Жаңалықтар

ОҚУ АҚЫСЫ ӨСТI, АЛ САПА ШЕ?

ашық дереккөзі

ОҚУ АҚЫСЫ ӨСТI, АЛ САПА ШЕ?

Бұқаралық ақпарат құралдарында көптен берi кеңiнен талданып жазылып келген — оқу ақысын төлей алмай, оқудан шығып қалған студенттердiң жағдайы Елбасының араласуының арқасында ғана оңтайлы шешiмiн тапты. Егер де депутат Сағынбек Тұрсынов ата-ана мен студенттер тарапынан түскен шағым-хаттардың негiзiнде Бiлiм және ғылым министрлiгi мен Үкiметке депутаттық сауалнама жасамаған болса, бұл мәселе шарықтау шегiне жетiп, әбден шиеленiсiп кетер едi. Абырой болғанда, дағдарыстан дағдарып қалған шарасыз студенттердiң үнi билiктiң құлағына дер кезiнде шалынды.

Сонымен, министрлiк пен үкiмет күрмеуi қиын мәселеге келгенде тiлiн тiстеп тұрып қалып едi, көмекке Елбасының өзi келiп, Ұлттық қордан 18 млрд. теңге шамасында қаржы бөлгiздi. Нәтижесiнде бiлiм гранттары 3-курстан бастап, мемлекеттiк және жекеменшiк оқу орындарының үздiк оқитын студенттерiне берiлдi. Жалпы алғанда, 2009 жылы қосымша бiлiм беру гранттары 11 мың 600 студентке тағайындалды. Техникалық және медициналық мамандықтар бойынша үздiк оқитын студенттерге, сондай-ақ, көп балалы отбасынан шыққан, әлеуметтiк жағдайы төмен, ата-анасынан ерте айрылған жетiм, мүгедек жастарға жеңiлдетiлген несие беруге бөлiнген қаржының 15 млрд. теңгесi жұмсалады. Несиелендiру 9 пайыздық үстемемен 20 жылға дейiн берiлдi. Бұл несиенi студент мамандық алғаннан кейiн өтей бастайды. Министрдiң сөзiне қарағанда, республикалық конкурстық комиссияның наурыз айындағы бiрiншi отырысында ақылы бөлiмде оқитын озат 9 мың 975 студент қосымша гранттарға көшiрiлдi. Ал, тамыз айының соңында өткен сессияның қорытындысы бойынша, ақылы бөлiмде озат оқитын 1 мың 525 студентке грант тағайындады. Ендi бұл студенттердiң барлығы 11 мың теңге көлемiнде ай сайын шәкiртақыға ие болмақ. Түймебаевтың айтуынша, грант иегерi атанған осы студенттерге жылына екi рет қоғамдық көлiкте жүрулерi үшiн 5 мың теңге қосымша қаржы төленедi екен.

Әрине, грант иегерi атанып, Үкiметтiң жақсылығы мен шарапатын көретiн студенттiң арманы жоқ. Бәрiнен де жылына 300-500 мың теңге төлеп оқитын студенттiң жағдайы ауыр. Оны жыл сайын тiрнектеп жинаудың өзi мына заманда ата-анаға қиын болып тұр. Ол аздай, жаңа оқу жылы басталысымен, елiмiздегi жоғары оқу орындарының оқу ақысы тағы да 20 пайызға қымбаттайтыны жөнiнде жағымсыз ақпарат желдей ескен едi. Қазақ қоғамы қаржы дағдарысынан әлi сытылып шыға алмай жатқанда, оқу ақысының қымбаттауына не түрткi болды? Кешегiдей оқу ақысын төлей алмаған студенттер мәселесi тағы қылаң бермей ме? Жоғары оқу орны қауымдастығының президентi Рахман Алшановтың айтуынша, былтыр Қазақстандағы 630 мың студенттiң 500 мыңнан астамы ақылы негiзде оқыған. Сонда студенттердiң 95 пайызы мемлекеттiк деген оқу орындарының өзiнде ақылы бөлiмде бiлiм алса, ҰБТ-да өз бiлiмiн дәлелдемек болған үмiткердiң денi грантқа түсе алмағаны ғой.

Оқу ақысы қымбаттағанмен, бiлiм сапасы соған сай ма? Парламент депутаты Сағынбек Тұрсынов қазiргi уақытта кейбiр ЖОО-да оқу ақысының көлемi Еуропа, Азия елдерiндегi, мәселенки Оксфорд, Пекин университеттерiнен де асып түскенiн айтып едi. Тiптi, Германия, Норвегия, Дания, Финляндия, Франция,Чехия сынды мемлекеттерде жоғары бiлiм алу су тегiн екен. Яғни, «ЖОО оқу ақысының көлемi берiлетiн бiлiмге сай емес, ол негiзсiз көтерiлiп отыр» деген депутат Үкiмет басшысынан мәселенiң алдын алып, шұғыл шешiм қабылдауын өтiнген-тұғын. Бiрақ елiмiздiң Бiлiм және ғылым министрлiгi мәселенi ушықтырып алудан қашпақ тұрмақ, жаңа оқу жылынан бастап белдi деген ұлттық университеттердiң оқу ақысын 500 мың теңгеден кем қылмау керек деген бұйрық шығарыпты. Мәселен, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың қабылдау комиссиясына хабарласқанымызда, Сайын есiмдi жiгiт: «Былтыр әр мамандықтың құны әртүрлi болған. Биыл бәрi қымбатттады. Ең азы былтыр 220 мың болып едi, қазiр 300 мың теңге болды. Өйткенi, биыл үкiмет елiмiздегi 6 ұлттық университетке бөлiнген гранттың бағасын 500 мыңға жеткiздi. Оның үстiне министрлiктiң оқу ақысы 500 мың теңгеден кем болмауы керек деген бұйрығы бар. Ал ақылы бiлiм одан төмен болмауы тиiс. Бiрақ бiздiң оқу орны демеушiлердiң есебiнен 500 мың теңгеден сәл-пәл азайтты» деп жауап бердi. Ал, Қазақ ұлттық аграрлық университетi жауапты хатшының орынбасары Александр Семенович: «Биыл оқу ақысы 11 пайызға қымбаттады. Ең қымбаты, күндiзгi бөлiм – 270 мың, сырттай бөлiм – 200 мың теңге. Бiз министрлiктiң бұйрығына байланысты орташа баға шығардық. Оқу орнына жаңа құрал-жабдықтар сатып алып, материалдық базамызды ұлғайттық» деп қысқа қайырды. Десе де, оқу ақысы жыл сайын өсiп жатқанмен, бiлiм сапасы да соншалықты артып отыр деу қисынға келмейдi. Оған «ЖОО-да жағдай ендi түзелiп жатыр, бiлiм сапасы дұрысталып келедi» деген бiлiм қызметкерлерiнiң сөзi дәлел.

Елiмiздегi бiрден-бiр жекеменшiк оқу орны – «Қайнар» университетiнiң студенттi көп қабылдайтын заң факультетi — 275 мың, ал ең арзан деген қазақ тiлi мен әдебиетi факультетi – 125 мың теңге екен. Қабылдау комиссия тобының мүшесi Маржан Бақытқызының пiкiрiнше, университеттiң мемлекеттiк ЖОО-нан еш айырмашылығы жоқ. «Бiлiм сапасы да, материалдық базасы да бiрдей. Қайта бiздiң студенттер бiтiрген соң конкурс арқылы жақсы жерге жұмысқа орналаса алады» дегендi жеткiздi. Бiрақ бiз тiлдескен ЖОО-ның қайсыбiр қызметкерi болсын, «Әзiрге оқытушының жалақысы көтерiлмейдi, сол 35-40 мың теңгенiң көлемiнде қалады» дегендi жасырмады. Алайда, қандай бiлiктi оқытушы 30-40 мың теңге үшiн уақытын сарп етiп, жүйкесiн тоздырады? Жекеменшiк тұрмақ, ұлттық университетте дәрiс берiп жүрген мүйiзi қарағайдай профессордың да жалақысы осы шамалас. Бiлгенiн жастарға үйретуге ынталандыру үшiн бiлiктi мамандарға қолдауды кiм жасайды? Әрбiрден соң бiлiктi оқытушы жалақысы аз бiлiм ордасынан не iздейдi, ойлап көрiңiзшi? Демек, мардымсыз жалақыны мiсе тұтатын ұстаз бар жерде сапалы бiлiмнiң ауылы алыс екенi айтпаса да түсiнiктi. Мұғалiмнiң мәртебесi анықталмай, бiлiм сапасының көтерiлуi мүмкiн емес.

Тым болмаса, белдi деген мемлекеттiк ЖОО бiтiрушi мамандарды арнайы жолдамамен жұмысқа орналастырып жатса мейлi дерсiң. Жоқ, бiзде қолында табақтай дипломы бар қаншама бiлiктi жас екi қолға бiр күрек таба алмай сандалып жүр. Тiптi, кейбiр ЖОО сияқты өнеркәсiп орындарымен арнайы келiсiм-шарт жасасып, мамандарды дайындап беру жағы да сылбыр. Мәселен, биылдан бастап Ресейдiң медициналық ЖОО-ын тәмамдаған мамандар дипломды алған күннен бастап медицина мекемелерiне жұмысқа орналаса алатын болды. Бұл үрдiс дәрiгер мамандығының беделiн арттырып, сұранысты қанағаттандыра түсетiнi анық. Ал, бiз көштiң соңында қалып қойдық.

Министрдiң блогына кiрсеңiз, ЖОО ақысының қымбаттауына байланысты пiкiрлерден көз сүрiнедi. «Министр мырза, оқу ақысы не үшiн қымбаттайды? Айтыңызшы, бұл халыққа жасаған жақсылықтарыңыз деп түсiнесiз бе? Ондай 300 мың ақшаны халық қайдан табады. Әлде қазақтың балалары оқымай байларға құл болу керек деген ұғым ба бұл, түсiне алмай дал болдық. Оқу ақысы халықтың әлеуметтiк жағдайын көтеру керек қой. Бағаны көтеру халыққа жасаған қиянат емес пе? Сұрағымды қанағаттандырады деп сенемiн» делiнiптi мына хатта. Ал оған министрлiктiң берген жауабы мынадай. «Бiлiм беру бағдарламаларын меңгеру деңгейiн растай алмаған және тегiн оқуға конкурстық iрiктеуден өте алмаған студенттер ақылы негiзде оқи алады. Тегiн де, ақылы негiзде де оқудың құны – жоғары бiлiм мемлекеттiк стандарттарын орындауды қамтамасыз ететiн шығындар. Олар оқытушылардың еңбекақысынан, студенттердiң кәсiптiк практикасына жұмсалатын шығыстардан, оқу әдебиеттерiн сатып алу және сапалы оқу процесiн қамтамасыз ететiн өзге де шығыстардан құралады. Шығындар құрылымындағы шығыстардың негiзгi үлесiн оқытушылардың еңбекақысы құрайды. 2009-2010 оқу жылында жоғары оқу орындарындағы бiлiм грантының орташа мөлшерi 259,5 мың теңге сомасында бекiтiлген. «Бiлiм туралы» Заңға сәйкес ЖОО-лар ақылы оқудың бағасын бюджет есебiнен оқу бағасынан, яғни аталған грант көлемiнен төмен етiп белгiлей алмайды. Сонымен қатар ақылы негiзде оқитындар «жақсы» немесе «өте жақсы» оқитын болса, мемлекеттiк грант бойынша босаған орынға ауыса алады. Сондай-ақ, оқу ақысын төлеуде қиыншылық көрiп отырған студенттер студенттiк кредиттi пайдалана алады» деп бәйек болып жатқанда, Ресей президентi Д.Медведев: «Ресейде жоғары бiлiм тегiн болып, бюджеттiк орын саны көбейе түседi» деп мәлiмдедi. Себебi, Ресейде бiлiм жүйесiне бiр жылда 1 триллион 800 милиард рубль жұмсалады екен. Сөйтiп, мемлекеттiк бiлiм беру мекемесiне жататын ЖОО-ның 50 пайызы бiрiншi курс студенттерi үшiн оқу ақысын төмендеттi. Рособразование бастығы Николай Булаевтың сөзiне қарағанда, Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясының өзi көптеген мамандық бойынша оқу ақысын айтарлықтай түсiрсе, Кубандық мемлекеттiк университет 15 пайызға арзандатқан. Оған Президенттiң «оқу бағасын өсiрмеу керек» деген тапсырмасы мен жергiлiктi халықтың қаржылай төлем мүмкiндiгi себеп болған. Ал бұл тәртiпке бағынбай, жасырын қулыққа барып, оқудың ақысын ұшырып жiберген кейбiр ЖОО қатаң түрде жазасын алып жатқандығын айта кету керек. Жасыратыны жоқ, қазiр қай жерде болмасын, құқық және қаржы саласында бiлiм алуға ұмтылатын жастар көп. Осыны ескерген Ресей президентi Д.Медведев биылғы жылдың мамыр айында «Ресей аумағындағы жоғары құқықтық бiлiмнiң орындалу шаралары туралы» бұйрық шығарыпты. Себебi, кеңестiк кезеңде заңгер мамандығын 52 ЖОО дайындаса, бүгiнде бұл 1,2 мыңға жеткен. Тiптi, статистиканың өзi де заңгерлiк дипломды алғанның көбi өз мамандығы бойынша жұмыс iстемейтiндiгiн айғақтайды. Сол себептен де, бiлiктi заңгерлер үш жылға дейiн жаңа құқықтық ЖОО мен факультетiн ашуға мораторий жариялау керектiгiн ұсынып отыр.

Шынында да, бұл үрдiс бiзде де кең етек жайған. Лақтырған таяғың мiндеттi түрде заңгерге не қаржыгерге тиедi. Заңгер маманының көптiгiн айтпағанның өзiнде, оған жыл сайын 500 мың теңге төлеп оқитын студенттердiң саны азаяр емес. Бұл көрсеқызарлық па, әлде мансапқұмарлық па? Бәлкiм, бұл «Баламды заңгерлiк оқуға түсiрдiм» дейтiн ата-ананың мақтанышы ма?

Сонымен, оқу ақысының қымбаттауы, бiр жағынан мемлекеттiк грантқа бiлiмдi жастардың түсуiне мүмкiндiк берсе, екiншiден, бiлiм сапасының жоғарылауына септiгiн тигiзуi қажет. Яғни, кез келген бiлiмдi, саналы жас өз таңдауын жасай алады деген сөз. Бiрақ, тесттен сүрiнiп, тауы шағылған талапкер ақша төлеп оқығанмен, сапалы бiлiм ала ма, бар кiлтипан осында. Егер ЖОО үздiксiз сапалы бiлiм беру арқылы оқу құнын қымбаттатса, әңгiме басқа. Ал бiздiң «Дәл қазiргiдей дағдарыс уақытында ЖОО-да оқу ақысының қымбаттауына не жорық?» деген сауалымызға, Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң өкiлдерi де, оқытушы-профессорлар да, тiптi, қарапайым бұқара халық та жауап таба алмай, дал болуда.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ