Жаңалықтар

ӨНЕР ЖҰЛДЫЗЫ ЕШҚАШАН ӨШПЕЙДI

ашық дереккөзі

ӨНЕР ЖҰЛДЫЗЫ ЕШҚАШАН ӨШПЕЙДI

Рая Мұхамедиярова – қазақ кино өнерiнде өзiндiк қолтаңбасы қалыптасқан актрисаларымыздың бiрi. Бiрақ, бұл кiсiнi қазiр бiз қазақ киносының алтын ғасыры саналатын сонау жылдардағы фильмдерден көрмесек, театр сахнасынан да, кинодан да көре алмаймыз. Қазақ көрерменiнiң сүйiктiсiне айналған актриса бүгiнде қайда жүр, неге өнер өрiсiнен көрiнбейдi? Бiздi мазалаған осы сауалдар…

Рая апайдың телефонын тердiм. Тұтқаны өзi көтердi. Сөйлескiм келетiнiн, кездескiм келетiнiн айтып едiм, «Айтатын не бар дейсiң?» дедi бiрден… «Неге олай дейсiз? Бiз сiздi жақсы көремiз. Сiздi жақсы көретiн мыңдаған көрермендерiңiз бар. Олардың бәрi сiз туралы бiлгiсi келедi, оқығысы келедi» деп едiм, ол: «Менi соңғы жиырма бес жылда ешкiм iздеген жоқ. Ендi неге iздеп жатырсыздар?» дедi. Мұндай жауапты күткенiм жоқ, әрине. Не айтарымды бiлмей, бiраз үнсiз тұрып қалдым. «Апай, неге iздемеймiз? Бiз сiздi үнемi iздеп жүремiз?» дедiм, әлгiнде айтқан жауабымды қайталап… «Қалқам-ау, ендi iздегендерiңмен, менiң қолымнан не келедi? Ойлап қарасаң, жиырма бес жыл дегенiң аз уақыт емес.. Ал, мен сол жиырма бес жыл бойы iздеусiз, театрсыз, киносыз өмiр сүрiп келем», – дедi. Тағы да үнсiздiк… Екеумiз де… Апайды немен жұбатарымды, не деп жұбатарымды бiлмедiм. Тұтқаның ар жағындағы ол кiсiнiң сол мезеттегi көңiл-күйiн сөзбен айтып жеткiзу мүмкiн емес шығар. Оны iштей сезiп тұрмын. Сол күнi кездесуге Апайды көндiре алғам жоқ. Есесiне, тағы бiр телефон соғуыма мүмкiндiк алдым.

Арада бiрер күндер өткеннен кейiн, қайталап қоңырау шалғам. Тұтқаны көтерген Рая апай сұхбат беруге келiспесе де, кездесуге көндi. Актрисаның есiгiнiң алдында тұрмын. Талай рет экраннан көрген адамымды жақын жерден көзбен көрудiң өзi бiр ғанибет. Менде сондай көңiл-күй басым. Есiк қоңырауын бастым. Есiктi апайдың өзi ашты. Қарсы алдымда сымбаты келiскен, шамамен 40-45-тердегi сұлу актриса тұр. Сымбатты, сұлу екенiн бiлем, бiрақ, дәл осылай өзiн-өзi сақтаған адамды көруiм алғаш рет. Қазақ: «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейдi» деп тегiн айтпайтын шығар… Әдемi апай, сұлу актриса, сымбатты жан…

«Бiр кездерi жазған дүниелерiм екен. Өзiң оқып көрерсiң. Қажетiңе жараса, пайдаланарсың» деп, қолыма бiрнеше дәптердi ұстата бердi Рая апай. Бiрi – сарғыштанып, бiрi – қоңырқай тартқан жұқалаң дәптерлердi қайтып алып қоярдай, кеудеме қысып тұрмын. Олардың iшiнде саф алтындай керемет дүниелердiң жатқанын iшiм сезiп тұр. Әдемi апаймен сыпайы қоштасып, үйге қайттым. Сұхбаттаса алғам жоқ. Есесiне, қолымда қымбат қазынам бар. Әрбiр дәптердiң әр парағы сырға толы. Сол сырға толы дәптерлерде жазылған кейбiр ойларды қағаз бетiне түсiрдiм.

БӘРI ДЕ «ӘНШI АУЫЛДАН» БАСТАЛДЫ

…Есiмдi бiле бастаған кезде, бiз Семейде тұрдық. Ол кезде жасым нақ қаншада екенi есiмде жоқ. Мүмкiн, төртте әлде бестемiн бе, анық бiлмеймiн. Әйтеуiр соғыс кезi. Бiз анамның апасының үйiнде тұрдық. Фарзана апайдың жетi баласы болатын. Оның үстiне бiз келдiк. Он адамға тамақ табу оңай емес. Соған қарамастан, үлкендер театрға жиi баратын едi. Кейде үлкендерге iлесiп, бiз де баратынбыз. Ол кездерi Семейде қазақ театры болатын. «Музыкалық драмалық театр» деп аталушы едi. Сонда сахнаға шыққан әншi, бишi апаларыма қызыға қараушы едiм. Театрдан шыққым келмей, кетпей жылап тұрып алушы едiм. Бiрақ күнде бару қайда? Сегiз баланы асырау керек. Анам асханада даяшы болып жұмыс iстедi. Бiр күнi менi балаларға арналған жаңажылдық шыршаға алып барды. Өзiм қатарлы балалар концерт қойды. Сол балалардың iшiнде бiр қыздың өнерi маған қатты әсер еттi. Өзi сондай нәзiк, сүп-сүйкiмдi, үстiне жалт-жұлт еткен киiм киiп алған. Ол қыз акробатикалық этюдтер көрсеттi. Көпке дейiн әлгi қыздың өнерiн ұмыта алсамшы. Есiмнен бiр шығар емес. Соған ұқсағым келдi де тұрды. Сол қыздан көргенiмдi iстегiм келiп, жаттыға бастадым. Мектепке барғанымша, бұл өнерiмдi тастағам жоқ. Мектепте де менiң өнерiмдi көрген ұстаздарым концерттерге қатыстыра бастады. Сөйтiп, сахнаға алғаш рет акробатикалық этюдтермен шыға бастадым.

Менiң анам өнерлi жан едi. Қолына мандолинасын алып, әдемi даусымен халық әндерiн шырқайтын. Кейде анама мен де қосылатын едiм. Ол кезде телевизор деген жоқ, бiлетiнiмiз радио ғана. Күнде кешкiлiк ауыл адамдары жиналып, домбыра тартып, ән айтатын. Анама мандолина тартқызатын. Халық әндерiн, күйлерiн осылай бала кезiмнен естiп, тыңдап өстiм. Кейiнiрек, Семейден Қызылордаға көшiп келдiк. Ол кезде бәрi балаларын орыс мектептерiне беруге тырысатын. Менi де орыс мектебiне бердi. Бесiншi класты бiтiргеннен кейiн әкемдi Қостанайға жұмысқа жiбердi. Сонда оқып жүргенiмде үш жылдай ағылшын тiлiнен Зоя Васильевна Горшкова деген мұғалiм сабақ бердi. Ол кiсiнi бүкiл мектеп оқушылары жақсы көретiн. Әсiресе, қыздар қатты жақсы көретiн едi. Ол кiсiнiң сөйлеген сөзi, күлкiсi, iс-қимылы, киген киiмiне дейiн ұнайтын едi бiзге. Сол кiсiге ұқсағымыз келетiн, сол кiсiдей болғымыз келетiн едi. Зоя ұстазымның арқасы болуы керек, Алматыға келген соң, Қазақ педагогикалық институтының шет тiлдер факультетiне оқуға түстiм.

Екiншi курстың аяғында бiр күнi институтқа екi кiсi келдi. Өздерiн бiзге «Киностудиядан келдiк» деп таныстырды. Олар басты рольге қазақ қызын iздеп жүр екен. Менi көрдi де, келесi күнi студияға келуiмдi өтiндi. «Суретiңiздi ала келiңiз» дедi. Суретiм жоқ болатын, қыздар дереу киiндiрiп, суретке түсiрдi. Онсыз студияға жiбермейдi. Суретiмдi қолыма ұстап, келесi күнi студияға келдiм. Фильмнiң режиссерi Е.Диордиев деген кiсi екен. Менiмен бiраз әңгiмелесiп, өзiм түсетiн эпизодқа дайындай бастады. Менiң әрiптесiм Алтынбек Кенжеков екен. Онымен кейiн театрда бiрге iстедiк қой. Сонымен институттағы жазғы сессиямды аяқтадым. Демалыс басталды. Ауылға қайтарымды да, қайтпасымды да бiлмеймiн. Киностудиядан хабар жоқ. Сосын өзiм хабарластым. Олар маған: «Әзiр нақты жауабын айта алмаймыз. Ауылыңызға қайта берiңiз. Егер бекiтiп жатса, өзiмiз телеграммамен хабар жiберемiз» дедi. Содан ауылға қайтып кеттiм. Үйге келген соң да, ешқайсысына киностудияға барғанымды айтқаным жоқ. Арада бiраз уақыт өттi, бiрақ ешқандай хабар жоқ. «Менен артық қыздар Алматыда толып жүргенде, менi қайтсын» деп өзiмдi-өзiм жұбатып күдерiмдi үзе бастадым. Ешкiмге айтпағаным қандай жақсы болды деп, киностудия туралы ойлауды қойдым. Арада бiр айдан аса уақыт өттi. Бiр күнi телеграмма келiп тұр. «Вы утверждены на главную роль, просим срочно прилететь, дорогу оплатим» делiнген. Сенерiмдi де, сенбесiмдi де бiлмей, қуанышым қойныма сияр емес. Есiмдi жиып, екi күннен кейiн Алматыға ұшып келдiм. Талғар жақта түсiру басталды. Бiр айдай түсiрдiк пе, жоқ па, бiр күнi «Алматыға қайтамыз» деген әңгiмелер айтыла бастады. Бiр күннiң iшiнде бүкiл тобымыз жиналып, Алматыға қайттық. «Киноны жабатын болыпты, түсiрiлген материал көркемдiк кеңеске ұнамай қалыпты» деген әңгiмелердi естiдiк. Бүкiл тобымыз тарап кеттi. Мен де сабағыммен айналысып кеттiм. Бiр-екi айдан кейiн киностудиядан қайта хабар келiп тұр. «Сiз түскен фильмдi қайта түсiретiн болыпты» делiнген. Менi өз ролiмде қалдырыпты. Жұмыс қайта басталды. Бұл жолы фильмнiң режиссерлiгiне Шәкен Айманов бекiтiлген екен. Сценарий мүлдем өзгерген. Бұрын «Он үшiншi қыз» деп аталса, бұл жолы «Әншi ауыл» деп өзгерiптi. Жаңа сценарий бойынша, менiң кейiпкерiм ән айтып, би билеуi керек екен. Бұрын ол қасиеттерге мән бермейтiнмiн, оның бәрiн қайта үйренуге тура келдi. Институтта оқып жүргенiмде ауыл шаруашылық жұмысына жiберетiн. Сонда жүрiп, машина жүргiзудi де үйренгем. Осы фильмде бұл өнерiм де қажет болды.

ШӘКЕН АЙМАНОВ… ЖӘНЕ БIЗ

Менiң кино өнерiндегi, жалпы өнердегi алғашқы баспалдағым осылай басталды. Бұл фильмде қазақтың маңдайалды өнер тарландарымен бiрге ойнадым. Рахия Қойшыбаева, Ришат Абдуллин, Ермек Серкебаев, Мүслiм Абдуллин сияқты дарабоздар түстi. Олармен бiрге ойнау мен сияқты ауыл қызына қиын түскенi анық. Өте қиын болды, әрi қатты қорықтым. Олардың өнерiне деген таңданысым бiр бөлек, бiрақ мен олармен сол өнердi бiрге жасауым керек болды. Олардан көп нәрсенi үйрендiм, олар маған өнердiң жолы оңай еместiгiн үйреттi. Әсiресе, менi кино өнерiне баулыған режиссер Шәкен Аймановтың еңбегi зор. Маған қиын тидi деп ойлаушы едiм, қазiр ойлап қарасам, Шәкен Аймановқа менi үйрету одан да қиынырақ болған екен. Арнайы бiлiмi жоқ жас қызға басты рольдi сенiп тапсыру деген режиссер үшiн үлкен тәуекелге барумен тең. Оның үстiне, режиссер ретiнде Шәкен Аймановтың та «Әншi ауыл» – алғашқы қадамы. Бiрақ, алғашқы қадам жаман басталмаған сияқты. «Әншi ауыл» қазақ кино өнерiнiң жұлдыздарын тағы бiр белеске шығарды. Қазақтың дара тұлғасы, майталман өнер шеберi Шәкен Аймановты режиссерлiк әлемге алып келдi.

Мiне, осылай, менiң өнердегi қадамым басталды. Қазiр ойлап отырсам, өмiрiмнiң сол бiр бөлiгi, менiң болашақ өмiрiм үшiн өте маңызды, мәндi, өте жауапты кез болған екен. Дәл сол кезде бiр құдiреттi күш менi жетелеп әкелiп, үлкен өнердiң ортасына кiргiзiп жiберiптi. Менiң ең үлкен өмiр мектебiм сол кезде басталыпты.

«Әншi ауылды» жетi-сегiз айдай түсiрдiк, сол уақыттың iшiнде менiң ұққаным: режиссер деген – өте күрделi мамандық екен. Режиссер сөздi ақындай, музыканы композитордай, сахнаны суретшiдей ұғып, сезiнуi керек екен. Шәкен Айманов осыны ұғынды. Актерлерге де осыны ұқтырды.

Бұдан кейiн де талай фильмдерге қатыстым. Әр фильмнiң әрбiр тағдыры бар, өзiндiк жолы бар. Әр фильм өзiнше қымбат. Бiрақ, мен үшiн алғашқы баспалдақ – «Әншi ауылдың» орны бөлек.

ҚОР БОЛҒАН ҚАЙРАН ТАЛАНТТАР

Ал, өзiм туралы айтатын болсам, бiраз фильмдерге түссем де, жамбасыма келетiн роль болған жоқ. Саны көп болғанымен, сапасы орташа болды. Әр актердiң өмiрiнде өзiнiң де, көрерменiнiң де көңiлiнен шығатын бiр роль болады ғой. Кейбiр актерлерге ондай роль ерте келедi, кейбiреулерге кеш келедi, ал кейбiрiне ондай роль кездеспей-ақ кетедi. Менiң өмiрiмде ондай роль болды деп айта алмаймын. Сол рольдi күткенiме жиырма жылдай болыпты. Ендi шаршай бастадым, үмiтiм тоза бастады, бiрақ, күдер үзгенiм жоқ. Өйткенi, үмiтсiз, махаббатсыз өмiр бiттi деген сөз. Өнер саласында жүрiп, талай талантты актерлердi байқап жүрдiм. Олардың iшiнде Раушан Әуезбаева болатын. Талантты, ақылды, ойы терең, адамгершiлiгi зор актриса едi. Бiрақ, театрда да, кинода да бағы ашылмады. Театрда роль бермесе актерлiк қасиетiңдi аша алмайсың, оны көрсете де алмайсың. Сөйтiп өз қатарыңнан қала бересiң. Ойдың, қайғының тұңғиығына бiр батсаң қайтып шығу қиын. Раушан да сол тұңғиықтан шыға алмай, өмiрден өттi.

Қаншама жылдар бойы Құдайберген Сұлтанбаев пен Мейiрмен Нұрекеев бостан бос театрда жүрдi. «Тамаша» ашылмағанда олардың да тағдыры қалай болатыны белгiсiз едi.

Кененбай Қожабеков соңғы жылдардың iшiнде «Арланның апанына» түсiп, өзiне керемет ескерткiш қалдырды. Оған себепкер болған бiздiң киностудия емес, көршi Қырғызфильм студиясы! Түскен көп фильмдерiнiң iшiнде ең мықтысы да осы фильм деп есептеймiн.

Өкiнiшке қарай, бiздiң мықты актерлерiмiздiң бiрi – Нұрмахан Жантөрин «Шоқан Уәлиханов» фильмiнен кейiн денi дұрыс ешбiр фильмге түскен жоқ. Мұндай кiсiлерге арнайы сценарий жазу керек едi.

Көп қырлы актер Мәкiл Құланбаев – Жастар театрының кiрпiшiн қалаған адамдардың бiрi. Қаншама тамаша рольдер ойнады, бiрақ еңбегi еленбедi.

Осындай актерлердiң, осындай адамдардың осындай тағдырына кiм кiнәлi, кiм жауап бередi?

«ҰЛПАН» – ҒАБЕҢНIҢ ӘЙЕЛДЕРГЕ ОРНАТҚАН ЕСКЕРТКIШI

«Ұлпан»– бұл Ғабеңнiң бар жанымен, тәнiмен берiлiп жазған шығармасы. Жазушы, ақын-жазушының жүрегiнен шыққан соңғы ең күштi, ең ғажап, әдемi өлеңi деп санаймын. Бұл рольдi ойнау әсiресе мен үшiн оңайға түскен жоқ. Себебi, театрға араға бiраз үзiлiс салып, қайта келгенiмде осындай үлкен рольге кiрiсiп кету, оңай емес. Қарайып қалыппын, оның үстiне көрермендер алдында бұл үлкен жауапкершiлiк қой. Басқа бiр әртiс ойнаса бiрсәрi, ал маған көрерменнiң ерекше талап қоятынын бiлем. «Ұлпан» атты шығармасымен Ғабең өзiнiң ұлы биiгiнен әйелдерге орнатқан ескерткiшi деп бiлем.

Бұл рольдi ойнаған сайын Ғабеңнiң алдында, халықтың алдында бiр үлкен сыннан өтiп жатқандай болам. Сондықтан, бұл рольдi ойнау үшiн өзiме үлкен жауапкершiлiк қойдым.

ҚАЗАҚ ТIЛIН ҮЙРЕНУIМЕ ҒАБЕҢНIҢ СӨЗI ҚАМШЫ БОЛДЫ

Бес жасыма дейiн ауылды жерде тұрдық. Соғыс бiтпей тұрып, әке-шешем ажырасып кеттi де, анам екеумiз Семейге кеттiк. Сол кездерi менi анам орыс мектебiне бердi. Мектептi, институтты орысша бiтiрдiм. Ғабеңмен кездескенде, ол кiсiнiң екi тiлде бiрдей сөйлейтiнiне қатты қызығатынмын. Ғабең бiрде маған: «Орыс, ағылшын тiлiмен ол халықтарға жаңалық ашамын деп ойлайсың ба? Жаңалықтың бәрi ашылып болған. Егер сен өз халқыңа жат көрiнгiң келмесе, қазақ тiлiн үйрен» дедi. Бұл сөздерi жаныма қатты батты. Ол кiсiнiң қазақ тiлiнде шыққан бiр кiтабын алып, соны оқи бастадым. Көп жерiн жаттап алдым. Сөйтiп, ептеп-ептеп қазақша үйренiп алдым ғой. 1969 жылы Жастар театрына барып: «Менi театрға алыңыздар» деп жалындым. Ғабең жiбергiсi келмедi, қанша үгiттедi. Бес жылдай үйде отырғаным батып кеттi ме, бiлмеймiн, мен де “театрға барамын” деп көнбей қойдым. Содан арамыз суи бастады.

ӨНЕР ӨЛДI ДЕГЕНГЕ СЕНБЕЙМIН

Мен киноға түсе бастаған кезде «Кино үйi» деген жоқ болатын. Кино одағының жоспарлы жұмыстарының бәрi Жазушылар одағының конференц залында өтетiн едi. Сонда жүрiп, Ғабеңмен таныстым. Ол кездерi ойымда ешнәрсе болған жоқ. Жаспын, төрт-бес киноға түсiп үлгергем, атым ендi-ендi шыға бастаған кезi. Қасыма келiп сөйлесiп, қарағанына аса көп мән бермейтiнмiн. Бiрақ, Ғабең соңымнан қалмады. Қайда барсам да, соңымнан жүретiн. Жұмыстан қай уақытта шықсам да, машинасы күтiп тұратын едi. Үйге автобуспен қайтам. Автобустың соңында ол кiсiнiң машинасы iлесiп келе жатады. Жұмысқа барғанымда да сондай жағдай. Жас болған соң, өзiңнен үлкен адам саған кәрi болып көрiнедi ғой. Ал, ол кiсiнiң жасы онда 60-та. Онша мән бермей, бiр күнi өзi шаршап қояды ғой деп жүре бердiм. Бiрақ, Ғабең тез бағынып, тез берiлетiн адам емес қой. Сөйтiп жүрiп, Ғабең арқылы бiр ғажап, терең, әдемi, сүйкiмдi әлем ашыла бастады. Әңгiмелерiн сүйсiнiп тыңдайтын едiм. Екi тiлге де бай, екi тiлге де шешен, мәдениеттi кiсi едi. Ол кiсiнiң биiк мәдениетi шығар, менi өзiне баураған. Әр кездесуiмiздi қуана асыға күтетiн болдым. Одан басқа ешкiмдi де көргiм келмейтiн, ешкiммен де сөйлескiм келмейтiн. Осылайша, екi жылдан кейiн Ғабеңе тұрмысқа шықтым. Тұрмысқа шыққан алғашқы күннен бастап-ақ, жолдастары, жанашырлары Ғабеңдi ортаға алып, азғыра бастады. 1965 жылы тұңғыш қызымыз дүниеге келдi… Арасы көп ұзамай, екiншi қызым да дүниеге келдi. Уақытымның, көңiлiмнiң бәрi балаларға ауа бастады. Кейiн түсiндiм ғой, сол кездерi Ғабеңнен айрыла бастаған екем. Ол кездерi оны олай деп ойлағам жоқ. Өйткенi, дүниеге сәби әкелу әке мен ана үшiн де ортақ бақыт деп ойлайтынмын. Ал, ол кездерi Ғабеңнiң баланың да, немеренiң де қызығын көргенi ойымнан шығып кетiптi. Ол кiсiнiң жалғызсырап қалғанын байқамаппын. Арамызда бiр салқындық пайда бола бастады. Өз жағымнан ешбiр кiнә жiбермедiм деп жүрмiн. Балалардың күтiмi жақсы, үйдiң iшi таза, тамақ уақытымен дайын тұрады, қонақтарын жақсы қарсы аламын. Ол неғылған, қайдан келген суық деп мазам кететiн. Жиi ренжiсетiн болдық, ақырында үйдiң берекесi кете бастады. Екi адамды айыратын жолдар көп екен. Ақыры екеумiз айрылдық, көп ұзамай өзiнiң машинисткасына үйлендi. Мен екi қызыммен қолымнан келгенiмше өмiр сүрдiм. Ешкiмнен ештеңе сұрамадым, ешкiмге жалынбадым, ешкiмнiң мазасын алмадым. Адал еңбек етiп, қыздарымды өсiрдiм.

Менi тағдыр, Алла Тағала Алматыға жетелеп әкелдi, жоғары оқу орнына түсiрдi, киноға түстiм, Ғабеңдей ұлы адамға тұрмысқа шықтым, бала сүйдiм, немерелi болдым. Құдайға шүкiр жаман емеспiз, өмiрдiң жiберген қиыншылығын көпшiлiкпен бiрге көрiп жатырмыз. Екiншi немеремнiң аты – Ғабит. Ғабеңнiң аузынан түсiп қалғандай. Жүрiс-тұрысы, әрбiр қимылы, дене құрылысы, қол-аяғы үлкен кiсiден аумайды. Мен Ғабеңдi алпыс жасында кездестiрдiм, ал қазiр балалық шағы өтiп жатқандай көз алдымда.

Қазiр ойлап қарасам, бiр кiсiдей өнердiң де, өмiрдiң де ащы-тұщысын татыппын. Жапанда жалғыз қалғанда тiрегiм театр, күйiнгенде көңiлiмдi жұбататын кино түсiру алаңы, кiсiге көз жасыңды көрсетпейтiн дубляждың қараңғы залы болды. Құдайға шүкiр, сөйтiп жүрiп қос балапанымды қанат қақтырып, өз ұясына қондырдым. Менiң ендiгi арқа сүйерiм – көрерменiм. Бiрақ қазiргi қиын жағдайға қарап отырып, елiмнiң кедейлiгiне намыстанам, ынтымағы жоқтығына ызаланамын, тапа-тал түсте тоналып жатқанына налимын. Мәдениеттiң адамдары қайыршы-тiленшi атанғанына қорланам. Бiрақ өнер өлдi дегенге сенбеймiн. Өнер жұлдызы ешқашан өшпейдi. Жыл өтер, жақсылық жетер. Халқыма рухани нұрын себер!

P.S. Рая Мұхамедиярова биыл жетпiс жасқа толды. Сымбатты жанның, талантты актрисаның, дарынды адамның кино ғұмыры туралы айтылатын әңгiмесi аяқталған жоқ. Бiз Рая апайдың дәптер бетiне түсiрген кейбiр ойларынан ғана үзiндiлер бердiк. Ол кiсiнiң театрдағы ойнаған кейiпкерлерi, кинодағы ғұмыры туралы әлi толығымен айтылған жоқ. Бұл келесi әңгiменiң желiсi болары сөзсiз.

Гүлзина Бектасова