ЖОЛДАР ШАҚЫРАДЫ

ЖОЛДАР ШАҚЫРАДЫ

ЖОЛДАР ШАҚЫРАДЫ
ашық дереккөзі

Германияның жолдары ресейдiң жолдарынан 20 есе көп

Жолымыз түсiп, Германияға барып қайттық. Әдеттегiдей жолсапарымызға мұрындық болған ұлттық «Эйр Астана» авиакомпаниясы үш қаланың Франкфурт, Ганновер мен Дрезденнiң әлеуметтiк маңызы бар нысандарын, мұражайларды, көне ғимараттарды аралауға барынша жағдай жасады. Әрине, немiс ағайындардың қалалары осындай екен, халқы мынандай екен деп сыралғы сырға салынып, көрген-бiлгенiмдi сыдырта жаза салуға болушы едi. Одан келiп-кетер олжа кәне? Сондықтан көзбен көргенiмiздi, ойға түйгенiмiздi оқырман талқысына салғанды жөн көрдiк. Әрине, Майн өзенi бойымен кiшi кеме орынтағына жайғасып, жағалау ғимараттарын, Ганновер мен Дрезденнiң көрнектi жерлерiн тамашалаған сәттер көз алдыңда. Бiр сөзбен айтқанда, керемет!

Бiрақ, кереметтiң көкесiн бiр қаладан келесi қалаға ат шаптырған кезде көрдiк. Франкфурт пен Ганновердiң жол айырмасы шамамен 300-400 километр. Жол жиегiнде шартты белгiлер айқайлап тұр. Қай жерде не бар, жағар май құю стансасына қанша шақырым қалды, жылдамдығың қандай болуы керек — жүргiзушi жаңылыспайтындай, бәрi бақырайып тұр.

Ал жолы!!!

Бар әсерiм осы үш леп белгiсiнде. «Жол, жол» деп несiне қақылдай бередi, осы. Германия кiм, бiз кiм. Бiздiң жерiмiз ұлан-ғайыр. Далиып жатыр. Ал, Германия дегенiңiз, не тәйiрi, алақандай ел емес пе? Күллi Еуропа Қазақ жерiнiң құшағына сыйып кеткенде жол салу да, мәселе болып па, немiске?» дер күмәншiл дос. Мұндай дүдамал ойды өз-өзiмiзге бiз де айтқанбыз. «Жол деген ескiрген тақырып, оны қаужай бергеннен түк те шықпайды!» деп қалды әрiптесiмiздiң бiрi. Ешқашан да ескiретiн тақырып емес бұл. Жоқ.

Жол — елдiң тарам-тарам тамыры. Тамырмен қан жүгiрiп тұру керек. Iркес-тiркес, кедiр-бұдыр, ойқы-шойқы жолдың түрi анау болса, экономикамыздың қаны қалай жүгiредi? Германия қуықтай ел емес, әлемнiң тең жартысын озық технологиясымен қамтамасыз етiп отырған мемлекеттiң пәкене болуы мүмкiн емес. Оның үстiне Германияның озық үлгiдегi жолдарының жалпы ұзын-ырғасы 250000 километр құрайды екен. Ал, олардың орташа тығыздығы ел территориясының әрбiр мың шаршы километрiне шаққанда 700 километр. Бұл дегенiңiз Германияның жолдары Ресей жолдарынан 20 есе(!) көп деген сөз. Ал, ендi Ресей қандай, бiз қандай? Ұлан-ғайыр жерiмiз жiбi түзу жолға жарымай жатқанда, Германия уысымызға сыйып кетедi деп менсiнгiмiз келмейдi.

Жол — экономикамыздың дiңгектерiнiң бiрi. Кеңес кезеңiнен қалған ұңғыл-шұңғыл жолдарға қайдағы бiр қоспаларды төгiп, жамап-жасқап, тығын жасаумен шаруа бiтпесе керек. Әлден уақыттан кейiн жаңбырдың суы, жел, iрiлi-ұсақты түлiктiң тұяғы тиген сол ұңғы бәз-баяғы қалпына түсiп жатқаны. Жылда солай! Ақпар беруге келгенде, кернейлетiп-сырналайтып, алдымызға жан салмаймыз. Астана мен Бурабайды жалғайтын жолды межесiнен бұрын тапсырып жатырмыз деп бөрiктi аспанға атқанда, қалпағымыз жерге түспей қалады кейде. Бiткен түгi де жоқ! 230 километр автобанды бойтұмарымыздай етiп көкiрек керемiз кейде, артымызға қарамай. Ал, бұл уақытта уламай-шуламай небiр ұрыс-керiстi бастан кешкен немiс әп-әдемi жолдарын үнемдемей-ақ салып жатыр.

Әрине, бiз үшiн жолдың қаржыландыруы, оның күтiмi қалай деген сауалдардың мазалағаны да рас. Бұл шаруа федералдық және жер билiгi арасында тайға таңба басқандай ап-айқын үлестiрiлген. Автобандар, немесе оны кейде «жүйрiк жолдар» деп те атайды федералдық бюджеттен, ал аймақтық немесе жергiлiктi маңызы бар жолдар, мейлi жаңасын жасақта, мейлi бұрынғысын қалыпқа келтiр, федералдық жер бюджеттерiнен немесе жергiлiктi коммуналдық қаржысынан қаржыландырылады екен. Бұл қаржылардың негiзгi қайнары автокөлiктердiң салығынан түседi. Сол салықтың өлшемiн федералдық заң айқындайды, бар қаражат аймақтардың бюджетiне автомобильдердi жер-жерлерде жыл сайын тiркеу жасағаннан соң түсiп жатады. Салықтың көлемi бiздiкiнен кем болмаса артық емес. Оның үстiне, ескi-құсқы кателөк көлiктерiңiз, жоқ мұнда.

Есесiне аймақтық және жергiлiктi маңызы бар жол құрылысына немiс ағайындар шамамен 1 миллион 200 мың евро жұмсайды екен. Қараңызшы! Тағы бiр көңiл аударарлық факт. Қаланың жолы былай болу керек, даланың жолы андай болу керек деген ұғымнан ада Германия керiсiнше жергiлiктi жердiң, шалғайдың жолдарын анағұрлым сапалы етiп салады. Бәрi жоспарлы түрде. Дайын жолдар мерзiм-мерзiмiнде тапсырылып жатады. Сапасы төмен жолды таппайсың. Әлгi көлiктерi ағып жатқан автобандарыңызға жол жиегiнде жайылып жүрген мал, аң-құсыңыз өте де, кездейсоқ түсiп те кете алмайды. Түгел қоршалған. Және тунельдi жолдар да жетiп артылады. Ал оның iшi улы түтiн тұрақтап қалмасын деп орнатылған қуатты желдеткiштер әр елу метр сайын гуiлдеп бар екпiнмен жұмыс iстеп тұр. Қысқасы, баяғы варварлардың ойы да, шұңқыры да тап-таза! Жол азабын тартатын жүргiзушiлер үшiн сервистiк қызметтiң жолға қойылғаны тамсандырмай қоймайды. Май құю стансалары жанға жайлы қажеттi нәрсенiң бәрi бар. Түгел, дерлiгiмен жарақтандырылған. Макдональдс дейсiң бе, кафе, ресторан, дәмхана, демалыс бөлмелерi, ойын залдары, кинотеатр, бейнесалондары, супермаркет дейсiң бе, қалада емес, даладан да табуға болады. Айырмашылық жоқ.

Ал, мұның бәрi ел экономикасына қан жүгiртiп отырған жолдарменен жүк тасымалдарының кiдiрiссiз, ең бастысы кедергiсiз жылжуына жағдай жасалынған. Ен далада шоқиып шыға келетiн МАИ жоқ онда. МАИ-дiң жұмысын бейнетүсiргiштер атқарады. Жол қауiпсiздiгiн жоғары деңгейде ұйымдастыра бiлген немiстiң жол құрылысшылары жолаушылардың жағдайын да жан-жақты ойластырған. Даланы дәретханаға айналдырып жiберген бiздер Қордайдан сәл ассақ болды, жол жиегiне тұра қалып, шаптырамыз кеп. Ал, бәрiн ой-елегiнен өткiзiп, жолсiлтемесi жетiп артылатын немiс жолдарында ондай шаруа мәселе емес. Жан қысылмастай, көлiгiңдi қамшыламай-ақ тез табасың барар жерiңдi. Және дәретханасы ел бюджетiн өзiмен-өзi қомпайтып жатыр. Бәрi автоматтандырылған. Тиын-тебенiңдi автоматқа төлесең, есiк өзiнен өзi ашылады.

Жолдың маусымаралық жөндеу жұмыстары қала маңы жолдары мен дала жолдарынан айырмашылық iздеу ағаттық. Бәрiне бiрдей, жауапкершiлiкпен қарап үйренген немiс бауырларыңыз қаражатты да текке ысырап етпейдi. Артылып жатса, сервистiк шараларға жұмсалады. Және оның бәрiн жоғары жақтың нұсқауынсыз-ақ, кеңесiп, пiшiп, өздерi-ақ жүзеге асырып жатады. Тек, қаржы қандай мақсаттарға жұмсалғанын айырып бере алсаң болғаны.

Тағы бiр ескеретiн жай. Оны бiзде де ескерiп жататынына шүбә келтiргiң келмейдi-ақ. Дегенмен, жол салмастан бұрын, жергiлiктi рельеф, бедер, климаттық ерекшелiктер бәрi ескерiледi. Сонысына қарап жолдарын салады. Тағы бiр ерекшелiгi едәуiр жүк тасымалын жасайтын қомағай көлiктердiң жолы басқа. Қала iшiнде олардың жүрiп-тұруына тiптi де рұқсат жоқ. Қала және елдi мекендер iшiне тасымалдайтын жүктi габаритi шағын жүк көлiктерi жүзеге асырады.

Көлiк магистральдарының тығыздығы бойынша Германия әлемдiк лидерлердiң санатында. Жалпы автомобильдер саны 50 млн. бiрлiк құраса, соның 42 млн.-ны жеңiл көлiктер. Қысқасы, жолдары!!! Үш леп белгiсiн тарқатып айтар нәрсе көп-ақ…

Ғалымжан Мелдеш