АРТЫНДА АСЫЛ СӨЗ ҚАЛДЫРҒАН...
АРТЫНДА АСЫЛ СӨЗ ҚАЛДЫРҒАН...
Таңдай Кенеев…
Есiмi елге танымал аяулы азамат, мыңдаған шәкiрттерiнiң жүрегiне жылу мен бiлiм нәрiн шашқан бiлiктi ғалым, азулы сатирик-жазушы Таңдай Кенеев бұл күндерi арамызда жоқ. Iшкi мәдениетi аса жоғары, рухы биiк, жұмсақ мiнездi қаламгердiң қайтыс болғанына да бiр жылдай уақыт өтiптi. Дегенмен, артында асыл сөз қалдырған адал азаматтың бейнесi қазақ оқырмандарының жүрегiнде мәңгiге сақталып қалғаны даусыз. «Түркiстан» газетiнiң әдебиет сүйетiн талғампаз оқырмандарына Таңдай Кенеевтiң «Үшке оқыған қарға» атты мысал-әңгiмесiн ұсына отырып, марқұм қаламгердiң астарлы ойын терең қалпында түсiнер деп үмiттенемiз.
ҮШКЕ ОҚЫҒАН ҚАРҒА
(Мысал-әңгiме)
Профессор Бұлбұл мiнбеге шығып, миығынан күлдi де, алдында отырған құстарға сөзiн бастап кеттi:
— Құрметтi қарқылдаған, барқылдаған, шиқылдаған қанатты достарым! Құс болып қалқиып жүргендерiңнен садаға кетейiн! «Жатқан жерi жаман ғой» дейдi адамдар. Сол мәтелдi сендерге де айтсақ талақтай жабысады. Яғни, қанаттыларға да осы мәтелдi қолданғанымыз орынды болар едi. Мысалы, ана отырған көзi баданадай, басы бақырдай жарықтық Жапалақ – тура әкесi Жапекең. Ол да осында оқимын деп келiп, ақырында шоқынып, жапалақ ұшпас жапанға кеткен. Содан ұялып, қазiр күндiз елдiң бетiне қарауға шамасы жоқ. Жасағанның жарық күнiн үйде жатып ұйқымен өткiзетiн көрiнедi. Әйтеуiр, түнгi қарауыл болып жұмыс iстейдi деп естимiн.
— Ал үлкен Тоқылдақты сөз етсек, екi құлағымызды тас бiтеуiмiзге болады. Өйткенi ол еститiн де ештеңе жоқ. «Ерiнген ауыздағысынан айрылады» дегендей, ерiнiп жүрiп, еңiреп кеткен, диплом жайында қалды. Тоқылдақов, кәне, тұршы, әкең не iстейдi, баяғыда «оқудан шоқығаным артық» деп, бiр түнде қашып кетiп едi? — деп, Бұлбұл Тоқылдақтың торсықтай баласының бүгешiгiне дейiн назар аударды.
Ол орнынан көтерiлдi де, мұрнынан сөйлеп:
— Балғамен ағаш теседi, — дедi.
— Әне, көрдiңдер ғой, не құрылысшы емес, не шахтер-бұрғышы емес, әйтеуiр, құстардың құртақандай нервiсiне ойнайтын бiр қызмет. Жан бағу — өлместiң күнi… Қарға туралы бiр-екi ауыз сөз айта кеткен жөн. Бұларда дауыс жоқ болса да, күш бар. «Ұялмаған бұйырғаннан iшедi» дейдi үлкендер. Қарға да сол сияқты, келсiн-келмесiн кеңiрдегiн керiп барқырай бередi. Әйтеуiр, үлгерiм процентi жоғары болсын деп, қолдаудың арқасында курстан курсқа көшiп, ақыры табақтай дипломға ие болды. Егер кiшкене еңбектенсе, эстрада сахнасында ән айтуға мүмкiншiлiгi бар. Бiрақ бұлай болу қайда? «Қарғаның бiр көзi оқта, бiр көзi боқта» дегендi өте тауып айтқан, кiшi қарға да әкесiнен қайда қашып құтылады дейсiң, — дедi Бұлбұл Қарғаға қарап.
Қалғып отырған Қарға осы сөздiң өзiне қарық болып қалды. Орнынан ұшып тұрды да, қанаты қанатына жұқпай, Бұлбұлдың қолын қысып, ризашылығын бiлдiрдi.
— Қарқылдаған қара қарғаға қасықтап қаймақ берсең де, қара қазанның қаспағын жегендей жүрегi қыжылдайды да тұрады. Бұндай жүрекпен алыс жүрiп кете алмайсың, Бүке, — деп, жаман түйенiң жабуындай жүндерi жалбаңдап барып бұрыштағы орнына отырды.
Бұлбұл сөзiн сабақтады:
— Иә, достар. Ортамызда бiр ғана талант иесi, өнер үшiн жаратылған жанның баласы отыр, ол — кiшi бозторғай.
Бәрi, бөлек отырған Бозторғайға назар аударды.
— Әкесi марқұм үлкен Бозторғай жез таңдай, жаны жайсаң пенде едi. Тiрi болғанда осы уақытта менiң орнымда отырар ма едi, кiм бiлiптi? Опера сахнасында сайрайтынын сол кездiң өзiнде байқағанбыз. Арамыздан ерте кеттi. Жатқан жерi торқа болсын, — дегенде, Бозторғайдың баласы орнынан тұрып, рақмет айтты.
— Сонымен, достарым, оқимыз, әртiс боламыз деп келген екенсiңдер, бақыр бастарыңнан айналып кетейiн, аянбаңдар! Әулекiге ауылдас болмаңдар. Бұл заманда құс баласында қауырсын-қанат көп, естiгендерiңдi жаза берiңдер, бiр құлақпен естiгендерiң ақпа құлақтарыңнан ағып кетпесiн, оны бiтеп қойыңдар. «Жүргенге жөргем iлiнедi» деп ұша берсеңдер, бастарыңа тоқығандарың өздерiңнен бұрын ұшып кетуi мүмкiн, сондықтан ойларыңдағы бойларыңа сiңгенше бiр жерде отырып ойланыңдар. Қойды қой туғызады, «Көсемнен ақыл келедi, шешеннен нақыл келедi». Яғни, ғылыми тiлмен айтқанда, қонақтап отырып қайталаңдар. Қайталау деген – қарызға пұл бергенмен бiрдей. Қызығын кейiн көресiңдер. Әйтпесе жас маман болып, барған базарларыңда таусылмайтын дауға қаласыңдар.
Ал ендi сендерге айтатыным, маған ұқсаңдар, әкелерiңдi түстерiңде ғана көрiңдер демеймiн. Әрине, әкелерiң сендерге көп еңбек сiңiрдi. Әкеден асып ұл туса, әке жолын қуса, одан артық бақыт бар ма, достарым, — деп, Бұлбұл бiрiншi лекцияға кiрiсiп кеттi. Бұл — «Құлпырған көктем» консерваториясының құстар бөлiмiндегi ән пайғамбары Бұлбұлдың лекциясы едi.
— Титықтап төрт жыл оқу Жапалақ, Қарға сияқты қанаттылар үшiн қияметпен бiрдей болды. Әйтеуiр, «үш те болса – күш» деп бiтiргендерiне мәз. «Бөденеге бәрiбiр, қайда барса бытпылдақ» дегендей, Бөдене бесiншi жылға қалды. «Бөрiктi тастап, бөрiден құтылдық» деп, Қарға үшке бiтiрiп шыққанына мәз болды. Тек Бозторғайдың көмекейi бүлкiлдеген баласы ғана «өте жақсы» деген бағамен бiтiрiп, бағы жанды. Қарға үштiк, Бозторғай бестiк деген атақ бүкiл ну арасына тарап кеттi. Жолдама бойынша жолдары болып, екеуi де қызметке тұрды. Содан берi өмiрдегi жолдары бөлiнiп, бiрiн-бiрi көрмегелi бiраз болып едi, безiлдеп келе жатқан Бозторғайға қарбаласта Қарға жолыға кеттi.
— Беске оқыған Бозторғайға бестi биедей сәлем, — дедi Қарға қалбаң-қалбаң етiп.
— Үшке оқыған ұшқалаққа үйдей сәлемдi бiз де жолдадық!
— Жағдай қалай, тiршiлiк жақсы ма?
— «Тiрi жан — тiстi бақа» демекшi, жаман емес, Қареке, баланың алды бесте, арты бесiкте.
— Е, содан де, байғұс, басың таудай, аяғың қылдай болып жүргенi, — деп, қарға бет-аузын тыржың еткiздi. — Баяғыда безiлдеп жүрушi едiң, құпия болмаса қайда асығып барасың?
— Қареке, бүгiн вокалдан кандидаттық емтихан тапсырушы едiм, соған кiтапханаға асығып барамын, — деп, Бозторғай мақтанышты түрде айтты. — Өзiң қайда асықтың?
— Мен бүгiн кандидаттық емтихан қабылдаушы едiм. Маған комиссия мүшелерi Бозторғай тапсырады дегенде, сенiң туыстарыңның бiрi ме десем, өзiң екенсiң ғой. Сонымен, жолдас беске оқыған Бозторғай, емтиханды мен қабылдаймын, — дедi үшке оқыған қара Қарға. Қарғаның қайын ағасы Қаршыға дегендi естiп жүрушi едi, Бозторғай ендi сенгендей болды. Ал Қаршыға Бүркiтпен қарын бөле…
— Сонымен, Бозторғай, емтиханда кездесермiз. Маған бұл жерде тұруға болмайды. Көзге түсiп, сөзге қалармыз — деп, Қарға алды-артына қарамай, қарнын сипап жүрiп кеттi.
— «Кеден кеден болды, кедергi неден болды» — деп Бозторғай бозарып, орнында отырып қалды.