АМЕРИКА МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ ЕРКIН ШЕКТЕМЕЙДI

АМЕРИКА МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ ЕРКIН ШЕКТЕМЕЙДI

АМЕРИКА МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ ЕРКIН ШЕКТЕМЕЙДI
ашық дереккөзі

Ақ үйдiң төрiне Барак Обама қонжиғалы берi АҚШ дүниежүзiлiк мұсылман елдерi арасындағы орын алған шиеленiсiн бiршама ретке келтiруге талпыныс бiлдiрiп келедi. Ислам мен Батыс елдерi төңiрегiнде ушығып бара жатқан қақтығыстар мен лаңкестiк әрекеттерге қазiргi саяси пiкiрталасқа бағынбайтын тарихи күштер себепшi болып отырғанын жасырмайтын АҚШ президентi Барак Обама қатыгез экстремистердiң мұсылмандарды АҚШ-қа қарсы қоюға пайдаланғандығын баса айтады. Бұл Обаманың исламдық бiлiм берудiң шамшырағы саналатын Каирдегi Әл-Азхар университетiнде айтқан сөзiнiң бiр қыры ғана.

Шынында да, АҚШ-тың 44-шi президентi болып Барак Обама таққа отырған соң, АҚШ мұсылман елдерiмен қарым-қатынасын, өзара түсiнiстiгiн қайта қарауға мүдделi екендiгiн көрсеттi. Яғни, Барак Обаманың мұсылман елдерiне жасаған сапарынан кейiн iле-шала АҚШ-тың Мемлекеттiк хатшысы Хиллари Клинтон АҚШ Мемлекеттiк департаментi мұсылман қауымдастығына арнайы өкiл етiп бұрын Еуропа және Еуразия iстерi жөнiндегi көмекшiсiнiң Аға кеңесшiсi қызметiн атқарған Фарах Пандит ханымды тағайындады. Оның мiндетi – Мемлекеттiк хатшыға тiкелей бағына отырып, күллi әлемнiң мұсылмандарымен, соның iшiнде қарапайым адамдармен және түрлi ұйымдармен қалай жұмыс iстеу керектiгi жөнiндегi ойларын жүзеге асырумен айналысу. Мемлекеттiк хатшы Х.Клинтон арнайы өкiлдi таныстыру кезiнде: «Фарах Пандит – мұсылман жұртшылығымен қарым-қатынасты нығайта түсуде көпжылдық тәжiрибесi бар iскер азаматша. Ол Еуропадағы ислам қауымдастықтарымен қоян-қолтық араласа жүрiп, экстремизмге қарсы тұру мәселесiмен етене айналысқан» деп ерекше сенiм артқаны осыдан аңғарылса керек.

Өткен аптада Фарах Пандит iссапармен Қазақстанға келдi. Жұмыс жоспарын әуелi Астана қаласынан бастаған ол Алматыға да ат басын бұрды. Бұл оның лауазымды қызметке отырғаннан кейiнгi екiншi сапары екен. Фарах Пандит алдымен елiмiзде мұсылман дiнiнен бiрден-бiр терең бiлiм беретiн «Нұр-Мүбәрәк» университетiне келiп, мұндағы бiлiм алушылармен етене жақын пiкiр алмасып, қойылған сұрақтарға жауап бердi. Университет ректоры М.Ф.Хижази мырзамен жүздесiп, исламдық iлiмнiң бүгiнгi бет-алысы мен оқу орнының қал-ахуалына қанықты. Бұдан соң Пандит ханым АҚШ-тың Қазақстандағы елшiлiгiнде бiрқатар қоғам қайраткерлерi, дiнтанушы ғалымдар және БАҚ тiлшiлерiмен арнайы дөңгелек үстелде бас қосып, қазақ жерiндегi ислам дiнiне қатысты пiкiр-таласқа ойын бiлдiре отырды. Арнайы басқосуда Пандит ханым өзiнiң жақында ғана, дәлiрек айтар болсақ, биыл маусым айында тағайындалған қызметi мен Қазақстанға алғашқы сапарының мақсатымен қысқаша таныстырып өттi.

41 жастағы, тегi кашмирлiк Фарах Пандит: «Обамаға уақыт жетпейдi. Ауғанстан мен Пәкiстандағы жағдай белгiлi. Палестинадағы қырғиқабақ толастамай отыр. Сондықтан мұсылман елдерi арасында мәмiле түзiп, адамдарда сенiмдiлiк қасиетiн жандандыру керек» деп өз iсiне құлшына кiрiсiптi. «Жаңа қызметтi қабылдап алғалы берi шетелге сапарлаған Нигериядан кейiнгi екiншi ел Қазақстан болып отыр. Осыдан екi апта бұрын мен АҚШ-тың мемлекеттiк хатшысы Хиллари Клинтонге оң қолымды қасиеттi Құранға қойып тұрып ант бердiм», – деп сөз бастаған Фарах Пандит: «Сiздер Қазақстанның тарихын менен жақсы бiлесiздер. Ислам дiнiн ұстанатын сiздермен ой бөлiсу мен үшiн маңызды. Сондықтан да ойларыңызды бiлгiм келедi. Қазақстанда имандылыққа бет бұрғандардың басым көпшiлiгi жастар екен. Бiз әсiресе, жастарға көңiл бөлуiмiз керек» деп ойын сабақтай түстi.

Дөңгелек үстел басындағы әңгiме дiнаралық татулықты арттырудағы мемлекеттiң саясаты мен жеткен жетiстiктерi турасында өрбiдi. Бұл тұрғыдан арнайы баяндама дайындап келген дiнтанушы Мұртаза Бұлұтай: «Дiни фактордың күн өткен сайын халықаралық саясаттағы ролi артып келедi. Қазiр бiз дiндердiң, өркениеттер мен мәдениеттердiң арасында диалог орнатуды көздейтiн әртүрлi бастамалардың куәсi болып отырмыз», – дедi. Ал, Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының өкiлi Рақымжан Әкiмбеков болса, тәуелсiздiк алған жылдан берi Қазақстанда 2300-ден астам мешiт ашылғандығын, елдегi мұсылмандардың 99 пайызы сүнниттiк бағытты ұстанатындығын тiлге тиек еттi. – Бiздiң елiмiздiң және дiнiмiздiң ұстанған мақсаты тек қана жақсылыққа және ауызбiршiлiкке негiзделген. Оны бiздiң президентiмiздiң жүргiзiп отырған хикметтi саясаты көрсетiп отыр, – дедi дiни басқарма өкiлi.

Әрине, мұндай жылы сөздер мен жағымды статистикалық көрсеткiштен кейiн Фарах Пандит Қазақстан халқының 100 пайызы Ислам дiнiн ұстанады деп пайымдауы да мүмкiн. Алайда, бүгiнгi жағдай мәз емес. Соңғы кезде елiмiздi миссионерлiк ағымдардың жаулап алғаны да жараның бетiн тырнай түскенмен бiрдей. – Батыстан келген дiни миссионерлердiң кесiрiнен қазақ отбасылары бөлiнiп жатқан жағдайларға куә болып отырмыз. Бiрақ жалпы Қазақстанда жаппай осындай құбылыс орын алып жатыр деген түсiнiк қалыптаспасын. Бiрақ бiз өзiмiздiң отбасылық құндылықтарымызды қорғау үшiн басқа дiндердiң Қазақстанға келуiне мүдделi емеспiз, – деген «Президент және халық» газетiнiң бас редакторы Марат Тоқашбаевтың ойына Пандит ханым бұған қатысты пiкiр бiлдiре алмайтындығын жеткiздi. Айтылған пiкiрдiң барлығына ортақ жауап ретiнде тiл қатқан Фарах Пандит: «Исламды кейбiр экстремистiк топтар қару ретiнде қолданады. Бар-жоғы сол. Сол себептен осындай пиғылдағы көзқарастарға жол бермеу керек» деп қысқа қайырды.

Бұдан кейiнгi аз уақыт журналистердiң сауалына бөлiндi. «Асыл арна» телеарнасының тiлшiсi қазiргi кезде мұсылман қыздардың хиджаб киюiне байланысты қоғамда орын алған түрлi дау-дамайларды айта келе, бұл мәселенiң АҚШ-та қай арнаға ойысып жатқандығын сұрады. Бұған Пандит ханым: «Ислам – Американың мызғымас бөлiгi. Сондықтан Америкада тұратын халық нәсiлге, дiнге, немесе тұрмыстық деңгейге қарамастан, бейбiт, қауiпсiз жағдайда өмiр сүредi. Дiн – мемлекеттен бөлек. Жастардың мешiттерге барып, исламның шариғаттарын орындауға мүмкiндiгi көп. Қыздар хиджаб кием десе, оларға ешкiм тыйым салмайды» деп жауап бердi. Естерiңiзде болса, осы тұрғыда Барак Обаманың: «Америкадағы бостандықтар адамдардың белгiлi бiр дiнге сыйыну бостандығынан бөлiнбейдi. Бiздiң одақтың әр штатында мешiттер бар, ал бүкiл елiмiзде барлығы 1200 мешiт iстеп жатыр. Сол себептен де әйел мен қыздардың хиджаб кию құқықтарын қорғау және оларды қабылдамағандарға айып тағу мақсатында бiздiң үкiметiмiз сотқа дейiн барды» деп айтып, күллi мұсылман қауымын бiр серпiлтiп тастағаны ерiксiз еске түседi. Бәлкiм, ол мұны Исламда мақтан тұтатын төзiмдiлiк дәстүрiн құрметтегендiктен айтқан шығар, кiм бiлсiн?!

Ал, «Азаттық» тiлшiсiнiң сауалы Чехиядағы 200-ге жуық қазақ дiни босқындардың жағдайы, оларды сол елдiң билiгi депортациялай бастағандығы мен адам құқығын қорғаушылардың босқындардың құқығы бұзылып жатқандығына қатысты болды. АҚШ-тың Мұсылман қауымдастығымен байланыс жөнiндегi арнайы өкiлi: «Мен, өкiнiшке қарай, сiздiң сауалыңызға пiкiр бiлдiре алмаймын. Өйткенi менiң мұндағы сапарымның мақсаты бөлек» деп басы ашық сұрақты жауапсыз қалдырды. Бәрiнен де Пандит ханымның «Асыл арна» ислами ағартушылық телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабековтың Еуропадағы ислам дiнiн насихаттап жүрген телекомпания басшыларымен серiктестiк орнатқысы келетiнi Пандит ханымның құлағына жаққан сияқты.

«Дiн бостандығы адамдардың өмiрiнде негiзгi орын алады. Бiз оны сақтап қалу жолдарын әрқашан сынақтан өткiзуiмiз керек. Мәселен, АҚШ-та мұсылмандарға өзiнiң дiни ұстанымын жүзеге асыруда және садақа беру ережелерiн орындауы қиындатылған. Сондықтан да Америка мұсылмандарымен бiрiге отырып, оларға зекет жасау мүмкiншiлiгiн қамтамасыз етемiн» деп уәде еткен Барак Обама дiннiң ортақ мақсатты бiрiктiретiнiне сенiмдi екенiн бiлдiрген едi. Бiлуiмiзше, Фарах Пандит ханымның да ұстанған саясаты осы болса керек. Бiрақ, Қазақстан мемлекетiне алғаш рет сапар шеккен Мұсылман қауымдастығымен байланыс жөнiндегi арнайы өкiлi бұл жолы тыңшы қызметiн орындап кеткендей. Оның Қазақстан мемлекетi, Қазақ халқы, Қазақ жерi туралы қандай пiкiр жинап кеткенiн кiм бiлсiн, әйтеуiр «Көрдiм деген көп сөз…» саясатын ұстанатын жан екенi көрiнiп-ақ тұр.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ