“ҚАЗПОШТА” – АҚПАРАТТЫҢ КҮРЕТАМЫРЫ

“ҚАЗПОШТА” – АҚПАРАТТЫҢ КҮРЕТАМЫРЫ

“ҚАЗПОШТА” – АҚПАРАТТЫҢ КҮРЕТАМЫРЫ
ашық дереккөзі

Оңтүстiк Қазақстан облысында «Қазпошта» АҚ-ның филиалы көп игi iстер атқарып жатыр. Бүгiн бiз осы «Қазпошта» АҚ-нiң ОҚО филиалы директоры, Облыстық мәслихаттың депутаты, Бәйдiбек ауданының «Құрметтi азаматы», көптеген жаңа бастамаларға ұйытқы болып жүрген АСАН ЗАМАНХАН мырзамен «Қазпошта» төңiрегiнде әңгiме құрдық:

– Асан Заманханұлы, 2009 жылдың екiншi жарты жылдығына орай баспасөз науқанына байланысты дәстүрлi «Дөңгелек үстел» өткiзiлдi. Бұл бас қосудың негiзгi мақсаты туралы айта кетсеңiз.

– Баспасөзге жазу науқанын ұйымдастыру оңай шаруа емес. Сондықтан жыл сайын «Дөңгелек үстел» басында бас қосып, мерзiмдi басылымдарды таратудың түйiндi мәселелерiн бiрлесiп шешуге, жазылым және бөлшек сауда бойынша мерзiмдi басылымдарды таратудың жаңа технологияларын әрi қарай жетiлдiру және iздестiру жөнiндегi бiрiккен iс-шара десек те болады.

– Сiз әрдайым ашық пiкiрден өзара сыннан тайсақтамайсыз. Бас қосуда БАҚ өкiлдерi сiз басқарып отырған пошта мекемесiне өткiр-өткiр сын да айтып қалады.

– Мен әрдайым өзара сынды қолдап келген азаматпын. Кемшiлiктерiмiздi айтқан сайын жұмысымыз да ширай түседi. Бұл бас қосуда бiраз құнды ой-пiкiрлер айтылды. Көп қабатты үйлердегi пошта жәшiктерiнiң проблемалары, бәсекеге қабiлеттi басылымдарды алаламау, мерзiмдi басылымды оқырманға уақтылы бақылау арқылы жеткiзiп беру дегендей. Айтылған сындардан қорытынды шығарып, ол қылықтарды жоюға ұмтыламыз.

– Жоғары тұрған басшылық тарапынан қандай қамқорлықтар жасалынып жатыр?

– Соңғы жылдары өте көп игi iстер атқарылды. «Қазпошта» АҚ-ның басқарма төрағасы Дәурен Тұманбайұлы Молдағалиев пошта саласының жұмысына түбегейлi бетбұрыстар жасады. Қазiргi «Жол картасы» бойынша республика көлемiнде 6 мыңға жуық адам тартылды. Оның iшiнде 300-350-дейi Оңтүстiк Қазақстан облысының үлесiнде. Елбасымыз Д.Молдағалиевтiң пошта саласындағы еңбегiн елеп, «Құрмет» орденiмен наградтауы осы сөзiмiзге айғақ.

– Асан Заманханұлы, «Қазпошта» мекемесiнде соңғы кезде нендей жаңалықтар болып жатыр?

– Әрбiр пошта қызметiн пайдаланатын заңды және жеке тұлғалар интернет арқылы үйде отырып-ақ «Портал «Қазпочта» АҚ» сайтына кiрiп пошта жiберiлуiн қадағалау арқылы хат, сәлемдеме т.б. қызмет жүйелерiн қашан, қай күнi, қай сағатта, кiмге тапсырылғанын бақылай алады. Поштаға бармай-ақ 53-02-06, 53-67-33 сымтетiктерi арқылы, EMS kazpost қызметiн пайдаланып, пошта жөнелтiмдерiн ТМД, таяу және алыс шет елге жөнелте алады.

– Баспасөздi уақытылы оқырманға жеткiзуде түйткiлдер кездесе ме?

– Мерзiмдi басылымдардың оқырмандарға уақытылы жетпеуiне кей-кейде басылымдардың меншiк иелерi де себепкер болып жатады. Уақытысында жетпеген басылымдардан оқырман зардап шегедi. Сондықтан газет басшылары алдағы уақытта бiзбен ынтымақтастықпен жұмыс iстеп, бұл кемшiлiктердi жоятынына сенiмдiмiз.

– Асан Заманханұлы, сiздерде соғыс ардагерлерiне қамқорлық жасау жағы қалай?

– Соғыс ардагерлерiне пошта жәшiктерiн тегiн орнатуға ықпал ету үшiн жоғарғы лауазымды басшыларға ұсыныс хат жолдап жатырмыз. Алдағы уақытта бұл мәселе шешiмiн табатынына күмәнданбаймын.

– «Қазпоштаның» беделi тек ел iшiнде ғана емес, әлемдiк деңгейде де артып келедi. Дүниежүзiлiк пошта одағына да ресми түрде қабылданғаны бар. Бұл жөнiнде де әңгiме айта отырсаңыз?

– Пошта одағының құруының бастауы 1874 жылы Швецарияда 22 елдiң өкiлдерiмен Берн шартына қол қоюдан басталған. Шартқа қол қойылғаннан кейiн үш жылда Одақ мүшелерiнiң саны тез өсiп кеткендiктен 1878 жылы Дүниежүзiлiк пошта одағы болып қайта аталған. Қазақстан Республикасы 193 ел бiрiккен Дүниежүзiлiк пошта одағына ресми түрде қабылданған.

2000 жылы Қазақстан поштасының бастауымен Қазақстан Республикасы пошталық индустрияны дамыту жөнiнде Дүнижүзiлiк пошта одағының ұсыныстарын ұстанып, пошта жинақ моделiн негiзге қабылдаған, бұрынғы кеңестiк елдер арасында бiрiншi ел болды.

Шынында да 90 жылдардың соңында бүкiл Қазақстан экономикасы қиындықты басынан кешiрген кезде, Қазақстан поштасы да нарықтық экономика ауыртпалығының дәмiн тартты. Жаңа экономикалық жағдайға бейiмделiп, пошта саласын сақтап қалу үшiн қолайсыз шараларды қолдануға мәжбүр болды: пошта байланысы бөлiмшелерi жабылды, қызметкерлердiң штат саны қысқартылды немесе оларға белгiсiз мерзiмге жалақы сақталынбайтын демалыс берiлдi. Құдайға шүкiр, мұның барлығы да өткiншi жаңбырдай өттi де кеттi.

2000 жыл Қазақстан поштасы үшiн ең бiр есте қаларлық кезең. Осы кезден бастап жүргiзiлген салиқалы реформаларға және сауатты басқаруға байланысты пошта бiртiндеп тығырықтан шығып, қарқынды дами бастады. Тұңғыш рет «Пошта туралы» Заң қабылданды. Үкiмет «ҚР пошта жинақ жүйесiн дамытудың 2005-2010 жылдардағы бағдарламасын» бекiттi. Бүгiнде «Қазпошта» АҚ қарқынды дамып келе жатқан ұзақ мерзiмдi даму потенциалы бар, перспективалы негiзгi инфрақұрылым салаларының бiрi болып саналады. Қазпоштаның соңғы кездегi қол жеткiзген үлкен жетiстiгi, оның жаңару және реформалау жолынан өтiп, пошта-жинақ жүйесiн құрып, заң жүзiнде бекiтiп, нығайтуында… Ең бастысы – бiз клиенттердiң поштаға деген сенiмiн қайтардық, үкiмет алдында поштаның даму бағдарламасын қорғадық, ал үкiмет жарғылық капиталымызды көбейту үшiн ақшалай қаражат бөлдi.

Қазпоштаның беделi тек ел iшiнде ғана емес, әлемдiк деңгейде де артып келедi. Қазақстан поштасының пошта-жинақ жүйесiн құру тәжiрибесiне көптеген жетекшi шетелдердiң пошталық әкiмшiлiктерi мен банкiлiк құрылымдары қызығушылық танытуда. Қазақстан Республикасының дүниежүзiлiк пошта одағына (ДПО) мүше болуымен қатар, оның әкiмшiлiк кеңесiне сайлануы осыған дәлел бола алады.

Қазiргi пошта – бұл, жан-жақты қаржылық қызмет көрсету қабiлетi бар, бұрынғы мағынадағы пошта мен бiрегей қаржылық институтының бiрлескен құрылымы. Мұнда көрсетiлген қызметтердiң қол жеткiлiктiлiгi филиалдың кең тараған құрылымдық бөлiмшелерi арқылы қамтамасыз етiледi. Облыс бойынша 13 аудандық пошта байланыс торабы (АПБТ), бiр пошта байланыс торабы және 287 пошта байланыс бөлiмшесi оның iшiнде 233 ауылды жерде және 70 пошта байланыс пунктi (ПБП), оның iшiнде 66 ауылды жерде, халыққа қызмет көрсетедi.

– Асан Заманханұлы, бүгiнде оңтүстiктiң ауыл-аймағында пошта қызметi өте жоғарғы қарқынмен дамып келе жатқаны рас па?

– Бүгiнде ауылды жерде пошта-жинақ жүйесiн көрсету сапасын арттыру, қалада инфрақұрылымды дамыту, көрсетiлетiн қызметтiң бәсекелестiк қабiлетiн арттыру, еңбек өнiмдiлiгiн өсiру, сауда-саттық көлемiн, соған сәйкес, табыс көлемiн ұлғайту негiзгi мақсаттардың бiрi болып саналады.

Аталған шараларды жүзеге асыру арқылы пошта-жинақ жүйесiн бұдан әрi өзiн-өзi қаржыландыру жағдайында тұрақты және тиiмдi дамытудың негiзiн қалауға мүмкiндiк бередi.

Соңғы жылдары Оңтүстiкте 27 жаңа пошта бөлiмшелерi ашылып халық игiлiгiне пайдалануға берiлдi. Атап айтқанда: Атакентте Мақтажан, Сарыағаш ауданында Ақсу-1, Ақниет, Құркелес, Түркiстанда Аша. Сондай-ақ Сайрам ауданында Тассай, Түркiстанда Ескi Ихан, Түлкiбас ауданында Кершетас байланыс бөлiмшелерi жаңадан өркениет талабына сай бой көтердi. Бүгiнгi заман талабына сай жабдықталды. Келер жылдары 25 елдi мекенде жаңадан пошта байланыс бөлiмшелерi ашылады. Мәселен, Арыс, Бәйдiбек, Отырар, Ордабасы, Сайрам, Сарыағаш, Түркiстан, Шардара аудандарында жылдың аяғына дейiн пошта бөлiмшелерiнiң құрылысы аяқталады. 260 мыңдай халқы бар Мақтаарал ауданында екi қабатты зәулiм аудандық пошта байланыс торабы, осындай ғимарат 60 мыңдай халқы бар Арыс ауданында да салынып жатыр.

Ауылды жерде халыққа пошта және қаржылық қызметтен бастап күнделiктi тұтыну тауарларын сатуға дейiн кең түрде қызмет көрсететiн бiрден-бiр мекеме пошта байланысы бөлiмшелерi болып саналады. Оның үстiне, ауылды жердегi елдi мекендерге мерзiмдi басылымдар аптасына 4-5 рет жеткiзiледi. Сондықтан қызметкерлерге, оның iшiнде пошташыларға, толық жұмыс күнiмен емес, кейде аптасына 2-3 сағат жұмыс iстеуге тура келедi. Оларға жалақы нақты iстеген уақытына төленедi.

Бiрiншiден, тек коммерциялық пайданы ойланар болсақ, онда барлық тиiмсiз пошта байланысы бөлiмшелерiн жабу қажет. Екiншiден, ауылды жерде пошта байланысы бөлiмшелерiн пошта агенттерiне берудi қарастыру жолдары да бар. Үшiншiден, егер ауылды жерде пошта қызметiн көрсету iсiне мемлекет қызығушылық танытатын болса онда қосымша қаржыландыру жағын қарастыруы тиiс. Төртiншiден, бұл саланы жаңа қызмет түрiмен қамту мүмкiндiгiн қарастыру керек. Мәселен, «Электрондық үкiмет» мемлекеттiк бағдарламаның шегiнде көрсетiлетiн қызмет түрiмен. Бұған да мемлекет тиiстi мөлшерде қаржы бөлсе жөн болар едi.

Дәл осы мүмкiндiкке орай бiз өзiмiздiң қызмет түрлерiн көбейтiп отырмыз. Бүгiнде поштаға келiп барлық коммуналдық төлемдердi және салық төлемдерiн төлеуге; нақты валютаны сатуға немесе сатып алуға; жалақы, зейнетақы, стипендия алуға болады. Көптеген қазақстандықтар үшiн поштаға келiп, несие рәсiмдеуге болатындығы жаңалық болып саналады. Бұдан басқа, халықтан депозит қабылдайды, құндылықтарды тасымалдайды және инкассациялайды, зейнетақы қорлары мен сақтандыру компаниялары үшiн делдалдық (брокерлiк) және агенттiк қызмет көрсетедi. «Қазпошта» АҚ ОҚОФ қазiргi таңда халыққа 50-ден астам қызмет түрiн жасайды. Олардың iшiнде, әрине, дәстүрлi түрлерi: жазба хат-хабарларды, бандерольдердi, сәлемдемелердi қабылдау, жiберу және жеткiзу; мерзiмдi басылымдарға жазылым ұйымдастыру, курьерлiк қызмет, экспресс-жолданымдар; филателия қызметi; күнделiктi тұтыну тауарларын және лоторея билеттерiн сату.

Сонымен қатар дәстүрлi емес қызмет түрлерi де көрсетiледi. Олардың iшiнен жарнамалық материалдарды мекенжайы бойынша және мекенжайсыз таратып беру жөнiндегi Директ-Мейл қызметiн және коммерциялық пошта жолданымдарын айтуға болады. Рынокта қызметтiң бұл түрлерiмен «Қазпошта» 5 жылдан берi айналысып келедi. Бүгiнде мынадай «P&G-Қазақстан», «Ешко-Қазақстан», темекi компаниялары, банкiлер сияқты тағы да басқа iрi компаниялар бiздiң корпоративтi клиенттерiмiз болып саналады. Қазақстанда бұл рынок бойынша бәсекелестiк күшейiп келедi. Сондықтан қызметтiң бұл түрi Оңтүстiк Қазақстан облысында дамып келедi.

Бұл расында өзектi мәселелердiң бiрiнен саналады. Пошташылар поштаны жеткiзiп иелерiне (адресатқа) қолма-қол табыс етедi. Өйткенi көп қабатты үйлерде пошта жәшiктерi бұзылған, ал кейбiр үйлерде мүлдем жоқ. Республика бойынша көп қабатты үйлердiң кiре берiсiндегi пошта жәшiктерi жан түршiгерлiк күйде екенi жасырын емес. Өз өнiмдерiн ұялмай ұсынып жүрген жарнамалық басылымдар оларды қоқыс төгетiн жерге айналдырып жiбердi. Қалыптасқан жағдай қызмет сапасына әсерiн тигiзерi сөзсiз.

Бұл жәшiктер салынған хат-хабарлардың барлығын толық сақталуын қамтамасыз етедi. Саңлауы болмағандықтан iшiндегiсiн өртеп жiберуден және рұқсат етiлмеген белгiсiз жарнамалық материалдарды салудан қорғайды. Қазiргi уақытта бiз құрылыс компанияларымен және КСК-мен осы жәшiктердi орнату мәселесi жөнiнде белсендi жұмыс жүргiзудемiз.

Өйткенi КСК бюджетiнде пошта жәшiктерiн орнатуға және оларды ұстауға қаржы қарастырылмаған. Көп қабатты үйлердiң тұрғындары, кiре берiстегi жәшiктер өздерiнiң балансында болғандықтан, ескiлерiн жаңа жәшiктермен алмастыруға көмек көрсетуi тиiс.

«Қазпошта» алты абонентке арнап жасаған бiр жәшiктiң орташа бағасы 16000 теңге тұрады. Сонда бiр абонентке шамамен алғанда 2066 теңгеден келедi.

Әрине, бiздiң мекемеге сенiм бiлдiрiп жатқан көпшiлiкке алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бұл «Қазпошта» тарихы тереңде жатқан байланыстың күретамыры. Мерзiмдi басылымдарға жазылым жүргiзу нарық заманда оңай шаруа болмай тұр. Бүгiнде облыс орталығында «Қазпоштаға» бәсекелес 10-ға жуық мекеме бар. Алайда, ОҚОФ-да атқарылып жатқан шаралардың нәтижесiнде жазылым таралымы жылдан-жылға өсiп келедi. Газеттер аудан орталығына 4-5 рет жеткiзiледi, ал Шымкент қаласы бойынша аптасына 6 рет жеткiзiледi. Облыс орталығының тұрғындары газеттi шыққан күнi алып, оқи алады.

«Қазпошта» мекемелерi көрсететiн қызметтердiң iшiнде БАҚ құралдары, баспасөз өнiмдерi көптеп саналады. Елдегi, әлемдегi болып жатқан оқиғаларды халыққа жеткiзiп, қаз-қалпында көрсететiн өмiр айнасы. А.Байтұрсынов айтқандай «халықтың үнi, құлағы, көзi» болып саналады. Мерзiмдi басылымдарға жазылым жүргiзуге, олардың жазылушыларына уақтылы жеткiзiлуiне басты назар аударамыз.

ОҚОФ-ның қол жеткiзген жетiстiгiн сақтап, оны еселеу үшiн негiзгi мақсат-мiндеттер айқындалған. 2007-2009 жылдарға пошта-жинақ жүйесiнiң дамытудың бағдарламасы бекiтiлген. Бұл бағдарлама халыққа жоғарғы деңгейде сапалы пошта-жинақ жүйесi қызметiн көрсететiн аймақтық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Бұл үшiн бiзде мүмкiндiк жеткiлiктi. 2005 жылдан бастап «Қазпошта» АҚ-да ИСО 9001-2000 стандарт талаптарына сай келетiн сапа менеджментi жүйесi ендiрiлген.

«Қазпошта» АҚ және Ұлттық прессинг орталығы бiрлесiп: жалақы, зейнетақы және әлеуметтiк жәрдемақы механизмiн жетiлдiру; коммуналдық төлем процесiн оңтайландыру; бюджет, салық, кеден және басқа да мiндеттi төлемдердi нақты ақшасыз қабылдау үшiн ұлттық төлем карточкасын шығарды. Қазiргi уақытта құрылымдық бөлiмшелердi қажеттi мөлшерде банкоматтармен және постерминалдармен қамтамасыз етiп, оларды жергiлiктi жерлерде орнату жұмысы жүргiзiлуде.

«Қазпоштаның» стратегиялық мiндеттерiнiң бiрi «Құнды қағаздар рыногы туралы» ҚР-ның заңына сәйкес трансфер – агенттiк қызмет көрсету болып саналады. Трансфер – агент – бұл құнды қағаздар кәсiпқой (профессионал) қатысушысы. Өз клиенттерiнiң арасында құжаттарды (ақпаратты) қабылдау және беру қызметiн атқарады.

Бүгiнгi таңда «Қазпоштада» қызметтiң барлық жүйесiн автоматтандыруға бағытталған Корпоративтiк ақпараттық жүйе (ҚАЖ) енгiзiлген.

– Менiң бiлуiмше, халықаралық «Түркiстан» газетiне жиi сұхбат берiп, ой-пiкiрлерiңiздi айтып отырасыз. Бұл газет сiзге несiмен ұнайды?

– Қазiргi жариялық заманында газет-журналдар өте көп. Олардың бәрiн ақтарып, көз жүгiртiп, сараптап, талдап оқып шығу да мүмкiн емес. Осы Оңтүстiктiң өзiнде 300-ге тарта мерзiмдi басылымдар жарық көредi. Республика бойынша екi жарым мыңға жетедi. Сондықтан әр оқырманның өзiнiң сүйiктi басылымы болатыны хақ. Менiң де өзiм сүйiп оқитын басылымдардың iшiнде осы «Түркiстан» газетi бар. Бұл салихалы салмақты басылым. Ұлттық мүдденi жiлiктеп, жiбi түзу етiп жазады. Тарихи тағылымы мол мақалалар да жиi жарық көредi. Ақпарат айдынында өз оқырманы, өз үнi бар басылым.

– Асан Заманханұлы, осы мекемеге басшылық жасай жүрiп, көптеген әкiм қаралармен қызметтес болдыңыз. Пошта саласына ерекше көңiл бөлгендерi болды ма?

– Атқа қонған әкiмдер пошта саласына көңiл бөлмедi деп айта алмаймын. Атқарушы билiктiң қолғабысы көп болды. Жер бөлу мәселесiне келгенде кедергiлер жасалмады. Пошта саласына Өмiрзақ Шөкеевтiң ерекше көңiл бөлгенiн айта кетуге болады.

– Қазiргi әкiм Асқар Мырзахметов пошта саласына қандай көзқараста деп ойлайсыз?

– Бұл әкiм дұрыс көзқараста болады деген сенiм мол. Өйткенi Мырзахметов елдiң әлеуметтiк саласына және ауыл-аймаққа айтарлықтай көңiл бөлiп жатқаны қуантады. Бұл азамат бұрынғы әкiмдер аяқ баспаған елдi мекендерге барып, халықпен жүздесiп, олардың мәселесiн шешуге ұмтылып жатыр.

– Бұл әкiмнiң кадр таңдау саясатына көзқарасыңыз қалай?

– Өз жұмысын жүргiзе алмаған билiктегiлердiң көбiсiн «көке-жәкесiне» қарамай қызметiнен босатып жiбердi. Жаңадан тағайындаған кадрлар ел үмiтiн ақтар деп ойлаймын.

– Облыстық мәслихаттың депутаты ретiнде нендей жұмыстар атқарып жатырсыз?

– Өзiмнiң сайлаушыларыммен жиi кездесiп тұрамын елдегi жағдайды атқарушы билiктiң басшыларына құлағдар етемiн. Халықтың мәселесi шешiлмей жатса «даусымды» қатты шығаруыма тура келедi. Халық тағдырын маған сенiп тапсырса, мен олардың аманатын орындауға үнемi тырысамын.

– Қазақта «ұяда не көрсең, ұшқанда соны iлесiң» деген сөздi ciз күнделiктi өмiрiңiзде бағдаршам етiп ұстанғандайсыз. Өз дәуiрiнде бiр азаматқа лайықты ғұмыр кешкен әкеңiз Заманхан Бердiбайұлы туралы ұрпаққа үлгi боларлық әңгiмелер айтылып жатады. Кiтап та жарық көрiптi. Сiз перзенттiк парызыңызды ақтай алдым дейсiз бе?

– Мен – үлкен тәрбиелi ортада өмiр сүрдiм. Оны Құдайдың да, адамның да алдында мойындауымды азаматтық, перзенттiк, аталық парызым деп санаймын. Неге десеңiз, ғұлама қазақтың бiр сөзi бар «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны iлесiң» деген. Мұны мойындамасақ лаж жоқ. Бағбанның бауындағы жемiс бауы келiссе ғана өнiм бередi. Адам да сол секiлдi. Егер, өзiңнiң өскiнiңе, бүткiл болашағыңа бағыт-бағдар сiлтей алмай, дандайсыған көңiлмен, дақпырт пейiлмен, кейде ақкөңiлдiкпен аңғал әңгiме айтып, артық пейiл бiлдiрiп қойсаң – оның өкiнiшiнiң орны толмайтын дүниеге айналады. Мен мұның барлығын көргендiгiммен, бiлгiрлiгiммен, бiлiмпаздығыммен, болмаса сәуегейлiгiммен айтып отырғаным жоқ. Оны маған өмiр үйреттi. Ал сол өмiрдiң бар тағылымын мен атам мен анамның, ұрпақтарға жалғасқан дәстүрдiң тағылымынан алдым. Бойыма дарыттым. Бiреулер айтқандай көктен маған көп жақсылық та, бақыт та, қуаныш та жауған жоқ. Оның барлығы кiшкентай ғана дүниенiң дәстүрi мен дағдысынан, бар болмысынан бiздiң санамызға ендi, ал бiз алатынымызды алып, қоятынымызды қойдық, сөйттiк те өмiрдiң ыңғайына бағындық, тағдырдың салғанына көндiк. Одан озып кетпедiк, пенденiң тiрлiгi олай болмаса керек.

Өмiр ұзақ болғанмен, ғұмыр келте. Мен осының барлығын әкем Заманхан мен анам Аяттың жүрген жолдарынан, басқан iздерiнен, араласы мен құраласынан, жанындағы жандарға деген жақсы тiрлiктерiнен көрдiм. Көрдiм де көңiлiм толды, жақсысының барлығын терiп алуға тырыстым. Мұным бекер болыпты, оның әр сәтi, әр сағаты, әр кезi менiң бүткiл ғұмырыма ғибратты өмiр алып келiптi. Соны түсiнгенiме, соны түйсiнгенiме, парызымның шет жағасын өтеп жiберуге кейде көңiлiм тояды. Бiрақ бұл мiндетсу де емес, әншейiн ғана бiр балапанның кiшкентай ойы мен ниетiнiң шөмшiктей ғана қорытындысы.

Атаның ниетi, ананың пейiлi, бабалардың рухының қолдауы бiздiң ұрпақты бiр жақсы деңгейге алып келдi. Оған басымды иiп, тiземдi бүгiп, шын ниетiммен тәу етемiн. Кеше бүгiнге, бүгiн ертеңге, ертең болашаққа ұласпаса осылай болар ма едi? Ата мен ананың асыл ниетi, әппақ сүтi бiздi керемет күнге жетелеп, өнегелi өмiрге баулыды. Егер атасы мен анасының алдында қарызым жоқ, өтейтiн парызым таусылды дейтiн ұрпақ болса, мен оған тұла бойым түре келiп қарсы болар едiм.

Өмiрден әке мен шеше араға алты ай салмай өттi. Жұрттың пейiлi мен әңгiмесiне құлақ түрсем – дұрыс өлiм секiлдi «Сен, Асан, қайта қуан. Жақсылар ғана осылай ғұмыр кешедi. Қимастар ғана осылай өмiр сүредi. Байқадың ба, бiрiнiң арасын бiрi ұзатпай, ақылдасқандай, жақсы күндердi бiрге кешiп, бар ауыртпалығын ортақ етiп, тең көтерiп өткен жандарда арман бар ма?» дейдi менiң кiшкентай ғана перзенттiк көңiлiм. Рас шығар, есейдiм дегенмен елжiреген пейiлiм мына күндердi сағынып, өткендi ойға оралтып, бiрақ бәрiн де сабырға жеңдiрiп, осылай үн қатады. Мен соған көнетiн секiлдiмiн.

Жақсылар мен жайсаңдар бiздiң атамыз бен анамыз жөнiнде көп-көп әңгiме айтыпты. Оларға алғыстан басқа айтарым жоқ.

Балтабек ТYЙЕТАЕВ