Жаңалықтар

«НҰРЛЫ КӨШ» ПЕН «ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА»...

ашық дереккөзі

«НҰРЛЫ КӨШ» ПЕН «ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА»...

Ауылға көмегi қаншалықты тиедi?

Өткен аптаның аяғында Алматы қалалық Көшi-қон департаментi жанынан құрылған кеңес мүшелерiнiң қатысуымен Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң ұйытқы болуымен «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты ұсынған «Дипломмен ауылға» бағдарламасының таныстырылымы болып өттi. Кеңеске Алматы қаласында түрлi ЖОО-ларда бiлiм алып жатқан оралман жастар қатысты.

Әрине, елiмiз тәуелсiздiк алған алғашқы жылдардағы бiздiң ұранымыз бұдан сәл өзгешелеу едi. Жекешелендiрудiң жабайы түрде iске асып жатқан тұсында «өркениеттi елдерде жалпы тұрғындардың 5-6 пайызы ғана ауылды жерлерде тұрады. Қалғандары өз нәпақасын қалалы жерлерде айырады» деген тезистер жиi қайталанатын. Әрi бұл жоғары жақтан да, түрлi деңгейдегi саясаткерлерден де қызу қолдау тапты. Бiрақ, урбанизацияның болатыны айдан анық бола тұра, ауылды жердiң тұрғындарын қалаға орналастыру мәселесi ескерiлмедi. Қалалық нарық жойдақсыз жөңкiлген ауыл тұрғындарын қабылдауға қабiлетсiз болды. Соның салдарынан әлеуметтiк жарылыстар да орын алмай қойған жоқ. Оған мысалды алыстан iздемей-ақ «Шаңырақ» инцидентiн алсақ та жетiп жатыр.

Бүгiн қаңырап бос қалған қазақтың ауылдарының тамырына қан жүгiрту мәселесi бiрiншi планға шықты. Сол мақсатта жақыннан берi «Дипломмен ауылға» акциясы насихаттала бастады. Аталған жиында мемлекеттiң ауылды көркейтудi көздеп отырған екi бағдарламасы таныстырылды. Оның бiрi – алыс және жақын шетелдерден қоныс аударатын оралмандарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы болса, екiншiсi – «Дипломмен ауылға» бағдарламасы.

Бұдан бұрын да айтқанымыздай, «Нұрлы көш « бағдарламасының бастапқы жобалары – Шымкентте, Ақмола облысының Көкшетау қаласының маңындағы Қызылжар ауылында және Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласында жүзеге асып жатқаны белгiлi. Қызылжар ауылында 270 үй салынған. Кеңес отырысында «Нұрлы көш» бағдарламасының артықшылықтары және Қызылжардағы жағдай талқыға салынды. Таяуда ғана Қызылжарда болып, оның жай-жапсарымен танысып қайтқан «Жебеу» қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Рахым Айып бұл үйлердiң 1 шаршы метрiнiң құны 42300 теңгеге жоспарланып отырғанын айтты. Егер оралмандар мұнда орналасуға ниет бiлдiретiн болса, алғашқы бес жылда айына 150 доллар көлемiнде қаржыны Тұрғын үй жинақ банкiне депозитке аударатын болады, одан кейiнгi 10 жылда 100 доллар көлемiнде несиесiн төлеп отырады. Сондай-ақ, алғашқы бес жылда бұл үйлер жалға берiледi. Жалға беру құны – айына 12 мың теңгеден аспауы керек. Сондай-ақ, бұнда көшiп келген отбасыларын жұмыспен қамтамасыз ету мәселесi де көзделген. Оның үстiне олар көшi-қон квотасы арқылы арнайы жәрдемақыға ие бола алады. Солтүстiк облыстардың арнайы коэффициентi бойынша, егер отбасында орта есеппен 4 адам болатын болса, көшi-қон квотасы бойынша 800 мың теңге жәрдемақы тиесiлi болады екен. Бұл баспанаға төленетiн 5%-дық алғашқы жарнаны төлеуге кепiл. Алдын-ала жоспарларға қарағанда алғашқы жарна 158625 теңгеге шығып отыр. Демек, «Нұрлы көш» бағдарламасының арнайы орнатылған ауылдарға барам деушiлер үшiн артықшылықтары басым. Алайда, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Көшi-қон комитетi Алматы қаласы бойынша департаментiнiң директоры Гүлсара Алтынбекова ханым арнап қоныстандыру шараларының кеңiнен насихатталуына қарамастан, Қызылжар ауылына баруға ниет етушiлердiң саны онша көп еместiгiн айтады. Күнi бүгiнге дейiн 10-15 адам ғана Қызылжар ауылына жолдама алған екен. Олардың барлығы бiрдей аталған ауылда қоныс теуiп қалатындығы тағы беймәлiм.

Керiсiнше, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына мүдделiлiк танытушылар саны еселеп артқан екен. Алматы қалалық «Ауыл жастары» қоғамдық ұйымының атқарушы директоры Самғат Ермекбаевтың айтуына қарағанда, қолында дипломы бар жастардың басым көпшiлiгi ауылға баруға дайын екендiктерiн көрсеткен.

Иә, бiр кездерi мақсатты түрде ауылшаруашылығының ойран-топырын шығарып едiк, ендi сол ауылды сергiтудiң қандай да болсын шараларын қолданып бағудамыз. Ауылды қалпына келтiру мақсатында 3 жыл ауылға арналып қыруар қаржылар төгiлдi. Бiрақ, ауылдан жөңкiле көшкен жұртты керi қайтару мүмкiн болмай отыр. Самғат Ермекбаев қазiргi мүдделiлердiң арасында әртүрлi мамандық иелерiнiң барлығын айта отырып, олардың көбiнiң алыс ауылдардан гөрi Алматының iргесiне тиiп тұрған Ұзынағаш, Талғар, Райымбек ауылдарына барғысы келетiндерiн айтады. Жалпы, Республика бойынша да бұл тенденция қайталанып отырады. Яғни, жастар қала маңындағы ауылдарды таңдайтын көрiнедi.

Кеңеске жиналғандардың басым көпшiлiгi Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарында бiлiм алып жатқан оралман жастар болғандықтан, көпшiлiгi Қазақстан азаматтығын алып үлгермеген екен. Олардың назар аударған басты мәселесi де осы болды.

– Мен Қазақстан Республикасының азаматтығына құжаттарымды өткiзiп қойдым. Сiздердiң бағдарламаларыңызға үмiткер бола аламын ба? – дедi Абай атындағы ҚазҰПУ-дiң студентi Мырза.

– «Дипломмен ауылға» бағдарламасы тек Қазақстан Республикасының азаматтарына арналған. Сол себептi ең әуелi төлқұжатыңызды алып алыңыз, – дедi Самғат Ермекбаев.

Ал, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Көшi-қон комитетi Алматы қаласы бойынша департаментiнiң директоры Гүлсара Алтынбекова ханым «Оралман куәлiгiнiң» Қазақстан Республикасы төлқұжатымен теңестiрiлгендiгiн айтты. Дегенмен, бұл куәлiк арқылы оралман Қазақстан Республикасы аумағында Қазақстан азаматтарымен бiрдей төлемдер төлеуге және жұмысқа орналасып, РНН, жеке әлеуметтiк кодты рәсiмдеп, зейнетақы рәсiмдей алғанымен, ол банкiден несие алуға, жекеменшiк нысанына жылжымайтын мүлiктер сатып алуына мүмкiндiк бермейдi екен. Демек, жұмысқа орналасып, бiр жолғы жәрдемақысын алып, айлық жалақысына үстеме қостырғанымен, баспана алу үшiн берiлетiн жеңiлдетiлген несиеге қол жеткiзе алмайды. Сол себептi де, бұл бағдарлама Қазақстан Республикасының азаматтарын ғана қамтып отырған секiлдi. Дегенмен, Көшi-қон қызметкерлерi Ауыл шаруашылығы министрлiгiне хат жазып жеңiлдетiлген несиеден өзге жеңiлдiктердi азаматтық алуға құжат өткiзiп қойған оралман жастарына да қарастыруды өтiнетiндiгiн айтты.

Яғни, «Дипломмен ауылға» акциясының жақсы бастама екендiгi сөзсiз. Алайда, бұл тамыры сола бастаған қазақ ауылдарын жандандыруға қаншалықты сеп бола алатындығын бағамдау қиын. Қалай дегенмен ауылға мойын бұру керектiгi кеш те болса қолға алынды. Нәтижесiн келер күн көрсетер.

Есенгүл Кәпқызы