АСТАНА ОРЫСША САЙРАЙДЫ...

АСТАНА ОРЫСША САЙРАЙДЫ...

АСТАНА ОРЫСША САЙРАЙДЫ...
ашық дереккөзі

Ау, мемлекеттiк тiл кiмге керек, осы?

Қазақ тiлiнiң жыртығы қашан бүтiнделедi? Бұл жыртықты бүгiн, ертең, ендiгi жылы жамаймыз деп жүрiп, қырық тiлiм етiп жiбермеймiз бе? Ең әуелi мемлекеттiк тiлдiң өресiнiң тарылмауына қазақ билiгi мүдделi ме, жоқ па?

«Тiл туралы» Заңның қабылданғанына 20 жылдың жүзi болса да, қазақ қоғамында iлгерiлеушiлiк байқалмайды. Әсiресе, үкiметтiң өзi ұлттық санақтың алғашқы қорытындысында «Қазақтың саны 67 пайызға жеттi, бұдан былай отырыс, басқосудың барлығын қазақ тiлiнде өткiземiн» деп жұртты бiр серпiлтiп тастағанмен, бұл жүрекжарды қуанышы ұзағынан сүйiндiрмедi. Сол кезде Үкiмет басшысының шала-жансар қазақ тiлiне шенеунiктiң бiрi сүйсiнiп, бiрi күле қараса да, Премьердiң қазақ тiлiнде сөйлегенi әжептәуiр мәртебе саналды. Тiптi, сол кезде Парламент депутаттары Кәрiм Мәсiмовке алғыс жаудырып, төбесiн көкке жеткiзiп едi. Бұдан соң билiк тармақтарында, жалпы қоғамда қазақ тiлiне деген бетбұрыс жасала ма деп күтiп едiк, жағдай керiсiнше бет алып бара жатқандай. Премьердiң сөзi желге ұшты ма, әлде бұл үрдiстi басқа шенеунiктер iлiп әкетуге құлық танытпады ма, әйтеуiр берiлген уәде күшiнде қалмады. Неге десеңiз, қазiр кез келген жиналыс, мәжiлiс ресми тiлде өтедi. Әуелгi сәлемдесудi ғана қазақша бастайтын мемлекеттiк қызметкерлер iле-шала орысша сайрап кетедi. Яғни, қазақ тiлi – аман-саулықтың ғана тiлiне айналып барады. Қанша жерден «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессiн!» деп жарғақ құлағымыз жастыққа тимей шырылдасақ та, бұйығы қоғам меңiреу, селт ететiн жан жоқ. Керiсiнше, мемлекеттiк тiлде iс-қағаздарын жүргiзу iсi Үкiметтiң арнайы қаулысымен 70 пайыздан 60 пайызға қысқаратын болды. Бұған не себеп болып отыр?

Осыдан сегiз жыл бұрын мемлекеттiк тiлге көшуге байланысты «2001-2010 жылдарға арналған бағдарламаның» қабылданғаны белгiлi. Бұл бойынша әрбiр мемлекеттiк мекеме, министрлiк, облыс, қала аудан iс-қағаздарын түгелдей дерлiк қазақ тiлiне көшiруi тиiс-тұғын. Алайда, бағдарламаның аяқталуына бар-жоғы бiр жылдай ғана уақыт қалса да, нәтиже жоқтың қасы. 2001 жылы өмiр есiгiн ашқан бала сегiзге толды! Әрiп танып, қолына қалам алды! Жақсылық пен жамандықты айыратын болды. Ал, аталмыш бағдарлама аясында көзге бадырайтып, үлгi етiп көрсетерлiктей не бар? Қайран, дiттеген жерiне жетпеген қаражаттар! Қайран өз тiлiнде сөйлеуге талпынбайтын намыссыз басшылар! Басқаны былай қойып, тiлге бөлiнген ақшаны қармап жеп қалған парықсыз жемқорлардан қандай жақсылық күтуге болады?

Бiр өкiнiштiсi, қазақ тiлiнiң мәселесiн ұлты қазақ емес азаматтар көтергенде, ұялғаннан жерге кiрiп кететiн тесiк таппайсың. Мәселен, ұлты әзiрбайжан Асылы Осман мен ұлты немiс Герольд Бельгердiң қазақ үшiн, қазақ тiлi үшiн жаны шырқырағанда, өзiн нағыз «қазақпын» деп санап жүрген бәзбiреулер қандай күйде болады екен? Ал, тағы бiрде жанымызды жегiдей жейтiн мәселенi Парламент депутаты, ұлты өзбек Розақұл Халмұрадов көтергенде, бәрiмiз елең ете қалдық. Ол бiрде-бiр қазақ қалаулысы батылы жетiп айта бермейтiн түйткiлдi жерiне жеткiзiп айтты. «Мемлекеттiк тiлдi кеңiнен қолдану кезегi ендi Парламент Мәжiлiсiне келген сияқты. Оны бiз, халық қалаулылары, қолдамағанда, кiм қолдайды? Ал қазақ тiлiн бiле тұрып, сөйлемейтiндерге немесе сөйлегiсi келмейтiндерге айтарым: Ана тiлi ананың сүтiмен келедi. Сол себептi тiлдi ұмытқаның – анаңды ұмытқаның, ана тiлiңдi бiле тұрып сөйлемегенiң – анаңа қиянат жасағаның. Құстар да өз тiлiнде сайрайды. Бiздiң сонда құс құрлы намысымыз болмағаны ма?!» дегенде төбе құйқамыз шымырлап қоя бердi. Бiрақ, амал қанша? Мұнда да қазақ тiлiнiң қажеттiлiгiн мойындамайтындар ұлттың мәселесiне бас ауыртудан гөрi өз қарақан басының қамын күйттеп жүргенiн көрсеттi. Кәдiмгi өзiмiздiң «Күл болмасаң, бүл бол» немесе «Аш пәледен қаш бәлем» деген ұстанымды серiк ететiндер…

Қазақ тiлi 20 жылдың iшiнде өз тұғырына көтерiлмей жатқанда, бұл мәселе жақын арада шешiледi деуге күмән басым. Бүкiл халық, қоғам, билiк болып атсалыспайынша, айтылып жатқан сөздiң бәрi «Ит үредi, керуен көшедi» дегенмен пара-пар. Бiз 20 жылда қазақ тiлiнiң қолдану аясын кеңейтудiң орнына тарылтып жатырмыз. Тiптi, бұл әрекетiмiзге жат жұрттар бетiн басып күлiп жатса да, шiмiрiкпеймiз. Тәуелсiздiкке қол жеткiзгенiмiздiң пайдасы қайсы? Бiз қоғамды өз ана тiлiмiзде сөйлеуге, тiлдесуге тiзе бүктiре алмай жүргенде, бөгде мемлекеттердiң бұл баспалдақты артқа қалдырғаны қашан. Заңды орындауға бүкiл қоғам мүшесi жұмылған жұдырықша кiрiсуде. «Тәртiпке бағынған құл болмайды» демекшi, нәтижесiнде қайсыбiр мемлекет болсын, өз туған ана тiлiнiң мәртебесiн өсiрдi. Ал, бiз болсақ, керiсiнше, жағамызды жайлауға жiберiп, ресми тiл – орыс тiлiнiң күйiн күйттеп кеттiк. Сөзiмiз дәлелдi болу үшiн айта кетейiк, жақында ғана Астанада өткен II Халықаралық конгресте орыс тiлiнiң мәртебесi үш күн бойы талқыланды. ТМД мен алыс-жақын мемлекеттерден жиналған 150 адам орыс тiлiнiң аясының тарылмауына, басқа тiлдерге жұтылып кетпеуiне бас қатырды. Тiптi, осы жиыннан хабар берген «Мир» телеарнасының тiлшiсi Наталья Хабарова: «Бұл конгрестiң Қазақстанда өтуi тектен-тек емес. Өйткенi, басқа посткеңестiк мемлекеттермен салыстырғанда, Қазақстанда орыс тiлi бұрынғысынша үлкен рөлге ие» деген қуанышына екпiн түсiре айтты. Басқа басқа, тiлшiге сұхбат берген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нiң профессоры Людмила Екшембееваның «Орыс тiлi – ұлтаралық қатынас тiлi болып қала бермек. Әсiресе, орыс тiлi Алматы, Астана мегаполисiнде қазақ тiлiмен тепе-тең дәрежеде қолданылады. Оның үстiне елiмiздiң жалпы бiлiм беретiн мектептерiнде орыс тiлiн оқыту мiндеттi болып табылады» деген пiкiрi қазақ тiлiн бiржола керек етпейтiндiгiн аңғартты. «Қазақстанға қарағанда, Қырғызстанда жағдай басқаша. Бүгiнде Қырғызстанда орыс тiлiнiң ауқымы тарылып барады» деп мәселе көтергендер тез арада инвестиция тартып, орыс тiлiнiң дамуына көңiл бөлу керек деп тарқасты. Бiр сорақысы, ұйымдастырушылар кезектi форумды тағы да Астана қаласында өткiзетiн боп уағдаласып қайтыпты.

Шыны керек, «Тiл туралы» Заңның қабылданғанына 20 жыл толуына қарсы кейбiр ресейлiк БАҚ өз мүддесiн көздей отырып, бiздегi жағдайға мүсiркей қарады. Әсiресе, төрткiл дүниеден ақпарат беретiн «Мир» телеарнасы бұл жолы да елiмiздегi орыс тiлiнiң ролiне қанағаттанатындығын жасырмай, астарлы пиғылдағы ойларын бүгiп қалмады. Бөркiн аспанға ататын орны бар. Себебi, олар бiз мән бере қоймайтын деректердi алға тартып, орыстiлдiлердi желпiндiрiп тастады. «»Тiл туралы» Заң күшiне мiнгенiне 20 жыл болғанмен, көптеген бiлiм мекемелерiнiң құжаттары орыс тiлiнде толтырылады. Қазақ мектептерiнде бiлiм беру ана тiлiнде өтсе де, қоңырау кезiнде оқушылар үнемi орысша сөйлеседi. Орыс тiлiн үйрену қарым-қатынас жасау кезiнде, сөйлеу тәжiрибесiнде дамып келедi. Ал, телеарна мен радио желiлерде қазақ тiлiнiң үлес салмағы – 10 пайыз ғана. Қазақстанда кез келген мекемеде негiзгi құжат көзi екi тiлде жүргiзiлсе, электронды ақпарат құралдары 50х50 межесiнде хабар таратады. Соның өзiнде қазақ тiлiнiң жағдайы мәз емес, әдеттегiдей екiншi орынға ысырылуда. Өйткенi, үкiметтiң отырыстары мен мәжiлiстерi, баспасөз мәслихаттары көбiне орыс тiлiнде немесе қазақ-орыс тiлiнде өтедi. Демек, Қазақстан ТМД-ның iшiнде бәз-баяғысынша орыстанған мемлекеттердiң санатына енедi» деп өзiнше түйiн жасайды. Телеарна тiлшiсi тағы бiрде мына мәлiметтi жайып салды. «Баспасөз бойынша орыстiлдi басылымдардың орны бөлек. Ресми статистикаға сүйенсек, республика төңiрегiнде 2 мың газет-журнал жарық көрсе, оның 500-i ғана қазақ тiлiнде шығарылады. Осындай жағдай оқу көмекшi құралдарына да қатысты. Кiтап дүкендерiнен қазақ тiлiндегi арнайы мамандандырылған әдебиеттi iздеп, табу қиямет. Бар болғанның өзiнде оның көбi орысшадан қазақ тiлiне сапасыз аударылған кiтаптар. Тiптi, 20 жыл iшiнде Қазақстан қазақ тiлiнен сабақ беретiн бiлiктi әдiскер-мұғалiмдер дайындап үлгермептi… Әрине, мемлекет қазақ тiлiнiң үстемдiгiн арттыруда қол қусырып отырған жоқ. Биылдан бастап қазақ тiлi ұлттық бiрыңғай тестiлеуде мiндеттi пән ретiнде енгiзiлiп, жер-жерде қазақ тiлiн үйренем деушiлерге тегiн курстар ашылды. Қазақ тiлiн бiлу – мәнсап баспалдағына көтеретiн жол екенi жасырын емес. Бiрақ, әзiрге басқа ұлт өкiлдерiнiң 10 пайызы ғана Абайдың тiлiнде сөйлейдi», – дейдi орыс тiлiн жандәрмен болып үгiттеген «Мир» телеарнасының тiлшiсi. Ал, экс-депутат Валериян Землянов: «Қазақтар – ана тiлiнде де, орыс тiлiнде де тамаша сөйлейтiн қостiлдi халық. Олар тiптi қазақ тiлiне қарағанда орыс тiлiнде көп тiлдеседi. Неге десеңiз, орыс тiлiнде сөйлеу өте ыңғайлы» деп ағынан жарылды.

Рас, Қазақстанда орыс тiлi қысым көрiп отырған жоқ. Несiн жасырайық, орыс тiлi бiздiң елде ғана өмiршең түрде қызмет етуде. Қазiр Балтық жағалауы елдерiн айтпағанның өзiнде, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерi орыс тiлiн қоғамның барлық саласынан ысырып жатыр. Тiптi, Тәжiкстан президентi Эмомали Рахмон «Мемлекеттiк тiл туралы» Заңға қол қойып, «Орыс тiлi – ұлтаралық қатынас тiлi» деген бапты алып тастады. Жаңа заң жобасын Парламенттiң қос палатасы бiрауыздан мақұлдады. Бұдан былай 7,5 миллион тұрғыны бар Тәжiкстанда (шамамен 100 мың орыс және 1 млн. өзбек тұрады) әр азамат мемлекеттiк тiлдi бiлуге мiндеттi. Ал, Украина үкiметiнiң ағымдағы жылдың 30-қыркүйегiнде қабылдаған құжатында мемлекеттiк және коммуналдық жалпы бiлiм беретiн мекемелерде тек қана украин тiлiнде сөйлеу керектiгi баса айтылған. Құжатқа сәйкес, мектептерде орыс тiлiнде және басқа аз ұлттың тiлiнде қарым-қатынас жасауға тыйым салынды. Бұл бұл ма, жергiлiктi билiк қала iшiнде орыс тiлiнде жазылған тақтайшалар мен бильбордтарды алып тастауға тапсырма берiп, нәтижесiнде арнайы тiл инспекторлары әрбiр фирма, дүкеннiң маңдайшасына iлiнген орыстiлдi атауларды украин тiлiне ауыстыруды мiндеттедi. Егер кәсiпкерлер бұл талапқа қырын қараса, қомақты айыппұл төлейтiн болады. Бұдан бөлек Украинада орыс тiлiнде бiлiм беретiн орта мектептер украин тiлiне бағытталып жатса, 2012 жылы жоғары оқу орындары түгел дерлiк мемлекеттiк тiлге көшпек. Неге? Себебi, Ресей аумағында украин тiлiнде сабақ беретiн мемлекеттiк мектеп жоқтың қасы. «Қазiргi кезде Украинада 1 мың 199 мектеп тек орыс тiлiнде, ал 1 мың 628 мектеп орыс-украин тiлiнде бiлiм бередi. Сол сияқты орыс тiлiндегi балабақша саны – 983 болса, Ресейде украин тiлiндегi мұндай балабақшаның, мектептiң бiреуi де жоқ» деп күйiнген Украинаның Бiлiм және ғылым министрiнiң орынбасары Павел Полянский бүгiнгi таңда бiлiм беру iсiнiң 81 пайызы украин тiлiне бет бұрып жатқандығын жеткiздi. «Сыйға-сый, сыраға-бал» демекшiдей, бұл Ресейдiң жасап отырған саясатына Украина тарапынан берiлген нақты тойтарыс iспеттi.

Ал, бiзде 1989 жылы «Тiл туралы» Заң қабылданған тұста бiр Алматы қаласының өзiнде 8 мың баланы оқытатын 7-ақ қазақ мектебi болса, қазiр қазақ тiлiнде бiлiм алатындардың саны 68 мыңның айналасында. Осыдан он жыл бұрын қазақтiлдi балабақшаға барған балғындар саны 20 пайызды құраса, бүгiнде бұл бар-жоғы 55 пайызға жеткен. Ал, қаладағы ЖОО-да 195 мың 221 студент бiлiм алса, оның 82 мыңы ғана қазақ бөлiмiнде оқиды. Осы да қуанарлық мәлiмет пе? Әрине, бұдан қазақ отбасының өз баласын қазақ мектептерiне, қазақ балабақшасына, қазақ бөлiмiне беруге келгенде әлi де сенiмсiздiк танытып отырғанын топшылауға болар. Себебi, кейбiр мемлекеттiк мекемелер қызметкерлерiне «орыс тiлiн бiлмесең, мәнсап пен лауазымның өсуiне кедергi болады» деп түртпектеп жатқанда, қазақтар сол ресми тiлдiң ықпалынан шыға алмауда. Қазақ қоғамы, оның әрбiр мүшесi қазақ тiлiне келгенде енжарлыққа салынып, есесiне, орыс тiлiнiң мәртебесiн жоғары санауы көңiлге кiрбiң ұялатады екен.

Елорданың төрiнде қазақ тiлiн баса-көктеп, орыс тiлiнiң жәй-күйiн күн тәртiбiне шығарып, таразыға салып жатқанымызға не жорық? Оған кiм мүдделi болып отыр? Егер бiз осы қарқынмен кете барсақ, қазақ тiлiнiң жырын әлi 20 жыл жырлайтын түрiмiз бар. Әйтпесе, қазақ тiлiнiң көсегесiн қазiр қолға алынып жатқан – мемлекеттiк тiлде сөйлейтiн мемлекеттiк қызметкерлердiң және құжаттарды қазақ тiлiне еркiн аудара алатындардың жалақысына 15 доллар үстеме қосып отыру арқылы көгертемiз бе? Қазаққа қазақша сөйлегенi үшiн ақша төлесек, мұнымызға басқа жұрт күлмей ме?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ