АЛМАНИЯДАҒЫ АЛТЫ КYН
АЛМАНИЯДАҒЫ АЛТЫ КYН
Гете институты Германияның Парламентi Бундестагқа сайлау барысында ТМД және Оңтүстiк Африка мен Оңтүстiк Шығыс Азия елдерiнiң журналистерiн арнайы шақырып, Германияның саяси мәдениетiмен таныстыруды мақсат еттi.
ТМД мемлекеттерiнен жасақталған орыстiлдi топтың құрамында 9 елден 14 делегат болды. Олар – Ресей, Украина, Тәжiкстан, Грузия, Молдова, Белоруссия, Өзбекстан, Әзiрбайжан және Қазақстаннан келген журналистер едi. Журналистердi ең әуелi батыстық демократияның ерекшелiктерi мен мұндағы саяси құрылымның бiзге, яғни кеше ғана тоталитарлық режимде болған, әлi күнге дейiн оның санадағы көрiнiсiнен айыға алмаған елдерге берер үлгiсi қызықтырды.
ГЕРМАНИЯ – САЙЛАУ АЛДЫНДА
Әлеуметтiк мәселе:
Бiздегiдей партиялардың сайлауалды тезистерiнде әлеуметтiк мәселе басты тақырып ретiнде көрсетiледi екен. Бiздiң сапарымыз ең әуелi ақпарат құралдары мен ғылымның орталығы саналатын Гамбург қаласынан басталды. Гамбург – өзi жеке федералдық жер болып есептелiнедi. Яғни, оның жеке Конституциясы, парламентi және бюджетi бар. 16 федералдық округтен тұратын Германия үшiн Гамбургтiң орны ерекше. Екiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн, Гамбург ағылшындардың қарамағында қалған.
– Мұнда ғылым мен ақпарат құралдарының ерекше дамығандығының себебiнiң өзi осында. Ағылшындар ғылым мен мәдениеттi өркендетуге ерекше күш салды, – дейдi Гете институтының қызметкерi Артур Тетцлафф.
Бiздiң алғашқы кездесуiмiз Гамбург парламентiнiң вице-президентi Вольфхард Плоогпен өттi. Гамбург парламентiнде Христиан-демократиялық одағы, Социал-демократиялық партиясы, жасыл және солшыл партиялардан сайланған 121 депутат бар.
Вольфхард Плоог мырзаның айтуына қарағанда, Парламент соңғы жылдары әлеуметтiк мәселелерге ерекше ден қоюда екен. Әсiресе, мектепке дейiнгi балаларды балабақшамен қамтамасыз ету iсi және жұмыссыздарға төленетiн төлемақыны көбейту, жұмыс орындарын ашу мәселесi де бiздегiдей өзектi. Гамбургте мектеп реформасын қайта қарау жөнiнде заң қаралып жатыр екен. Балаларды үлгерiмi бойынша топтау iсi тым ерте басталып келген екен. Осы мәселенi қайта қарап, әр партия өз ұсынысын ұсынған. Мәселен, Жасылдар партиясы балаларды 9 сыныпқа дейiн бiрге оқытуды ұсынады. Ақылдаса келе, заң жобасына балаларды қазiргiдей 4 сыныптан бастап, үлгерiмi бойынша, бөле-жармай 6 сыныптан кейiн ғана оларды гимназиялар мен жай мектептерге бөлу iсi қарастырылып отыр. Қазiр Германияда орта бiлiм беру тегiн. Тек оқулық үшiн ата-аналардан 100-120 еуро (22000-26000 теңге) көлемiнде жарна алады. Бұның өзi ата-аналардың табысына байланысты. Айлық табысы тым төмен немесе кедей ата-аналар бұл жарнадан босатылады.
Бiзге кездескен саясаткерлердiң көбiнiң сөз ауанына қарасақ, iрi деп есептелiнетiн екi партия – ХДО мен Социал-демократтар қандай да бiр мәселенi ту еткеннен гөрi, өз үмiткерлерiне көбiрек сүйенетiн көрiнедi. Олар Германия канцлерi Ангела Меркель мен бұған дейiн Сыртқы iстер министрi қызметiн атқарып келген, осы сайлауда канцлерге үмiткер болған Штайнмайер.
Ал, қалған кiшi партиялар қандай да өзектi мәселенi ту етiп көтерген. Бiздiң Германиядағы жолбасшыларымыздың бiрi – Роберт Кокон «Социал -демократтардың идеясы жақсы, бiрақ олар ақшаны кедейлерге оңды-солды таратып беруге шақырады. Бұл қоғамда жатып iшерлердi көбейтедi. Сол себептi де мен оларды қолдай қоймадым. Дауысымды либералдарға бердiм» дейдi. Социал-демократтар аты айтып тұрғандай әлеуметтiк мәселелердi ту етедi екен. Бұл ретте олар Германияда кедейлердiң күн өткен сайын көбейiп келе жатқанына алаңдайтындығын бiлдiрдi. Берлинде бiз Социал-демократиялық партиядан сайланған Детлеф Дзембритцкиймен кездестiк. Социал-демократтар әуелi жаңадан пайда болады деп күтiлген ХДО мен еркiн демократтардың одағын құптамайтындығын жеткiздi ол.
– Өйткенi, – дедi ол, – егер бұл одақ өмiрге келетiн болса әлеуметтiң жағдайы бұрынғыдан да қиындай түсетiн болады. Екi партия да әлеуметтiк мәселелерге көз жұма қарайды.
Социал-демократтар өзiнiң бағдарламасында супер байлардың табыс салығын молайтып, кедейлердiң табыс салығын азайту жөнiнде ұсыныс бiлдiрген. Ал, либералдар керiсiнше, жалпы табыс салығын азайтуды қолдайды.
Социал-демократтар әлеуметтiк теңсiздiктi болдырмау үшiн жаңа жұмыс орындарын ашуды, жұмыссыздықпен күресудi және ең төменгi айлық сағаттық еңбекақымен есептелуi жайында ұсыныстар енгiзген. Сондай-ақ, социал демократтар 2022 жылдан бастап iске қосылатын Атом энергия станцияларына қарсы. Олардың атом қалдықтарын қайда жiберу мәселесi әлi күнге шешiлген жоқ. Бүгiнде жаңадан құрылып жатқан коалиция ХДО мен либералдар атом энергостанцияларына қарсы емес. Сондай-ақ, бiлiм беру саласына iшкi жалпы өнiмнiң 3%-ы бөлiнгенiн талап ететiндiктерiн айта отырып, медициналық сақтандырудың жалпылама болғанын қалайтындықтарын айтты. Өйткенi, қазiргi медициналық сақтандыру кейбiр ауруларды қарағанымен, кейбiрiне жарамсыз болып жататын көрiнедi. Сөйте тұра, олар солшылдарды популистер деп айыптайды. «Солшылдардың сайлауда әжептәуiр қолдауға ие болуы мүмкiн. Бiрақ, онымен коалиция құрып, үкiмет жасақтау iсi мүмкiн емес», – дейдi олар.
Германия бүкiл әлемдi жаулаған дағдарысқа қарамастан, әлеуметтiк шығындарды қысқартқан емес. Әуелi, Германияда өз азаматтары түгiлi, шеттен келген, азаматтығы жоқ, алайда, мұнда тұрақты тұруға мүмкiндiк алған шетелдiктерге де әлеуметтiк төлемдер төлейдi. Бұл жағынан Германия ЕуроОдаққа мүше елдердiң барлығынан жоғары тұр. Әрине, мұндай төлемдер Еуропа мемлекеттерiнiң бiразында бар көрiнедi, бiрақ, төлемақы көлемi жағынан олар Германияға жетпейдi. Дағдарыс салдарынан Германияда қызметсiз қалғандар саны күн санап артып отырған екен. Германия жұмыссыз қалғандар үшiн алғашқы кезде оның бұған дейiнгi жалақысының 65%-ын төлейдi, бiраз уақыт өткеннен кейiн, жұмыс таба алмаса, 349 еуро төлеуге мәжбүр. Бұл бүкiл жұмыссыздарға арналған төлемақы.
Партиялық құрылым:
Германияда бүгiнде 30-дай саяси партия бар. Соның 5-уi Бундестагта және федералдық округтар парламентiнде орын алған. Олар – Ангела Меркель басқаратын Христиан демократиялық одағы (ХДО), Франк-Вальтер Штайнмайер басқаратын Социал демократиялық партия, Еркiн демократиялық партия немесе либералдар, Одақ90/Жасылдар мен солшылдар. Бұдан 8 жыл бұрын Бундестагта 3 партия болған екен. Бұл дәстүр Германия Парламентiнде 60 жылдай уақыт жалғасып келген. 2005 жылғы сайлауда ол дәстүр бұзылып, 5 партия парламентке сайланған. Содан берi Германияда 5 партиялық жүйе қалыптасып келедi.
– Бұл жағдайды бiраз қиындатып жiбердi. Яғни, коалиция құруға келгенде бұл өте қиын, – дейдi бiзге кездескен саясаткерлердiң қай-қайсысы да.
Германияда парламенттiк билiк болғандықтан, Бундестагта жеңген партия үкiметтi жасақтауға ерiк алады. Алайда, егер ол партияның Бундестагтағы орны 50%-дан асатын болса ғана өзi жалғыз үкiметтi жасақтауға ерiктi. Германия тарихында тек бiр ғана партиядан жасақталған үкiмет те, парламент те болған емес. Бұл жолы 33%-бен жеңiске жеткен ХДО 22% дауыс жинаған Социал-демократтармен емес Гидо Вестервелле басқаратын Еркiн демократиялық либералдар партиясымен үкiметтi жасақтамақ.
Соңғы жылдары халықтың қолдауына ие болып келе жатқан және осы сайлауда да бұның алдындағыдан көп дауыс жинаған Одақ90/Жасылдар партиясы мен солшылдар.
Жасылдар партиясы экологиялық мәселелердi ту етедi. Жалпы, бүкiл әлемдегi экология проблемаларын өздерiне жат емес деп есептейдi. Сол себептi де, атом энергостанцияларына қарсы, жалпы барлық әскери қимылдардан бастартуды ұсынады. Бiз жасылдар партиясының жетекшiсi, Бундестаг депутаты Вольфганг Виландпен кездесуiмiзде олар өздерiнiң осы ойларымен бөлiстi. Қазақстан мен Өзбекстандағы Арал проблемасымен таныс екендiгiн айтты. Жасылдар партиясының құрылғанына көп бола қойған жоқ. Бiрақ, соған қарамастан соңғы екi сайлауда да әжептәуiр қолдауға ие болған. Iшкi iстер министрлiгiндегi кездесуде бiз «Жасылдар сияқты тағы бiр партияның саясат әлемiнде пайда болу мүмкiндiгi бар ма?» деген сауал қойдық. Олар бұл партияның кездейсоқ және аяқасты халық қолдауына ие болғанын айта отырып, қазiргi сәтте тағы бiр жаңа партияның алға шығуының мүмкiн еместiгiн айтты.
Солшылдар – бұрынғы Германия демократиялық республикасындағы коммунистiк партияның тiкелей мұрагерi. Бiрақ, соған қарамастан соңғы кездерi халықтың қолдауына ие болып, Бундестагта 50-дей орынды иеленiп отыр. Әрiптестерiмiздiң бiрi – саясаткерлермен кездесуде солшылдардың неге халықтың қолдауына ие болып отырғандығын және кезiнде Шығыс Германиядағы тоталитарлық билiктiң салдарынан қаншама адамның мерт болғандығын халықтың қалай тез ұмытып кеткендiгiн айта отырып, партияларға тыйым салу мәселесi жайында сауал қойды. Осыдан 5 жыл бұрын солшылдар партиясын сотқа берiп, оны жауып тастауға әрекет етiлген екен. Алайда, Конституциялық сот талап еткен дәлелдердiң жеткiлiксiздiгiнен бұл партияны жабу талабы қанағаттандырылмаған. Әрине, бүгiнде солшылдар өзiнiң бұрынғы бағытынан ауытқыған. Бастапқыда Батыс Германияның қолдауына ие бола алмаса, кейiнгi кездерi батыс саясаткерлерiмен бас қосып, бұл өңiрден де әжептәуiр қолдауға ие болған. Солшылдардың ең басты мақсаты – әлеуметтiк мәселелерге көбiрек мән беру және Ауғанстандағы Германия әскери базасын алып кету.
Қазақстанда ұлттық және дiни партиялардың құрылуына тыйым салынып, әрбiр партия 50 мың мүше жинап, Қазақстанның 14 облысы мен 2 қаласында филиал ашуға мiндеттi болса, әрi 7%-дық өткелдi жеңер болса, ғана Парламентке сайлануға мүмкiндiк алады. Германияда мұндай қатаң талаптар жоқ. Партия құру үшiн қойылатын талаптар Федералдық заңдарға қайшы келмеу, демократия талаптарына жауап беру және 200-дей адамның қолын жинау қажет. Сол үшiн де мұнда Пираттар партиясы Парламентке жолдама алған. Алайда, олардың парламентке өте алмайтындығын кез келген саясаткер мойындап отырды. Әрi Пираттар партиясын ұнатпайтындығын және халық қолдауына ие бола алмайтындығын ашық айтты.
Германияда партияларды қаржыландыру да өзгеше жүйемен жүзеге асады. Бiрiншiден, әр партияны қаржыландыратын өз қоры болады. Мысалы, Екiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн Германияның алғашқы канцлерi болған Конрад Аденауэр атындағы қор негiзiнен ХДО, социал-демократтар мен жасылдар және либералдарды қолдайды. Ал, солшылдарды Роза Люксембург атындағы қор қолдайды екен. Конрад Аденауэр қорының «Iшкi саясат» бөлiмiнiң бастығы Ральф Томас Баус қордың жылдық бюджетi 110 миллион еуро екендiгiн айтты.
Партияларды федералдық бюджет олардың сайлаудағы дауысына орай қаржыландырады екен. Егер, Бундестагтағы партияның алған орны көбiрек болса, қаржыландыру да соған сай қомақты болмақ.
Бiздегi саясаткерлердiң Парламентке өткен партияны қаржыландыру туралы идеясының көктен алынбағаны осыдан көрiнiп тұр.
Әлеуметтiк сауалнама және үгiт-насихат iсi:
Бұған дейiн әлеуметтанушылардың болжауы – алдағы сайлауда қара және сары одақ, яғни ХДО мен либералдар өзара одақ құрып, Социал-демократтар оппозицияға кетедiге сайған едi. Болжам айқындалды. Сайлау алдындағы әлеуметтiк сауалнамалардың бұған дейiн қателескенi болмапты. Егер, сауалнама мен нәтиже екi түрлi болатын болса, бұл әлеуметтанушылардың рейтингiсiне керi әсер етедi екен. Әлеуметтiк сауалнамаларды сайлауға бiр апта қалғанда жариялау тоқтатылады. Бiзге кездескен саясаткерлер әлеуметтiк сауалнамаға қатысушылардың 40%-ының кiмге дауыс беретiндiгiн әлi айқындамағандығын айта отырып, бұл жолы либералдардың айы оңынан туатындығын жеткiзген едi.
Бiзде егер қандай да бiр үгiт насихат iсi сайлауға 24 сағат қалғанда тоқтатылатын болса, Германиядағы саяси партиялар сайлауға бiр күн қалғанда өз шерулерiн өткiздi. Бiз солардың iшiнде жасылдар мен Социал-демократтардың және Христиан демократиялық одағының бейбiт шеруiне бардық. Социал-демократтар мен жасылдардың шеруi ашық алаңда өтiп, оған қатысу да еркiн болса, билiк партиясының шеруi жабық жерде өттi. Әрi оған аккредитация алған адамдар ғана қатыса алды. Бiрақ соған қарамастан, алдыңғы екi партияның шеруiне қарағанда мұнда адам көп болды. Шеруге канцлер Ангела Меркельдiң өзi келдi.
Жалпы, сайлау барысында бұндағы бiрiншi тұлға өзiн өзгелерден жоғары санап, қандай да бiр дебаттарға қатысудан бас тартпайды екен. Бiздiң сапарымыздың алдында ғана Ангела Меркель өзiнiң басты қарсыласы Штайнмайермен теледебатқа қатысып, бұл теледебатта жеңiлiс тапқан екен. Саясаткерлер Штайнмайердiң бұл жеңiсi сайлау барысына әсер етуi де мүмкiн деп бағамдады. Алайда, бiзге кездескен Солтүстiк Германия телевидениесi мен радиосының «ARD aktuell» бөлiмiнiң бастығы Буркхард Нагел Штайнмайердiң сайлауалды кампаниясының тым белсендi еместiгiн айтты.
– Әрине, Штайнмайер теледебатта жеңiске жеттi. Бiрақ, одан берi екi күн өттi, оның не iстеп, қандай әрекеттермен айналысып жатқаны белгiсiз. Ол қайда жүр? Осы уақытта Ангела Меркель өз ұпайын қайта түгендеп алды, – дедi ол.
Сайлау комиссиялары:
Бұнда Орталық сайлау комиссиясының мiндетiн Iшкi iстер министрлiгi атқарады екен. Сайлау учаскелерiнде 5-9 адам ерiктiлерден құралады. Егер, ерiктiлер болмаса, онда мемлекеттiк қызметкерлер де сайлау учаскелерiнде қызмет ете алады. Сайлау учаскелерi 1 ай көлемiнде жасақталады. Мемлекеттiк қызметкерлердiң айлығы және жұмыс орны сақталады. Ал, ерiктiлер жұмыссыздар қатарынан болса оларға күнiне 31 еуро тәулiктiк ақы төленедi. Осы жолғы сайлауда Германия бойынша 299 сайлау округi, 90 мың сайлау учаскелерi жасақталған. Бiр округте өзiн-өзi ұсынған бiр үмiткерден болады екен. Демек, Бундестагтағы 600 орынның 299-ы мажоритарлық жүйе бойынша сайланғандар. Сондай-ақ, ғылым мен техниканың жоғары деңгейде дамығандығы, адамдардың санасында қарақұрықтық жасау мәселесiнiң жойылып, әдiл дауыс беру мен әдiл сайлау жүйесi жолға қойылғандығына қарамастан, электронды дауыс беру жүйесi пайдаланылмайды. Әрине, ондай қадамдардың болғаны рас. Бiрақ, Федералдық конституциялық сот электронды дауыс беру құралдарына тыйым салған.
Сайлау комиссияларында қай партияның өкiлi отырғандығы, олардың өзара үлес салмағы ескерiлмейдi екен. Тек дауыс санау үшiн жасақталған арнайы комиссияларда бұл мәселеге қатаң назар аударылады.
Сондай-ақ, бұл сайлауға ешқандай бақылаушылар қатыспайды. Тек биыл ғана халықаралық бақылаушылар ретiнде ЕҚЫҰ-дан 15 адам келген.
– Бiзде сайлау учаскелерiнiң қызметкерлерi бiрiн-бiрi бақылайды. Ал, ақпарат құралдарынан жасақталған бақылаушылар кез-келген уақытта сайлау учаскелерiне келiп, жағдайды көзiмен көруiне болады, – дейдi бiз арнайы бас сұққан 184-шi сайлау округiнiң 106-шы учаскесiнiң қызметкерi.
Сыртқы саясат:
Әрине, бiздi бәрiнен бұрын Германияның сыртқы саясаты қызықтырды. Әсiресе, оның Ресеймен арадағы қарым-қатынасы негiзгi әңгiменiң арқауына айналды. Өйткенi, Ресейдiң Еуроодақпен қарым-қатынасы Еуроодақтың өзге де посткеңестiк елдермен қарым-қатынасын анықтайды. Украина мен ТМД елдерiнен шығып үлгерген Грузияның Ресеймен арадағы қарым-қатынасының тым ушығып кеткенi белгiлi. Бiрақ, немiс саясаткерлерi бұл мемлекеттердiң Еуроодақ пен НАТО-ға ұмтылысын тым қуаттамайтындығын бiлдiрдi.
– Бiрiншiден, – дейдi олар, – бұған Украина мен Грузия халқы дайын емес. Екiншiден, қоғам әлi демократиялық стандарттарға жауап бере алмайды. Үшiншiден, бұл мемлекеттер өз көршiлерiмен тату емес. Осының барлығы олардың Еуроодаққа немесе НАТО-ға ену iсiн баяулата бермек.
Сондай-ақ, Еуроодақ елдерiнiң iшiнде Германия Ресеймен өте тату қарым-қатынасты ұстанады. Ал, оның ықпалындағы елдердi Еуроодаққа немесе НАТО-ға тарту Германия мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсiруi мүмкiн. Демек, бұл елдер Еуропаға жақындау саясаты тұрғысынан Германиядан ешқандай қолдау таппайтыны белгiлi болды.
«Berliner Zeitung» газетiнiң «Федералдық бюро» бөлiмiнiң директоры Хольгер Шмале мен осы бөлiмнiң редакторы Дамир Фраспен кездесуiмiзде украиналық әрiптесiмiз Анна Хрипункова осы сауалды қойған едi.
– 50 жылдан кейiн кездесемiз, – дедi олар. – 2017 жылы Севастополь мәселесiне нүкте қойылады. Содан кейiн ғана, осы мәселелер қарастырыла бастайды.
Демек, Украина мен Грузия қанша асықса да, олардың Еуроодаққа немесе НАТО-ға мүше болуы таяу жылдарда шешiле қоятын iс емес екендiгi айқындалды. Дәл осы мәселенi «Ғылым және саясат» атты Германияның халықаралық саясат және қауiпсiздiк институтының «Ресей/ТМД» зерттеу тобының қызметкерi Сьюзан Стюартпен әңгiме кезiнде де сөз еттi. Сьюзан Стюарт Ресей мәселесiне қанық саясаткер екендiгiн танытты. Ол әуелi орысша тiл қатысты. Оның пiкiрiнше, Украина Батысқа жақындауы үшiн еркiн сауда айналымын дамытуы тиiс. Әрине, немiс саясаткерлерi Медведевтiң жақында ғана Ющенкоға жазған хатын қатты сынға алды. Онда Ющенконың президент болып тұрғанында, Украинаға бармайтындығы жайлы айтылған едi. Бұл саяси этикаға қайшы дейдi олар.
Бiрақ, Ресейдi көршiлерiне ұстанып отырған саясаты үшiн айыптағанымен, оның көршiлерiн де басынан сипай қоятын ешкiм байқалмайды. Осы ретте энерготасымалдарының Ресей территориясын айналып өтетiн «Nabucco» құбырының салыну iсi және оған Германияның көзқарасы да әңгiме арқауына айналды. Айқын болғаны, Германия посткеңестiк елдердi Ресейдiң энерготәуелдiлiгiнен құтқаруға асығар емес. Олар «Nabucco»-дан гөрi, Ресей территориясымен өтетiн «Nordstreem» құбырының құрылысын қолдайтындықтарын бiлдiрдi.
Өз кезегiнде Сьюзан Стюарттан бiз Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы жөнiнде және Ұжымдық қауiпсiздiк ұйымы аясында құрылған Жедел ықпал ету ұжымдық күшi жайындағы пiкiрiн сұрап бiлдiк. Сьюзан Стюарт келесi жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету алдында демократияны дамыту жөнiнде берген уәделерiн толықтай орындай алмай отырғандығын айтып, жыл алдында бұл мәселеге айналып соғу қажеттiгiн ескерттi. Сондай-ақ, Жедел ықпал ету ұжымдық күшi Еуропаны тым үрейлендiрiп те, сақтандырып та отырмағандығын айтты.
Жалпы, Германияда Қазақстан туралы ақпарат тым сараң. Бiз биыл Қазақстанның Германиядағы жылы екендiгiн ескертiп, газет-журнал және теледидар басшыларынан бұл жайында ақпаратты қаншалықты бiлетiндiгiн сұрадық. Олар одан бейхабар болып шықты. Керiсiнше, Берлиндегi қазақ отбасы мұнда Қазақстанның Германиядағы жылына орай Құрманғазы оркестрiнiң концерт берiп кеткендiгiн айтады. Одан басқа еш пенде бұл жайында жақ ашпады.
Саясаткерлердiң барлығы Ауғанстанда Германияның бiтiмгершiлiк отрядының болуына қарсы. Бiрақ, оны алып кетуге болмайды деген пiкiрде. Бәлкiм бұл АҚШ пен өзге де Еуроодақ елдерiнiң арасындағы өзара келiсiм-шарттарға байланысты болса керек. «Frontal ХХI» телестудиясы аптасына бiр рет бiр сағаттық сараптамалық хабар таратады. Осы телестудияның басшылығының өкiлi Клаус Рихтер бiр сюжетiнде Ауғанстандағы немiс жауынгерлерiнiң болуының мәнiн зерттеп көргендiгiн айтады.
– Алайда, ешқандай мән таба алмадық. Кезiнде 150 мың Совет жауынгерлерi де мұнда тыныштық орната алған жоқ. Ал, НАТО-ның азғана солдаты мұнда қандай тәртiп орната алсын. Бiрақ, Ауғанстаннан шығып кету де қиын. Америка қоғамы да Ауғанстанның iшкi iсiне араласуға қарсы. Бiрақ, ешкiм одан әскерiн шығарып алып кетуге асықпайды, – дейдi ол.
БАҚ:
Германияда мемлекеттен немесе қандай да бiр саяси күштерден қаржыландырылатын ақпарат құралы атымен жоқ. Мұндағы ақпараттардың көбi тәуелсiз әрi қоғамдық ақпарат құралы. Бiз арнайы ат басын бұрған Гамбургтегi «Der Spiegel» журналы мен Солтүстiк Германия телевидениесi мен радиосы, Берлиндегi «Berliner zeitung» газетi мен «Frontal ХХI» телестудиялары бiзге осыны жеткiздi. Телеарналардың басым көпшiлiгi қоғамдық, яғни салық төлеушiлердiң жарнасы негiзiнде күн көредi екен. Сайлау кезiндегi саяси жарнамалар телеарналарда тегiн, газет-журналдарда ақылы көрiнедi. «Дер шпигель» апталық журналының таралымы 1 миллион. Бiрақ, соған қарамастан, журнал иелерi дағдарыс салқыны жарнама берушiлерге және журналды сатып алушыларға әсер еткендiгiн айтады. Олар немiс оқырмандарының қартайып бара жатқандығын жеткiздi.
– Қазiргi жастар негiзiнен интернетке көбiрек ден қояды. Бұл газет-журналдардың оқырманының азаюына әкелiп соқтыруда. Сол себептi, жарнама беру де газет-журналдан гөрi интернетке көшiп кеттi. Бiздiң негiзгi тамағымыз – жарнама. Демек, интернеттiң қарқынды дамуы бiздiң күнкөрiсiмiздi қиындатып кеттi, – дейдi журналдың халықаралық бөлiмi редакторының орынбасары Кристиан Нееф.
Ақпарат құралдарының тәуелсiздiгi еркiн ақпарат таратудың кепiлдiгi болып отыр. Екiншi Германия телевидениесiнiң «Frontal ХХI» телестудиясының қызметкерi Клаус Рихтер әртүрлi тақырыптарға журналистiк зерттеулер жүргiзетiндiгiн айтады. Немiс әлеуметтанушылары сайлауға жалпы 62 миллион электораттың 65%-ы барады деген ақпарат таратқан. Ал, қатыспайтындардың не үшiн қатыспайдығы жөнiнде ештеңе айтпаған. Аталған телестудия халықтың 20%-ы сайлауға байкот жариялап отырғандығы жайында айтады. Өйткенi, олардың пiкiрiнше, кез-келген партия бұлардың мұң-мұқтажына құлақ аспайды екен. Сондай-ақ, бұл телестудия қызметкерлерi жасырын камера арқылы немiс байларының Швейцария банкiлерiне жасырын қаржы аудару iсiн де әшкерелептi. Осы сюжеттен кейiн Федералдық сот Швейцария банкiлерiне қаржы аударатын алаяқтарды құрықтаған.
ГЕРМАНИЯ – САЙЛАУДАН КЕЙIН
27 қыркүйек күнi сағат 18-де сайлау учаскелерi жабылып, дауыс беру аяқталды. Ал, дауыс санау iсi тiкелей эфир арқылы көрсетiлiп, тiкелей репортаждар жүргiзiле бастады. Әрбiр iрi партиялар өз штаб-пәтерлерiнде дауыс санаудың қорытындысына көз тiктi. Бiз жеңiске жететiндiгiне сенiмдi ХДО-ының штаб-пәтерiне Берлин уақыты бойынша 20 сағатта соқтық. Бұнда дауыс санау нәтижесi белгiлi болып қалған екен. Христиан демократиялық одағының мүшелерi де, басшылары да тойлауда. Бiздiң жолбасшымыз Роберт Кокон
– Сайлаудың нәтижесi белгiлi болмаса да, партиялар өз штаб-пәтерiнде осылай тойлауды бастап кетедi, – дейдi.
Ал, көгiлдiр экран әрбiр секунд сайын әр сайлау учаскесiнен келiп түскен дауыс нәтижелерiн жариялап тұрды. Айналасы екi сағаттың iшiнде дауыс беру нәтижесi анықталып, ХДО мен Еркiн демократтар өзара одақ құратындығы айқындалып үлгердi. Оппозицияға жететiнiн мәлiмдеген социал-демократтар өз жеңiлiсiне ешкiмдi айыптамады. Тек ендiгi ұстанар бағыты басқа болатындығын айтып, өзгелерге табыс тiледi. Сайлаудың әдiл өткенiне сенетiнiн жеткiздi. Әлеуметтанушылар 82 миллион халқы бар Германияның 62 миллионы дауыс беруге құқылы екендiгiн, соның 42 миллионы дауыс беретiндiгiн жария еткен. Айтса айтқандай-ақ, Германия электоратының 74%-ы сайлауға қатысқан. Демек, саяси белсендiлiк мұнда тым жоғары екендiгi байқалады. Дегенмен, бiзге саясаткерлер жыл өткен сайын халықтың саяси белсендiлiгiнiң төмендеп келе жатқандығын сөз еткен едi. Сондай-ақ, олар немiс жастарын саясат та, өзгесi де қызықтырмайтындығын айтады.
Алматы – Гамбург – Берлин – Амстердам – Алматы