Жаңалықтар

“БIР ЕЛ-БIР КIТАП”

ашық дереккөзі

“БIР ЕЛ-БIР КIТАП”

Өткен аптада Қазақстан Республикасының ұлттық кiтапханасында ұлт жанашыры, ақын Мағжан Жұмабаевтың лирикасы бойынша “Бiр ел-бiр кiтап” акциясына арналған баспасөз-мәслихаты өттi.

“Бiр ел-бiр кiтап” акциясы 2007 жылдан бастап дәстүрлi түрде өткiзiлiп келедi. Акцияның негiзгi мақсаты – ұлттық әдебиетiмiздегi ең үздiк деп танылған әдебиеттердi оқу және насихаттау, оқу iсiн iлгерiлету, рухани мұрамызды сақтап, жастарды отаншылдыққа және өнегелiкке тәрбиелеу. Сонымен қатар, Ұлттық кiтапханалар мамандары акцияны ұйымдастыру бойынша әдiстемелiк ұсыныстар әзiрледi. Кiтапша мәдени-көпшiлiк жұмыстармен айналысатын кiтапханашыларға, әсiресе, мектеп кiтапханашылары үшiн негiзгi ақпарат көзi болмақ. Бұл жылғы акция Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына арналып отыр. 18-қыркүйекте өтiкiзлген баспасөз-мәслихатында көпшiлiктi оқуға тартудағы, қазақ әдебиетiн зерделеудегi акцияның өзектiлiгi, елiмiздiң кiтапханаларында өткiзiлетiн акциялар толқыны және оған бiлiм беру мекемелерiнiң қатысуы тәрiздi мәселелер жан-жақты талқыланып, Ж.Сүлейменовтың “Мағжан әлемi” атты кiтабының және жақында Петропавл қаласында жарыққа шыққан “Жұлдызды-жүзiк, Айды-алқа ғып берейiн” фотоальбомының таныстырылымы болды.

Ал 23-26 қыркүйек аралығында елiмiздiң мәдениет және ақпарат минстрлiгi, Ұлттық академиялық кiтапхана және ҚР кiтапханашылар Ассоциациясы бiрлесiп “Бiр ел-бiр кiтап” акциясын өткiзудi бастайды. Акцияны ұйымдастыру комитетiнiң төрайымы қазақтың ақын қызы, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, елiмiздiң халық жазушысы Фариза Оңғарсынова. Осы ұйымдасытру комитетiнiң құрамында белгiлi ақын-жазушылар мен академиктер-Әкiм Тарази, Алдан Смайыл, Ғарифолла Есiм, Қайрат Жұмағалиевтер бар. Акция аясында өткен жылдардағыдай оқырмандармен жұмыс жасаудың әр алуан түрi пайдаланылып, елiмiз бойынша поэзия кештерi, оқу марафондары, фестивальдар, флэш-моб акциялар, түрлi конкурстар сияқты 700-ден аса iс-шаралар өткiзiледi деп күтiлуде. Бұл игi iстерге бiлiм беру мекемелерi мен ведомстволар, әскери бөлiмшелер қатыстырылады. Мағжан Жұмабаевтың туған жерi-Солтүстiк Қазақстанда бiрқатар келелi кездесулер өткiзiлмек. Осылайша, “Мен жастарға сенемiн” деп жырлаған ақынның шығармашылығы мен өмiр белестерi жан-жақты насихатталмақ.

“Кiтап оқыған озар”-деген сөз бар халық даналығында. Аталмыш акция да осыны көздесе керек. Олай болса, “Бiр ел-бiр кiтап” акциясына бүкiл ел болып атсалысайық.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ