ФРАНЦИЯ ҚАЗАҚСТАНҒА КӨЗ ТIКТI

ФРАНЦИЯ ҚАЗАҚСТАНҒА КӨЗ ТIКТI

ФРАНЦИЯ ҚАЗАҚСТАНҒА КӨЗ ТIКТI
ашық дереккөзі

Кәрi құрлықтың байырғы тұрғындары — француздар қазақтармен ынтымақтастық орнатуға мүдделi. Әсiресе, батыстық нарық үшiн басты қиындыққа айналған көмiрсутегi қорларын тасымалдайтын жобаларда. Сол себептi, апта басында Астанаға ат басын тiреген Саркози Назарбаевпен бiрге бiрқатар құжатқа қол қойды.

Қазанның 6-сында Қазақстанға Франция президентi Н.Саркози келдi. Кездесу барысында екi ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени және рухани ынтымақтастықты нығайтуға қатысты мемлекетаралық келiсiмдер қабылданды. Мысалы, ҚР Мемлекеттiк хатшысы, ҚР Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев пен Француз Республикасының Сыртқы және еуропалық iстер министрi Бернар Кушнер арасындағы «Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Француз Республикасының Үкiметi арасындағы дипломаттық төлқұжаттардың иелерiн қысқа мерзiмдi визалар алу қажеттiлiгiнен өзара босату туралы келiсiм», ҚР Iшкi iстер министрi Серiк Баймағанбетов пен Француз Республикасының Сыртқы және еуропалық iстер министрi Бернар Кушнер арасындағы «Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Француз Республикасының Үкiметi арасындағы қылмысқа қарсы күрестегi ынтымақтастық туралы келiсiм», ҚР Қорғаныс министрi Әдiлбек Жақсыбеков пен Француз Республикасының Сыртқы және еуропалық iстер министрi Бернар Кушнер арасындағы «ҚР Үкiметi мен Француз Республикасының Үкiметi арасындағы әскери саладағы ынтымақтастық туралы келiсiм», ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң төрағасы Қайрат Қожамжаров пен Француз Республикасының Сыртқы және еуропалық iстер министрi Бернар Кушнер арасындағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi келiсiмге», Төтенше жағдайлар министрi Владимир Божко мен Француз Республикасының Сыртқы және еуропалық iстер министрi Бернар Кушнер арасындағы «ҚР Үкiметi мен Француз Республикасының Үкiметi арасындағы азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiм» т.б.

Энергетика, атом өнеркәсiбi, көлiк және коммуникация, авиация мен ғарыштық сала, қазiргi заманғы технологияларды тасымалдау, аймақтық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудегi екiжақты iс-шаралар, Ауғанстан мен Иран проблемасы, саяси, сауда-экономикалық, мәдени салалардағы ынтымақтастық туралы мәселелердi қаузаған қос президент «Назарбаев-Саркози» комиссиясын құрып, қозғалған мәселелердiң барлығын жүйелi түрде қадағалап отыруға келiстi. Ауғанстан мәселесiне қатысты Кабул не Астанада конференция өткiзiп, түйiндi түйткiлдердi талқылау да — комиссияның жауапкершiлiгiнде. Комиссияның отырысы Астана не Парижде жүйелi түрде өткiзiлiп тұрады.

Ресми деректерге сүйенсек, 2003 жылдан берi Қазақстан мен Франция арасындағы сауда айналымы 10 есеге дейiн өсiп, 2008 жылы 6,5 млрд. долларға жеткен. 2009 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы көрсеткiштер бойынша, сауда айналымы – 1,3 млн. доллар, импорт – 731 мың доллар. 1993 жылдан 2009 жылдың алғашқы тоқсаны аралығында француздар салған жалпы инвестиция көлемi – 4,8 млрд. доллар. Бүгiнде әлемдiк нарыққа көмiрсутегi тасымалдайтын құбырлар желiсiнiң неғұрлым көп болуына мүдделi екi тарап Каспий теңiзiнiң бакулiк бөлiгiнен бастау алатын магистральдық «Ескене-Құрық» мұнай құбырының құрылысына қатысатын болды. Қазақтың «қара алтынын» кәрi құрлыққа жеткiзетiн балама жолдар Ресейдi айналып өтуi тиiс. Бұл Еуропаға да, энергетикалық қорларға бай орталықазиялық аймаққа да саяси және экономикалық тұрғыда өте тиiмдi. Француздардың АРЕВА компаниясы елiмiзден уранды өңдеу өндiрiсiн дамытуға, өскемендiк титан-магнийлiк комбинат жанынан аэробустар құрастыруға қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ, ЕАДС концернiмен бiрлесiп, Жинақтау-зерттеу кешенi мен Жердi дистанциялық басқару жүйесiн құру туралы жобаларды жүзеге асыру да қолға алынбақ. Мәдени-рухани ынтымақтастықты арттыру барысында екi елдiң студенттерi мен ұстаздарын тәжiрибе алмасу жөнiндегi жоғары оқу орындары арасында келiсiмдер бар және мемлекеттiк «Болашақ» бағдарламасы бойынша Францияда тәлiм алып жатқан қазақ жастары жетерлiк. Сейсенбi күнi Астанада ұйымдастырылған кәсiпкерлер форумында «Қазақстанның даму банкi» АҚ мен «BNP Paribas» 10,2 миллион еуро көлемiндегi несиелiк келiсiмге қол қойды. Бұл бұған дейiн француздар банкiнен ашылған 200 млн. еуроға тең несиелiк желi бойынша тартылған алғашқы қарыз. Мақсаты – инвестициялық жобалар шеңберiнде елге «Ақшабұлақ» кен орнынан газ құбырлары электростансасын салу» үшiн финдердiң құрал-жабдықтарын әкелу.

Нұрсұлтан Назарбаев Николя Саркозидi «Алтын қыран» орденiмен марапаттаса, Саркози Назарбаевқа Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуi тиiс Қазақстанды қолдайтынын жеткiздi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ