Жаңалықтар

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ: ТАЛАП КҮННЕН-КҮНГЕ КYШЕЙЕ ТYСУДЕ

ашық дереккөзі

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ: ТАЛАП КҮННЕН-КҮНГЕ КYШЕЙЕ ТYСУДЕ

Фараби бабамыздың атындағы мүйiзi қарағайдай Қазақ ұлттық университетiн басқарып отырған Бақытжан Жұмағұловтың өзi осы бiлiм ордасының түлегi. Мемлекеттiк лауазымды қызметтердiң қыр-сырын бiр кiсiдей-ақ атқарған азамат бiр кезде өзi маман болып шыққан университеттiң 75 жылдық мерейтойына қатысып шаруалардың қарбаласып жатқандығына қарамастан, газетiмiзге сұхбат беруге бiрден келiстi.

– Елiмiздегi бiлiм саласында жүргiзiлген реформалық үдерiстердiң аяқталатын түрi жоқ. Бұл реформалар жоғары оқу орындарындағы бiлiм саласын түбегейлi жақсартады деп сенесiз бе?

– Иә, бұл реформалар жоғары оқу орындарының бiлiм сапасын жақсартады деп сенiммен айта аламын. Осы жерде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Бiлiм беру реформасының басты өлшемi тиiстi бiлiм мен бiлiк алған елiмiздiң кез келген азаматы әлемнiң кез келген елiнде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерiлу болып табылады», – деген сөзiн қайталап айтқым келедi.

Мемлекетiмiздiң алдағы стратегиялық мiндетi – елiмiздi мейлiнше бәсекелестiкке бейiм 50 елдiң қатарына қосу болса, бiлiм саласындағы реформалар отандық ЖОО-ларды әлемдiк бiлiм кеңiстiгiне сәйкес етуге бағытталған. Демек, барлығы да қисынды жүргiзiлiп келедi.

– Қазiр мектепте көп оқу керектiгi, ал университетте одан да көп еңбектену қажеттiгi түбегейлi айқындалды. Талап одан әрi күшейе түсетiн сыңайлы. Сонда бұл шексiздiкке ұласып кетпей ме?

– Онда тұрған не бар екен? Өмiр бойы оқу, үзiлiссiз оқу – қазiргi заман талабы. Бұрынғыдай 5 жыл оқып, бiр мамандыққа ие болып, соның қызығын қалған өмiрiңде көру қазiр екiталай. Инновациялардың жиiлегенiнiң арқасында 5-10 жылда бiр рет соның алдында оқып алған бiлiмiңдi жетiлдiрiп, жаңартып тұрмасаң бұл заманның ағымына iлесуiң, шындығында, қиын-ақ.

Қазiр студентке қойылып отырған талап күштi. Ол түсiнiктi де, өйткенi бiз бұрынғы «жабулы қазан» күйден, яғни әр ел «өз сорпасына өзi қайнаған» күйден бiржола кетiп барамыз. Шекаралар күн өткен сайын көрiнер-көрiнбес болып бара жатқан жаһандық әлемде барлығы бiрдей бәсекеге бас тiгiп отыр. Соның iшiнде бiлiм беру саласы да шет қалған жоқ. Кейiн, оқу бiтiрiп шыққан соң әлемдiк еңбек нарығында өз орнын табамын деген жас үшiн қатайтылған талап — нағыз керектiң өзi!

«Талаптыға нұр жауар» деген сөз бар қазақта. Неғұрлым, бiрiншi кезекте, өзiңе, одан соң өзгеге де талапты болсаң, соғұрлым жұмысың нәтижелi болмақ. Мемлекетiмiздiң болашағы, елдiң келешекте өсiп-өркендеуiне, дамуына өзiндiк үлес қосар ұрпағы — осы бүгiнгi жастарымыз, студенттерiмiзге биiк меже белгiлемегенде кiмге белгiлемекпiз?!

— Бұл сұрақты қойып отыруымыздың мәнiсi бар. 2003 жылы Шанхай университетi әлемдiк 500 университеттiң рейтингiн жариялапты. Қазақстаннан ешбiр ЖОО жоқ. Неге?

– Әлгiнде айтқан талап демекшi, Шанхай рейтингiнiң негiзгi талаптарына тоқталар болсақ, олар ЖОО-ның ғылыми-зерттеу жұмысына салыстырмалы баға бередi, яғни, ЖОО бiрiншi кезекте бiлiм беру құрылымы ретiнде емес, зерттеу орталығы ретiнде қарастырылады.

Аталған рейтинг қорытындысының

30%-ы Нобель сыйлығы лауреаттарының ЖОО қызметiне қатысуынан құралады. Өкiнiшке орай, бiзде аталған сыйлықтың лауреаттары жоқ. Сонымен қатар, рейтинг қорытындысының 40%-ын университет ғалымдарының мақалалары импакт-факторы жоғары басылымдарда жариялануы алып отыр. Бұл бiздiң ең әлсiз тұсымыз. Мәселе ғалымдарымыздың ғылыми мақала жазбауында емес. Мәселе бiздiң алдыңғы буын ғалымдарымыздың көбiнiң ағылшын тiлiн жөндi бiлмеуiнде, сол халықаралық журналдарға мақалаларын орналастыру жолын таппауында болып тұр. Соған байланысты арнайы шаралар ойластырылып, жұмыстар жасалып та жатыр.

ҚазҰУ-дiң 2009-2011 жылдарға арналған даму Стратегиясының аясында халықаралық рейтингiнi жоғарылату мақсатында арнайы бағдарлама қабылданып, қарқынды жүзеге асырылуда. Мысалы, ғалымдарды импакт-факторы жоғары журналдарда мақалаларын жариялауға ынталандыру үшiн бiраз шаралар жасалуда. Әзiрше 17 мақала жарық көргендiгiн айта аламыз. Бiрақ ол жеткiлiксiз екендiгi айдан анық. Демек, ары қарай осы бағытта жылжитын боламыз. Мысалы, мақалалары жарияланған ғалымдардың тренингтерiн ұйымдастырмақ ойымыз бар. Тiл жағынан көмек көрсету де жоспарда бар.

2009 жылы бiздiң университет алғаш рет әлемнiң 500 озық университетi қатысатын, «Әлемнiң үздiк университеттерi» халықаралық рейтингiсiне қатысты. Аталған рейтингтi М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттiк университетiнiң қатысуымен мәскеулiк «РейтОР» агенттiгi өткiздi. «РейтОР» агенттiгiнiң мәскеулiк рейтингiсiнде университеттер 21 өлшем бойынша бағаланды. Аталған рейтингiде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi «Үздiк университет» рейтингiсi бойынша 372 орынды иеленсе, «бiлiм беру қызметi» өлшемi бойынша 150-шi орынды иелендi. Осының өзiнде бiздiң университет Ресей мен ТМД елдерiнде өте танымал Экономиканың жоғары мектебiн басып озды.

Қазiргi таңда ҚазҰУ QS World University Rankings (Лондон, Ұлыбритания) жетекшi халықаралық бiлiм рейтингiсiнiң агенттiгi ұйымдастыратын Times Higher Education рейтингiсiне қатысуға тапсырыс бердi. Аталған агенттiктiң мәлiметтерi бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi әлемнiң үздiк 500 университеттерi тiзiмiне енуге лайықты үмiткер ретiнде мақұлданған.

Қазақ ұлттық университетi әлемнiң жетекшi университетiнiң бiрi ретiнде халықаралық бағаға ие боларлық әлеуетке ие. Нәтижесiнде күндердiң күнiнде әлемдiк рейтингтерден шығатынымызға сенiмдiмiн.

— Мәскеу мемлекеттiк университетi әр студентке 30 мың доллар жұмсайды екен, көшбасшылар 100 мыңнан 1 млн. долларға дейiн жұмсайтын көрiнедi. Бiздiң бұған жете алмасымыз түсiнiктi. Шығар жол қайсы?

— Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев: «Кез келген ел өз келешегiн болашақ ұрпағымен байланыстырады» деген болатын. Осы тұрғыдан келгенде шет мемлекеттердегi бөлiнетiн қаражатты қуып жету мақсат емес, мақсат – күн тәртiбiндегi әлемдiк көшбасшы жоғары оқу орындарында берiлетiн бiлiм сапасына қол жеткiзу. Рас, бiздiң қаржылық қамтамасыз етiлуiмiз жақсартуды талап етерi сөзсiз. Дей тұрғанмен, сол жолда жасалып жатқанды да көре бiлген, айта жүрген жөн.

Мемлекет тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi кезеңде Қазақстан экономикасы аса күрделi және ауқымды қайта құруларды басынан өткердi. Бүгiнгi таңда студенттердiң сандық үлесi жағынан Қазақстан дүниежүзiнiң алдыңғы қатарлы мемлекеттерiнiң бiрi саналады. Басты атап өтетiн жәйт — осы тәуелсiздiк жылдары сан мыңдаған бiлiмге жаны құштар, ғылыми инновацияға қабiлетi бар студенттердiң азаматтық мақсаттарын жүзеге асыруына мемлекет тарапынан көп көмек берiлдi. Елбасы Н.Ә. Назарбаев студенттердi қолдауда, бiлiм мен ғылымды реформалауда алдыңғы қатарлы шет мемлекеттерiнiң тәжiрибесiн қолданып келедi. Оған мысал «Болашақ» бағдарламасы, сондай-ақ, соңғы 10 жыл көлемiнде ғылымның өркендеуiне жұмсалған қаражаттың 7 есеге көбейгендiгi.

Елбасының «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты Жолдауы негiзiнде қаржылық жүйе қиыншылықтарына қарамастан, ақылы бөлiмде оқитын студенттерге мемлекет тарапынан 11 мың бiлiм гранты мен 40 мың бiлiм несиесi бөлiнгендiгi де баршамызға белгiлi. 2008-2009 оқу жылында Елбасы қолдауымен Үкiметiмiз студенттердiң, магистранттардың және РhD докторанттарының шәкiртақы көлемiн 25%-ға көтердi. Елбасының жаһандық қаржы дағдарысының керi әсерлерiн болдырмау мақсатында жасалып жатқан нақты қадамдары мен студенттердiң мұң-мұқтажын шешiп, әлеуметтiк тұрақтылығын сақтаудағы оң iстерi ел болашағына деген үлкен қамқорлық үлгiсi. Бiлiм саласындағы осындай оң iстер жастарымыздың сапалы бiлiм алып, мемлекеттiң жарқын болашағына үлес қосуға деген құштарлығын арттырады деген ойдамын. Сондай-ақ, қазiргi студенттер көп ұзамай Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық және мәдени дамуын айқындаушы серпiндi күш болатындығына үлкен сенiм бiлдiремiн!

— Республика бойынша журналистер дайындайтын 23 факультет пен кафедралар бар. Соңғы кездерi журналистердi бiр жерден ғана оқыту қолға алынып жатыр. Бұл монополияға айналып кетпей ме?

— Қазiргi өркениеттiк үдерiсте бәсеке тең дәрежелi оқу орындары арасында жүру керек. Сонда ғана журналистиканы оқыту, журналистiк кадрларды даярлау бүгiнгi заманғы жаңа талаптарға сай келедi. Ал Қазақстанда жұмыс iстеп отырған басқа факультеттер мен кафедралардың ғылыми техникалық базасы және оқытушылар дәрежесi әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi журналистика факультетiмен салыстыруға келмейдi. Сондықтан мемлекет қаржысын далаға шашпау үшiн барлық потенциалды бiздiң университетке топтастыру қажет. Бұл ғылым және бiлiм саласындағы мемлекеттiк мүдденi жоғары қоюдың нақты көрiнiсi. Өйткенi осы күнге дейiн бiздiң университетте дайындалған кадрлар бұрынғы посткеңестiк кеңiстiкте және республикамыздың барлық ақпарат құралдарының тiзгiнiн ұстап отыр.

— Жалақыға қарап отырған отбасылар көп. Дағдарыстың қыспаққа алғанына қарамастан, биылғы жылы ЖОО ақысы 20 пайызға өспек. Мемлекеттiк грантқа iлiнбеген баланың қалтасы жарты миллион теңгеге жуық оқу ақысын көтере ме?

— Оқу ақысын төлей алмай қалу қайта орын алар-алмасын мен дөп басып айтып беретiндей көрiпкелдiгiм жоқ. Жарты миллион теңгеге жуық оқу ақысын қалтасы көтерер-көтермесiн ақылы бөлiмге түскен бала мен оның ата-анасы ойластырар… Ешкiм ешкiмдi түссең де түс, түспесең де түс деп қинамайды ғой. Әркiм әлдебiр қадамға бару үшiн ойланады емес пе?!

Ал өзiмiздiң университет тұрғысынан айтар болсақ, әлемдiк қаржы-экономикалық дағдарысына байланысты келеңсiз оқиғалардың алдын алу үшiн әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнде дағдарысқа қарсы бағдарлама қабылданған. Ол бағдарлама аясында университетiмiздiң Ғылыми кеңесi отырысында 2009-2010 жаңа оқу жылының оқу ақысын көтермей, өткен жылғы оқу ақысы негiзiнде қалдыру туралы шешiм қабылданды.

Университет студенттерiмiзге «Қаржы орталығы» бағдарламасы шеңберiнде жеңiлдетiлген бiлiм несиесiн алу мен құжаттарды рәсiмдеу кезiнде қолқабыс етiп, оқуға ақы төлеудiң уақытын студенттiң ыңғайына қарай реттеп дегендей жан-жақты қолдау көрсетуде. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi «Альянс банк» акционерлiк қоғамымен банктiк кепiлдiк беру туралы келiсiм шарт қабылдады.

Осыған қоса, осы жылдың жаз айларында университет шеңберiнде ұйымдастырылған студенттiк құрылыс жасақтарында университетiмiздiң 150 студентi жұмысқа тартылды. Студенттер еңбек ақысымен қатар, жаз бойы жатақханадан бөлмемен, үш мезгiл тамақпен және бос уақытын тиiмдi өткiзетiн мәдени бағдарламалармен қамтамасыз етiлдi.

Студенттердi материалдық қолдау мақсатында университет студенттердi ақылы негiзде университеттiң өндiрiстiк-шаруашылық салаларына еңбек етуге қатыстырады. Ағымдағы жылы аталған салаларға 149 студент жұмысқа алынды. Студенттер — магистранттар мен PhD докторлары ақылы негiзде оқу процесiнен қол үзбестен кафедраларда жасалатын ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуға, сондай-ақ, факультетте ассистент, лаборант, маман, оқытушы секiлдi жалақы төленетiн жұмысты атқаруда. Ағымдағы жылы университетке 64 магистрант, 8 аспирант, 38 PhD жұмысқа алынған.

– ЖОО-ын бiтiретiн болашақ мамандарға ауданға, ауылға жұмыс iстеуге жолдама берiледi. Олар өз еркiмен барғысы келе ме? Қазiр университеттен аймақты жерлерге қанша маман жiберiледi?

– Елбасымыздың жас мамандарды ауылға тарту бастамасына, елiмiздiң өркендеуiне, бiлiм нәрiмен сусындаған, адамгершiлiк рухта бағыт-бағдар алған, патриот жас мамандарымыз өз үлестерiн қосуға талпынып, ауыл-аймақтарға барып, өз туған өлкелерiнiң экономикасын көтеруге тiлек бiлдiрiп жатқандарын бiз әрдайым қоштаймыз.

Университетiмiзде де көптеген iс-шаралар жасалуда. ҚазҰУ-да 2009 жылы 2833 бiтiрушi түлек жұмыспен қамтамасыз етiлiп, оның iшiнде 300-ге жуығы ауыл-аймақтарға жұмысқа орналасты.

– Бүгiнде қазақ балаларына шетелдiң көшбасшы ЖОО-да бiлiм алуға мүмкiндiк жасалуда. Ал ҚазҰУ-да оқып жатқан шетелдiк студенттер көп пе?

– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан Республикасының ЖОО-ның iшiнде көшбасшы екендiгi даусыз. Бiздiң студенттердiң көбi шетелдiк жоғары оқу орындарында бiлiмдерiн тереңдетуге, iс-тәжiрибе алмасуға баратындығы бәрiне аян. Сонымен қатар, бiздiң университетке де шет елден келген сан мыңдаған дарынды жастардың ғылым мен бiлiмде таным көкжиегiн кеңейткенi мәлiм.

Мысалы, тек 2008-2009 жылдар iшiндегi университетiмiзге алыс және жақын шетелден келген студенттерiнiң жалпы саны 966 студенттi құрады. Соның iшiнде алыс шет елдерден 847 студент (АҚШ, Алмания, Испания, Швеция, Польша, Түркия, Жапония, ҚХР, Сингапур, Корея, Чили, Иран, Мысыр, Палестина, Ауғанстан және Моңғолиядан), ал ТМД елдерi iшiнен (Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжiкстан, Түркменстаннан) 119 студент бiлiм алуда.

– Биыл ҚазҰУ-дiң 75 жылдығы. Елiмiзде бiрден-бiр жетекшi жоғары оқу орнының дүбiрлi тойы да ерекше аталып өтiлетiн шығар?

– Республикамыздың көпсалалы университеттерiнiң рейтингiсi бойынша бiрiншi орынға ие, қазақтың классикалық университетi, жоғары кәсiби бiлiмнiң инновациялық дамуының ұлттық лидерi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Сапа саласындағы жетiстiктерi үшiн» арнайы сыйлығының иегерi, әлемнiң 418 танымал университеттерiмен тиiмдi халықаралық байланыс орнатқан, 2003 жылы Қазақстан және Орталық Азия елдерi арасында тұңғыш болып Болония қаласындағы университеттердiң Ұлы хартиясына қол қойған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң 75 жылдығы осы қарашаңырақта бiлiм алып жатқан студенттер мен оқытушы-профессорлардың ғана тойы емес, күллi қазақстандықтардың мерейлi мерекесi. Себебi, университетiмiздiң 100 мыңнан астам креативтi, жоғары мәдениеттi, мемлекетшiлдiк тұрғысынан ойлауға қабiлетi жетiк кешегi студенттерi, бүгiнгi ел мақтанышына айналған түлектерi мемлекетiмiздiң экономикалық, бiлiм, ғылым және мәдениет салаларында, алыс-жақын шет елдердегi iрi компанияларда лауазымды қызметтердi басқарып, халқымыздың жарқын болашағы үшiн табысты еңбек етуде.

Осы тұрғыдан, қазақта «Тойдың болғанынан, боладысы қызық» деген жақсы сөз бар. Университеттiң студенттерi мен оқытушы-профессорлар құрамы 75 жылдықты мерекелеудi былтырдан берi бастап та кеттi. Оған куә университетiмiздiң 75 жылдығын тойлау қарсаңыңда өткiзiлген университеттiк мерекелiк iс-шаралар жоспары. Онда бас-аяғы 177 арнайы iс-шаралар жоспарланған. Соның Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен өтетiн мерейтойлық аптадағы 4-5-нен басқасы түгелдей дерлiк өте биiк деңгейде өткiзiлдi. Оған куә сол шараларды БАҚ бетiнде жариялап жүрген өздерiңiз сынды журналистердiң материалдары. Бiрен-саранын ғана келтiре кетсек, олар: барлық факультеттердегi түлектер кездесуi, студенттiк спартакиадалар, «75-шi студенттер көктемi» деген атпен өткен көркемөнерпаздар байқауы, сандаған халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк конференциялар, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеттiң ҚазҰУ-дағы күндерi және тағысын тағылар.

Университетiмiздiң стратегиясында Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың «қазақстандық жаңа формацияны», яғни бәсекеге қабiлеттi, өз болашағына сенiмдi, ерiк-мiнезi жiгерлi тұлға дайындау идеяларын жүзеге асыру негiзге алынған болатын. 75 жылдық мерейтойда Елбасының тiкелей тапсырмасымен жаңа ғимараттар студенттер қолдануына табыс етiледi. Университет тарихының толыққанды көрсеткiшi – университет мұражайы iске қосылады. Қазан айында өтетiн университет мерейтойында киелi бiлiм ордасы өзiнiң тек 75 жылдық тарихи кезеңiн қорытып қана қоймай, келешектiң жарқын жоспарын белгiлейтiн болады.

Биылғы 2009-2010 оқу жылы бiздiң университетiмiз үшiн жаңа басым мақсаттар мен алыс болашақты айқындауыш мiндеттер жүктемек.

Сұхбаттасқан Өскенбай ҚҰЛАТАЙҰЛЫ