“БАСПАЛАР ҮЙI” ҚАЛАМГЕРЛЕРГЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАУДА

“БАСПАЛАР ҮЙI” ҚАЛАМГЕРЛЕРГЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАУДА

“БАСПАЛАР ҮЙI” ҚАЛАМГЕРЛЕРГЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАУДА
ашық дереккөзі

Шығармашылық ұжымның шаңырағына айналған «Баспалар үйiне» бас сұқпайтын жан кемде-кем шығар. Әсiресе, қолына қалам ұстаған ақын-жазушылар, журналистер мен баспагерлер осы бiр қыз-қыз қайнаған ордадан еш алыстап кете алмайды. Өйткенi, бұл шаңырақ олардың қаламына қуат берiп, шабытына қанат бiтiретiн құтты мекен.

Мәдениет және ақпарат министрлiгiне қарайтын «Баспалар үйi» мәдениет қайраткерлерiнiң, БАҚ өкiлдерiнiң iлгерiден келе жатқан айрандай ұйыған баспанасы. Бұл үйге жаяу-жалпы адамдар емес, Парламент депутаттары, мүйiзi қарағайдай қаламгерлер, Алматы және Астана қаласындағы шетел елшiлiктерiнiң өкiлдерi, бiр сөзбен айтқанда iскер азаматтар мен зиялылар келiп-кетiп жүредi. Мұнда елiмiзге танымал қоғам қайраткерлерi басқаратын талай баспалар мен газет-журналдар iргетасын қалап, оқырман қауымның қолына еш кiдiрiссiз жетiп отыр. Атап айтқанда, «Қазақ газеттерi» ЖШС-iне қарайтын «Ана тiлi», «Экономика», «Ақиқат», «Үркер», «Простор», «Мысль» газет-журналдары, Халықаралық «Түркiстан» саяси апталығы және «Жас өркен» ЖШС-iнiң қоластындағы «Ақжелкен», «Ұлан», «Балдырған», «Дружные ребята» басылымдары мен «Жазушы», «Ана тiлi», «Бiлiм», «Өнер», «Қайнар» сынды белдi баспалар «БАҚ туралы» заңды негiзге ала отырып халық үшiн қызмет етуде. «Баспалар үйiнен» қоныс тепкен аталған редакция мен баспалардың қайсысын алсаңыз да, ақпарат кеңiстiгiнде айтар ойы мығым өзiндiк қолтаңбасы бар. Мұның әсерi осы шаңыраққа да тиiп отыр. Себебi, қазiр мұнда хабарландырулар мен бұйрық-хаттар мемлекеттiк тiлде жазылып келедi.

Шығармашылықпен айналысатын қаламгерлерге әуелгi кезекте отырған орнының жайлы болғаны дұрыс. Осы мақсатта «Баспалар үйi» АҚ қызметкерлерi соңғы екi жылдың iшiнде бiрталай шаруа тындырған. Олай дейтiнiмiз, бұл шаңыраққа президент болып жаны жайсаң азамат Мұрат Шәрiпұлы Нұрмұхамбетов келгелi берi көптеген оңды iстерге мұрындық жасап келедi. Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң талабы бойынша, редакциялар мен баспаларға кеңселердi лайықты бағамен жалға беруде. Әкiмшiлiк ғимараттың электр желiлерiн жаңартып, дәлiздегi еден төсенiштерiн ауыстырды. 25 жылдан берi жөндеу көрмеген ғимараттың есiк-терезелерi қазiргi заманға сай келетiн жаңа пластикадан жасалған үлгiлермен алмастырылды. Өрт қауiпсiздiгiнен қорғалу мақсатында өртке қарсы дабылдар iске қосылып, қылмыстың көбеюiне байланысты ғимараттың айналасына бейне бақылау камералары мен прожектор шамдары орнатылды. «Баспалар үйiнде» қызмет ететiн қаламгерлердiң қыс мезгiлiнде далаға шығып, уақытын сарп еткiзбесi үшiн ғимараттың төменгi қабатынан «Баспагер» асханасы ашылды. «Баспалар үйi» АҚ-ында 13 жылдан астам шаруашылық бөлiмiнiң бастығы қызметiн атқарып келген Бөлекбаев Болатхан Нұрсейiтұлының айтуынша, алдағы уақытта лифтiлердi жаңартуға тиiстi мекемелермен келiсiм-шарт жасалып, жыл соңына дейiн бұл iстi аяқтауды нықтап қолға алуда екен. Бүгiнде көлiк тұрағы да реттелiп, ғимарат алдына тротуар плиталары төселдi. Аулаға асфальт төселiп, толықтай жөндеу жұмыстары жүргiзiлдi. Ағымдағы жылы қысқы маусымға дайындық барысында жылу жүйесiне жөндеу жасалып, бөлмелердiң батареялары тазартылды. Тiптi, «Баспалар үйi» АҚ басшылығы келушiлер мен қызметкерлердiң талаптары бойынша ғимараттың төртiншi қабатынан намазхана бөлмесiн жабдықтап, қолдануға бердi.

Қысқасы, «Баспалар үйi» АҚ жәй ғана бизнес орталығы емес, кәдуiлгi ақпарат ағымына iлесiп келе жатқан шығармашылық орда. Сондықтан да, бұл шаңырақтың қабырғасы қатайып, iргесi беки беретiнi сөзсiз.

Динара Мыңжасарқызы