БАЯFЫ ЖАРТАС — БIР ЖАРТАС...
БАЯFЫ ЖАРТАС — БIР ЖАРТАС...
Абай бабамыз ХIХ ғасырдың өзiнде қазақ құндылығы мен мәдениетiне төнiп тұрған қауiп-қатердi аңдағаннан осылай деп күңiренген-ау, шамасы. Бүгiнгi билiктiң қазақ мәселесiне келгендегi самарқаулығы мен саңыраулығы жайында бұдан өзге не деуге болатындығын шамалай алмай-ақ қойдық.
Өткен аптада Мәжiлiс залынан ашына сөйлеген депутат Бекболат Тiлеуханның ащы ойлары осындай түйiн түюге жетелейдi.
"БИЛIК БАСЫНДАҒЫЛАРДЫҢ 90%-ы ҚАЗАҚША БIЛМЕЙДI"
Қоғамды да, елдi де ығыр қылған тiл мәселесi – әлi қанша уақыт саясат құралына айналар екенiн бағамдау қиын. Олай деуге негiз жеткiлiктi. Билiк мемлекеттiк тiл деп үкiлеген қазақ тiлiн ойынға айналдырып жiбердi. Тiл – саяси ұпай жинаудың тамаша әдiсi болды да қалды. Егер жергiлiктi ұлт әлеуметтiк наразылықтарды өршiте түссе билiк үнемi ең әлсiз тұсын – ұлттық кембағал тұсын өзiне қару етiп қолдана қояды. Биiк мiнбер қарашаның қимылына орай қырық құбылып отырады. Бүгiнгi күнiне наразы қазекем жоғарыдан шыққан жалынды ұрандарға қалай тез сенiп, қалай ырқына жығыла кеткенiн өзi де аңғара алмай қалады. Халық билiктiң кезектi арбауға көшкенiн жақсы түсiнедi. Бiрақ, "Е, қайтсiн, айтып жатыр ғой, шенеунiктердi жерден алып, жерге салды ғой. Одан артық не iстейдi ендi?" деп жаны аши қалады. Ал, халықтың осы бiр осал тұсын дөп басатын билiк иелерi мұндай тәсiлден жаңылған жоқ. Жаңылар да емес.
"Қазақ – көнбiс халық" дейдi саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар. Бiрақ, көнбiстiктiң де шегi бар. Бүгiнде қазақтың қоғамдағы болып жатқан оқиғаларға салғырт та, немқұрай қарай бастаған түрi бар. Алайда, "бұл немқұрайлықтың салдары жақсы болмайды" дейдi тағы сол әлеуметтанушылар.
Қазақ елiнде, қазақ мемлекетiндегi биiк лауазым иелерiнiң мемлекеттiк тiлдi көгертуге, қазақтың ұлттық рухын еселеуге және кеткен есесiн қайтаруға деген талпыныс байқалмайды. Билiктегiлерде мемлекетшiлдiк сана жоқ деп айтуға ауыз бармайды. Өйткенi, олардың ойлағаны мемлекеттiң тұтастығы және тәуелсiздiктiң бекем болуы. Алайда, сол тәуелсiздiктi бекемдеу үшiн ұлт тiлiн тұғырына қондыру қажеттiгi ешкiмдi ойландырмайтын секiлдi. Ұмытпасам, осыдан 3-4 жыл бұрын Халықтар ассамблеясының кезектi бiр жиынында сөйлеген сөзiнде Елбасы "Аюға да тiл үйрететiн кез жеттi" деп едi. Содан берi тағы да 3-4 жыл зымырап өте шықты. Баяғы жартас – бiр жартас. "Жартасқа барып, күнде айғай салып", жаңғырыққа көмiлiп жүрмiз. Бiрақ алға жылжыған ештеңе байқалмайды.
Бекболат Тiлеухан мырзаның дерегiне сүйенсек, билiктегiлердiң 90%-ы мемлекеттiк тiлдi бiлмейдi екен. Бұл не деген масқара? Мемлекеттiң мемлекетшiл тұлғалары сол елдiң тiлiнде сөйлемейдi. Сонда олар кiмнiң сойылын соғып, жыртысын жыртпақ.
Премьер-министрiмiз министрлерiне жақсы үлгi көрсетiп, жиынның бәрiн қазақша өткiзем деп уәде берiп едi. Көп өтпедi, уәдесiнен айнып қалды. Оған не зор келгенiн, кiмнiң таяғы өтiп, қысымы түскенiн айту қиын. Ешкiм қазақ саяси қайраткерлерiне қазақша сөйлегенi үшiн кiнә тақпасы анық. Ендеше, өз тiлiн менсiнбейтiн, өз мемлекетiнiң халқының мұң-мұқтажын түсiнбейтiн шенеунiктер кiмге қажет. Қазақ тiлiнiң мемлекеттiк мәртебе алғанының 20 жылдығы қарсаңында, тәуелсiздiгiмiздiң 18 жылдығы тұсында сызылып қалған ескi күйтабақтай алға сәлде болса жылжушылықтың болмауын кiмнен көремiз. Неге болса да, қолды сiлтеп жүре беретiн халықтың көнбiстiгiнен бе, билiктiң иiс алмастығынан ба? Кiнәлi ешкiм емес. Бiрақ, санада әлi сiлкiнiс жоқ. Халық Ресейден бас бұйдамыздың үзiлiп кеткенiне әлi де күмәнмен қарайды-ау, осы. Олай етпей қайтсiн, әлi күнге дейiн отаршыл-империяның тiлiнде сөйлеп, сол елдiң ақпараттық және экономикалық экспансиясынан құтыла алмай отырсақ. Ал, билiк тiзгiнiн ұстаған лауазым иелерiнiң елдi рухани тәуелдiлiктен құтқаруға ешқандай пейiлi болмаса…
Тым болмағанда, мемлекеттiк қызметкерлерден мемлекеттiк тiлдi бiлудi талап ете алмаған қоғамның ертеңi жайлы қиялдаудың өзi қорқынышты.
"ТIЛ ЖОЙЫЛАРДА ҚОСТIЛДIЛIК ПАЙДА БОЛАДЫ"
Осы уақыт аралығында мемлекеттiк тiлдi дамыту мақсатында бөлiнген қаржы шаш етектен. Бiрақ, сол қаржының есесi қайтарылды ма? Қызық, Германияда немiс тiлiн үйренушiлерге арнайы қаржы бөлiнедi екен. Бiраз уақыт өткеннен кейiн, әлгi адамның немiс тiлiн қаншалықты үйренгенiн тексерiп, емтихан қабылдайды. Егер ол адам бөлiнген қаржы шеңберiнде үйренуге тиiстi дәрежеге жете алмаса, бөлiнген қаржыны кассаға қайтаруы тиiс екен. Ал, бiзде ше? Сайда саны, құмда iзi қалмады. 2008 жылы Тiлдер комитетiне бөлiнген қаржы еселеп артып едi. Одан не түстi? Шенеунiк iзiн жасырып, шетел асып үлгердi. Қаржының ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кеткенi айқын болды. Демек, тiлдiк менеджменттiң дұрыс жолға қойылмауы салдарынан әлi күнге дейiн бармағымызды тiстеумен келемiз. Қазақ мәселесi бүгiнде күн тәртiбiнде №1 проблемаға айналды.
Бүгiнгi қоғам дүбәраланып барады. Ең өкiнiштiсi сол – ел тәуелсiздiгiмен құрдас өскелең ұрпақтың тәуелсiздiк рухымен тәрбиелене алмауы. Бекболат Тiлеухан депутаттық сауалын Дэвид Кристал деген философтың сөзiмен аяқтап: "Тiл жойыларда қостiлдiлiк пайда болады. Екi тiлдi ерткен екi мәдениет өзара шайқасқа түседi. Ақырында жеңiмпаз мәдениеттiң тiлiнде сөйлеушiлер көбейедi. Ал әлгi жеңiлiс тапқан шағын мәдениеттiң тiлiнде сөйлеуден басқа емес, өзiнiң жас ұрпағы ұяла бастайды. Ана тiлiнде сөйлеуге қысылатын сол ұрпақ та "жеңiмпаз мәдениеттiң" аяғына жығылады. Аға-ұрпақ ата-ана қанша әуреленсе де, өз балаларына ана тiлiн үйретуге шамалары жетпейдi. Ең өкiнiштiсi де осында" дедi. Бiздiң билiк қостiлдiлiктi былай қойып, үш тұғырлы тiл бағдарламасын дүниеге әкелген жоқ па? Бiрақ, бiр нәрсе айқын – орыс тiлiнiң басымдығы. Бекболат мырза депутаттық сауалында Астанада Есiлдiң сол жағалауында қазақ мектептерiнiң жоқ екендiгiн айта отырып, бiр қазақ мектебi ашылса, артынша қос орыс мектебiнiң пайда болатындығын тiлге тиек еттi: "№ 54 қазақ мектебi ашылғанда сол ауданнан № 31, № 5 екi орыс мектебi, № 56 қазақ мектеп ашылып едi, жарыса № 35, № 60 екi орыс мектебi ашылды. Қазақ мектебiнде 1400 бала оқып, екi орыс мектебiнде 400-ден және 600-дан бала оқиды". Бiрiншiден, қазақ мектебi Қазақстанда қаншалықты қажет болса, орыс мектептерiнде оқитын балалардың саны жыл өткен сайын азайып бара жатқаны дәлелдеудi қажет етпейтiн қағида. Екiншiден, орыс мектептерiне "ұлттық азшылық мектебi" дәрежесiн берiп, оларды сұранысқа сай қысқартып отыратын кезең әлдеқашан жеттi. Алайда, бiздiң билiк бұған да көзжұмбайлықпен қарайды. Бiзде Конституциядағы мемлекеттiк тiлдiң мәртебесi сызылып қалды да, қос тiлдiлiк жайлап кеттi. Бiлiм де қос тiлде, ақпарат та қос тiлде. Ал, билiк ресми тiлде ғана сөйлеуге шебер….
Есенгүл Кәпқызы