырғандары бар.

Аралас неке сонау 20-шы жылдары да болған. Тiптi, мұның саны артқан кезi 40-50 жылдары көрiнедi. 40-50 жылдары аралас неке 23 пайызға жетсе, 80-жылдары бұл көрсеткiш құлдырап — 9,7 пайызды құрапты. Бүгiнгi күнi жылына жүз мыңға жуық отбасы шаңырақ көтеретiн болса, соның 20 пайызы «аралас некеден» тұрады. Қазақ қыздарының қалталы азаматтарға тұрмысқа шығуы да дәстүрлi үрдiске айналып барады. Қымбат көлiк, қымбат киiм, қымбат асыл-тастарға есi ауған кейбiр бойжеткендер ұлтына, түрiне, тiлiне қарауды да ұмытты.

Кейбiр деректерден оқыдым, Кеңес Одағының кезiнде салт-дәстүр, отбасылық әдет-ғұрыпты ассимиляцияға ұшырату қолдан жасалыпты. Аралас некенiң көбеюiн Кеңес үкiметi бақылап және қолдап отырған. Екi ұлттың өкiлi бас қосып, шаңырақ көтерер болса, онда бiр ұлттың салт-дәстүрiнiң, әдет-ғұрпының жоғалатынын әдейi жоспарлаған да сияқты. Сондықтан, ассимиляциялауды қолдан ұйымдастырған деген пiкiрге де келiсуге болады. Әрi бұл шаңырақта қай ұлттың өкiлiнiң үстемдiк құруына да тiкелей байланысты.

Тағы бiр қызық жайт, қазақ қыздарының өзге ұлт өкiлдерiнен туған балаларының сол ұлттың өкiлiне ұқсап кетуi. Бұл түсiнiктi жайт. Ал, өзге ұлт өкiлдерiне үйленген қазақ жiгiттерiнiң де ұрпағы сол алған әйелiнiң ұлтына ұқсап кететiндiгiн немен түсiндiре аламыз?! Өзiңiз де байқап көрiңiзшi, аралас некеден туған баланың бет-бейнесiнен өз ұлтыңның бейнесiн таба аласыз ба? Екiншiден, аралас некеден туылған баланың есiмi де сол ұлттың ыңғайына қарай қойылып жатады. Мәселен, Мария, Тимур, Наталья деген сияқты немесе Майкл, Эдуард, Элина сияқты аттарды кездестiрсеңiз, бiрден-ақ бағамдай берiңiз…

Әнебiр жылдары, аралас некеден туылған баланы «будан» деп аударғанын оқып едiк. Сол «будандардың» (қазақшасы аса келiңкiремей тұр. — Г.Б.) ұлтқа қандай пайдасы тиетiнiн тағы бiлмеймiз. Жоғарыда өзiмiз мысалға келтiрген Оскар — қай ұлттың мүддесiн қорғайды? Қазақтың ба, әлде кәрiстiң бе? Тек әкенiң қанымен берiлетiнiн ескерсек, онда Оскарды қазақ бола қояды дегенге еш шүбәңiз болмасын!

ЖАПОНДАР ӨЗГЕ ҰЛТҚА ҚЫЗЫН БЕРМЕЙДI ЕКЕН

Ғаламтордан оқыған мына бiр жолдарға назар аударып көрейiкшi… «Таяуда ұлттық киiм алу ниетiмен қазақша көйлек тiгетiн салонға бас сұқтым. Киiм үлгiлерi көрсетiлген арнайы альбомнан қазақ қызының шикi сары өңдi өзге ұлт азаматымен қол ұстасқан суретiн көрдiм. Сөйтсем, еуропалық бiр елшiге шыққан бiр қаракөзiмiз үйлену тойында заманға сай тiгiлген қазақ киiмiн тiктiрген екен. Сүйсiндiм.. Өкiндiм.. Ренжiдiм. Сүйсiнгенiм, өзге елде өзiнiң бет-бейнесiн танытқысы келген ниетiне риза болдым. Өкiнгенiм, тағы бiр қарлығашымыз өзге ұлттың еншiсiнде кеттi, ендi көп ұзамай сол ұлттың ұрпағын жалғастыратын болады.

Ойдан ой туады. Осыдан бiрнеше жыл бұрын бiр тебiренiстi оқиғаның куәсi болдым. Бiр таныс құрбым мен немiс жiгiтiнiң арасында махаббат оты тұтанып, ол жiгiт қазақ аруының өзiне тұрмысқа шығуын өтiндi. Екi ғашық арасындағы сезiм күшi қаншалықты пәрмендi болғанымен, қыз ол ұсыныстан бас тартты. Сондағы айтқаны: «Мен қазiр келiссем, ұлтымды сатқан болып шығамын ғой. Ал бiздiң бұл албырт сезiмiмiз өткiншi болуы мүмкiн. Мен өз бақытымды туған халқымның санын көбейтер өз ұлтымның өкiлiмен табуға тиiспiн» дептi».

Мүмкiн, бұл құрбандықтың қажетi де жоқ едi деп ойлайтын шығарсыз. Бiрақ, белгiлi бiр дәрежеде мұндай құрбандық қажет екенi рас. Өйткенi, ұлтты сүйетiн, ұлтын құрметтейтiн кез келген жан осыны ойлайтын болса, онда бүгiнгi қоғамдағы тiлге, салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа қатысты кейбiр келеңсiз түйткiлдер болмас едi. Қазақтың, «Қызға қырық үйден тыйым» дейтiнiнiң жаны бар ма деп ойлап қаламыз кейде. Тыйым болмағанның салдары ма, әлде еуропаланамыз деп жүрiп, өзiмiзге өзiмiз «ауру» тiлеп алдық па, әлде күнделiктi телеарналардан көрсетiлiп жатқан батыстық тәрбиенiң кейбiр жағымсыз тұстары әсер еттi ме, әйтеуiр қыздарымыз да, ұлдарымыз да тыйымнан шығып кеттi.

Мүмкiн, бұған бастау болған, өткен ғасырдың 20-жылдарындағы қазақ зиялыларының татар, орыс, украин қыздарына үйленгендiгi шығар… Қазiр татар мен орыс жолда қалды, қазiр тiлi де, танымы да, дiнi де бөтен кәрiске, ағылшынға, қытайға, бельгиялыққа тұрмысқа шығатын болып алды. Бiр деректерден оқығанымыз бар, бiрер жыл бұрын АХАЖ-ға үйленуге келген қазақ қызы мен қытай жiгiтiнiң арасында аудармашы жүрiптi. Бiрiнiң тiлiн бiрi түсiнбей тұрған екi жастың арасындағы алып ұшқан қандай сезiм?! Әлде бiз көп айта беретiн махаббат дегенiмiз осы ма? Бiрақ, дәл солардың арасынан Ләйлi мен Мәжнүндi, Жiбек пен Төлегендi, Фархад пен Шырынды таба алмаймыз-ау…

Жапондар өзге ұлттың өкiлiне қыз бермейдi екен. Егер алда-жалда қыз беретiн болса, екеуiн де сол елден аластататын көрiнедi…Көрдiңiз бе? Ал бiздiң кәрiспен, қытаймен «жүз жылдық күйеу, мың жылдық құдалығымыздың» жалғаспайтындығын бүгiнгi қыздарымыз бен жiгiттерiмiз ұқсашы, шiркiн…

Бiрде қаламгер ағалардың бiрiнен мынадай әңгiме естiген едiм… Қазаққа танымал мықты ағаларымыздың бiрi қайтыс болғанда жаназасына елден бiр топ қариялар келiптi. Сонда ауылдан келген кемпiр-шалды әлгi ағамыздың үйiндегi ұлты бөлек жеңгемiз есiгiнен кiргiзбептi. Сондағы айтқан уәжi – «үстерiндегi битi жұғады» болыпты. Мұны естiген тағы бiр тұлғамыз сол жерде тұрып: «Өзге ұлттан қатын алсаң, көрген күнiң осы болады» деп, еңкiлдеп жылапты деседi.

P.S. Бiз өзiмiздiң ұлттық дәстүрiмiздi, ұлттық қасиетiмiздi оралтқымыз келедi. Бiрақ, кәрiс пен қытайдан, ағылшын мен орыстан туылған бала қазақтың қасиетiн сақтай ала ма, осыны кейде ұмытып кете беремiз. Қанмен сiңген ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып, салт-сананы өзге ұлттың бойына сiңiрту де оңай емес. Қазақ әкенiң баласына там-тұмдап бiрнәрсенi еккiсi келетiн шығар, бiрақ, ол баланың ертеңгi қазақтың жалғасы боларына күмән басымдау. Iлуде болмаса, барлығы бiрдей дерлiк қазақ ұлтының ұлттық қасиетiн сақтап, бойына дарытады деп айта алмаймыз. Оны сiз де айта алмайсыз, оқырман. Ол үшiн ең бастысы, ұлтыңның тегiн сақтайтын ұлың мен қызыңа ұлттық тәрбие беру ғана…

Гүлзина Бектасова

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button