Мұстафа Шоқайды білмейтін Мәслихат депутаттары
Мұстафа Шоқайды білмейтін Мәслихат депутаттары
Еліміз тәуелсіздік алып, әлемге толық таныла бастағанына ширек ғасырдай уақыт болса да, бүкіл түркі халқының ұлы перзенті Мұстафа Шоқайды біле бермейтіндер қатары әзір аз емес. Былтыр Астана қалалық Мәслихатының бір отырысында Мұстафа Шоқайдың атын №51 мектепке беру туралы мәселе қойылғанда бірер депутат қарсы шығып, мәселе шешімін таппай қалған еді. Тіпті билік маңайында жүрген ғылым докторының қайсар күрескерді білмегеніне таң қалғаннан басқа не айтамыз? Өкінішке қарай, қалған депутаттар басқаша пікір айта алмады. Үстіміздегі жылдың 19 мамыр күнгі «Номад. СУ сайтында» «Мұстафа Шоқай. Реальность и миф» деген материал «Нужна ли Казахстану новая мифология?» айдарымен берілді. Мұнда да қайшылықты мәселелер жоқ емес.
Бүгіндері Парижде ескерткіші тұрған Мұстафа Шоқайға кешегі кеңестік насихат «сатқын», «опасыз», «контрреволюционер», «нағыз пантюркист» және «панисламист» деп толып жатқан аттар таққан болатын.
Биыл туғанына 125 жыл толу қарсаңында Мұстафа Шоқайдың 12 томдық шығармаларының толық жинағы жарық көрді. Он екі томдықтың беташарындай көлемі отыз төрт баспа табақ болатын бірінші кітапта Мұстафа Шоқайдың кім болғаны туралы егжей-тегжейлі баяндаған. Белгілі мұстафатанушы Көшім Есмағамбетов мұның негізіне өзінің 2008 жылы шыққан «Әлем таныған тұлға» атты көлемді монографиясын алған. Оған елеулі толықтырулар енгізе отырып, автор берісі Түркістан аймағының, арысы бүкіл түркі жұртының тәуелсіздігін ту еткен, өмірінің соңғы жиырма жылын Еуропаның төрінде өткізген шынайы гуманист, энциклопедиялық білімдар, ірі ойшыл ретіндегі Мұстафа Шоқайдың дүниетанымын, шығармашылық мұрасын талдап, ғылыми мәні зор тұжырымдар мен қорытындылар жасаған, оның шынайы адами һәм күрескерлік болмысын өз тұғырына қондырған. Жинақтың 2-11 томын әртүрлі тақырыптағы 1100-дей мәтін мен еңбектер құрайды. Оның көлемі 6700 парақтан астам 430 баспа табақ. Материалдардың 662-сі орыс тілінде, 275-і араб әрпімен төте жазу және шағатай, 135-і француз, қалғандары ағылшын, поляк, түрік, бір ғана материал (ол – М. Шоқайдың 1936 жылы Берлин радиосынан сөйлеген сөзі) қазақ тілінде. Соңғы, он екінші томды М.Шоқайдың эпистолярлық мұрасы құрайды.
Мұстафа Шоқай шығармаларының бұл басылымының ең басты жетістігі мен ерекшелігі оның түпнұсқа күйінде тұңғыш жарық көргендігінде болып отыр. Сонымен қатар әрбір томның беташарындай болған алғысөздер мен соңғы түсіндірмелер оқырманға нақты бағыт-бағдар ұсынады. Сондай-ақ Шоқайдың шығармашылық зертханасымен, жұмыс істеу әдіс-тәсілдерімен тереңірек таныстыру мақсатында әрбір томның аяғында қосымшалар, факсимилелер берілген. Жеке мұрағаттық қордан алынған материалдар да бай, қызғылықты.
Осындай мол мұраның толық жарыққа шығуына ерекше қажыр-қайрат жұмсаған К.Есмағамбетовтің еңбегі атақты ақын Әбілда Тәжібаевтың әдебиет зерттеушісі Мардан Байділдаев жөнінде «бір өзі бір институттың жұмысын атқарды» дегенін еріксіз еске түсірді. Бұған Франциядағы М.Шоқайдың жеке мұрағаттық қорынан, Өзбекстан, Қазақстан, Германия, Түркия және т.б. елдердің мұрағат материалдарынан қазақ, орыс, шағатай, ағылшын, француз, түрік, поляк тілдеріндегі еңбектердің жиналуы, саралануы, талдануы да толық дәлел бола алады. Мұның үстіне М.Шоқайдың 40 шамалы бүркеншік есімдері болғанын да ескерте кеткен артық болмас.
Мұстафа Шоқайдың шығармалар жинағының екінші томына 1913-1924 жылдары жазылған еңбектер кірген. Ол Санкт-Петербургте оқып жүрген бір топ студенттердің 1913 жылдан шыға бастаған «Қазақ» газетіне жолдаған құттықтау хатымен ашылады. Онда жастар Орынборда шықпақшы болып жатқан «Қазақ» газетіне қуаныштары қойындарына сыймай, басылымның «қадамы қайырлы, бауы берік, өмір жасы ұзақ болып, мақсұтқа жетпегіне тілектестіктерін» білдірген болатын. Сонымен қатар хат иелері маңызды екі мәселені көтереді. Оның бірі – «Қазақ» газетінің «...біздің мұңды жұртымыздың мұңдасып, бірінің хал-жайын бірі біліп тұруына да жәрдемі аз тимес еді деген ой. Екіншісі, «қаламменен жәрдем беретұғын мұсылманша оқыған құрбыларымыз бір нәрсе жазғанда басқа әріп, фарсы, ноғай қарындастарымыздың (қандастарымыздың деген мағынада – Ә.Б.) сөздерін; орысша оқығандарымыз орыс, яки басқа Еуропа жұртының тілдерін орынсыз көп кірістірмей, өзіміздің қазақтың нағыз қара тілімен жазуды» бас редактордың әрқашан назарында алып жүруіне тілек білдіреді. Міне, Мұстафа Шоқай құрбылары осыдан бір ғасыр бұрын тіліміздің тазалығын үлкен халықтық мәселе етіп көтеріп отыр. Мұны оқи отырып, мемлекеттік мәртебеге ие болғанына ширек ғасыр болса да, ана тіліміздің тәуелсіз еліміздің төріне шыға алмай отырғаны еріксіз ойландырады. Осыдан кейін томда берілген Петербордағы түркі жастарының «Сиратель-Мустаким» (Тура жол) және Петроградтың оқушы жастарының. «Сиратель-Мустаким» жақтаушыларының жаңа әрекеттері туралы» үндеуінің де мәні зор. Бұл, бір жағынан, Мұстафа Шоқайдың жасынан түркітілдес жастармен жиі араласқанын, пікірлес болғанын көрсетсе, екінші жағынан, осындай тағы бір топтың патшаға жағымпаз діни ұйымға қарсылығын білдіреді. Мұнда да діннің тазалығы әңгіме болады. Бұл алғашқы екі материалды түркі халқының ұлы перзентінің болашағын айқындаған алғашқы нышандар деуге болады.
М.Шоқай шығармаларының алғашқы томындағы еңбектерден мазмұндық және идеялық сипаты жағынан негізінен екі бағыт айқын аңғарылады. Біріншісі – билік басына келген орыс большевиктерін патшалық Ресейдің отарлық саясатының заңды мұрагері ретінде көрсете білу. Оған 1920 жылы жазған «Кеңес өкіметі және қырғыздар (қазақтар – Ә.Б.)» деген туындысы мысал бола алады. М. Шоқай орыс революциясы (Қазан революциясын айтып отыр – Ә.Б.) жылдары қырғыздардың бастан кешерісін сөзбен жеткізу мүмкін еместігін, жаңа еркін өмірдің орнына қазақ даласын ашаршылықтан қырылған бейіттердің қаптағанын, социалистік туыстықтың орнына халықтың бірін-бірі сырттай ұлттық жек көрушілік пен іштей тайпа-рулар арасында жаулықтың орын алғанын жазады. Екінші бағыттағы еңбектердің басты ерекшелігі – М. Шоқайдың ұлт азаттық мәселені жалғыз Түркістан аумағымен шектемей, кең көлемде, большевиктердің жалпы Шығыс халықтарына көзқарасымен байланыстыра қарастыруы. Мысалы, «Большевиктер және Шығыс мәселесі» деген мақаласында кеңес өкіметінің жалпы ұлт-азаттық қозғалыс жөніндегі ұстанымының екіжүзділігін ашады. Коммунистердің Шығыстың ұлттық-революциялық элементтерімен күрессе де, оны дүниежүзілік капиталға, әлемдік социалистік революцияның салтанат құруы үшін пайдаланатынын, оны кешегі одақтастарына қарсы құрал ететінін атап көрсетеді.
Халықтың өзін-өзі билеуі құқығы таптық негізде емес, ұлттық негізде жүзеге асырылуы керектігі үшінші томға кірген 1925-1929 жылдары жазылған М.Шоқайдың шығармаларының өзекті идеяларының бірін құрайды. Сол себепті Түркістандағы жергілікті халықтың азаттық үшін күресінің бүгіні мен келешегі осында жалғасын табады. Кітапта жарық көрген 160-тай материалдың орыс тіліндегі 50-ден астамы Түркістандағы қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмен халықтарының саяси-әлеуметтік жағдайының күрделене түскенін, большевиктердің түркістандықтарға жасаған өз тәжірибелерінің нәтижесі неге алып келгенін мынандай цифрлармен дәлелдейді: 1917 жылдың 1 маусымында Түркістан халқының саны 8 млн. 84 700 жетсе, 1922 жылы 5 млн. 29512 болған. Бұл мәліметті М.Шоқай 1922 жылы Ташкентте жарық көрген «Ортаазиялық экономикалық аудан» деген еңбектен алған.
Осындай әлеуметтік жағдайдың күрт өзгеруі, әділетсіздіктер мен озбырлықтың күшеюі, большевиктердің өз ұрандары мен үндеулеріне іс жүзінде екіжүзділік танытып, одан бас тартуы бұқара халықтың ашу-ызасын келтірді, жергілікті халықтың әртүрлі қарсылықтарын туғызды. Соның бірі – Түркістан аймағындағы халықтың белгілі бір тобының басмашылық қозғалысқа қатысуы. Бұл тақырыпқа «Түркістанда тағы да басмашы», «Басмашылардың шабуылы», «Басмашылық», «Түркістандағы «Басмашы» қозғалысы», «Түркістандағы басмашылар қозғалысы» т. б. мақалалар арналған. Соңғы еңбекте басмашылықтың саяси-әлеуметтік және экономикалық негізі ашық көрсетілген. Кеңес өкіметі революция алдында, оны жүзеге асыру үдерісінде ұлттардың өзін-өзі билеуіне, тіпті Ресейден бөлінуге дейін болады деген уәдесінен билікті қолға алғаннан кейін айныды. Жаңа билік құрамдарында, тіпті жұмысшылар қатарында жергілікті халық өкілдері болмады. Мемлекеттік билік түркістандықтардың ұлттық мүддеге қатысты көтерген мәселелерін «ұлтшылдық» деп бағалады. Ұлттық сенімсіздіктен жергілікті түркістандықтар армия қатарына да алынбады. Жинақтай айтқанда, билік басына келген кеңестер өздерінің бұрынғы бар уәде, ұрандарын желге ұшырып, Түркістанда өкіметтік биліктің иесі орыстар ғана бола алады деп 1917 жылғы 19 қарашада өткен Түркістан кеңесінің 3-съезінің шешімінде атап көрсетілді. Сондай-ақ томдағы «Сенімсіздік себептердің бірі», «Түркістандағы кеңестендіру», «Қызыл Түркістанда», «Ояну» т.б. туындыларда Түркістан мен қазақ даласында Кеңес өкіметінің орнауына ешқандай әлеуметтік, саяси және экономикалық алғышарттардың болмағындығы жан-жақты талданады, нақты мысалдармен дәлелденеді.
1929-1930 жылдары жазған еңбектерді құраған төртінші томдағы материалдардың ішінде Мұстафа Шоқайдың 1930 жылғы 8 қаңтарда Париждегі «France-Orient» комитетінің жиналысында жасаған «Түркістанның бүгінгі жағдайы туралы» атты баяндамасының орны бөлек. Шешен ұлы державалық шовинизммен ауырған кеңестік режимнің шет аймақтағы халықтар мен елдерді шектен тыс кемсітушілігіне кеңес басшыларының кітаптарынан нақты мысалдар келтіреді. Белгілі большевик Г.Сафаровтың «Отарлық революция (Түркістан тәжірибесі)» атты кітабында мұсылмандарды өлкелік революциялық өкімет органына жұмысқа алуға болмайтындығы туралы айтылған. Ал Ленин мен Сталиннің сеніміне енген Иван Тоболин марксистік көзқарас бойынша қырғыздар (қазақтар – Ә.Б.) экономикалық жағынан әлсіз, сондықтан олар жойылуға тиісті. Сол себепті революция үшін қаржыны аштықпен күреске емес, майданға қолдауға жұмсау пайдалы деген. Бұл мәліметтер РСФСР Кеңхалкомының (Совнарком) төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловтың 1925 жылы Ташкентте шыққан «Революция және тұрақты халық» деген кітабынан алынған.
Большевиктердің «ұлттың өзін-өзі билеушілігі» туралы теориясы 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін бетке ұстар ұрандарының бірі болғаны белгілі. Ленин 1914 жылдың сәуірінде: «Ұлттың өз тағдырын өзі билеушілігі бөтен ұлттық ұжымнан бөлек шығуында, өз алдына жеке мемлекет құруында» деген болатын. Мұстафа Шоқай мұны кейін басқа да Кеңес басшыларының сан рет қайталағанын, алайда үкімет басында нығайып алғаннан соң олар бұл ұранды бос дақпыртқа айналдырып, екіжүзділік жасағанын атап көрсетеді. Ол бүкіл әлем, әсіресе отар елдер большевиктердің революциялық ұрандарын ғана естиді, ал олардың қол астындағы халықтар он үш жыл бойы басып алушылық пен зорлап қосушылықтың зардабын көріп келеді деп жазды
Мұстафа Шоқай «Ұлттық мәселе жөнінде» деген еңбекте де Ленин, Сталин, Пятаков, Бухарин, Дзержинский сияқты большевик жетекшілерінің ұлт мәселесі турасындағы пікірлеріне талдау жасай отырып, автор ұлттың өзін-өзі билеушілігі туралы ұрандарының екіжүзділігін тағы да нақты мысалдармен ашып берген. Ал «Қазақстанның 10 жылдығы» атты мақалада жергілікті мүдделердің Одақтық мүддеге көбіне өктемдікпен бағындырылуына негізделген саясаттан қазақтың бар құнарлы жерлерден ығыстырылып, ол өңірлерде орыс шаруаларының басым болып бара жатқанын жазады. Бұл айналып келіп жергілікті халықтың өзінің ұлттық болмысынан, тілінен, дінінен және ділінен алыстатуға әкелетін әлеуметтік құбылыстар болатын. Кейін солай болды да.
Бұл томның тағы бір ерекшелігі – М.Шоқайдың халықаралық қатынастың белгілі саяси сарапшысы екендігін айқындай түскен «Орыс-Қытай шиеленісі», «Большевиктер және Ауғанстан», «Ауғанстанда», «Индияда» және т.б. туындыларда Түркістанмен шекаралас, тіпті одан да алыс Индия, араб елдеріндегі жағдайларға назар аударуы. Осы бір сәтті пайдалана отырып, мұстафатанушылардың М.Шоқайға отандық сыртқы саясат ғылымының негізін салушы деп баға бергендерін айта кеткен артық болмас. Оған толық жинақтағы саясаткер қолынан шыққан 80-нен астам мақала толық дәлел бола алады.
Мұстафа Шоқай шығармаларының бесінші томына 1930-1931 жылдары жазылған мақалалар кірген. «Идеология майданындағы күрес» деп аталатын алғашқы мақалада автор Түркістандағы мерзімді басылымдар материалдарына сүйене отырып, өлкеде күн санап өсіп келе жатқан ұлттық идеологиядан большевиктердің қатты үрейлі екенін байқау қиын емес дейді. Большевиктер ұлттық идеологияны жоюдың барлық террорлық тәсілдерін – қорқыту, қамауға алу, қуғын-сүргінге салу, атып-асу cияқты түрлерін пайдаланғанын атап көрсетеді.
Мұстафа Шоқай саяси қуғын-сүргін тақырыбына оннан астам мақала жазған. Ол Түркістанда неге саяси қуғын-сүргін болды, мұның саяси-әлеуметтік себептері қандай еді деген сұрақтарға жауап береді. Ең бірінші, Кеңес өкіметінің ұлттық мәселеге қатысты саясатының Ресейдің отаршылдық саясатымен сабақтастық сипатын атап көрсетеді. Кешегі патшалық Ресейді бүгін кеңестік Ресей немесе пролетарлық Ресей деп атағанмен, біздің ұлттық мәдениетіміз тұрғысынан қарағанда, ештеңе өзгермегенін, большевиктер атамекеніміз Түркістанда ұлтымыздың өзіне тән рухани әлемін суалтып, оның орнына орыс пролетариатының рухын орнатпақ болып отыр. «Орыс тепкісіндегі Түркістанның ұлттық қозғалыстарынан. Жеңілмес ұлтшылдық» атты мақалада былай деп жазылған еді: «Дүние жүзінде Түркістаннан басқа да көптеген елдер бар. Ол жерлерде де үстем ұлттың озбырлығынан жәбір шеккендер аз емес. Алайда дәл орыстың отаршылдық саясатындай сұмдықтарды тарих әлі көрген жоқ».
Мұстафа Шоқай келесі бір себепті кеңестік жүйенің тоталитарлық тәртібінен, әкімшіл-әміршіл басқаруынан, кейін жеке басқа табынудан көрді. Мейлі саяси партияның болсын, мейлі саяси қайраткердің жеке басшылығы болсын, ол ешуақытта жақсылыққа әкелмеген. Оны кәрі тарих талай дәлелдеді. Осындай кеңестік жүйе ұлы державалық шовинизммен астасып, шет аймақтағы халықтардың ұлттық ерекшеліктері мен мүдделерін мойындамады, жергілікті мәселелерді көтергендерді «буржуазиялық ұлтшылдар» деп есептеді, қудалады, түрмеге тықты, атты. Мұндай мемлекеттік жүйеден не болса да күтуге болатын еді.
Халықты қан қақсатқан саяси қуғын-сүргін кеңестік тәртіптің табиғатынан туындаған болатын. Сондықтан бұл қуғын-сүргін большевиктер билік басына келгеннен көп ұзамай басталды. 1925 жылы жазылған үшінші томға кірген «Түркістандағы саяси кісі өлтірушілік» деген мақалада соңғы кезде Түркістанда бірнеше адамның саяси себеппен өлтірілгендігі, ондай оқиғалардың ашық, адамдар көп жиналған жерде жасалатыны, алайда адам өлтірушілердің көбіне жазаланбайтыны, тіпті оларды іздестірудің бола бермейтіндігі туралы айтылған. Сонымен қатар «Түркістандағы партияны тазартудың қорытындыларынан» атты мақаласында Мұстафа Шоқай өлкеде бірнеше ай бойы партия қатарын тазарту жүріп жатқанын, әзір қорытындысы белгісіз болса да, жергілікті басылымдарға қарағанда қазірдің өзінде партиялық өктемдіктің бейнесін айқын тануға болатындығы, бірақ фактылар айтылғанмен себептер түсіндірілмейді деп жазды. Мысалы, Ташкентте тазартудың нәтижесінде 4 мыңдай партия мүшелерінің 23 пайызы қатардан шығарылған. Кейбір жерлерде партия қатары 60 тан 90 пайызға дейін тазартылған.
Мұстафа Шоқайдың 1931-1933 жылдары жазылған еңбектері кірген VI томда алғашқы «1916 жылғы ұлттық қозғалыс туралы большевиктердің өтірігі» деген мақаласында Түркістандағы кеңестік баспасөзде он бес жыл бұрын болған қозғалыс туралы шындық бұрмаланып, мәні өзгертіліп, большевиктердің өз көсемдері Лениннің төңкеріс туралы теориясын көпе-көрнеу бұрмалап, мұны таптық күрес деп отырғаны айтылады. Онда: «Таптық күрес ұлттық өнеркәсібі қалыптасқан саяси, әлеуметтік және экономикалық мүдделері бір-біріне қарама-қарсы тұрған, ұлттық буржуазия мен ұлттық пролетариат таптары бар тәуелсіз елдерде ғана болуы мүмкін» деп жазылды. Шынында да, қазақ елі мұндай сипаттардан алыс болатын. Түркістанда пролетариат табы болмағандығын, сондықтан пролетариат диктатурасы ұлттық пролетариатсыз құрылғанын большевик Шалва Элиава Кеңес Одағы Орталық Атқару Комитетінің мінбесінен өзі ашық мойындаған болатын. Ал «Бір «ғылыми өтірікке» қарсы (Қоқан автономиясына 14 жыл толуына орай)» атты мақаласында М.Шоқай кеңес тарихнамасындағы оның халықтық сипатын большевиктер жоспарының талабы мен Түркістандағы орыс пролетариатының диктатурасының мүддесіне сәйкес Қоқан автономиясы туралы шындықты бұрмалаушыларды, оның белгілі ұлттық идеалдар үшін саяси күрес болғанын жоққа шығарғысы келгендерді сынайды. Шынына келгенде олардың мақсаты ұлттық күресті қаралау, оны саяси идеялар жолындағы таптық, ұлттық сипаттан тыс «бандиттік» әрекеттер етіп көрсету болған-ды.
Кеңес өкіметі өзінше қалыптасып, өзіне тән саяси шындығы бой көтере бастағанда мұны аңғарғандар қатары өсе түскен болатын. «Сырттай коммунист, мазмұны ұлтшыл» атты мақалада Мұстафа Шоқай Түркістандағы кейбір жауапты орындарда отырған кеңес қызметкерлерінің арасынан ленинизмге қарсылар шыға бастағаны туралы жазды. Бұл жайдан-жай емес еді, бұған мәжбүрлеген кеңестік болмыс, алғашқы бесжылдық жоспардың Түркістанда тым сорақы жүргізілгенді. Мысалы, сол кезде Смағұл Сәдуақасов Мәскеуде шығатын «Большевик» журналында ауылшаруашылық комиссары Смирнов пен Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Рыковты отаршылдық саясаттары үшін айыптауы осының нақты көрінісі болатын. Осы мақалада көтерілген тағы бір маңызды мәселе бар, ол «малақайы – коммунистік, мағынасы – ұлтшыл жастарға» ерекше үміт арту. Сол себепті, нағыз гуманист жастардың іс-әрекетіне баға бергенде өте абай болуды, оларды ұлттық мүдделерімізге қарсы қойып алмауды ұсынады. Бұл қазір жастардың санасының қалыптасу үдерісі өте күрделі жүріп жатқанда ерекше ескеруді қажет етеді.
1933-1934 жылдары жазылған шығармалар VII томнан орын алған. «Лондонға сапар туралы қысқаша жазба» атты материал Мұстафа Шоқайды қаламы жүйрік публицист қана емес, саяси сахнадағы айтулы қайраткер ретінде таныта түседі. Ол Лондонда 1924, 1925 жылдары, ал 1929 жылы екі рет болып, ондағы саяси жағдаймен танысқан тұғын. 1933 жылғы 15 сәуірде сапардан оралғаннан кейін іле-шала жазылған бұл жазбада автор Лондонда 27 және 29 наурыздарда «Совет Одағы және Шығыс Қазақстан» және «Большевиктер диктатурасынан 15 жыл кейінгі Түркістан» атты француз тілінде екі баяндама жасағанын айтады. Лондонның зиялы қауымы баяндамаларды жылы қабылдайды. Әсіресе, Түркістанға қатысты патшалық Ресейдің саясаты туралы баяндамашы аузынан естігенде ағылшындар орыстардың екіжүзділігіне таң қалады.
Осы жетінші томға Шығыс Түркістан тақырыбына орысша, француз және басқа тілдерде жазылған 15 мақала кірген. Бұларда Шығыс Түркістанның Қытайдан толық тәуелсіздік алу үшін соңғы ғасырда он шақты көтеріліс жасалғаны, оның үшеуінде жеңіске жеткендігі туралы баяндалады. Мұстафа Шоқай төрт жылға созылған соңғы күрестің жеңісін үлкен саяси маңызы бар оқиға деп атап көрсетеді. Сөйтіп Азияның төрінде, үш ұлы ірі мемлекеттердің – Советтік Ресейдің, Англияның (Индияны отарлап отырған кезі – Ә.Б.) және бір жағынан Жапонияның түйіскен жерінде орнаған жаңа тәуелсіз мемлекет ретінде әлемнің қызығушылығын туғызған болатын. Алайда оның өмірі ұзаққа бармайды. Қытай үкіметінің армиясы азаттықты жояды. «Шығыс Түркістан қайғысы және оның біздерге сабақтары» атты мақаласында автор жеңілістің негізі тайпалардың және өздерінше көсем болғысы келетін жеке тұлғалардың бәсекелестігі, оның Шығыс Түркістан халқын жанышқан ең қарғысты тірлік екендігін атап көрсетеді. Оның ойынша, құрғақ энтузиазм, сыртқы қолдау да, егер ішкі бірлік болмаса, егер халық өзінің ішкі тұтастығын қамтамасыз ете алмаса, ел көсемдері өзінің мансапқорлығынан жоғары көтерілмесе, онда ешқандай да күрес нәтиже бере алмайды, ішкі бірлікті сақтау мен оны нығайту ең жоғары заң болуға тиісті.
Шығыс Түркістан тақырыбына Мұстафа Шоқай кейінгі жылдары да қайта-қайта оралып отырған. Сондай мақаланың бірінде автор Шығыс Түркістан түріктерінің қытай билігіне қарсы ұлт-азаттық күресі басталған күннен бастап большевиктердің мазасы кеткенін жазады. Себебі Шығыс Түркістанда тәуелсіз түрік мемлекетінің шаңырақ көтеруі кеңестік империализмнің Азиядағы мүдделеріне тікелей қайшы. Сондықтан ол сонау бастан Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысқа қарсы бағыт ұстап, оны жаныштау үшін Қытайдың жергілікті үкіметіне сан түрлі көмегін көрсеткен. Мұндай әрекеттің арғы жағында ұлт-азаттық қозғалысты жерлеу жатқанын байқау қиын емес. Бұл большевиктердің өз мүдделеріне қайшы келетін ұлттық бой көтерулерге тұрақты көрсетіп келе жатқан саясаты болатын. Оны кеңес тарихы талай дәлелдеді.
1935 жылы жазылған VIII томға кірген шығармалардың ең көлемдісі – «Советтер қол астындағы Түркістан» (Пролетариат диктатурасына мінездеме) деген еңбек. Мұның бірінші бөлімі 1928 жылы «Les Soviets en Asie Centrale» деген атпен француз тілінде жарық көрген. Автордың айтуына қарағанда, жеті жыл өткеннен кейін кітап орыс тілінде қайта жарыққа шыққан. Бұрын көтерген кейбір мәселелерді қайта жаңғырта отырып, жаңа пікір, жаңа ойлармен, фактылармен толықтырылған, жетілдірілген. Еңбектің «Пролетариат диктатурасына мінездеме» деген жаңа қосымша аты да автор ойына қызмет етіп отыр.
Мұстафа Шоқайдың пікірінше, большевиктер «лениндік ұлт саясатының» жүйесінде Түркістанның екіжақты рөлін ерекше атауды және оны айтуды жақсы көрген. Біріншіден, Түркістан совет өкіметінің саясатында ұлттық мәселе турасындағы «тәжірибе алаңы» қызметін атқарса, екіншіден, Түркістан пролетариат диктатурасы үшін маңыздырақ мәселені – «отарлаушы-азаттық революциясын» жүзеге асырудың нақты үлгісі болып танылуы керек. Автор большевиктердің билік басына келгенше үнемі қайталап, насихаттап келгені «ұлттың өзін-өзі билеушілігі» деген лениндік қағидасы олар өкімет тұтқасын төрт жыл ұстағаннан кейін, «ақтармен майдан алаңын» жойғаннан соң «ұлттардың өзін-өзі билеуі» дегенді «бос дақпырт» деп оны «өз алдына мемлекет болып бөлінуге» қарсы қойды деп атап көрсетеді.
Мұстафа Шоқай еңбекте советтік басшылықты Түркістан шаруалары қалай сезінді дей отырып, 1919 жылдың 5 маусымында Ташкентте өткен Түркістан коммунистер партиясының өлкелік 3-съезінің отырысында сөйлеген «мұсылман-кедейдің» ағынан жарылған мына сөзін тілге тиек етеді: «Біздер, мұсылман сорлылар, Николайдың кезінде де мал соңында зар еңіредік, қазіргі пролетарлық үкіметте де тап сол қалпымыз. Тіпті одан да жаманбыз...». Екінші бір мысалға сол кездегі Түркістан комиссарлар Советінің төрағасы Сорокиннің: «... Мұсылмандардан бәрін тартып алды, тартып алып қана қоймай, оларды өлтіріп жатыр. Біздің солдаттар оларды қорғаудың орнына тонаушылықпен айналысып, өлтірумен шұғылданады... Қыстақтардағы тұрғындар тепкіге түсіп, қашып жатыр» деген сөзін алады. Мұны да автор Тұрар Рысқұловтың жоғарыда аталған кітабынан алған.
Тағы бір мысал. Большевиктер 1919 жылдардан Түркістан ұлттық республикасындағы мемлекеттік басқару аппаратын міндетті түрде «ұлттандыру» («национализация»), яғни басқару органдарын жергілікті халықтың өз билігін өзіне беру туралы мәселе көтерген болатын. Алайда бұл да кейін бос сөзге айналады. Мұстафа Шоқай Ташкенттік «Правда Востока» (12 қазан, 1927 ж.) мен «Қызыл Өзбекстан» (14 қазан, 1927 ж.) атты газеттерден алған мәліметтерді келтіре отырып, «аппаратты жетілдіру және ықшамдау деген сылтауды бетке ұстап, жергілікті халық өкілдерін жұмыстан шығару және қысқарту жағдайлары байқалады» деп жазды.
Мұстафа Шоқай Кеңес еліндегі маңызды саяси, әлеуметтік және экономикалық мәселелерді, әсіресе, мемлекетті басқару бағытындағы өзгерістерді бір сәт назардан тыс ұстаған емес. Өйткені Түркістандағы жағдай осы кеңестік тұтас жүйенің құрамдас бөлігі болатын. Осы бағытта 1935-1937 жылдары жазылған, IХ томға кірген бірнеше мақалалардағы 1936 жылы қабылданған кеңестік саяси жүйенің құқықтық мәртебесін айқындайтын Конституция туралы ой-тұжырымдар бүгін де мәнді. «Кеңестің негізгі заңы», «Кеңес Одағының негізгі заңы төңірегінде» атты еңбектерде cаясаткер сөзімен айтқанда, «сталиндік» конституция Кеңес Одағындағы халықтары алдында қандай жеңілдіктер ашты деген бір ғана сұраққа жауап береді. Орыстардың отаршылдық тарихы бүкіл большевиктердің мақтанышына айналып отырғанын айта келе, автор сталиндік негізгі заңның ішкі мазмұны осыған иландырып, бас игізу үшін жасалғандығын атап көрсетеді. Бұл жалған жағдайдың империяның тепкісінде өмір сүріп келе жатқан барлық бодан халықтардың, ел ішінде және шетте жүргендердің өзара қол ұстасып, бірыңғай майданға бірігіп күрес жүргізуге міндеттей түсетіні ашық жазылған.
Осы томдағы ерекше бір назар аударатын материал – М. Шоқайдың 1936 жылы Берлин радиосынан Түркiстан жастарының алдында қазақша сөйлеген сөзі. Ұлттық намыс пен бүкіл «қаны бiр, тiлi бiр, дiнi бiр» Түркістан өлкесі халықтарына деген сүйіспеншілікке толы бұл жалынды сөзде: «Бiздiң мақсатымыз – жалғыз Түркiстанның ғана емес, бүтiн түркi өлкелерінің, бүтін түрік халқының дос болып, өзара бiрлiк – пiрадарлықпен жасап, сыртқы дұшмандарға қарсы өзiнiң толықтығын, өкіметінің толықтығын бiлдiруі. Ойымызға жетеміз, талабымызды орнына келтiремiз деген иманымыз зор, күштi» дей отырып, өзінің құрылысы жағынан дербес ұлттық үкімет құру» деп ашық айтылған. Және «Кiмнен таяқ жегендей Бiздiң түрiктiң баласы. Алдырып жүрген дұшпанға Аузының аласы», – деп ұлттық бірлікте болуды ескертеді.
Қандай мемлекет болмасын оның демократиялық ұстанымын, саяси құрылысын, ұлттық сипатын ең бірінші танытатын Парламенті болып келді, бола береді. Сондықтан Кеңестік шындықтың болмысын жан-жақты әрі терең ашуды мақсат еткен Мұстафа Шоқайдың бұл күрделі де қызғылықты тақырыпқа соқпай кетуі мүмкін емес еді. Оныншы томға енген 1937 жылдың аяғы мен 1939 жылдың бірінші жартысы аралығында жазылған бірнеше еңбек осы бір аса маңызды мәселеге арналған. «Түркістан депутаттары кеңес парламентінде», «Кеңес сайлаулары», «Кеңес парламентінің бірінші сессиясы», «Кеңес Одағындағы сайлау алдындағы науқан», «Парламент ойыны», «Кеңес парламентінің комедиясы» атты еңбектерде Кеңестің заң шығарушы органының жұмысы, оның бет-пердесі барынша ашылуымен бүгінгі күн үшін де тағылымды мәселелер жоқ емес.
«Советтік «парламенттегі» Түркістан депутаттары» атты мақала СССР Жоғары Советінің сайлауы аяқталар қарсаңында жазылған. Советтік стилді жақсы таныған Мұстафа Шоқай сайлау қорытындылары күн ілгері белгілі, барлық жерде сталиншілдер жүз пайыз өтеді. Мемлекеттік саяси басқарма мен партияның екі жақты қатаң бақылауында өткен сайлаудың қорытындылары орыс пролетариатының диктатурасына қажет нәтижеде болады деп жазды. Мұны «Совет парламентінің бірінші сессиясы» атты еңбектегі автор ойлары растай түседі. Cонан соң «Советтік сайлау» атты мақалада Одақтық парламентке ұлттық республикалардағы жергілікті халық өкілдеріне аз орын беріліп, олардың құрамына орталықтан орыстар қосылатындығын айта отырып, оған нақты мысалдар, цифрлар келтіреді. Мысалы, Түркістаннан СССР Жоғарғы Советінің «Ұлттар советіне» сайланған 141 депутаттың 35-і, яғни 25 пайызы, ал «Совет Одағы» палатасына сайланған 53 депутаттың 26-ы, яғни 50 пайыздайы түркістандықтар емес. Ал «СССР-дегі сайлау алды науқан (компания)» атты мақалада автор Одаққа қарайтын он бір ұлттық республикалар Орталыққа өздерінің адалдығын таныту үшін барлық сайлау округтарында Жоғарғы Советтеріне кандидат етіп ешқайсысы жергілікті жерге келіп, отырыстарға қатыса алмайтын болса да Сталинді, Калининді, Ворошиловты, Ежовты, Молотовты, Кагановичті т.б. ұсынып жатқанын айтады. Олай етілмесе, ол кеңестік сайлау ережесі бойынша ең ауыр қылмыс болып саналады. Сондай-ақ әр сайлау алды науқан партия қатарын және үкіметтік мекемелерге жарамсыз элементтерден «тазалаудың» жолы ретінде өтеді, барлық Жоғары Совет төрағалары партияның Орталық комитеттерінің хатшылары болатыны, кеңестік жүйенің ондағы негізгі идеясы парламенттің партиямен бірлігін емес, парламенттің партияның Орталық органының алдында қызметшілік рөлін көрсету деп жазды Мұстафа Шоқай өзінің «Парламенттегі ойын» және «Совет «парламентінің» комедиясы» деген еңбектерінде.
Он бірінші томда жарық көрген 1939 жылдың жазы мен 1941 жылдың маусымынан қарашаға дейінгі уақытта жазылған еңбектерінде Мұстафа Шоқай сонау жас күнінде берік ұстаным еткен, кейін жетілдіре түскен ұлт мүддесін қорғау мен Ресейдің тоталитарлық ұлттық езгісіне қарсы азаттық қозғалысқа бірігуден басқа жолдың жоқ екенін тағы да дәлелдейді. Том түркі халқының бірлігі, тұтастығы мен ынтымағына арналған алғашқы «Түркілер бірлігі» атты мақаламен ашылған. Мұны Мұстафа Шоқайдың осы тақырыптағы соңғы еңбегі деуге де болады. Автор түркілер бірлігі идеясы әзір нақты нәтиже бермесе, ол түркі топтарының осыған тілегінің жеткілікті болмағанынан емес, жағдайдың тілек пен мүмкіндіктен күшті болып отырғанында дейді. Өйткені түркі бірлігі – ең алдымен таза саяси мәселе, оның шешімінің толықтай нақты ахуалға байланысты екендігін, большевиктік империализмге қарсы барлық ұлттардың орыс емес майданын тұтас нығайтуды, күшейтуді қажет ететінін атап көрсетеді. Бұл «геосаясат» емес, таза стратегиялық саясат деген ой тастайды. Күрес жағдайының талаптарына сәйкес келмейтін ешқандай бірлік ол қалай аталса да, ешқандай пайда бермейді деп қатаң ескертеді.
Әңгіме өзегі болып отырған томда Мұстафа Шоқай «Түркістан тарихы» деген атпен екі материал жариялаған. Бұдан кейінгі «Түркістан» атты мазмұны жағынан осыларға жақын екі еңбекке қарағанда Мұстафа Шоқай өз отанының тарихы жөнінде кітап жазбақ болған сияқты. Оған тағы бір дәлел Мария Шоқай анамыздың естелігіндегі Мұстафа Шоқайдың: «Алла елімнің тәуелсіздікке қол жеткізгенін көруді нәсіп етсе, мен тек саяси үгіт ісімен ғана айналысар едім. Жастар үкімет құрса, мен елімнің тарихы және басқа өлке халықтары туралы кітаптар жазумен шұғылданар едім,» – деп қиялдағаны. Алайда екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы жалынды публицист, заңгер-ғалым, терең тарихшы, дүние жүзінің бірнеше жетекші тілдерін білген, түркі әлемінің ұлы перзентінің тағдырын күрт өзгертеді. Тағдыр өзге арнамен кетеді.
Мұстафа Шоқай шығармаларының ішінде жалпы Түркістан өңіріне қатысты материалдарды былай қойғанда тек «Түркістан» атауымен жазылған 200-дей мақала бар. «Түркістан мәселесінің қойылуы» атты мақаланы солардың соңғысы деуге болады. Автор Советтік Ресейдегі ұлттық мәселенің ішінде Түркістан аса маңызды дей отырып, бұрынғы революцияға дейінгі Ресейдің орыстандыру саясатының негізгі бағыты орыс шаруаларын жергілікті халықтан тартып алған жерлерге орналастыру, тек орыс-түзем мектептерін ашу және түркістандықтарды саяси құқығынан айыру болды деп тағы да бұрынғы ойларына ойысады. Мұндай саясаттың отар Түркістан мен метрополиялық Ресейдің жақындауына ықпал ете алмайтыны, сол себептен Түркістан, сондай-ақ басқа Советтік орыс емес аймақтарға азаттық үшін күресті соңғы рет күштірек жағдайда жүргізу керектігі айтылады. Сөйтіп жалғыз ортақ жауға барлық күшті бір тұтас күреске жинақтау, біріккен күрес майданы мен әрбір ұлттың ерекшеліктерін ыждағатпен ескеріп, тиісті қарым-қатынас жасау қажеттігі, өйткені олар Ресейден жаппай бостандық алуды талап етіп, жалпы түрік халықтарының, оның ішінде Түркістанның ұлт-азаттық күресі бағдарламасына тек тактикалық сипатта кіргені жөн деп жазды.
Соңғы, он екінші томды М.Шоқайдың эпистолярлық мұрасы құрайды. Саяси күрестің от-жалынында шыныққан, өмір жолында сан түрлі мінез-құлықты қайраткерлермен жолығып, кейде олардың кейбіреулерімен айтысқа да түскен жалынды публицистің эмиграциядағы Әзірбайжан, Грузия, Кавказ, Украина, Еділ-Орал, Түркістан, Ресей өңірі халықтарының жетекшілерімен, Қытай, Ауғанстан, Иран, Жапония, Сауд Арабиясы, Ұлыбритания, АҚШ, Италия, Голландия, Скандинавия, Франция, Германия, Польша, Түркияның, Мысыр және т.б. елдердің саяси, қоғам қайраткерлерімен, шығыстанушы ғалымдармен, Өзбекстан, Қазақстандағы туыстары мен жолдастарымен жазысқан хаттары іріктеліп берілген. Осыған дейін 2006 жылы Алматыдағы «CaГa» баспасынан «Мұстафа Шоқай. Эпистолярлық мұрасы» ат